Сыртқы істер министрлігі Біріккен Араб әмірліктеріндегі су тасқынынан зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Біріккен Араб Әмірліктерінде демалыс күндері елде алты айлық жауын-шашын нормасын әкелген қатты дауыл болды. Парсы шығанағында қар аралас жаңбыр мен бұршақ жауған. Туристер елде ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты есеңгіреп қалды. Толассыз жауған жаңбыр жергілікті су тасқынын тудырып, сонымен қатар Дубай әуежайында рейстердің ауытқуы мен кешігуіне әкеп соқты.

Сонымен қатар БАӘ-дегі кей жолдар сенбі күні су тасқынына байланысты жабылды. Ал шейх Мохамед бен Заид жолы сияқты әмірліктің негізгі тас жолдарында қатты жауын-шашын салдарынан көлік қозғалысы шектелді. Әбу-Дабидің кей аудандарында, тіпті бұршақ жауғаны туралы фото-видео бар.

Фото видеокадрдан алынған

Билік құлаған ағаштарды алып тастау және дренажды торларды ашу үшін бригадаларды жіберді. Әл-Айнада қатты жаңбырдан кейін жолды су басып қалды.

Әмірлік тұрғындарының бірі жауын-шашынға дайын болып, көліктерін бұршақтан сақтаса, енді бірі дайын болмай шыққан. Себебі қаланың жартысын су басып, инфрақұрылымдарға шектеу қойылған. Өкінішке қарай, елдегі ескі аудандар қатты зардап шеккен. Мұнда тұрғын үйлерге су кіріп, құлауға шақ қалған. Енді ескі ауданның тұрғындарына үйлерін қайта тұрғызуға тура келеді.

"Достар, қараңыздар. Үйімізді су басып, түбі балдырға толған. Іші жасыл болып кеткен", – деді табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың бірі.

Фото видеокадрдан алынған

Ал жаңбыр астындағы қалған кей көліктерге бұршақ түсіп зақым келген. Бейнежазбадан тұрғындардың бірі көмек күтіп тұрса, екіншісі қызық қуып видео түсірген. Сонымен қатар әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж Халифаға қатты найзағай түскен сәтті желі оқырмандағы видеоға түсіріп алған. Сөйтіп зәулім ғимаратқа түскен найзағайдың кадрлары интернетте тарап кетті.

Жергілікті билік мектеп оқушылары мен мемлекеттік қызметкерлерді жаппай қашықтан оқытуға жіберді. Кәсіпорындар уақытша жабылған. Ел үкіметі тұрғындар мен туристерге олардың қауіпсіздіктері үшін көшеге шықпауға шақырды. 

  • Елімізде бірқатар облыстағы ауылдарды еріген қар суы басып қалды

  • Синоптиктер: Қазақстанның басым бөлігіне су тасқыны қаупі төніп тұр

Қазақстаннан барған турист Ханзада Балтаева елдегі ауа-райының бұлай өзгеріп кететінін білмеген.

"Жаңбыр шелектеп жауып жатыр. Толассыз жауған жаңбырдан көз аша алмайсың. Бүкіл жолды су басты. Далаға мұндай кезде шығу өте қауіпті деп ойлаймын. Қазіргі таңда құрбымның үйіне орналастым. Тіпті, біздің үйді де су басты. Жаңбыр басылса, қалай жер кебеді деп ойлап отырмын", – деп жауап берді қазақстандық турист.

Жексенбі күні Дубайдан Алматыға ұшпақ болған туристердің рейсі кейінгі шегерілді. Елде қалған туристерге қала басшылығы қонақүймен және азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Қалада жаңбыр тоқтағанымен, коммуналдық қызмет көрсететін қызметкерлер жерді тазалап жатыр.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.