«Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» кмм ғаа және құжаттарды пайдалану бөлімі


шілде ҚР мәдениет қайраткері,суретші



жүктеу 0.75 Mb.
бет2/4
Дата04.03.2018
өлшемі0.75 Mb.
1   2   3   4

20 шілде ҚР мәдениет қайраткері,суретші,

Мұратбек Жанболатұлы, туғанына 70 жыл

(1948-2006 ж.)

Мұратбек Жанболатұлының есімі еліміздің өнерсүйер қауымына жақсы таныс. Оның қылқаламынан шыққан әсем графикалық мүсіндері көрерменнің жүрегіне бірден жол тартады.

Мұратбек Жанболатов Абай ауданы, Қарауыл ауылында 1948 жылы 20 шілдеде туған. 1966 жылы Абай орта мектебін тәмамдаған ол Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. 1970 жылы оны сәтті аяқтайды. Сонан кейін Абай атындағы драма театрында жұмыс істеген ол Мәскеудің Суриков атындағы сурет институтына түсіп, онда алты жыл оқиды. Сол жылдары Ресейдің небір тума дарындарынан дәріс алып, Италияның қайта өрлеу дәуірінің суретшілерінің , шеберлерінің шығармаларымен кеңірек танысады.

«Қазақстанның бір талантты жасы Мәскеуде тәлім алып жатыр» дегенді естіп, сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Н.Морозов Мұратбекті Семейге қайта шақырады. Осылайша ол туған жеріне қайта оралып, шығармашылық еңбегін жалғастырады. Мұратбек Жанболатов сол жылдары Лермонтов, Абай мүсіндерін сомдап, композияциялық туындылардан Бөрілідегі М.О. Әуезовтың, Семей қаржы-экономикалық колледжіне Рымбек Байсейітовтың ескерткішін жасаған. Семей мемлекеттік университетіне Шәкәрім аты берілген кезде Шәкәрім тұлғасын сомдаған Мұратбектің еңбегіне жиналған жұрт ризашылық білдірген еді. Әрі, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш тақтаның да авторы өзі.

Мүсінші, өзінің ең алғашқы туындысы деп, Қарауыл ауылындағы «Үндестік» деген тақырыппен жасалған Гете, Лермонтов, Абай атамыздың қоладан құйылған барельефтері қойылған монументтік тақтаны атады.

Ол әлемдік мәртебеде өткен ұлы Абайдың, М.Әуезовтың мерейтойларын көркемдеу-безендіру ісін абыроймен атқарды.

Мұратбек Жанболатовтың соңғы жасаған туындысы – Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш. Мұратбек Жанболатов 1981 жылдан Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер қоғамының басқарма мүшесі болған Мұратбектің еңбектері республикалық одақтық көрмелерге қойылған, республикалық Қастеев атындағы мұражайда сақтаулы.

Оның мәрмардан шапқан М.Әуезов бюсті Бөрілідегі мұражайда, Абай орта мектебінде, Гете, Лермонтов, Абай бейнелері қойылған монументі Қарауыл селосындағы «Достық» аллеясында , Шәкәрім ескерткіші Семей педагогика институты бас корпусының алдындағы алаңда , Кеңес Одағының Батыры Әйтікеш Ибраев бюсті оның туған жері Баженово селосындағы Жеңіс алаңына қойылған.Ұзақ жылдар еңбектеніп , Би атаның (Кеңгірбай бидің) творчестволық портретін жасаған М. Жанболатов Семей қаласындағы Қайрат Рысқұлбековтің бюстінің және Ауған соғысына қатысқандарға арналып Семей қаласында қойылған монументтің авторы.

Ондаған бейне, портреттер жасап, Семей облысындағы бірнеше мәдени, оқу-ағарту орындарын көркем безендіруді ұйымдастырған мүсінші, ҚР мәдениет қайраткері – Мұратбек Жанболатовқа 2003 жылы «Қолданбалы өнер» номинациясы бойынша мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлағының лауреаты атағы беріліп, арнайы дипломмен марапатталды.
Әдебиеттер:
Бәшей К. "Тобықты - Шыңғыстау шежіресі" Ертіс өңірі. - 2005. - 27 қаңтар. - 16 б.

Мейрамбек Жанболатұлы // Семей таңы . - 2012. - 13 қаңтар. - 7 б.

Нұғманбекова Р. Мүсіншінің сырлы әлемі // Дидар .- 2003 .- 1 мамыр.- Б.4

Нұрбаев С. Мүсінші Мұратбек мұрасы біздерге мирас болмақ // Семей таңы . - 2010. - 17 қараша. - 9 б.

Қамбаров Ж. Қара тастан үндестік іздеген // Семей таңы .- 2003.- 14 ақпан.- Б.13

Мұратбек Жанболатұлы // Семей таңы .- 2006.- 23 қараша .- Б. 9

Серікбаев Б. Семей полигонын жабуға қарсы күрес Қарауылдан басталған // Дидар. - 2017. - 31 тамыз. - Б. 17.
20 шiлде Жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты

Тыныштықбек Әбдiкәкiмовтiң туғанына 65 жыл (1953
Тыныштықбек Әбдікәкімов Абай ауданының Қарауыл селосында 1953 жылы 20 шілдеде дүниеге келді. 1970 жылы орта мектепті бітірген соң әр түрлі жұмыстарды атқарды. 1989 жылы Семейде ғылыми-әдістемелік орталықта бас редактор болып қызмет етті. 1990-1993 жылдары Абай корық мұражайында ғылыми қызметкер болып қызмет етті. Онан соң Семей педагогикалық институтын 1993 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.

1993-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Семей бөлімшесінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарды. Жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жазушылар Одағы ұйымдастырған ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері.

Президент стипендиясының иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Ақшам хаттар» (1990 ж.), «Рауан» (2000 ж.) жыр жинақтарының авторы. 2001 жылы «Елорда» баспасынан «Қас.Сақ. Анқымас» атты философиялық еңбегі шықты. Онда автордың әлем халықтарына ортақ қазақтың ғарышты дүниетанымы туралы сөз болады. Осы негізде өзінше пайымдап, сараптай білуімен оқырманын ойландыра түседі. Қазақ халқы өзін-өзі қалай тану керектігі, қазақ сөзінің құдіреттілігі, алуан қасиеттілігін ақын талмай ізденіп, оны әр қырынан дәлелді түрде баяндайды.

Жазушы Әбіш Кекілбаев ақын туралы былай деп жылы лебізін білдіреді: «Бұл менің бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де қаламгерім. Ешкімді қайталамайтын, қазақ өлеңдерінде ара-тұра ұшырасып қалып жүрген талай-талай соны соқпақтарды соңына дейін жеткізіп, айдын солға салған аршынды, сонысымен де айбынды ақын. Бұрын-соңды болмаған ақын...»


Әдебиеттер:
Әбдікәкімов Т. Бұл жалғанды "Жалған" деп айтпас едім!: өлеңдер топтамасы // Қазақ әдебиеті. - 2015. - 13 ақпан. - Б.8

Әбдікәкімов Т. Ұлттық йіс пен "көптілділік" һәм ұлттық иедология // Қазақ әдебиеті. - 2012. - 16 қараша. – Б.4-5

Әбдікәкімұлы Т.Жазушылық мамандық па? // Қазақ әдебиеті. - 2011. - 21 қаңтар. - С. 5

Әбдікәкімов, Т. Өзің білме, білгеннің тілін алма!" [дейміз бе, не дейміз енді?!] //

Қазақ әдебиеті. - 2013. - 17 мамыр. - б. 10

Әбдікәкімов Т.Байтерек [Мәтін] = Абрар Әкетайұлы Құл-Мұхаммедке: толғау // Семей таңы. - 2017. - 15 тамыз. - Б. 3

Ердембеков Б. Тыныш ақынның тылсымы // Семей таңы . - 2011. - 23 тамыз. – Б.4.

Ержанова С. Жан мен ар үйлесімі... // Қазақ әдебиеті. - 2015. - 19 маусым. - Б.7

Жамалиқызы Т. "Анқыма әліппесі": Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовпен кездесу кеші // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2012. - №4. - Б.74-79
24 шiлде Ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор

Шәкәрiм Құдайбердиевтiң туғанына 160 жыл

(1858-1931)
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы шілде айының 24 жұлдызында Шыңғыстың сыртындағы Құнанбай әулетінің жайлауында дүниеге келді. Әкесінен жеті жасынан жетім қалған Шаһкәрім, Құнанбай қажының ерке немересі, ақылы мен білімі дария Абайдай ағасы бар бала Шәкәрім материалдық жағынан да, рухани жағынан жоқшылық пен жетімдік көрмейді. Бойында табиғи таланты, ақындық дарыны бар Шәкәрімнің өмірдегі ұстазы, мектебі, университеті – Абай болды. Ұстазының «Ғылым таппай мақтанба, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге, артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» – деген өсиетін бойына сіңіріп, санасына тоқып өскен Шәкәрім ғылым-білім жолында бар өмірін сарп етті. Жеті жасынан өлең шығара бастаған дарынды бала жасы он бестен асқанда, ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсе бастайды, ғылым жолына қарай ойысып, ақындық өнерін де жарыққа шығара бастайды.

Түрік, араб, парсы, шағатай және орыс тілдерін жетік меңгерген ақынның бойынан әлем мәдениетінің озық үлгілерінің көбін оқығанын байқауға болады. «Шәкәрімнің өмірі - өлеңінде» деп ғалым абайтанушы, шәкәрімтанушы, мұхтартанушы Қайым Мұхамедханұлы айтқандай, «Мұтылғанның өмірі» деген ғұмырбаяндық дастанына шолу жасасақ, оның бар-өмірін танып білеміз.

Ол алғашқы жинағы «Қазақ айнасындағы» (1912) өлеңдері қамтитын тақырыптың бастысы – адам тағдыры, адам өмірінің мәні, адамгершілік тәрізді философиялық ой-таным. Жанға, тәнге, көңілге, өлім мен өмірге байланысты өлеңдер («Өзіме», «Өмір», «Талап пен ақыл», «Адамшылық», «Адам немен», т.б.) Шәкәрім поэзиясының желісі. Өлеңдерінде ой-тереңдігі, ақындық танымның кеңдігі көзге айқын шалынады.

Ол тек қазақ халқының ғана емес, барлық туыстас түркі халықтарының, тіпті барлық Шығыс мәдениетінің, одан қалды орыс халқымен барлық Еуропа елдерінің философиялық ой-танымдарын зерлеп, өз халқының ұлттық дәстүріне негіздей отырып, жетілдіріп, философиялық ойымызды, дүниетанымымызды әрі қарай дамыта түскен ойшыл.

Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы - өте күрделі құбылыс. Шәкәрім еңбектері - өмір мен қоғамның қыр-сырын сала-сала етіп мазмұндық баяндауда да, сол мазмұнға философиялық, ғылыми мән беруде де, мазмұн мен бірлігін көркемдік тұрғыда өрнектеуде де көп жүйелі, терең мағыналы туындылар танытатын өлеңдерді де көптеп жазды. Оларда азаматтық сарын басым болып келеді. «Қазағым», «Қазақ», «Тағы сорлы қазақ», «Партия адамдары», «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» өлеңдерінде ой тереңдігі арқылы замана шындығын ашудағы ізденістері байқалады.

Абайдың ақыл-кеңесімен ақын шежіре жазды. Шығыс, Батыс классиктерінің шығармашылығын жете танып, мұсылмандық ілім-білімді де еркін меңгерген. Түркі халықтарының тарихын терең білетін, діни, тарихи тақырыптарға «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Үш анық» еңбектер жазған ғұлама ғалым.

Шежіре кітабының кіріспесінде Шаһкәрім былай дейді: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген-білгенімді жазып алып, әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым» дейді. Оқыған кітаптары түрік-араб шежірелері: Табари. Түрік, араб шежірелері: «Тарих ғумуми», «Тарих ғұсмани», Нәжип Ғасымбектің «Түрік тарихы», Әбілғазы Баһадүр ханның жазған «Шежіре түрік», Ж.Баласағұнның «Құтадғу білік», Радловтың «Ұйғыр туралы шежіресі», Аристовтың «Түрік нәсілі туралы» шежіресі, «Орхон жазбалары» және әр түрлі кітаптардан алынған сөздер. Орыс-тарихшы ғалымдарынан: Березин, Левшин, Спасский, Маевскийлерді оқыды. Шаһкәрім осылай шығыс және орыс ғалымдарының еңбектерін оқып, қазақ халқының аңыз-әңгімелерін зерттеп, ондағы уақиғаларды тарихи шығармалармен салыстыра отырып барып өз еңбегінде пайдаланды.

Сөйтіп, Шаһкәрім он тоғыз жасынан бастап, қазақ шежіресін жазуға кірісті. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» осындай ізденістерден кейін 1911 жылы Орынборда шықты. Көп тілді білгеннің арқасында шығыс және орыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқасы бойынша қазақ тіліне еркін аударған. Әзірбайжанның ұлы ақыны Мұхаммед Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы (1907), орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Дубровский» атты повесін «Дубровский әңгімесі» (1908) деген атпен, «Метель» әңгімесін «Боран» деген атпен (1936) өлең түрінде аударды.

Сегіз қырлы, бір сырлы Шәкәрім ойлы өлеңдеріне ән де жазған өнерлі сазгер болды. Бұл ақынның керемет өзгешелігі, талант дәрежесінің биіктігі. Ол ән жазумен қатар күй де шығарған. Ақын «Бозторғай» деген күйінің шығу тарихын да таңсәрідегі табиғат көрінісімен байланысты туғанын айтады. Ел жайлауға шыққанда, таң атып келе жатқан мезгілде аспанда сайраған бозторғайдың әдемі үніне елтіп, әсер алғаннан кейін туған күй.

Шәкәрім әндерінің көпшілі 20-40 жастың аралығында туған. Сондықтан, оларды жастық әндері деп аңғарсақ та, философиялық ой-тұжырымдарға жетелейді.

Бүкіл адамды кемелдікке жеткізу идеялары туралы ұстазы Абайдан бастау алған Шәкәрім - әдебиеттің көптеген жанрларында туындылар жасаған қаламгер. Шығармашылығының басты тақырыбы сол кездегі қазақ қоғамының бар саласын қамтыған. Ол әсіресе, Абай үлгісін насихаттауда елеулі еңбек етті. Сондықтан, Абай дәстүріндегі көркемдігі жоғары, мазмұн, түр жағынан сонылығы басым, үлкен қоғамдық-әлеуметтік мәні бар лирикалар туғызды. Абай ұстанған ағартушылық, гуманистік көзқарасты қатты қолдады.

Қазақтың ғұлама ақыны, ойшыл данасы Шәкәрім зұлмат заман салдарынан қапылыста 1931 жылдың 2 қазан айында мерт болды. Өзінің бар ғұмыры өткен шерлі Шыңғыстауда ел-жұртымен қоштаса алмай, халқы оны аққа көме алмай, қатыгез жендеттер ақын денесін Бақанастағы Құрқұдыққа тастап еді. Арада өткен 30 жылдан соң, 1961 жылы баласы Ахат Бақанасқа келіп әкесін Құрқұдықтан аршып алып Жидебайға арулап жер қойнына тапсырды. 1991 жылы еліміз Тәуелсіздігіне қолы жеткеннен кейін ағасы Абайдың қасына бір кесенеде қайта жерленді.



Әдебиеттер:
Еспенбетов А.С. Шәкәрім және Сұлтанмахмұт: монографиялық зерттеу. - Алматы: «Раритет», 2008. – Б.230

Бекбосынов М. Шәкәрім мұраларының тағылымдық мәні // Шәкәрім. - 2009. - № 1. – Б.21-27

Бекбосынов М. Екі өмірдің азығы-ұждан // Түркістан. - 2011. - 17- наурыз. – Б.6

Ибрагимов Т. "Сөз сынап, өлең өлшемек" // Семей таңы. - 2012. - 24 сәуір. – Б.4

Иманбаева А. Шәкәрім мұрагері // Мәдениет. - 2012. - №1. – Б.12-15

Жұртбай Т.Шәкәрім мұрасы қалай ақталды? // Түркістан. - 2012. - 15 наурыз. – Б.9

Мағауин М. Шәкәрімге қатысты үш дерек // Жұлдыз. - 2011. - №4.- Б.130 -144

Мағауина З. Сахараның дана ойшылы // Дидар. - 2008. - 11 қыркүйек.

Медеуханұлы Ә. Ақынның ажалы: үш көріністі драма // Ақ Ертіс. -2011. - №1. – Б.21-41

Смағұлова А. Ақыл мен ғибрат өрнегі: (ақынның тұңғыш өлеңдер жинағына 100 жыл) // Шәкәрім. - 2012. - № 1. – Б.88

Шәкәрім Құдайбердіұлы // Қазақтың дәстүрлі 1000 әні. - Алматы, 2010.- Б.21

Мағауин М. Шәкәрімге қатысты үш дерек // Шәкәрім. - 2015. - №1. - Б. 8-19

Шәкәрімұлы, А. Құнанбай туралы // Аңыз адам. - 2015. - №13. - Б. 5-12.
5 тамыз Семей қаласының ірге тасы қаланғанына 300 жыл

(1718 жыл)
Семей қаласы 1718 жылы Ямышев көлі жанынан салынған бекінісі бой көтерген уақыттан бастап, Семей қаласының дүниеге келген күні болып есептеледі. ХІХ ғасырда Семей қаласын зерттеуші ғалымдар Миллер, Н.Абрамовтар «Семь палат», «Жеті шатыр» атануына назар аударып, өздеріне дейін жазылған деректерді іздестірді. Оларды оқып, зерттей отырып, бұл өзі қалмақтардың тастан қаланған жеті құрылысы екенін, 1660-1670 жылдары жергілікті феодалдардың өзара шайқасы кезінде бұл құрылыстардың бүліншілікке ұшырағандарын айтып жазған жазған еңбектері бар. Тобыл қаласының архив мекемелерінен әкелінген Семей қаласы туралы құнды мәліметтер Абай мұражайында сақтаулы. «Тобольская губернская ведомости» газетінің 1861 жылғы 11-санында Н.Абрамовтың «Князь Матвей Петрович Гагарин» деген зерттеу еңбегінде Семей қорғанына «Семь палат», «Жеті шатыр» деген аттың берілуін, оны қалмақтар өз тілінде «Зордшинкинд» деп атағанын жазады. Олай аталуы туралы зерттеуші Миллер Тюменнің ескі архивтерінің ішінен 1616 жылы 25 қазанда патшаға жазылған Грамотада жеті шатыр туралы айтылады.

1783 жылдан Семей бекінісі уездік қала дәрежесіне көтеріледі. 1796-1822 жылдардың арасында Семей уезі Тобыл губерниясы, Омбы облыстарына бағынған кезеңдерді басынан өткізді.

1852 жылы түйенің, айдың, бес жұлдыздың белгісі салынған Семейдің гербі белгіленді.

1854 жылдан Семей жеке облыс болып құрылды. Осы жылы Семейде 1-гильдиялы –1 көпес, 2-гильдиялы –9 көпес, 3-гильдиялы –97 көпес болды.

Жан-жақты сауданың дамуына байланысты «Таможня» мекемесі құрылды. Осыған орай 1755 жылы қалада полиция басқармасы ашылды.

1855 жылы қалада 2 жәрмеңке ашылды, олар 25 мамыр – 10 маусым аралығында және 15 желтоқсан-1 қаңтар аралығында өтіп тұрды.

Семей қаласы – орыс елінің қазақ даласымен, Орта Азиямен, Батыс Қытаймен саяси, экономикалық, мәдени байланыс қатынастарының өзекті орталық қаласына айналды. Сол кездегі қаланың негізгі өнеркәсібі – былғары тері илеу зауыттары, сабын қайнататын зауыттар, ұн-диірмен, сыра зауыты т.б. жеңіл өнеркәсіп түрлері болды.

Семей – сауда-саттықтың ірі орталығы болды. Бұл туралы Омбы қаласында көлемді архив томдары бар. Онда Семей саудагерлерінің әрқайсысына анықтамалар жазылған. Солардың ең бастылары: Плещщев, Арафьев, Мусиндер, Баймұратов, Каукенов т.б. туралы жазылған.

1760 жылы Семейде азиялық көпестермен және шекралық шептерге таяу көшіп-қонып жүрген қазақтармен сауда байланыстарын ұлғайту үшін айырбас, сауда сарайы салынды. (1778 жылы ол Ертістің оң жағалауына көшірілді). Семейде айырбас сарайының ашылуына тек орыс саудагерлері ғана ықпал еткен жоқ, айырбас сауданың дамуына Әбілмәмбет ханның баласы Орта жүздің сұлтаны Әбілфайз да ықыласты болды.

Семейдің сауда орталығы ретіндегі маңызы әсіресе 1804 жылдан бастап Батыс Қытаймен арадағы сауданың жандауына байланысты өсе түскенін көруге болады.

Профессор Ж.Қ. Қасымбаевтың деректері бойынша 1891 жылы Шығыс Қазақстанда 14 жәрмеңке жұмыс істеген, олардың жалпы түсірген жалпы табысы 1736800 сомды құраған. Олардың ең ірісі Қоянды жәрмеңкесі болған.

Семей қаласында баспахана үйі де болды. «Яржам» атты баспаханадан ақын Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», Шәкәрім ақынның кітаптары жарық көрді.

1883 жылы «Сибирская газетінің» 47-санында «Семейден хабар» деген айдармен Семейде тұңғыш рет ашылған қоғамдық кітапхана мен музей туралы хабарлар беріп тұрды. Сонымен қатар, Семейде қазақтың ұл-қыздарына арналған интернат ашылды. Міне, осындай Семей қаласының Октябрь революциясына дейін өсіп өркендеу жолындағы тарихын баяндайтын архив жазбалары еліміздің көптеген қалаларынан кездесіп отырды.

Ұлы Отан соғысы семейліктер үшін де ерекше сын болды. Семейде 1941 жылы бірнеше дивизиялар жасақталды. Семейліктер майданда Отан қорғау жолында ерлікпен шайқасты, сөйтіп 44 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қала кәсіпорындары өз жұмысын майдан мүддесіне сай құра білді. Эвакуациямен келген тектес кәсіпорындар жергілікті кәсіпорындармен бірікті. Семейге Осташков былғары заводы орналастырылды. Үш фабрика (Киев, Азов және Артем ) негізінде Семей аяқ киім фабрикасы құрылды. Клинцов жұқа шұға комбинаты мен П.Алексеев атындағы шұға фабрикасының жабдықтары Семей шұға комбинатына берілді.

Қала еңбекшілері Ұлы Отан соғысының алғашқы үш жылында ғана майданға 71 вагон азық-түлік , 150 мың дана жылы киім , 35 мың пар пима , 11 мың посылкалар жіберді. Осынау сын кезеңде сол кездегі М.И.Калинин атындағы ет-консерві комбинатының коллективі ерекше еңбек үлгісін танытты.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Семей қаласы көп өзгерді . Ертіс жағалауындағы көп қабатты үйлер, соңғы жобамен салынған аэропорт, темір жол, өзен вокзалы, театр үйі, кинотеатрлар, неке сарайы, «Рахат» тұрмыс қажетін өтеу үйі, орталық мейманхана т.б. құрылыстар сол кездегі Семей қаласының ажарын аша түсті.

2007 жылдың 16 маусымда Семей қаласына іс сапармен келген Президент Н.Назарбаевтың ұсынысымен “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” Заңын басшылыққа ала отырып, қалалық мәслихат пен қала әкімдігінің бірлескен шешімімен “Семипалатинск” атауының транскрипциясы “Семей” деп өзгертілді.

Бүгінгі Семей қаласы Республикамыздың ірі мәдениет орталығы. Қалада Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайы, Ф.Достоевскийдің әдеби мемориалдық музейі, Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры, Ф.Достоевский атындағы орыс драма театры, Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапхана тағы басқа да мәдени орындары бар.

Әдебиеттер:
Асылжан Пе Елбасы қаланың «Семипалатинск» атауын «Семей» деп өзгертуді ұсынды // Семей таңы.-2007.-21 маусым.-1 б

Ахметұлы Т. Көпес Мусиндер көне Семей байларының алды болған // Семей таңы.-2001.-8 маусым.-9 б.

Зұлхаров Ғ. Тануға тұрарлық тұлға: (Қ.Үкібаев туралы) // Семей таңы.-2003.-14 ақпан.

Игембаев Б. Көне қалада түйе болған ба? // Ертіс өңірі.-2006.-27 қыркүйек.-14 б.

Кенемолдин М. Қаражан Үкібаев кім?: (Семейдің атақты бай-көпесі Қ.Үкібаев туралы мұрағат құжаттары) // Абай.-2010.-№ 4.-23-26 б.

Қазбалинов Т. Ең алғашқы баспахана // Семей таңы.-2004.-3 қыркүйек.-14 б.

Қазбалинов Т. Тарихы бай шаһар // Семей таңы.-2006.-12 қазан.-3 б.

Қазбалинов Т. Семейді дамытушылар // Семей таңы.-2006.-10 тамыз.-6 б.

Мүфтиұлы М. Семейдің тұңғыш қазақ топографы // Ертіс өңірі.-2004.-2 желтоқсан.-2 б.

28 тамыз Ғалым,физика-математика ғылымдарының докторы,

профессор Төлеубай Ыдырысұлы Амановтың туғанына 95 жыл

(1923-1978)
Аманов Төлеубай Ыыдырсұлы 1923 жылы 28 тамызда Жаңасемей ауданы, Құрманқожа ауылында дүниеге келді. Семей қаласындағы №16 мектепте білім алып, 1939 жылы ҚазМУ-нің физика-математика факультетіне түседі. 1943 жылы Ұлы Отан соғысы қатарына алынып елін қорғауға қатысады. 1944 жылы ауыр жарақаттан соң еліне қатйтарылып, Семейдегі Н.К.Крупская атындағы мұғаілмдер институтында оқуын бітірген соң ұстаздық қызмет атқарады. 1953 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты, 1967 жылы докторлық диссертациясын қорғайды.

Семей педагогика интситутының проректоры, ҚазССР ҒА-ның математика және механика институтының директоры қызметін атқарды. 1969 жылы Қазақстан ҒА-ның Математика және механика институының директорының орынбасары және ҚазМУ-де кафедра меңгерушісі, 1970 жылдан Математика және механика институның директоры қызметін атқарды. 1972 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті атанды. Ғалым математика ғылымы саласында өзінің ғылыми-әлемдік маңызы зор еңбегін қорғады. Математика ғылымында «Аманов теориясы» деген үлкен бір ғылыми жаңалығын, өшпес ізін қалдырды. Аманов Төлеубай Ыдырысұлының ғылыми-зерттеу еңбектерінде функционалдық кластарды іштестіру теориясы және оның қолданылатын мәселелері қарастырылған. Докторлық диссертациясында функциялардың SB класының тұйық теориясын құрып, кейін сол класқа байланысты мәселелер туралы монография жазды. Амановтың жетекшілігімен 10 ғылыми кандидаты әзірленді. 50 жылдан астам ғылыми еңбектің авторы. Семей қаласының орталық көшелерінің бірі және ондағы № 16 мектеп, және туған ауылындағы орта мектеп және бір көше Т. Ы Амановтың есімімен аталады.


Әдебиеттер:
Берікханова Г. Қазақстан математикасын әлем таныды // Семей таңы. - 2009. - 16 шілде. - С. 3

ТүгісУ. Аманов теориясы: [Семейлік жерлесіміз, қазақтың әйгілі математик-ғалымы Т.Ы.Аманов туралы] // Семей таңы.- 1998.-27 тамыз-2 қыркүйек(N30).-Б.9

  Мадрахимова Г. Ғалым тағылымы: [Семей өңірінен шыққан, аты әлемге әйгілі болған математик, ғалым Төлеубай Ыдырысұлы Аманов туралы] // Дидар.- 2002.-18 мамыр.-Б.4

1қыркүйек Семей Мемлекеттік Медицина университетінің ашылғанына 65 жыл (1953)
Семей мемлекеттік медицина университетінің іргетасы 1953 жылы 1 қыркүйекте қаланды. Семей мемлекеттік медицина университетін ең алғашқы жылдары 320 жас қыздар мен жігіттер емдеу мамандығы бойынша бітіріп шыққан болатын. Онан кейін 1963 жылы педиаторлық, 1991 жылы стоматологиялық, 2003 жылы фармацепт факультеттері ашылды.

СММУ бүгінгі күні - қарқынды даму үстіндегі жоғары оқу орны. 5 мамандық бойынша дайындық жүргізіп келеді. Алыс-жақын шетелден, өз елімізден 3500-ден аса студент білім алады. 400-ден аса оқытушы, 43 кафедрада ғылыми-педагогикалық және ғылыми-диагностикалық қызмет атқарады. Оның ішінде 10 академик, 50 докторлар мен профессорлар, 200 медицина ғылымының кандидаттары қызмет жасайды.

СММУ-ті бәсекелестік қабілетін инфраструктураның дауымен үйлестіреді. Студенттер үшін арнайы клиникалық дайындық сапасын жақсарту үшін жеке клиникалық базасы бар: медициналық орталық, стоматологиялық емхана, тренингтік жанұялық-дәрігерлік амбулатория, жаңа класс-муляждармен оқу-клиникалық орталық. Университет заман талабына сай клиникалық базалармен, зертханалармен, кітап қоры үлкен кітапханамен, компьютерлік кластермен, лингафон кабинетпен жабдықталған.

Әдебиеттер:
Бапанова Ә. "Әлем азаматы" - академик Шарманов: бастамасымен салауатты тамақтану орталығы ашылды // Семей таңы . - 2011. - 19 сәуір. - С. 2

Жоғары оқу орындарында // Семей таңы . - 2012. - 3 сәуір. - С. 3

Рақыпбеков Т. Шындықты айтпасам ауырып қаламын // Семей таңы . - 2011. - 26 қаңтар. - 4 б.

Семей мемлекеттік медицина академиясы.-Семей, 2008.-356 б.

Шарапиева Л. Пәкістандық жастар жан жадыратты // Семей таңы . - 2011. - 30 қыркүйек. - 2 б.

Қожаев Қ. "Саламатты Қазақстан" Семейде де серпінді // Семей таңы . - 2011. - 29 қараша. 2 б.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет