Білімін өз бетімен тексеру үшін тестілік сұрақтар
-
Айналым жасауға қатысу сипаты бойынша несие объектілері ... бөлінеді:
а) бүкіл айналымға
ә) өндіріс процесіне
б) айналым аясына
в) жекелеген сатыларға
г) жоғарыда айтылғандардың бәріне
-
Банк несиесінің мақсатты бағытталушылығына байланысты неғұрлым тиімді көрінетіні:
а) қозғалмайтын мүлікті сатып алуға жұмсалатын ссудалар
ә) қарызды қайтаруға ақша ссудалары
б) жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын капитал ссудасы
в) өндірісті дамытуға жұмсалатын капитал ссудасы
г) тауар қорын жасауға жұмсалатын ссудалар.
-
Контокорректті есеп шот – бұл:
а) басқа банктің есебінен тапсырма бойынша басқа бір банктің жүргізген есептері көрсетілетін есеп шоттар
ә) алуан түрлі қажеттіліктер бойынша төлем құжаттары арқылы төлеуге мүмкіндік алатын клиенттің есеп шоты
б) алынған несиелер бойынша банкте клиент қарызы көрсетілетін есеп шот
в) интенсивті төлем айналымы кезінде сауда мен өнеркәсіптің маусымдық салаларында қолданылатын есеп шоттар
г) активті – пассивті есеп шоттар.
-
Қарыз алушының жеке сеніміне ғана негізделген несие ... деп аталады:
а) аукциондық несие
ә) банкілік несие
б) бюджеттік несие
в) ипотекалық несие
г) ломбардтық несие
-
Несие саясаты – бұл:
а) сенімді несиелер берудегі банктің мақсатты бағытталған стратегиялық қызметі
ә) банк туралы, несие дәрежесі туралы жалпы ережелерден тұратын құжат
б) несие қоржынының сапасын бақылау
в) қайтарылмаған ссудаларды өндіру мәселелері
г) коммерциялық банктің рейтинг жүйесі.
5 - ТАРАУ. НЕСИЕ БЕРУДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ
Тараудың мақсаты – коммерциялық банктердің несие қызметінің тәжірибесінде бекіген несие беруді ұйымдастырудың негізгі ережелерін анықтау. Несие беруді ұйымдастыру мәселелерін қысқа және дәл жүйелеу оның міндеттері болып саналады.
Әдебиеттер: Ә-6; Ә-8; Ә-9; Ә-30.
5.1. Несие операцияларының сипаты
Несие операциялары коммерциялық банктердің активті қызметінің негізін құрайды, өйткені оны табысты түрде жүзеге асыру кіріс әкеледі, банктердің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға әсерін тигізеді, ал олардың кедейленуі мен банкроттыққа ұшырауы несие берудегі сәтсіздіктерге әкеліп соғады;
Екіншіден, банктер елдің экономикасын дамытуға бағытталған инвестицияларға несие беру үшін меншікті және тартылған ресурстарды шоғырландыруға шақырылған;
Үшіншіден, бұл қызметті табысты жүзеге асырған кезде оның барлық қатысушыларына – несие ұйымдарына, қарыз алушыларға және тұтастай түрде қоғамға пайда әкеледі.
Несие операциялары – бұл несие берушінің қарыз алушыға ақылы, жеделдік, қайтарушылық, қамтамасыз етушілік жағдайларында ақша қаражаттарының белгілі бір сомасын беру бойынша қатынасы.
Қайтарушылық түрінде қарыз алушының несие берушіге келісімде көрсетілген негізгі қарыз сомасын міндетті түрде төлеуі түсіндіріледі. Бұл ерекшелік несиені тауар-ақша қатынастарының басқа экономикалық категорияларынан өзгешелеп тұрады. Қайтарушылық – несиенің негізгі белгісі болып саналады.
Банк несиесінің ақылы болуы несие беру кезінде банктің көрсететін қызметінің өтелетін сипатына негізделеді. Банк ссуда бергені үшін, негізінен, сыйақы түрінде белгілі бір ақы алады. Оның мөлшерін несие шарты бойынша тараптар белгілейді.
Несие берушіден жедел несие беру жағдайында алынған қаржыларды қайтарудың алдын ала көрсетілген мерзімдері түсіндіріледі. Яғни жеделдік – оны бұзу белгілі бір санкциялар қолдануға әкелетін несиені қайтарудың уақытша айқындығы. Несие беру мерзімі ссудалық қаржылардың қарыз алушының иелігінде болуының шекті мерзімі болып саналады.
Банк несиесін берудің жоғарыда атап өткен қағидаларына (жағдайларына) тағы несиенің қайтарушылығын қамтамасыз етуді қосуға болады.
Қамтамасыз ету – бұл кепілге беру, банк кепілдері, сақтандыру және заңдылықтармен, сондай-ақ әріптестер арасындағы шартпенен қаралған өзге де тәсілдердің көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін банк несиесін қайтарудың тәсілі.
Банк несиелері келесі белгілер бойынша жіктеледі:
мақсатты белгіленуі бойынша (тұтыну, сауда, ауылшаруашылық, инвестициялық және т.б.);
қайтару мерзімдері бойынша (қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді);
қамтамасыз етушілік дәрежесі бойынша (қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген);
пайыздық ставкалар түрлері бойынша (пайыздық ставкасы белгіленген және пайыздық ставкасы өзгеріп отыратын несиелер).
5.2. Банктің қарыз алушылармен несиелік қатынасы және несие шартының рөлі
Банктің несие берудегі делдалдық қызметі толық көрінген кезде нақты экономикалық өмірдегі банктің рөлін көрсетеді.
Нарықтық экономика кезінде коммерциялық (іскерлік) банктер несиелік қатынасын көптеген клиенттермен байланыста құра отырып, күрделі мәселелерді шешеді. Осылардың барлығы несие берудің аса ауқымды процесі арқылы жүзеге асады.
Несие беру – сауда, кәсіпкерлік қызмет пен пайда табуды қамтамасыз ететін банктердің маңызды операциялары болып саналады.
Несие беру теориясы мен тәжірибесінде банктің қарыз алушылармен өзарақатынасының жалпы негіздері мен қағидалары, терең психологиясы бар екендігін әлемдік тәжірибе дәлелдейді. Несие беру: субъектілердің несие беру процесіне қатынасы; несие берушілер мен қарыз алушылардың өзарақатынасы; несие ресурстарының жеткіліктілігі; қарыз алушылардың ссудаларды пайдалануы; қарыздардың болуы сияқты көптеген проблемаларды қамтиды.
Банк қарыз алушырмен несие қатынастарын орнату үшін клиенттің несиеге деген нақты қажеттілігінің пайда болуына сенімді болуы тиіс. Клиенттің несиеге объективті қажеттілігін білу және несиені қарызға, тек субъективтік қажеттіліктерді қанағаттандыру жағдайы үшін беру несиелік өзарақатынастардың беріктігін және ссудаларды қайтару мүмкіндігін көрсетеді.
Коммерциялық банктер қарыз алушыларға несиелер бере отырып, тәуекелге барады, сондықтан несие беру процесінің маңызы ссудаларды берудің техникалық ережесін жиынтық түрде орындау және бақылау мен мерзімінде қайтарудан ғана тұрмайды, сонымен бірге несие беруші мен қарыз алушының міндеттемелері бойынша әрбір нақты жағдайда шешімдер қабылдауды да білдіреді.
Нарықтық ортада несие беру бизнесі тұрғысынан отандық банктер үшін ендігі жерде талдау техникасы мен несие беру процедурасы емес, ең негізгі болып кең ауқымды пайымдау мен ұтымды шешімдер қабылдай білу қатысады. Сонымен бір мезгілде несие беру жағдайы өзіне несие беру үшін қарыз алушы орындауы тиіс талаптарды да енгізеді.
Банк клиенттің қаржылық орнықтылығы мен экономикалық тұрақтылығын зерттеп, несиеге деген қажеттілікті қарай отырып, оның экономикалық негізділігін, берілген деректердің сенімділігін ескереді. Қарыз алушының қарызды несие шартында көрсетілген жағдайларға сәйкес қайтаруға қабілетті және дайын екендігіне сенімді болу үшін, ссудаға қатынасы бойынша клиенттің өз ісіне жауаптылығын, қарыз алушының беделін, рентабельділігін; ссуданы қамтамасыз етуін; экономикалық конъюнктураны ескереді.
Банк қарыз алушыға несие беру процесі басталмай тұрып тәуекелді жою немесе оны төмендету мақсатымен әлеуетті қарыз алушыға талдау жасайды. Банктің бұл мақсаттағы міндеті клиенттің несие төлеу қабілетін анықтауға бағытталған.
Әлеуетті қарыз алушының несие төлеу қабілеті туралы дұрыс қорытынды жасаған жағдайда, банк несие шартының жағдайларын әзірлеуге кіріседі. Бұл кезең ссуданы құрылымдау деп аталады, банк аталмыш процесс кезінде: несие мақсатын, сомасын, қайтару тәртібін, ссудалардың мерзімін, қамтамасыз етуді, несие бағасын, өзге де жағдайларды анықтайды.
Нарықтық экономика жағдайында ссуда беруші мен қарыз алушы екі жақ та бірдей мүдделілік танытқанда ғана банктің несие қатынастары дамитын болады. Бірінші тарап, яғни несие беруші (банк) өзінің несие беру бизнесін дамыта отырып, ссуданың пайыздармен қоса мезгілінде қайтарылуын қалайды. Ал қарыз алушы ссуданы ала отырып, оны қызмет процесіндегі қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағыттайды.
Дамушы елдердің банк жүйесіндегі несие беру бизнесі несиені басқарудың келесідей негізгі ережелерін қамти отырып, көптеген жылдар ішінде өзін берік бекітті деуге болады. Ол ережелер бойынша:
-
банктің несие қабілеті (несие беру қабілеті) капиталдың жеткіліктігі мен өтімділігіне негізделген. Банк ақша іздейді, орта ставкаларды қайта қаржыландыру ставкаларымен (рефинансирование), банкаралық несиелер бойынша ставкалармен салыстыра отырып, депозиттердің тартымдылығын талдайды. Несие беруді қымбат ресурстар есебінен дамыту банкке пайдалы емес;
-
қарыз алушының бизнестегі бағытын, клиенттің өндірістік мүмкіндіктерін білуді талап ететін несиелерді шоғырландыру банк үшін маңызды мәселе. Бұл жерде негізгі шешімді қабылдау банктің жоғары шенді қызметкерлерінің үлесіне қалады;
-
несие беру өкілеттігі банктің несие саясатын жүргізу әрекетін қамтиды. Несие беруге қатысы бар (орындаушыдан бөлімнің меңгерушісіне дейін, директорлар кеңесі) банктің әрбір қызметкері несие беру процесін жылдамдатуы; несие тәуекелін азайтуға жұмыс істеуі тиіс.
Қызметкерлердің өз өкілеттіктері мен міндеттерін білуі маңызды болып саналады:
-
банктердің тиісті комитеттеріне, өзінің міндеттері шеңберінде клиенттермен келіссөздер жүргізетін, несие беру жағдайын, несие бағасын, қайтару мерзімдерін анықтайтын аға қызметкерлерге келіссөздер жүргізуге өкілеттіктер берілген;
-
келіссөздер жүргізу кезінде банктің шешім қабылдауына мүмкіндік бере отырып, құжаттама тәуекелден қорғауды қамтамасыз етеді. Қаржылық және заңдық құжаттамалар несие беру процедураларын белгілеу үшін негіз болып қатысады;
-
бекіту (процедура) қарыз алушыға несие беру тәртібін аяқтайды. Несие комитеті несие берілуін мақұлдайды және оның сомасын анықтайды.
Банктің қарыз алушылармен несие қатынасы әлемдік тәжірибеде өзіне клиенттің несие туралы өтінішінен бастап, несиені толық қайтарғанға дейінгі аралықты қамтитын қадамдарын (10-16) енгізеді. Бұл мәселелер оқу әдебиеттерінде жеткілікті түрде қарастырылады.
Коммерциялық банктердің несие саясатын жүргізу мақсатында қарыз алушыға несие беру кезіндегі несие шарттарын жасауы маңызды процесс болып саналады.
Несие шарты – бұл несиеге қатынасы бойынша әрбір тараптың құқықтары мен міндеттері ескертілетін банк пен қарыз алушылар арасындағы контракт. Несие шарты қарыз алушының қаржылық жағдайын ұстап тұру немесе жақсарту; банктің мүддесін қорғай отырып, ақша қаражатының қозғалысы мен пайдалылық деңгейін жақсартатындай етіп құрылатын жағдайлар мен қосымша ескертпелерден және шектеулерден тұрады.
Несие шартының экономикалық және заңдық жақтары олардың мазмұнында көрсетіледі, оған мыналар кіреді:
-
ссуданы алу мақсатын, сомасын, аудару туралы жарлықты, төлем жасау кестесі мен процедураларын енгізетін несие беру қаржысының сипаттамасы;
-
терминология анықтамасы, қарыз беру күні, жұмыс күні, пайыздық кезең, пайыздар төлеу күні, көрсетілген шарттарды орындамау жағдайы, келісімнің күшін жою күні, растаушы құрал (заверительный инструмент) және т.б. қамтиды;
-
қарызды дәлелдеу – қаралуы қажет құжаттамаларды (мысалы, қарыз алушы жазған жай вексель) сипаттайды;
-
пайыз және комиссиялық ставка пайыздық төлемдер бойынша комиссиялық ставкаларды анықтайды;
-
алдын ала төлемдер жасау (ерікті және еріксіз), төлеу кезіндегі айыппұлдар және оны басқару жағдайын қамтиды;
-
ссуданы жабу құқығы, қарыз алушы тарапынан шарттарды орындамаған жағдайда, банк өзінің талабын қарыз алушы арқылы жабады және қарыз алушының кез келген активіне иелік ете алады;
-
кепілдер: оның заң ережесі, зайымдарды реттейтін басқа тұлғаларды қолдау сияқты банкке берілген, әртүрлі ақпараттарға сүйенетін қарыз алушының өтініші оның қаржылық есебінің дұрыстығы, соңғы қаржылық ақпараттар бойынша қаржылық жағдайға байланысты материалдарда кері өзгерістердің болмауы, қарыз алушыға қарсы талаптың (иск) жоқтығы, қарыз алушының активтеріне қарсы берешектері үшін мүліктерін ұстап қалудың кез келген құқығын сипаттау немесе оның болмауы.
Банктің ссуда алушылармен несие қатынастарын жетілдіруіне қатысты несие шарты құқықтық және нормативтік ережелермен толықтырылуы мүмкін. Осыған орай несие шартының өзгермейтін формалары болмайды деп бекітуге болады. Көпшілік елдердегі банктер аталмыш заң құжатына өз қатынастарын барынша дәл айқындайды. Несие шартының экономикалық және заңдық күші банктің қарыз алушыға өз талабын қоюына белгілі бір міндеттемелерді көздеуге немесе қажет болған жағдайда банкті келесідей ақпараттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:
-
нақты бір күнге арналған мәліметтер, ссуданың бүкіл мерзімі ішіндегі мерзімді аудиторлық және есеп қаржы құжаттары;
-
нақты капиталдың немесе меншікті капиталдың белгілі бір деңгейін белгілеу;
-
негізгі коэффициенттер бойынша (ағымдағы өтімдік коэффициенті, борыштың меншікті капиталға қатынасы бойынша коэффициент) белгілі талаптарға жауап беру;
-
ескертілген мерзімдер бойынша көрсетілген шарттардың орындалмау оқиғалары туралы жазбаша хабарлама беру;
-
қарыз алушының меншігіндегі кітаптарға және инспекцияларға, оның операциялары бойынша банкке өту мүмкіндігіне рұқсат ету;
-
барлық қауіптер мен міндеттемелерге қарсы сақтандыруды қолдау;
-
салықтарды уақытында төлеу;
-
қосылуға қатыспау және өз активтерінің маңызды бөлігін сату;
-
шартқа қол қою уақытындағыдан үздік саналатын басқа қызмет түрімен айналыспау.
Қазақстан Республикасының банк тәжірибесіндегі несие шартын арнайы құжат ретінде белгілі бір кесте бойынша коммерциялық банктер жасайды және оны тиісті талаптарға сәйкес ресімдейді. Несие шарты белгілі бір ақы төлеу арқылы толтырылады.
Несие шартының бірінші бөлігінде банк несиесінің, сондай-ақ кепілдеме немесе кепілдік берушіліктің бөліп көрсетілуімен, заңды тұлға Жарғысы негізінде әрекет ететін банктің және қарыз алушының атауы көрсетіледі.
Одан әрі шарттың заты (предметі) – несие объектісі, қысқа мерзімдік ссудалар (ұзақ мерзімдік несие) сомасы, ссудалардың мерзімі, қайтару күні, несие үшін пайыздық ставка, пайыздарды төлеу тәртібі мен мерзімдері көрсетіледі.
«Тараптардың құқығы мен міндеттері» бөлімінде мыналар қаралады:
ссуданы мақсатты пайдалану, оны уақытында қайтару және табысы жеткіліксіз болған жағдайда қарыз алушы кепілдікке қою арқылы (оның меншік құқығына жататын) қайтаруға міндеттенетін, кепілдік беру туралы шартта көрсетілген пайыздарды төлеу міндеттемелері көрсетілетін; ссуданы қайтару тәртібін, несие үшін пайыздар төлеу бойынша міндеттемелерді және несиені уақытында қайтармаған жағдайда төлейтін пайыздар мөлшерін, несие үшін пайыздарды аудару мерзімдері мен тәртібін көрсететін; талап етуі бойынша банкке бухгалтерлік, қаржылық, шаруашылық құжаттарын, есептің бүкіл түрлерін беруге (тапсыруға) міндеттенетін; кәсіпорын мәртебесі бойынша бүкіл өзгерістерді банкке хабарлайтын және ссуданы пайыздармен толық сомада банкке мерзімінен бұрын қайтаратын қарыз алушының міндеттемелері. Қарыз алушының сондай-ақ ссуданы қайтару мерзімін ұзарту туралы банкке өтініш білдіруге; банктің өз тарапынан міндеттемелерін бұзуы кезінде өсім мөлшерінде айыппұл төлеуін талап етуге құқығы бар.
Банктің (несие берушінің) құқығы мен міндеттеріне мынадай мәселелер кіреді:
-
ақша және несие нарығының хал-ахуалына қатысты ссудаға пайыздық ставкалардың өзгеруі; қарыз алушының шарттық міндеттемелерді бұзуы кезінде алдағы уақытта ссуда беруді тоқтату; қайтарудың болашағы жоқ деп танылғанда ссуданы мерзімінен бұрын өндіру; несиені мақсатты пайдалану бойынша жер-жерлерде тексерулер жүргізу; ссудаларды және меншікті қаржыларды пайдалануды қамтамасыз ету. Несиені мақсатты пайдаланбағаны үшін банктің есептелген пайыздармен қоса алғанда ссудаға қарызының бүкіл сомасын және ссудаға берешегінің 25%-ы мөлшерінде айыппұл өндіртуге құқығы бар. «Жалпы ереже» бөлімінде несие шартының заңдылығы, заңдылықтарға сәйкес дауларды шешу мәселелері атап көрсетіледі. Несие шартының соңында тараптардың мекен-жайлары, банк операциялары бойынша есеп шоттарының нөмірлері көрсетіледі, жетекшілердің қолдары мен мөр қойылады.
5.3. Несие құжаттамасы және несие беру процедурасы
Қарыз алушы ссуда алу үшін негізді жазбаша түрдегі өтінішпен банкке жүгінеді, онда ссуданың мақсатты бағыты, оның сомасы, қайтару мерзімдері, сондай-ақ несие берілетін шараның қысқаша сипаттамасы атап көрсетіледі. Өтініш үш дана етіп толтырылады: бірінші және екінші дана (проводка) үшін негіз болып қызмет етеді, үшінші данасы несие қызметкерінің ісінде қалады. Ссудалық есеп шоты банкте, негізінен, банктің есеп шоты ашылған жерде ашылады. Клиентке басқа банк қызмет көрсететін болған жағдайда, соңғы банк-несие берушінің сұратқан бүкіл қажетті құжаттарын тапсыруға міндетті.
Қарыз алушы төмендегідей құжаттар пакетін тапсырған жағдайда несие беру жүзеге асырылады:
-
Несие берілетін шараның техникалық-экономикалық негіздері:
-
өтініш білдірушінің қызметіне және оның өндіретін өніміне сипаттама;
-
несие есебінен өндірілетін өнімдердің (қызметтердің) тізімдемесі, оның экспорттық мүмкіндіктері, ішкі және әлемдік нарықта шығарылатын ұқсас өнімдермен салыстырмалы сипаттамасы;
-
экспортқа шығарылады деп болжанған өнімдердің өткізу нарықтарына талдау жасау, соған сәйкес өнімдер үрдісі мен оған сұраныс, бәсекелестік, халықаралық нарыққа шығу стратегиясы, өнімдерді экспортқа шығару туралы (контрактылар, шарттар) шетелдік фирмалармен келісімдердің болуы;
-
қарыз алушының өнімдер экспортына меншік құқығын бекітетін құжаттар, ссудаға берешекті қайтаруға бағытталған түсімдер;
-
өнімдерді экспортқа шығаратын лицензияның болуы;
-
жобаны жүзеге асыру мерзімдері (құрылыс салу және алаңдарды абаттандыру, жабдықтар жасау және оларды жеткізу, құрастыру, оны пайдалануға беру және жобалық құнына қосылу мерзімдері бойынша);
-
импорт төлемдерінің балансы мен экспорттан түсетін түсімдерді қоса алғандағы өзін-өзі ақтау есептері;
-
қажет болған жағдайда жоғарыда келтірілген деректерді бекітетін басқа ұйымдардың ақпараттары.
2. Барлық қосымшылармен контрактылардың, шарттардың, келісімдердің көшірмелері (сыртқы сауда контрактысына – орыс тіліне аударылуы).
3. Бухгалтерлік есеп, пайдалар мен шығындар туралы есеп, кірістер туралы декларациялар және белгілі бір кезеңдегі қарыз алушының қаржылық жағдайы мен несие төлеу қабілетін анықтау үшін өзге де мәліметтер.
4. Қажетті деңгейде ресімделген, ссуда беруге тапсырыс.
5. Қарыз алушы туралы ақпарат.
6. Тауар-материалдық құндылықтардың қозғалысы туралы мәлімет.
7. Шұғыл міндеттемелер.
8. Несие шарты.
9. Қамтамасыз ету туралы ақпарат, сондай-ақ бизнес-жоспар.
Банкпен тұрақты несие қатынасын орнатқан, жақсы беделге ие қарыз алушыларға несие алу үшін тапсыруға тиіс құжаттардың тізімін банк қысқартуы мүмкін. Қажеттілік болған жағдайда банк қарыз алушының қаржылық-шаруашылық қызметі туралы аудиторлық ұйымдардың қорытындысын, қарыз алушының есеп айырысу, ссудалық және валюталық есеп шоттары ашылған банктердің атауын, олардың ссудалық қоржынындағы қарыздардың жіктеуі көрсетілуімен ссудаға берешектерінің көлемін, сондай-ақ банк тәжірибесінде қабылданған үлгілер бойынша несиені уақытында қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді: кепілдік міндеттемесін, кепілдік беру хатын, қарсыкепілдікті, кепілдік берушілікті талап етуі мүмкін.
Банктің несие бөлімі несие беру мәселелері бойынша құжаттарды дайындау және өткізумен байланысты бүкіл жұмысты басқарады, несие берумен байланысты өзге де қызметтердің жұмысын үйлестіреді және қарыз алушылар тапсыратын мәліметтердің жеделдігі мен сенімділігіне жауап береді.
Несие беру кезінде несие бөлімі мамандарының құзырына несие ресурстарының болуын, несие алу үшін қажетті тапсырылған құжаттардың толықтығын қарау, тапсырылған техникалық-экономикалық негіздеу есептерінің шынайылығын анықтау мен қарыз алушының несие төлеу қабілетін талдау, сондай-ақ ссуданы қайтармауға әкелуі мүмкін факторларды зерттеу кіреді.
Несие бөлімінің қызметкерлері заң бөлімінің заңгер мамандарымен бірлесе отырып, олардың құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындау үшін клиенттердің заңдық істерін зерттейді. Контрактылар мұқият зерттеледі және оған жеткізудің базистік жағдайлары, мерзімдері, төлем валюталары, төлем (есеп айырысу) формалары бойынша құқықтық баға беріледі және ол бойынша қажетті заң талаптарының сақталған, сақталмағандығы анықталады. Сол арқылы қарызды кепілге берушінің немесе мүлкі арқылы кепілдік берушінің меншік құқығы белгіленеді. Банктің заң қызметі несие алу өтініштерін қарау, несие келісімдерін, кепілдік шартын жасау, қойылған мүлікті өткізу кезінде құқықтық қолдау көрсетеді.
Қандай бір себептермен ссуданы беру мүмкін болмаған жағдайларда, бұл туралы жазбаша түрде дәлелді қорытынды беріледі және ол банк жетекшісінің немесе банктің алқалы органы – несие комитетінің қарауына беріледі.
Несие бөлімінің және банктің басқа қызметтерінің қорытындысы несие беру туралы мәселені несие комиссиясына немесе банк басқармасына ұсыну үшін негіз болып саналады. Несие комиссиясы немесе банк басқармасы, жекелеген жағдайларда банктің жетекшісі оң шешім шығарған кезде, заң қызметкерлері кепілдік туралы шартты, ал несие бөлімі – содан кейін банк жететкшісі қол қоятын несие келісімін (шартты) дайындайды.
Клиенттерге ссудалар беру ссуданың (несие шарты) мақсатты бағытталушылығына қатысты ашылатын жеке ссудалық есеп шоттар арқылы жүзеге асырылады. Осыған орай өнімдерді өткізуден түскен түсімдер мен ақша қаражаттарының бүкіл басқа түсімдерін банк қарыз алушының ағымдағы есеп шотына жазады.
Ссуда, негізінен тауар-материалдық құндылықтар мен көрсетілген қызметтерге төлеуге қарыз алушының есеп шотында қаржысы жоқ болған кезде, аккредитивтер ашуға және несие шартында айқындалған қарыз алушының өзге де қажеттіліктеріне беріледі. Қажет болған жағдайларда ссуда банк жетекшісінің өнімі бойынша тауар-материалдық құндылықтар және көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеуге берілуі мүмкін. Ссудаларды беру несие шартында айқындалған біржолғы, күнделікті және өзге де мерзімдерде жүргізіледі. Бір жолғы ссуда сондай-ақ бір реттік контрактылар мен шарттар бойынша есептерді (счеттарды) төлеуге беріледі.
Несие шартында қаралған несиені беру және оны қайтарудың тәртібі мен жағдайларына сәйкес банктің несие бөлімі оны беруге үкім дайындайды.
Ссуданы беру кезінде банкке бірінші рет өтініш білдірген қарыз алушы өзін куәландыруы тиіс, өйткен аталмыш қарыз алушының Жарғысында оның шаруашылық жүргізуші субъекті атынан шаруашылық шарттарын жасауға басшылық жасау құқығы қаралған.
Ссудалар негізінен аудару тәртібі түрінде беріледі. Дегенмен, қажет болған жағдайда, банк шешімі бойынша азаматтармен есеп айырысу үшін, сондай-ақ тұтыну несиелерін беру кезінде ссудалар қол ақшамен берілуі мүмкін.
Несие берудің қазіргі тәжірибесінде банк несиесін ссудалық есеп шоттардың әртүрлі үлгілерінен (типтерінен) беру мүмкіндігіне рұқсат етіледі. Мұндай жағдайлар кезінде түсімдер арнайы ссудалық есеп шотқа қабылданып, содан кейін өткізілген тауарлар мен өнімдердің жалпы кірістерінің үлесі шаруашылық органдарының банктік есеп шоттарына аударылады. Тауар-материалдық құндылықтардың айналым жасаушылығын баяулатуға жол бермейтін және өтпейтін, жатып қалған материалдық құндылықтарды жинақтайтын сауда, дайындау, жабдықтау және өткізу ұйымдарына несие осындай тәртіпте берілуі мүмкін.
Тұтастай алғанда клиенттің иелігіне түсетін несиенің мөлшері көптеген жағдайларға қатысты болады. Мынаны еске сала кетейік: несиенің мөлшері несие келісімімен белгіленген. Осы келісімде белгіленген сома, әдетте клиент есепке алатын ең жоғары сома болып саналады. Аталмыш сома негізі бойынша несие беру лимиті болып табылады. Оны: несие бағыты, бақылау цифры деп те атайды. Тұтастай алғанда несие беру (несие бағыты) лимитін отандық және шетелдік банк тәжірибесінен туындайтын жағдайларға сүйене отырып, келесі түрде жіктеуге болады:
Тағайындалуына байланысты (от назначения) төленбеген қарыз лимитіне, берілетін лимитке бөлінеді. Бірінші ссудалық төленбеген қарызды белгілі бір күнге лимиттейді, ал екінші (қалдықты емес) жолы берілетін ссуданың көлемін (ссудалық есеп шоттың дебеті бойынша) белгілейді.
Қолдану мерзімдері бойынша шығатын және жылішіндегі (тоқсан ішіндегі, ай ішіндегі) лимиттерге бөлінеді. Шығатын лимиттер – бұл клиенттер сол арқылы белгілі бір кезең шегінен шығу құқығына ие лимиттер (мысалы, жылдың немесе тоқсанның басында). Лимиттердің екінші түрі қарыз алушының тиісті кезең шегінде (жыл ішінде ссуданы пайдалану құқығы, клиент жоспарлы кезеңнің шегінен шығып кететін шекті сомадан жоғары болуы мүмкін) ссуданы пайдалану құқығын белгілейді.
Қарыз алушыға берілетін несие көлемінің өзгеру дәрежесі бойынша азая түсетін (өзгермелі) және өсе түсетін лимиттерге бөлінеді. Бұл лимиттер ссудаға қажеттіліктің төмендеуі немесе көбеюіне қарай анықталады, қарызды қайтарудың нақты кестесін белгілеуге мүмкіндік береді.
Несиені пайдалану (жұмсау) мүмкіндіктері бойынша тұрақты лимит, қосымша лимит, оның мөлшерін арттыру құқығына ие лимит, еркін лимит ара жіктері ажыратылады. Тұрақты лимит ссуданы алудың жоғары құқығын белгілейді, оны банктің айрықша өкімінсіз арттыруға мүмкін емес жасайды. Тұрақты лимитте белгіленгеннен жоғары қосымша ссудалар алу қосымша лимитпен белгіленеді. Тұтастай алғанда бірқатар жағдайларда несие беру лимиті қатаң болып саналмайды, оны көбейту үшін клиентке мүмкіндік береді. Әрине мұндай мүмкіндіктер мүлде шексіз емес (ірі несиелер үшін белгіленген, бір қарыз алушыға берілетін нормативтер шектеу болып қызмет етуі мүмкін). Әрбір жекелеген жағдайда ссуданы пайдалану құқығы коммерциялық банктің ережелерімен реттеледі және несие келісімінде белгіленеді.
Несие шартынан туындайтын, беруге жататын несие мөлшерін анықтау – бұл мәселенің заңды жағы ғана. Клиентке берілетін несие көлемі клиенттің өз өтінішіне қатысты болады. Сонымен бірге клиенттің белгілі мөлшерде ссуда беру туралы өтініші несиені қайтарудың нақты мүмкіндіктерімен, банктің нақты есептеулерімен сәйкес келмеуі мүмкін.
Несие мөлшері экономикалық жағдайларға, оның ішінде:
-
қарыз алушының төлем айналымындағы айырмашылық көлеміне;
-
несиені қамтамасыз етуге түсетін тауар-материалдық құндылықтардың нақты жиынына және оның өтімдік дәрежесіне;
-
маржалар деңгейіне;
-
ресурстардың белгілі бір көлемінің банкте болуына қатысты болады.
Достарыңызбен бөлісу: |