Бағалы қағаздар нарығы және биржа ісі: Оқу құралы. Алматы: 2007



бет4/19
Дата14.03.2018
өлшемі4.77 Mb.
#21125
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

2.3. Сурет. Акциялардың түрлері
Қоғамға басқару жағынан қолында атаулы акциясы бар акци­онерлер қолайлы. Себебі ол акционерлік капиталдың және бағалы қағаздардың козғалысын, сонымен қатар бағалы қағаздардың кейбір акционерлердің қолында шоғырлануын, олардың бұл мемлекеттен кеткенін реттеп және бақылап отыруға мүмкіндік береді. Акционерлердің көзқарасы тұрғысынан қарағанда, әсіресе, қысқа мерзімді мүддені көздеген акционерлер ұсынушы акциясын қолдайды. Себебі еш жерде тіркелмеген бұндай акцияларды екінші нарықта еркін сатуға болады. Ал атаулы акцияны еркін қолма-қол ақшаға айырбастауға болмайтындықтан олардың өтімділігі акционерге кейбір жағдайда қолбайлау туғызады.

Акцияның осы екі түрін айналымға түсіру жолдары да



  • Біріншіден, сату механизмі бойынша. Атаулы акцияның иесі оларды қоғамнан сатып алғанын куәландыратын барлық акция саны толтырылған бір сертификат алады. Бұл акцияларды сатканда сертификаттың сырт жағында екі жақтың қолы қойылған «индос­самент» белгісі қойылады. Содан соң акционерлердің тізіміне өзгеріс енгізу үшін сертификат қоғамға жіберіледі. Содан кейін ғана акциялардың жаңа иесі акцияларға жаңа сертификат алады.

Ұсынушы акциясын сатқанда оны иемденушілер тікелей, яғни қолма-қол сатып алушыға береді.

  • Екіншіден, акцияның осы екі түрінің жаңа данасын (тиражын) иемденушілер құқығын белгілеу тәртібі де әртүрлі. Бұл туралы атаулы акция иесі қоғамнан хабарландыру хат алса, ал ұсынушы акциясына бұндай механизм жүруі мүмкін емес. Ұсынушы акциясында кесіп алатын купоны (талоны) болады. Соны толтырғаннан кейін қоғамға жіберіп, өзінің меншік құқығын іске асырады.

  • Үшіншіден, ұсынушы акциясының номиналы тым жоғары болмайды, бірақ ол өте көп тиражбен шығарылады, ал атаулы акцияның номиналы әртүрлі мөлшерде бола береді.

Қоғамды баскаруға қатынасу құқығы бойынша акция жай және артықшылықты болып бөлінеді.

Жай акцияларды иеленушілердің қоғамның түсірген пайдасының мөлшеріне байланысты дивидендтер алу кұқығы, жиналыстарда дауыс беру арқылы қоғамды басқаруға қатысу құқығы және қоғам жабылып қалған жағдайда несие берушілермен есеп айырысқаннан кейін мүліктің бір бөлігін алу құқығы бар. құқықтар акция мөлшеріне сәйкес көлемде жүзеге асырылады.

Әрбір жай акция өз иесіне бір дауыс үлесін береді. Әйтседе жай акция дивиденд алуға кепілдік бермейді. Себебі дивиденд қоғамның шаруашылық нәтижесіне байланысты беріледі. Диви­денд қоғамның таза пайдасының бір бөлігі, басқаша айтқанда, ди­виденд төлеу пайданың салық төлегеннен қалған қалдығын бөлуге негізделген. Дивидендтің мөлшеріне күшті өзгерістердің әсер етуі кездейсоқ жәйт емес.

Жай акцияны иеленушілердің өкілеттіктері:

1. Директорлар кеңесін сайлауға дауыс беруге және сол кеңеске өзі сайлануға құқылы. Директоратқа сайланғанда кейбір қоғамның жарғысында кей жағдайда мүлік цензі көрсетіледі, яғни үміткердің қолындағы жай акцияның ең төменгі қажетті мөлшері көрсетілуі тиіс.

Директорлар кеңесі жылдық балансты және таза пайданы бөлу жобасын дайындайды. Табысты бөлу - қоғам меншігін оның акционерлері арасында дивиденд ретінде үлестіру деген ұғым.

2. Дивиденд алу құқығы. Дивиденд мөлшері қоғамның жылдық қаржы айналымына байланысты анықталады. Оны тоқсан сайын (әрбір үш айда бір) төлеуі мүмкін. Дивидендтің бірнеше түрі бар:



  • қолма-қол төленетін дивидендтер. Бұл табысты бөлудің ең кең тараған түрі. Ол бір жай акцияға есептеліп төленеді;

  • мүліктік дивидендтер. Бұл табысты бөлудің мүліктік формасы акционердің қолындағы акция санына пропорционалды анықталады. Қоғам дивидендтің бұл типін әдетте өзі жабылу кезінде қолданады;

  • акция формасындағы дивидендтер. Бұл қосымша акциялар акционерлер арасында акционерлердің қолындағы бұрынғы акция санына пропорционалды бөлінеді. Дивиденд төлеудің бұл түрі қоғамның өзін-өзі қорғап қалуын қамтамасыз етеді.

Қолма-қол төленетін дивидендтер баланстың активі мен пассивін және қолма-қол акша қаражаты қозғалысы ведомостын тексергеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Дивиденд дұрыс төленбеген жағдайда қоғам жауап беруге міндетті. Дивиденд ак­ционер табысының тек бір ғана бөлігі. Оның екінші бөлігі акция бағасының өзгеруіне байланысты қалыптасады.

  1. Жай акция бойынша меншік құқығын басқаға беру деген ак­ционер өзінің акциясын я сатып, я сыйға беріп, я өсиетке қалдырып жүзеге асыруы. Сонымен қатар акция банктен несие алғанда кепілдікке де беріледі.

  2. Қоғамдағы акционерлердің мүліктік мүддесін қорғауға дауыс беру құқығы. Бұған, мысалы, жаңа бағалы қағаздар шығару, қоғамның активтерінің бір бөлігін сату сияқты мәселелер жатады. Активтер болып қоғамның барлық қозғалмайтын және қозғалатын меншігі: жер, құрылыс, мүлік, қолма-қол қаржы және с.с. есептеледі.

  1. Қоғамның қаржылық есебін тексеру құқығы, мысалы, акцио-нерлердің реестерін тексеру.

  2. Шектеулі міндет құқығы. Қоғам банкротқа ұшырағанда ак­ция сатып алуға шығарған акционердің ақшасын қайтаруға кепілдік берілмейді.

  3. Қоғам жабылған кезде оның активінің бір бөлігін алу құқығы, яғни жабылу дивидендін алу мүмкіндігінің болуы.

Қоғамның міндеттерін өтеу тәртібі бойынша, ең алдымен қоғам мемлекеттің және адвокаттардың, содан соң белгілі-бір тәртіппен өзіне несие берушілердің, ал ең соңында артықшылықты акция иелерінің және жай акция иелерінің талабын орындайды.

Директорлар кеңесі, жоғарыда айтып кеткеніміздей, қоғам акционерлерінің жылма-жыл өтетін жалпы жиналысында сайланады. Дауыс берудің екі әдісі болады. Тікелей дауыс беру - ол жай көп дауыс алу деген ұғым. Ол әрбір акционердің қолындағы акция санына тең дауыс беру. Сонымен қатар, дауыс беруде сенімхатты да пайдалануга болады. Акционерлердің жиналысында біреудің акциясы негізінде басқа біреу сенімхатпен дауыс беруіне өкілеттілік алады.

Әрбір қоғам (егер ол оның жарғысына қарсы болмаса ) «А» және «Б» сериялы жай акцияларды шығара алады. Әлбетте, «А» сериялы акция қоғам құрылтайшыларына, яғни оның жарғысына қол қоюшыларға, ал «Б» сериялы басқа инвесторларға тиесілі. «А» сериялы акцияны иемденушілердің үлкен құқығы және көптеген дивиденд алатын мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндік тәуекелдікке берілген төлем тәрізді. «Б» сериялы акция акционерлерге дауыс құқығын бермейді. Көптеген қоғамдар жай акцияның номинал құнын бекітеді. Ол бір акцияға шаққандағы жарғылық капиталдың мөлшерін көрсетеді. Номинал құны акцияның нарықтық бағасының одан әрі қозғалысына ешқандай әсер етпейді. Ол акцияны тек алғашқы орналастырғанда ғана маңызды роль атқарады. Номинал құны - ол акцияның эмиссиялық бағасы.

Егер акция көпшілікке сатылып кетсе, онда оның бағамын (курсын) сатуға қатысқан барлық инвесторлар қалыптастырады. Акцияның нарықтық бағасын сатушының төмендеткен төменгі бағасы мен сатып алушының төлейтін жоғары бағасы анықтайды.

Акцияның нарықтық бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде айқындалады.

Акцияның эмиссиялық және нарықтық бағаларынан басқа, оның баланстық бағасы да болады. Акцияның баланстық бағасы - қаржылық есептің құжаттары негізінде анықталып, бухгалтерлік немесе «кітаптық» баға деп аталады. Ол активтің таза құнын (қоғам активінен оның пассиві минусталады) орналастырылған акция санына бөлгенге, немесе бір акцияға келетін акционерлерге тиесілі капиталдың көлеміне тең.

Қоғам жай акцияның номиналын көрсетпей де шығаруға құқығы бар. Онда ол нарықтық бағаммен (курспен) сатылады. Бұл жағдайда акцияның сертификатында қоғамның капиталы бірнеше үлеске бөлінгені көрсетіледі. Қоғам жабылғанда бұл акциялар ак­ционерлерге активтің белгілі-бір бөлігін (номиналдық күнының емес) алуға кепілдік береді.

Артықшылықты (немесе преференциалды) акциялар - меншік туралы ерекше сертификат. Олар қоғам түсірген пайданың деңгейіне қарамастан өз иесіне белгіленген мөлшерде неғұрлым нақты дивиденд төленуін қамтамасыз етеді. Преференциалды ак­ция дауыс құқығын бермейді. Ол - дауыссыз бағалы қағаз. Осыған байланысты берілетін артықшылыктар дауыс құқығы жоқтығының орнына төлеу ретінде жүреді. Алайда, артықшылықты акция иемденуші – акционерлер қоғамды жабу туралы шешім қабылдайтын болғанда ғана жалпы жиналысқа дауыс беру құқығымен қатыса алады.

Артықшылықты акция иемденушісінің мүддесін қорғау үшін акцияның осы түрі бойынша дивидендтер басқалардан бұрын төленеді. Сондыктан бұл акциялардан гөрі жай акция иемдену қауіптілеу. Артықшылықты акциялар номинал құны көрсетілген және көрсетілмеген болып екігі бөлінеді. Бірінші жағдайда диви­денд акцияның номиналына байланысты процент түрінде есептеледі. Ал номиналсыз артықшылықты акциялар сирек кездеседі, оларда дивидендтің нақты ақшалы мөлшері көрсетіледі. Акция номиналының оның нарықтық бағасына әсері жоқ.

Жай акция бойынша төленетін дивидендтер сияқты артықшылықты акция бойынша да дивидендтер ағымдагы жылда түскен таза пайданың бір бөлігінен төленеді. Қоғам бұл акцияның бірнеше сериясын шығаруы мүмкін. Әрбір сериясының әртүрлі көлемдегі артықшылығы бар. Олар әр сериялы акцияның сертификатында көрсетіледі.

Егер қоғам артықшылықты акциялардың бір емес көп сериясын шығаратын болса, онда оның біреуін бірінші артықшылықты деп, ал келесісін - екінші артықшылықты деп анықтауы керек. Сондықтан осы акциялардың тек бір сериясының ғана басқа сери-яларынан гөрі артықшылығы мол болады. Ол артыкшылық әртүрлі тәсілдермен: дивиденд төлегенде, активтерді бөлгенде немесе осы екі жағдайды қоса алғанда жүзеге асырылады.

Артықшылықты акциялардың өзі бірнеше түр тармағына: қатысушылар және қатыспаушылар, кумулятивтік және куму-лятивтік емес, айырбасталатын және айырбасталмайтын болып бөлінеді. Артықшылықты акциялардың аталған түрлерін шығару қоғамның жарғысында қарастырылады. Акция иемденушілердің артықшылықтарды пайдалану мүмкіндіктері де әртүрлі болады. Атап айтқанда:


• акцияны басқа түріне айырбастау мүмкіндігі.

Қатысушылар артықшылықты акциясы өз иемденушісіне үстеме пайданы бөлуге қатысуға мүмкін береді. Басқаша айтқанда, қоғам жарғысында жай акция бойынша төленетін дивидендтің көлемі белгіленген, ал пайда одан жоғары болса, онда ол артықшылықты акция бойынша төленетін дивидендтің мөлшерін жоғарылатады. Олардың арасындағы арақатынасын қоғамның ди­ректорлар кеңесі белгілейді.

Қатыспаушылар артықшылықты акциясы - оның иесі ешуақытта белгіленген деңгейден артық дивиденд алуға құқығы жоқ. Егер артықшылықты акциялар кумулятиетік болса, онда бұрын хабарланған, бірақ кейбір себептермен төленбеген неме­се толық төленбеген дивидендтер міндетті түрде келесі жылы төленеді. Ол жай акциялар бойынша дивиденд төлеу хабарланбастан бұрын жүзеге асырылады, яғни төленеді. Кумулятивтік емес артьщшыльщты акциялар бойынша төленбеген дивидендтерді келесі жылдың дивидендтіне қосуға болмайды.

Айырбасталатын (конверсияланатын) артықшылықты акциялар өз иемденушілеріне кейбір жағдайларда (егер олар қоғам жарғысында көрсетілген болса) осы қоғамның жай акцияларына немесе артықшылықты акцияның басқа типіне айырбастауына мүмкіндік береді. Айырбастау жөніндегі жағдайлар осы типті ак­ция шығарған кезде жазбаша түрде қоғам кітабында көрсетіледі. Артықшылықты акциялардың көбісі айырбасталымды болып келеді. Ал айырбасталымды емес акциялар өз статусын өзгертуге мүмкіндігі жоқ, яғни оларды басқа акцияларға айырбастауға бол­майды.

Артықшылықты акциялардың өте сирек кездесетін түр тармағының бірі - дивиденд төлеуі кейін қалдырылған артықшылықты акциялар. Олар қоғам құрылтайшыларына ғана арнап шығарылады. Олар бойынша дивиденд тек жай акциялар бойынша төленетін дивидендтің ең жоғарғы квотасы төленіп болғасын ғана беріледі. Содан қалғаны дивиденд төлеуі кейін қалдырылған акция иелеріне бөлінеді. Қоғамның ісі өрлеп тұрса, бүндай акцияларды шығару өте тиімді.

Егер қоғамның жарғысында оның директорлары жарғылық ка-питалды құруға жеке катысуы керек делінсе, онда - директорлардың квоталы акция деп аталатын артықшылықты акцияның арнаулы түрі шығарылады.

Нарықтық экономикасы дамыған елдерде артықшылықты акциялар саны, әлбетте, барлық акциялардың 10%-нен аспайды. Демек, қоғам қаржысында олардың үлесі өте төмен. Дегенмен де, артықшылықты акциялардың қоғам ісін басқаруда маңызы орасан зор. Олар акционерлік қоғамның жалпы жиналысында дауыс беретін жай акция иемденушілердің санын өзгертпей-ақ қосымша капитал тартуға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, жай акциялар бойынша дивиденд төлеу қоғамның нәтижелі қызмет істеуіне байланысты болса, ал артықшылықты акциялар бойынша қоғамның шаруашылык қызметі нәтижелі болмағанына қарамастан алдын ала жоспарланған кіріс бойьцшіа нақты мөлшерде дивиденд төленеді. Әрине нақты төленген дивиденд жылдық жүмыс нәтижесіне байланысты түскен кіріс мөлшерін өсіруі де мүмкін, керісінше, бөлінген пайданың мөлшерін кемітуі де мүмкін.
2.4. Облигациялар
Облигация деп - эмитенттің оны ұғынушыға белгілі бір уақытта облигацияда көрсетілген құнды және осы құннан белгіленген процентті алуға құқық беретін эмиссиялық бағалы кагаз (3,4 қосымшалар). Облигация шығару арқылы тартылған капи­тал акционерлік капитал деп есептелмейді. Облигация шығару - қосымша капитал таратудың бір нысаны. Облигация - қарызды бағалы қағаз. Эмитенттің жалпы шығыны облигацияны шығаруга және оларды орналастыруға жұмсаған жылдық шығынға тең бо­лады.

Облигация мерзімдік қарыз міндеттемесі болғандықтан оның кепілі болып эмитенттің жалпы кепілдігі саналады. Ол кепілдік - эмитенттің банкротқа ұшырап, өз міндеттемесін орындай алмаған кезінде - қоғам мүлкінің бір бөлігін иемденуге облигация ұстаушының құқығы. Облигация да акция сияқты қоғамды инвестициялаудың ең маңызды көзі. Дегенмен бұл екі бағалы қағаздардың бір-бірінен түбегейлі өзгешеліктері бар. Ол өзгешеліктердің маңыздылары мыналар:

1. Облигация ұстаушы қоғамға несие беруші, ал облигация - қоғамды несиелеудің куәлігі. Акционер қоғамды меншіктенуші. Ал акция сол меншіктеудің куәлігі тәрізді.

2. Облигация ұстаушыға процент түрінде табыс төленеді. Оның мөлшері алдын ала бекітіліп, нақты анықталады. Бұл бағалы қағаз өзінде көрсетілген белгілі бір анықталған уақыт аралығында ғана кіріс түсіреді. Облигация бойынша процент басқа өтелетін дивидендтерден бұрын төленеді. Қоғамның процентті уақытында төлей алмауы оның банкрот деп танылуына тең. Акционер де дивиденд түрінде табыс алады. Бірақ дивидендтің мөлшері тіркелмейді және ол арнаулы уақытта төленбейді. Егер қоғам дивиденд төлеу туралы хабарламаса, демек, төлегісі келмесе, онда акционер қоғамға қарсы ешқандай шара қолдана алмайды.

3. Басқа несие беруші сияқты, облигация ұстаушының дауыс беру құқығы жоқ. Ол акционерлер жиналысына, сонымен қатар, қоғамды басқаруға да қатыспайды. Оған керісінше, акция иесінің қоғамның мүліктік мүддесін қорғауда шешуші дауыс құқығы бар.

4. Облигация бойынша табыс төлеу қоғамның шығынын құрайды. Ол салық төлегеннен қалған пайдадан төленеді. Ал дивиденд те қоғамның таза пайдасынан өтеледі.

Облигация бойынша мезгіл-мезгіл төленетін процент түріндегі табыс купонға алмастырылады. Купон деп процент мөлшері көрсетілген облигациядан жыртылып алынатын парақты айтады. Төленген проценттің орнына облигациядан купонды жыртып ала­ды. Бұндай табыс төлеудің түрін «купондарды қырқу» деп айтады.

Облигацияда - оның номиналы, купондық мөлшері, эмис­сия шарты, өтеу туралы нұсқау, қамтамасыз етілуі, рейтингі көрсетіледі.



Номиналы деп облигацияның бетінде көрсетілген ақша сомасын айтады. Оны облигация ұстаушы өтелу мерзімі келгенде алады.

Купонның мөлшері - жыл сайын эмитент төлейтін обли-гацияның номинал құнына байланысты келісілген процент. Жыл сайынғы купондық мөлшер бөлініп, мысалы, жарты жылда неме­се тоқсан сайын бір рет төленуі мүмкін. Әлбетте, төлем мына интервалмен орындалады: қаңтар - шілде, акпан - тамыз, наурыз - қыркүйек, сәуір - қазан, мамыр - қараша, маусым - желтоқсан. Одан басқа айдың жұлдыздары да айнаға түскен сәуледей, мысалы, 5 қаңтар - 5 шілде, 20 наурыз - 20 қыркүйек және с.с болып қайталанады.

Эмиссия шарты - облигация шығару мәмілесі. Ол қарыз алушымен траст компаниясыньщ шарты бойынша шығарылады. Траст компаниясы қоғамның инвесторлары алдында оның кепілі болып, облигация ұстаушылардың мүддесін қорғап, эмитенттің өз міндеттемелерін орындауын қадағалап отырады. Траст компания­сы эмитенттің қаржылық құжаттарын және оның инвестициялық жобасының бизнес-жоспарын тексеріп, содан кейін ғана өз ризашылыгын береді. Осыған байланысты эмиссия шартына траст компаниясы бірсыпыра ұсыныс енгізеді. Олардың ішінде жиі кездесетіндері мыналар:

  • ең аз өтімділік;

  • борыштың ақырғы деңгейі;

  • активтерді сатуға тиым салу;

  • төленетін дивиденд мөлшерін шектеу.

Өтеу туралы нұсқау-эмиссия шартындағы тармақ. Ол бойын­ша эмитент облигацияның номинал құнын және процент төлейтін арнаулы қор құрады. Ол қор траст компаниясының бақылауында болады.

Эмиссия шартында облигацияны уақытынан бұрын кері сатып алу бабы да болуы мүмкін. Ол - эмитенттің өз облигацияларын қайтарып алу құқығын орындауы. Әдетте, ондай жағдай облигация шығарылғаннан кейінгі алтыншы жылдан басталады. Уақытынан бұрын қайта сатып алғанда облигацияның бағасы оның құнынан жоғары болады.



Өтеу күні - қоғамның сатып алушыға облигацияның номиналына тең соманы қайтаратын және процент төлеуді тоқтататын күнтізбектегі күн.

Облигация қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген бо­лып екіге бөлінеді.



Қамтамасыз етілген облигациялар деп оларды шығарғанда кепілдікке қоғам активтерін немесе мүліктерін салуды айтады. Қамтамасыз етілген облигация қоғамның негізгі активтерін талап етуге құқық беріп, сонымен қатар оның негізгі меншігінің облигацияға салынғанын көрсетеді. Егер қоғам тағайындалған мезгілде өз облигациясын өтей алмаса, онда оны ұстаушылар кепілдікті өз пайдасына сатуға құқығы бар. Облигацияны қамтамасыз етуге қозғалыстағы және қозғалмайтын мүліктер, сондай-ақ басқа да бағалы қағаздар салынады. Осыған байланысты мынадай айырмашылықтарды атауға болады:

  • қозғалмалы мүлікпен қамтамасыз етілген облигациялар. Оларды сенімхатпен басқа біреу иемденуіне құқылы;

  • қозғалмайтын мүлік салынған облигациялар. Оларды қамтамасыз ететін жай немесе арнаулы мүліктер (мысалы, жаңа салынған өндіріс орны);

  • басқа қоғамдардың траст жағдайында сақталатын акцияларымен және облигацияларымен қамтамасыз етілген осы қоғамның облигациялары.

Қамтамасыз етілмеген облигациялар - жалпы кепілдігі бар, басқаша айтқанда, эмитенттің жақсы атағымен шығарылған қарыз міндеттемелері.Оларды болашақтағы шаруашылық ісінен түсетін табысқа үміттеніп шығарады. Қоғам банкротқа ұшыраған жағдайда - ол облигацияларды арнаулы түрде өтейді.

Облигацияның рейтингі - олардың инвестициялық сапасын арнаулы фирмалардың бағалауы. Әлбетте, облигациялардың барлық шығарылған сериясы бағаланбайды, тек екінші нарықта кең көлемде сұранысқа ие болатындары ғана бағаланады. АҚШ-та, мысалы, «Стэндарт энд пур» және «Мудиз инвесторз сервис» компаниялары рейтинг анықтаумен шұғылданады. «Мудиз» компаниясы облигацияны бағалауды төмендегі түрде жүргізеді:

  • Ааа - өте жоғары сапа;

  • Аа - жоғары сапа;

  • А - ортадан жоғары;

  • Baa - орта сапа;

  • Ва - алыпсатарлық элементтері бар;

  • В - инвестицияға қажет белгілері жоқ;

  • Саа - төмен сапа;

  • Са - белгілі бір мөлшерде алыпсатарлық;

  • С - ең төмен сапа.

Ең жоғары рейтингілі облигациялар «инвестициялық класты» деп аталады. Төмен рейтингілі облигациялар «алыпсатушылық» деп есептеледі.

Акция сияқты облигациялардың да номинал құны және нарықтық бағасы болады. Оның номиналына байланысты процентпен көрсетілген нарықтық бағасы облигацияның бағамы деп аталады. Егер нарықтық бағасы номиналынан жоғары болса, онда облигация сыйлықпен сатылады деп айтылады. Егер номи­налынан бағасы төмен болса, онда облигацияның жаңа иесі оны дисконтпен, яғни бағасын төмендетіп сатып алады. Облигацияның нарықтық бағасы қандай болса да, проценттік табыс оның номина­лына байланысты есептеледі.

Облигацияның нарықтық бағасы, бір жағынан, заемды шығару жағдайына, екінші жағынан, нарықтағы әр уақытта әртүрлі болып қалыптасатын жағдайға байланысты анықталады. Егер нарықта купондық бағасы жоғары жаңа заем пайда болса, онда ол жағдай айналымдағы облигацияларға екі түрлі әсер етеді.

Біріншіден, егер жаңа жағдайлармен шығарылған заемдер өте көп болса, онда бұрын төмен бағамен шығарылған облигациялардың курсы төмендейді. Баскаша айтқанда, олар дисконтпен сатылады. Себебі бұндай облигациялар тек номиналы бойынша өтеледі. Ал арасындағы айырмашылық жаңа ұстаушыға өте төмен кіріс түсіреді.

Екіншіден, егер жаңа облигациялар аз болса, олар номиналынан жоғары курспен сатылады. Ол облигацияның жаңа және бұрынғы ұстаушыларының кірісін теңестіреді.

Инвесторлардың облигациядан алатын пайдасы купондық төлеммен дисконттық айырмашылықтан түсетін кірістен (егер ондай болса) құралады.

Жай акциялар тәрізді облигациялар да иесі ұсынушы және атаулы (тіркелетін) болып екіге бөлінеді. Иесі ұсынушы облига­циялар еш жерде тіркелмейді, ол бойынша проценттік табыс облигацияны ұсынушы субъектке төленеді. Ондай облигациялардың әрқашан купондық парағы болады. Проценттік өсім төлейтін күні облигация иесі купонды қиып алып, оны өтеуге тапсырады. Ал атаулы облигациялардың иесі қоғамда тіркеуден өтеді. Қоғам проценттік өсім төлейтін күні оларға процент алу үшін чек толтырып береді.

Займның мерзіміне қарай қоғам облигациялары:



  • қысқа мерзімді - 1 жылдан 3 жылға;

  • орта мерзімді - 3 жылдан 7 жылға;

  • ұзақ мерзімді - 7-ден көп жылдарға дейін шығарылған болып үшке бөлінеді.

Қоғам облигациялары сонымен қатар купондық кірісті төлеу жөнінен де бөлінеді:

Біріншіден, купондық төлем мөлшері нақты бекітілген об­лигациялар. Олар уақытынан бұрын кейін қайтарылып алынуы мүмкін.

Екіншіден, купондық төлем мөлшері өзгермелі облигациялар. Бұл типті облигациялардың ерекшелігі - оның купондық төлем мөлшері ақша нарығындағы негізгі төлем мөлшеріне байланыс­ты өзгереді. Бірақ өзгермелі курсты облигация ұстаушы, қоғам жарғысында көрсетілгендей, өз мүддесін несие берушілердің ең соңында жүзеге асырады.

Үшіншіден, купоны нольге тең облигациялар. Бұл типті облигациялардың айырмашылығы - олар бірінші орналасқанда номиналынан төмен бағамен (эмиссиялық бағамен), ал өтелгенде - номиналымен сатылады. Басқа сөзбен айтқанда, облигация ұстаушы проценттік табысты облигацияның айналым мерзімі аяқталғасын алады.

Облигациялар айырбасталатын және жай облигациялар болып та бөлінеді. Айырбасталатын облигациялар артықшылықты акцияларга өте үқсас. Олар келісімге сәйкес осы қоғамның артықшылықты немесе жай акцияларына айырбасталуына мүмкіндігі бар. Бұл айырбасталатын облигациялар инвестордың қызығушылыгын арттырады. Ал жай облигациялардың бұндай құқығы жоқ.

Қорыта айтқанда, қоғам өз жұмысын акция шығарумен де, со­нымен қатар облигация шығарумен де қаржыландырады. Деген-мен, қоғамға акциядан гөрі, облигация шығару қауіпті. Себебі об­лигациядан пайда түспесе де, жыл сайын қоғам облигация бойын­ша процент төлеуге міндетті. Ал акция бойынша жылдық жалпы жиналыстың шешімі болмаса қоғам дивиденд тол eyre міндетті емес.

Егер қоғамның дивиденд төлеуге қаржысы болмаса, ол акционердің жеке сәтсіздігі деп саналады. Бұл, біріншіден.

Екіншіден, облигация шығару қоғамға қауіпті болғанымен, оны шығару өте арзан.

Инвесторлар ұзақ мерзім бойы төленген дивидендтер сомасы жыл сайын төленген процент сомасынан әлде қайда көп бо­лады деп ұйғарады. Олардың көзқарасы бойынша акция шығару қауіптірек, осытұрғыдан облигация - тиімді. Сондықтан инвестор­лар тәуекелмен қосымша шығын шығарып алған акциялар жоғары пайда түсіруіне көзі жетпесе оларды сатып алмайды. Сонымен, егер қоғам бағалы қағаздардың екі түрін де қатар шығарса, онда акционерлерге төлейтін дивиденд, облигация ұстаушыға төлейтін проценттен жоғары болады деген болжам басымырақ.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет