Бағалы қағаздар нарығы және биржа ісі: Оқу құралы. Алматы: 2007


Бағалы қағаздардың басқа түрлері



бет5/19
Дата14.03.2018
өлшемі4.77 Mb.
#21125
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

2.5. Бағалы қағаздардың басқа түрлері
Бағалы қағаздардың басқа да өте көп түрлері болады. Олар­ды әртүрлі эмитенттер шығарады. Солардың бірнешеуін қарап өтелік. Қоғамның жарғысына қарсы келмесе онда оның «екінші қатардағы», немесе айналымдағы бағалы қағаздарға қосымша тағы да бағалы қағаздар шығарып капитал табуға мүмкіндігі бар. Оларды «құқықты бағалы қағаздар» деп те атайды. Оларға жазылу құқығын опцион, вариант деген сөздер айкындайды.

Акцияға жазылу құқығы акционерлерге қоғам акциясының жаңа тиражын сатып алу артықшылықты құқығын береді. Бұл акционерлердің мүлікке деген мүддесін кррғайды. Ол бағалы қағаздардың ерекшелігі қоғам жарғысында акционерлердің «артықшылықты құқығы» деген арнаулы сөзбен белгіленеді. Он-дай құқықты тек жай акция иелері ғана пайдалана алады. Акцияға жазылу құқығы бар әрбір акционер қоғамнан сатып алуға рұқсаты бар акция саны және оның сатылу бағасы көрсетілген арнаулы куәлік немесе құқық сертификатын алады. Әдетте, акцияның са­тылу бағасы ағымдағы курсынан төмен болады.

Акцияға жазылу құқығын үш түрлі жолмен жүзеге асыруға болады:

Біріншіден, өз құқығын іске асыру, яғни жаңа акция сатып алу. Ол үшін сертификатты толтырып және ақша аударып қоғамға тапсыру керек;

Екіншіден, жазылу құқығын сатуға болады;

Үшіншіден, жазылу құқығын пайдаланбауға да болады. Онда сатып алушылар туралы мәселені қоғам өзі шешеді. Жазылу - қысқа мерзімді бағалы қағаз. Әлбетте, ол бір айдан аспайды. Егер қоғамның акциясы қор биржасында айналымда болса, онда құқық сертификаттары да сол биржада бағалануы мүмкін. Оларға басқа баға қойылады.

Акциялар ондаған, жүздеген мың, тіпті миллиондаган данамен шығарылатын қазіргі жағдайда қоғамның акцйонерлері үшін де, оның инвесторлары үшін де арнайы бағалы қағаздар шығару арқылы жазылу құқығын пайдалану механизмі ең бір тиімді, әрі ыңғайлы әдіс болып саналады. Негізгі бағалы қағаздарды сату немесе сатып алу құқығын пайдаланудың алғашқыларының бірі - опцион.



Опцион - шартқа енгізілген мерзімдік талапты көрсететін бағалы қағаз. Ол белгіленген уақытта немесе одан бұрын келісілген бағамен қағаздардың біраз мөлшерін сатуға немесе сатып алуға құқық береді.Опцион биржада саудаға түседі. Әдетте, опци­он қоғамның өзінің жоғары лауазымды қызметкерлеріне тұрақты бағамен жай акция сатып алу құқығын беретін екінші қатардағы бағалы қағаз. Опцион - заңды түрде бекітілген стандартты құжат. Онда сатылатын бағалы қағаздар саны көрсетіледі. Оның өлшемі лот деп аталады, 1 лотта 100 дана біратаулы бағалы қағаз болады. Опционный мазмұнында опциондық шартта бекітілген құқықтың орындалуы, яғни бағалы қағаздарды сату немесе сатып алу күні, айналыс мерзімі, аяқталу күні, жөнелту-қабылдап алу жағдайлары және бағасы көрсетіледі.

Опционный екі түрі кездеседі:

а) активті сатып алуға құқық беретін опцион. Ол сатып алушы опционы немесе колл опционы деп аталады.

ә) активті сатуға құқық беретін опцион. Оны сатушы опционы немесе пут опционы деп атайды.



колл опционы - сатып алу шарты, онда опционның өзі сатып алынады.

Пут опционы - сату шарты, ол бағалы қағазбен бірге саты­лады. Айта кететін жәйт, алғашқыда опциондық шарт тек қор нарығындағы акцияға қатысты болса, қазіргі кезде ондай шарт кез-келген активке жасалады.

Опционның негізі болған активтің екі бағасы болады: ағымдағы нарықтық баға, немесе спот бағасы және опционда көрсетілген оны орындау бағасы. Ал опционныц өз бағасы сыйақы деп ата­лады. Ол опционныц негізі болған активтің бағасы емес.

Құқықты бағалы қағаздардың келесі түрі - варрант. Варрант - ол өз иемденушісіне белгілі-бір қоғамның анықталған ак­ция (немесе облигация) мөлшерін алдын-ала бекітілген бағамен алдағы мерзімде сатып алу құқығын беретін екінші қатардағы бағалы қағаз. Ол - қоғамның айналымдағы бағалы қағаздарына сатушының сатып алушыға меншік құқығын беретін міндеттемесі. Варрант иемденушісі қолындағы варрантты белгілі бір уақыт аралығында тұрақты бағамен онда белгіленген артықшылықты акциялар және облигациялар санына айырбастауға құқығы бар. Варрантты акцияға айырбастамай-ақ, қоғам оны өзіне сатып алып, жою мүмкіндігі де бар.

Варрант - ұзақ мерзімді бағалы қағаз. Ол 10 жылдан 30 жылға дейін, ал кейбіреуі мерзімі шектеусіз айналыста жүреді. Әдетте, оны қоғам облигациялармен және артықшылықты акциялармен қоса шығарады. Бұл, бір жағынан, бағалы қағаздарды алғашқы орналастырғанда тартымды (өтімді) етсе, екінші жағынан, қоғамның эмиссиялық шығындарын азайтады.

Варрант қоғамның басқа бағалы қағаздарымен қоса шығарылғаннан кейін, олардан бөлініп, өз алдына айналымға түседі. Ол туралы қоғамның жарғысында көрсетілген болуы керек. Вар­рант бөлінгеннен кейін негізгі бағалы қағаздың сатылу бағасы варрант бағасына кемиді. Екінші нарыққа түскесін варрант өзінің нарықтық курсына ие болады. Варрант бойынша сатып алынатын бағалы қағаздың бағасы варранттың орындалу бағасы деп аталады. Кейде варрантты негізгі бағалы қағазбен бірге ұсынады, ондай жағдайда олардың бағасын біріктіріп айтады.

Экономикалық мазмұны бойынша варрант сатып алу опционына ұқсас болғанымен одан бірсыпыра айырмашылықтары бар.

Біріншіден, варрант қоғам эмиссиялайтын (шығаратын) бағалы қағаз, ал опцион опциондық мәміле жасасудан туындаған шарт.

Екіншіден, варрант сан жағынан шығарылатын бағалы қағаздардың эмиссия мөлшеріне сай келсе, ал опциондық мәмілелердің керекті санын нарықтың тұтыну қажеттілігі анықтайды.

Үшіншіден, варранттар ұзақ мерзімге шығарылса, ал опциондық мәміле - ол, әдетте, қысқа мерзімді шарт.

Төртіншіден, варрант алғашқы иемденушіге ақысыз берілсе, ал опцион иесі опционды жаздырып алушыға (сатушыға) ол үшін сыйақы төлейді.

Сөйтіп, акцияға негізделіп шығарылған екінші қатардағы бағалы қағаздардың пайда болуы - ұлттық бағалы қағаздардың өз елінің шекарасынан шығуына байланысты, яғни әлемдік бағалы қағаздар нарығының пайда болу себептерінің бірі. Заңды немесе жеке тұлға шетелде орналасқан компанияның акциясын тікелей ала алмайтындықтан компания орналасқан мемлекетте депоненттелген (шығарылған) депозитарлық қолхатты қолдана алады.

Депозитарлық қолхат - ол шетел компаниясы шығарған акцияның белгілі-бір мөлшерін банктің иемденуін куәландыратын бағалы қағаз. Ол арнаулы заң негізінде шығарылады. Алғашқыда депозитарлық қолхат өткен ғасырдың 20-жылдарында американдық инвестицияны шетел акциясына салу максатында АҚШ-та пайда болды. Сондыктан оны американдық депозитарлық қолхат (АДҚ-ADR) деп атайды. АДҚ-тың мәні банк өзінің шетелдегі филиалында (әдетте эмитент елде) акцияның белгілі-бір мөлшерін сақтайды, ал акцияны қамтамасыз ететін қолхаттар Америкада эмиссияланып, американдық нарықта айналысқа түседі. Қолхатты шығарушы банк эмиссиялағаны және оны өндегені үшін сыйақы түріндегі пайда алады. АҚШ-та депозитарлық қолхаттарды шығарушы ең ірі депозитарлық эмитент-банктер - City Bank of New-York, The Bank of New-York-, Mozgan Bank - саналады.

АДҚ-ты ұстаушылар, әдетте, бағалы қағаздар акционерлерінің оларды эмиссиялаған мемлекетінде құқығын сақтайды. Шетелдік акционерлік меншікке қызығушылық артқан сайын депозитарлық қолхаттар биржадан тыс нарықтан биржалық нарыққа айналысқа түсуде. Мысалы, Нью-Йорк қор биржасы өзінің баға белгілеу тізіміне бірсыпыра сенімді, әрі айтулы компанияларды (Sony, Hon­da Motors, British Airways, British Telecom) енгізуде.

Қазіргі кезде Еуропада депозитарлық қолхаттың басқа түрлері - жаһандық қолхаттар (ЖҚХ-YDR) және интернационалдық (халықаралық) депозитарлық қолхаттар (ИДҚ - IDR) шығарылуда. Олардың бір-бірінен айырмашылығы мынада, егер американдық депозитарлық қолхаттар тек АҚШ қор нарығында айналысқа түссе, ал интернационалдық депозитарлық қолхаттар АҚШ-тан тыс әлемдік нарықтарда айналысқа түседі.

Әлемде американдык депозитарлық қолхаттарға инвесторлардың да, эмитенттердің де қызығушылығы артуда. Олардың инвесторлар үшін артықшылығы:



  • олардың өтімділігі өздерін шығаруға негіз болған бағалы қағаздың өтімділігі тәрізді;

  • оларга АҚШ долларымен баға белгіленеді;

  • оларды сатып алғанда және шетел эмитенттерінің бағалы қағаздарымен жүргізілетін басқа да операцияларында заңнамалық шектеулерден өткенде;

  • инвестиция тарту үшін АҚШ және Еуропа қаржы нарықтарына шығуға;

  • шетел инвесторларының бағалы қағаздарын ғана сатуды жеңілдетіп қоймай, сондай-ақ американдық инвесторларға да дивиденд алуды жеңілдетуде кепілдік беріледі.

Депозитарлық қолхаттардың эмитенттер үшін артықшылығы:

  • олар эмитент-компанияларға шетел нарығына шығуға, сондай-ақ акцияның өтімділігін арттыруга, акцияны иемденуге құқықтық шектеулерді өтуде;

  • оларды шығарушы инвесторларды, ең алдымен, институционалдық инвесторлар құрамын кеңейтуде;

  • депозитарлық қолхаттарды ойдағыдай орналастыру эмитент-компанияның атағын асыруға, соған сай инвесторлардың сенімін арттыруға, сондай-ақ бағалы қағаздардың бағасына әсер етеді.

Депозитарлық қолхаттар шығарушының ынтасына (инициа-тивасына) байланысты демеушілік (демеуші шығарған) қолхат және демеушілік емес қолхат болып екі класқа бөлінеді. Егер қолхат компанияның өзінің ынтасымен шығарылса, онда компания американдық бір банкпен шығару шартын жасасады. Олар демеушілік қолхаттар деп есептеліп, демеушілік бағдарламаның барлық шығынын компанияның өзі өтейді. Ондай депозитарлык қолхаттар бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссияда тіркеледі.

Демеушілік емес қолхаттарды компанияның кейбір акционерлерінің ынтасы бойынша банктер шығарады.Бұндай қолхаттарды шығару шығындарын, атап айтқанда, оларды депозитарийде сақтағаны және одан алғаны үшін, дивидендтерді долларға айырбастағаны үшін және т.б. ақыны ынталы топ өздері төлейді. Қазіргі кезде демеушілік емес қолхаттар бойынша бағдарламалар ескірген деп есептеліп, олар өте сирек шығарылады.

Кейбір бағалы қағаздарды (чектер, депозиттік сертификаттар, вексельдер және т.б.) банктер шығарады. Оларды қаржы құралдары деп те атайды. Қаржы құралдары қысқа мерзімді (1 жыл, кейбіреуі 3 жылға дейін) бағалы қағаздар.

Әлемдік тәжірибеде коммерциялық банктер бағалы қағаздар нарығында:

Біріншіден, өзінің акцияларының және облигацияларының, депозиттік және жинақ сертификаттарының, вексельдердің және туынды бағалы қағаздардың эмитенті;

Екіншіден, өз есебінен бағалы қағаздарды сатып алушы инвестор;

Үшіншіден, қаржылық брокер ретінде инвестициялық институт ролін және инвестициялық компанияның немесе инвестициялық қордың қызметін орындайды. Банктер өз бағалы қағаздарын эмиссиялау есебінен қаражат тартумен, басқалардың бағалы қағаздарын орналастырумен немесе басқа эмитенттердің бағалы қағаздарына қаржы салумен шүғылданады. Сөйтіп банктің өз капиталы және тартылған (қарыз) капиталы қалыптасады. Қазақстанда нарықтық қатынастардың жоғары деңгейде дамымауына байланысты коммерциялық банктердің бағалы қағаздары негізінен ақшалы есеп айырысуда немесе тауар айналысында қолданылады. Сондықтан оларды қысқаша сипатталық.

Шындығында, чек - ол аудармалы вексель (тратта). Алайда, чектің кейбір ерекшеліктері бар. Олар:


  • чек тек есеп айырысуда қолданылады, ол жеке мүлік ретінде мәмілеге қатыспайды (оны екінші нарықта сатып алуға, кепілдікке салуға, қарызға беруге болмайды);

  • чек бойынша төлеуші әрқашан банк немесе ондай операция жүргізуге лицензиясы бар баска несие мекемесі болады;

  • чекте төлеушінің акцепті болуының қажеті жоқ. Себебі чек берушінің шотында төлеуге қажетті сома сақталады.

Чек бос ақша қаражатын инвестициялау объектісі ретінде инвесторлардың қызығушылығын тудырмайды. Себебі чек бағалы қағаз ретінде не процент түрінде, не купондық табыс түсірмейді.

Әлемдік тәжірибеде коммерциялық банктердің қосымша ақша ресурстарын тарту мақсатында эмиссиялайтын бағалы қағаздың келесі түрі - банктік сертификаттар. Олар тек коммерциялық банктер шығаратын бірден-бір бағалы қағаздардың түрі. Инвестордың бейімделуіне қарай сертификаттар депозиттік сертификат және жинақ сертификаты болып екіге бөлінеді.



Депозиттік сертификат деген заңды тұлғаның банкке салған ақша

қаражатын және бекітілген мерзім өткеннен кейін сол соманы және ол бойынша процент түріндегі сыйақыны (мүддені) алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз.



Жинақ сертификаты деген жеке тұлғаның (азаматтың) банкке салған ақша қаражатын және бекітілген мерзім өткеннен кейін сол соманы, сондай-ақ ол бойынша процент түріндегі сыйақыны (мүддені) алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз.

Кейбір елдердің банктік тәжірибесінде депозиттік сертификаттардың мерзімі әртүрлі - 10 күннен 8 жылға дейін, салған сомасы 500 АҚШ долларынан 5 миллионға дейін болады. Ал Ресейдің тәжірибесінде депозиттік сертификат бір жылға, ал жинақ сертификаты үш жылға дейінгі мерзімге беріледі, сомасы шектеусіз. Бұлардың проценттік ставкасы салымның мөлшері мен мерзіміне байланысты болады. Депозиттік және жинақ сертификаттарындағы қаражатты мерзімді кезеңнің кез-келген уақытында алуға болады.

Банктен салған қаражатты белгіленген мерзімінен бұрын да алуға болады, бірақ алдын ала алғаны үшін айыппұл төленеді.

Аталған сертификаттар иесі ұсынушы немесе иесі атаулы сертификаты болып бөлінуі мүмкін.

Соңғы онжылдықта әлемде еуроқағаздар нарығына қызығушылық артуда. Халықаралық бағалы қағаздар нарығына (эмитент елге сыртқы нарық болып саналады) орналастыратын еуроқұралдарға акциялар, облигациялар, ноталар, деривативтер (туынды бағалы қағаздар) жатады.

Еурооблигациялар - ол еуронарықта ұзақ мерзімді займ алғанда қарыз алушының шығарған қарыз міндеттемесі. Оларды елдің үкіметі, муниципалитеттер, банктер, халықаралық несие ұйымдары, трансұлттық корпорациялар қосымша қаржыландыру көзі ретінде шығарады. Еурооблигациялар негізінен оны иеленуші еш жерде тіркеуден өтпейтін иесі ұсынушы бағалы қағаздары болып шығарылады. Онда көрсетілген валютадан тыс мемлекетте шығарылып сатылады. Еурооблигацияларда халықаралық саудада басым жағдайда қолданылатын, негізінен, АҚШ доллары көрсетіледі.

Еурооблигациялар жай және проценттік ставкасы бекітілген түрінде шығарылып, айналыс мерзімі 3 жылдан артық уақытқа орналастырылады. Оған қосымша еурооблигациялардың: проценттік ставкасы өзгермелі;купоны нольге тең;басқао блигацияларға конверсиялау құқығы бар; екі валютамен көрсетілген құны бар (көрсетілген құны - бір валютамен, ал процентті төлеу басқа валютамен); белгілі-бір тауар бағасына байланыстырылған түрлері де болады.

Еурооблигацияда қарыз сомасы, қарызды өтеу датасы мен жағдайлары және белгіленген мерзімде процентті алуға құқық беретін купоны болады. Процент жылына бір немесе екі рет төленеді. Еурооблигацияға табыс салығы және бағамдық қүнының өсуіне салық салынбайды. Еурооблигациялар әртүрлі схемамен:


  • бір уақытта;

  • бөлшек-бөлшек;

  • мерзімінен бұрын (егер шартта көрсетілсе) өтелуі мүмкін. Өтеу схемалары алдын-ала шығарылым ережелерінде келісіледі, ал отеу туралы мағлұмат қаржылық ақпараттарда алдын-ала хабарлануы керек.

Еурооблигациялардың негізгі сипаттамасы төмендегідей:

• айналыс мерзімі 3-тен 30 жылға дейін;



  • көрсетілген құны аса көп емес, проценттік табысы купон формасында төленетін ұсынушы бағалы қағазы түрінде шығарылады;

  • эмиссияның негізгі бөлігі қамтамасыз етілмеген болып шығарылады. Дегенмен кейде үшінші жақтың кепілдігімен немесе эмитенттің мүлкімен қамтамасыз етіледі;

  • листинг және баға белгілеу процедураларынан жетекші Еуропа биржалары өткізеді.

Еурооблигация нарығы - халықаралық капитал нарығының ең өскелең, әрі қарқынды дамитын сегменттерінің бірі. Еурооблигацияның тәуір болып көрінуінің себебі тек еуронарықта ұзақ мерзімді және арзандау қаржы ресурстарын алу мүмкіндігі болуымен түсіндіріледі. Нарықтық негізде сыртқы займдарды шығарумен мемлекеттік қарызды өтеу құнын тікелей және жанама түрде төмендетеді. Оның тікелей әсері бюджет кемшілігін қаржыландырудың қосымша көзін тарту болса, жанама әсері мемлекеттік қарыз құралдарының табыстылығын төмендету және ішкі нарықта жаңа шығарылымдарын орналастырғанда қаржы министрлігінің позициясын нығайту. Дәл сол кезде, ішкі жинақты үнемдеуден басқа сыртқы займдарды табысты орналастыру портфельдік инвестициялау үшін қолайлы жағдай туындатады. Оған қоса, отандық банктер мен фирмалар жылма-жыл тартылатын займдардың көлеміне шектеулер болмағандықтан, шетел капиталын жұмылдыра бастайды. Еурооблигациялық займ алган қарыздың сомасын және мерзімін анықтаудың икемділігінен эмитент пен инвестордың қызығушылығын теңестіруге мүмкіндік береді.

Қазақстан егемендік алғаннан бері дербес еурооблигацияларды төрт рет шығарып, сырттан қарыз алу мақсатымен оларды Еуропа нарығына орналастырды. Ең алғашқыда 1996 жылдың 20 желтоқсанында Қаржы министрлігі еурооблигация нарығына 200 млн. АҚШ доллары сомасында еуробондарды эмиссиялады. Олардың айналыс мерзімі - 3 жыл, купондық табыстылығы жылына - 9,25%, купон бойынша проценті жылына екі рет - 20 маусымда және 20 желтоқсанда төленіп, бүл эмиссия 1999 жылдың 20 желтоқсанында өтелді. Ал екінші эмиссиясы 1997 жылдың 2 қазанында өткізіліп, енді сомасы 350 млн. АҚШ долларына жетті. Оның айналыс мерзімі - 5 жыл болған, яғни ол 2002 жылдың 2 қазанында өтелді. Купондық табыстылығы жылына 8,375% болып, табыс жыл сайын 2 сәуірде және 2 қазанда төленген.

Еуробондарды табысты орналастыруға әсер еткен жағдай - халықаралық деңгейдегі деп танылған агенттіктердің берген несиелік рейтингінің болуы. 1998 жылдың қаңтарында "Fit­ch ІВСА" халықаралық рейтингтік агенттік республиканың рейтингін бірсыпыра себептермен дәлелдеп «ВВ-»-тен «ВВ»-ға дейін жоғарылатты. Біріншіден, Қазақстанда екі жыл қатарынан ЖІӨ орташа 2%-ке өскені байқалған, мүнай мен газ өндірісі өсуде; екіншіден, инфляция қарқыны төмендегені, сондай-ақ банк жүйесінің түрақтанғаны байқалған. Қазақстандық еурооблигацияның үшінші эмиссиясы 1999 жылдың 10 қазанында 5 жыл мерзімге 98,870$ дисконтпен және жылына 13,625% бекітілген жарты жылдық купонмен 200 млн. АҚШ долларына шығарылды. Ол 2004 жылдың 18 қазанында өтеліп, соңғы купондық сыйақы төленді. Көрсетілген купондық ставка (13,625%) қағазды өтеу кезіндегі 13,954% табыстылығына сәйкес келеді. Төртінші эмиссиясы 2000 жылдың 11 мамырында 7 жыл мерзімге (өтелу мерзімі 2007ж. 11.05.) 98,347$ дисконтпен және жылына 11,125% бекітілген жарты жылдық купонмен 350 млн. АҚШ долларына шығарылды. Көрсетілген купондық ставка (11,125%) қағазды өтеген кезде 11,481% табысқа сай келуі көзделген [2; 16.].

Айта кететін жәйт, еурооблигациялық займдардың негізгі артықшылығы - ақша ресурстарын ұзак мерзімге (10 жылға дейін), әрі ішкі ставкадан анағұрлым төмен ставкамен тарту мүмкіндігінің болуы.



Коносамент деген оны ұстаушыға жүкті теңізбен тасы-малдағаннан кейін коносаментте көрсетілген жүкті өз қарауына алуға құқық беретін тауарды бөлу құжаты. Коносамент - ол халықаралық қатынастарда қолданылатын стандартты формадағы құжат. Коносаментте:

  • жүкті тасымалдау шартын жасасқандығы;

  • жүкті жөнелтуге алғандығы;

  • коносамент ұстаушының жүкке меншік құқығы және қарамағында ұстау құқығы;

  • ұстаушының иемдену құқығы және билеу кұқығы куәландырылады.

Коносамент - ол теңізбен тасымалдаушының жүкті тасымалдау шартына сай тағайындалган жерге жеткізу үшін берген шүбәсіз міндеттемесі. Коносаментте мына мәліметтер көрсетіледі: судноның атауы, тасымалдаушы кәсіпорынның атауы, жүкті тиеген орын, жүкті жіберушінің атауы, оны алушының атауы, жүктің атауы және оның негізгі сипаттамасы, коносамент берген орын және уақыты, судно капитанының қолы.

Коносаменттің иесі ұсынушы, ордерлі және иесі атаулы болуы мүмкін. Ол бірнеше дана етіп түп нұсқасында толтырылады. Жүкті алғаннан кейін, коносамент ұстаушының мүліктік құқығы орындалып, басқа даналарының бэрі жойылады. Коносаментке міндетті түрде сақтандыру полисі тіркеледі. Сондықтан коносаментті бағалы қағаздар түріне жатқызуға болмайды. Оның айналыс аясы бағалы қағаздар нарығы емес, тауар нарығы.


2.6. Туынды бағалы қағаздар
Туынды бағалы қағаз деген базистік активтердің бағасы өзгеруіне байланысты, яғни осы бағалы қағаздың негізі болған активке шығарылған мүліктік құқықты (міндеттемені) білдіретін құжатсыз формадағы бағалы қағаз. Базистік активтерге тауарлар (астық, ет, мұнай, алтын және т.б.), негізгі бағалы қағаздарға акция және облигация жатады. Туынды бағалы қағаздар деп аталуының себебі, олар негізгі классикалық бағалы қағаздарға (акция, облигация) шығарылады. Туынды бағалы қағаздарды сатып алу-сату үшін екі жақ мерзімді мәмілеге келеді. Онда мәміле жасаушылар көрсетілген активті болашақта алу, бірақ шарттаскан кездегі баға бойынша жеткізіп беру көзделеді. Туынды бағалы қағаздарды қолданып жасалған мерзімді мәміле туынды бағалы қағаздар нарығында сатып алынады және сатылады. Басқаша айтқанда, туынды бағалы қағаздар нарығы - ол мерзімді нарық. Мерзімді нарықтың басқалардан өзгешелігі - мәміленің орындалуы (шарт жасасқан кездегі бекітілген бағаммен активті жеткізіп беру) болашақтағы келісілген мерзімде жүзеге асырылады.

Мерзімді мәмілелер әртүрлі активтерге, атап айтқанда, бағалы қағаздарга, банктік депозитттерге, индекстерге, валютаға, қымбат металдарға, шикізат тауарларына және мерзімді шарттардың өзіне жасалады.

Мерзімді мәмілелердің екі түрі болады:


  • шартты түрдегі мәміле, онда екі жақтың біріне жасасқан шартты орындау немесе орындамау құқығы беріледі. Оған опциондар жатады;

  • тұрақты мәміле - ол міндетті түрде орындалуы тиісті бекітілген шарт. Оған форвардтық, фьючерстік мәмілелер жатады.

Туынды бағалы қағаздарды шығарып, айналысқа түсірүдің мақсаты - кез-келген биржалық активтердің бағасының ауытқуынан тек пайда табу ғана емес, сонымен бірге бағаның қолайсыз өзгеруіне байланысты қауіптен сақтандыру.

Туынды бағалы қағаздардың негізгі ерекшеліктері:



  • олардың бағасы оларды шығаруга негіз болған биржалық (базистік) активтің бағасына негізделеді;

  • олардың айналысының сыртқы формасы негізгі бағалы қағаздардың айналысына ұқсас болады;

  • шығару негізі болған активтің айналыс мерзімімен салыстырганда (акция - мерзімсіз, облигация - бірнеше жылдар, тіпті ондаған жылдар) оларды қолдану уақыты шектеулі (бірнеше минуттан бірнеше айға дейін) болады;

  • басқа активтермен салыстырганда туынды бағалы қағаздарды шығаруға аз ғана инвестиция жұмсалғанмен оларды сатып алу-сатудан пайда түсіріледі. Себебі инвестор активтің барлық құнын төлемей, тек кепілдік (маржалық) жарнаны ғана төлейді.

Шетел экономикалық әдебиеттерінде туынды бағалы қағаздарды деривативтер (derivatives - ағылшынша, туынды) деп те атап, әдетте, оларға форвардтарды, фьючерстерді, бағалы қағаздарға шығарылган опциондарды,варранттарды,депозитарлық қолхаттарды және т.б. жатқызады.

Форвардтық нарық мерзімді нарықтың ең алғашқы формасы. Ол тауарлар бағасының тұрақсыздығына байланысты XVIII-XIX ғасырларда Еуропада сатып алушы мен сатушы тауардың мөлшерін, шамамен жеткізіп беру уақытын және болашақтағы бағасын көрсетіп мәміле жасасқан. дәл осындай келісімдер қазіргі кезде, әсіресе, шетел валютасымен банкаралық сауда-саттықта қолданылады (әрине, онда жеткізіп беру уақыты дәл көрсетіледі).



. Фьючерстік нарықта сауда ашык келісіммен аукционда жүргізіліп, биржа ережелерімен реггеледі

Форвардтык нарықта сауда шарт негізінде реттеледі.

8. Фыочерстік шарт биржада тіркеледі. Сондықтан қауіпсізденген.

Форвардтык нарықта қауіптің барлық түрлері кездесуі мүмкін. Олардың деңгейі клиенттің несиелік рейтингіне байланысты

9. Фыочерстік шартгың негізі— барлық шартқа бірдей стандартты тұтыну кұны

Форвардтык шарттың негізі — эрбір жакқа жеке есептелген тұтыну қүны

Форвард - активті сатып алу-сату жағдайлары туралы алдын-ала келісілген, бірақ болашақта орындалатын биржадан тыс жасалатын мерзімді шарт. Бұндай шарт саудаға түсіру үшін келісілген актив бағасының қолайсыз өзгеруінен сақтандыру үшін жасалады, яғни бағасы өскенде шартты сатып алушы ұтса, төмендегенде сатушы ұтады. Бұл шарттың стандартты формасы

жоқ, сондықтан алған міндеттемені үшінші жаққа бергенде қатысушы бір жақ үшін экономикалық қолайлы жағдайдың тууы шарттың орындалмау қаупін туғызады.



Фьючерс - мәмілеге келген кезде бекітілген бағамен белгілі-бір бағалы қағаздың стандартты мөлшерін болашақта сатып алуға немесе сатуға жасасқан шарт. Оның опционнан өзгешелігі таңдау құқығы емес, ол - орындау үшін алған міндеттеме. Бұл стандартты шартта фьючерстің барлық параметрі - мерзімі, стандартты лоттың көлемі, сақтандыру депозиті көрсетіледі. Фьючерстермен саудаға қатысушылардың мақсаты — бағалы қағаздардың өзін сатып алу емес, бағасының айырмасын алу үшін ұйымдасқан ойын. Шартты сатып алушы оны жоғары бағамен сатуға, ал сатушы тап осындай шартты болашақта темен бағамен алуға умтылады. Әлемде опциондар мен фьючерстердің ең ірі сауда орталықтары болып, Чикаго опциондар биржасы, Лондон халықаралық қаржы фьючерстерінің биржасы және с.с. есептеледі.

Мерзімді нарық жасасқан мәмілелердің тек әртүрлілігіне ғана байланысты емес, сондай-ақ нарықты ұйымдастырудың түріне қарай да жіктеледі. Ол 2.4. Суретте салыстырмалы түрде қарастырылған.




Фьючерстік нарық

Форвардтык нарық

1. Сауда-саттық биржада жүргізіледі

Форвардтык мәміле - ол банкаралық мәміле. яғни биржадан тыс мәміле

2. Фьючерстік шарт стандартталған

Шарт жағдайларын екі жақ мәміледе келіседі

3. Мәмілеге екі жак катыспайды, оның орындалуына есеп айырысу (клирингтік) палатасы кепілдік береді

Екі жақ - сатып алушы мен сатушы кездесіп, мәміле жасасады

4. Фьючерстермен саудада күнбе-күн есеп айырысады және сактандыру жарнасы төленелі

Форвардтармен саудада келісілген мәміле мерзімі біткен соң ғана есеп айырысады

5. Фьючерстік нарықта кұкыктык-міндеттеме еркін басқаға беріледі

Форвардтык нарықта кұкықтык-міндеттеме басқаға берілмейді

6. Фьючерстік нарықта мәмілені жою я жеткізіп берумен, я кері мәмілеге келумен жүзеге асырылады

Форвардтық нарықта мәмілені жою тек қолма- қол ақша телеумен жүзеге асырылады.

Айта кететін жәйт, Қазақстанда ең алғаш туынды бағалы қағаздар нарығы 1996 жылдың сәуір-мамыр айларында базистік активке - астыққа (1000 АҚШ доллары болатын шарт және мемлекеттік қазынашылық міндеттемеге шарт) мерзімді шартқа сауда-саттық ұйымдастырылды. Қазақстан туынды бағалы қағаздар нарығының ерекшелігі оған негізінен мемлекеттік және коммерциялық банктер қатысты. Ал қатысуға тиіс өндірістік, ауылшаруашылық кәсіпорындары және баска да шаруашылық субъектілері, сондай-ақ брокерлер мен дилерлер болған жоқ. Қазақстан туынды бағалы қағаздар нарығының қалыптасуы мен қызмет етуіндегі бұндай ерекшеліктердің орын алуының себебі - өндірістік және ауылшаруашылық кәсіпорындардың дағдарысқа ұшырауы, оған қоса кәсіпкерлердің туынды бағалы қағаздар нарығына жұмсайтын жеткілікті қаражатының болмауы. 1996 жылы мерзімді мәмілелердің жалпы көлеміндегі 1000 АҚШ дол­ларына фьючерстің және мемлекеттік қазынашылық міндеттемеге шартты үлес салмағы 98 процент болды [2; 174.].
Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©kzref.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет