Бағалы қағаздар нарығы және биржа ісі: Оқу құралы. Алматы: 2007



бет8/19
Дата14.03.2018
өлшемі4.77 Mb.
#21125
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

Бағалы қағаздар нарығының маңызы. Экономикасы дамыған мемлекеттерде бағалы қағаздардың көмегімен қосымша капитал тарту анағүрлым жеңіл. Акция және облигация сияқты негізгі бағалы қағаздарды шығаруға және оларды тіркеуге 2 апта, эмис­сия проспектісін шығарып және нарыққа қатысушылардың олар­ды талқылауына 2-4 апта, оларды сатып алу-сатуға және есеп айырысуға 2-3 апта уақыт кетеді екен. Қорытындысында 1,5-2 ай ішінде эмитент (шығарушы) өзіне қажетті капиталды жинап, оны басқару кұқығына ие болады.

Өткен ғасырдың 70-жылдарында әлемдегі өркендеген ел­дерде капитал қозғалысындағы шектеулердің алынып тасталуы халықаралық бағалы қағаздар нарығының пайда болуына жағдайлар туғызды. Қазіргі кезде басқа елдерде орналастыру үшін әлемнің бір еліндегі банктер мен корпорациялардың эмиссиялаған бағалы қағаздары халықаралық бағалы қағаздар нарығында үлкен көлемде айналысқа түсуде. Мысалы, 1980-1990 ж.ж. аралығындағы он жылда АҚШ-тың ЖІӨ-дегі бағалы қағаздармен жүргізілген халықаралық операциялардың үлесі 9-дан 93%-ке дейін өсті, Германияда - 8-ден 58-ге, ал Жапонияда 7-ден 119%-ке өсті. Халықаралық капитал нарығындағы қарыз қаражатының жалпы көлемінде көп бөлігі облигацияларға тиесілі, 1994 жылы ол 60%-тен асты. Әлемдік бағалы қағаздар нарығының 40%-ке жуығы АҚШ-қа, ал 20%-тен артығы Жапонияға тиесілі [28; 43.].

1997 жылы Нью-Йорк қор биржасында 350, ал 2000 жылы 600-ге жуық шетел кәсіпорындарының бағалы қағаздары листингтен өтсе, американдық НАСДАК сауда жүйесінде 500, ал Лондон қор биржасында 526 шетел компанияларының акцияларына баға белгіленді.

Өндірісі өркендеген басқа мемлекеттерде де осындай жағдай қалыптасқан. Акциялары Франция ұлттық кор индексіне енгізілген өнеркәсіп компаниялары өздерінің бағалы қағаздармен операцияларының көп бөлігін (70%-ке дейінгі) Франциядан тыс ел­дерде жүргізеді. Батыс Еуропа қор нарықтарында листингтен өткен компаниялардың көпшілігі пайдасының жартысын шетелдердегі қызметінен табады. Сондай-ақ американдық компаниялардың шетелдердегі қызметінен тапқан пайдасы өте қомақты, мысалы, ол акциясына Нью-Йорк қор биржасында баға белгіленген компанияларда орташа 25-30% құрайды.

Халықаралық бағалы қағаздар нарығы, ұлттық нарық тәрізді, алғашқы және екінші нарықтардан құрылады. Алғашқы нарықта бір елдің эмитенті өзінің бағалы қағаздарын басқа елде (немесе басқа елдерде) орналастырады, ал екінші нарықта арнаулы қаржы мекемелерінің делдалдық етуімен бағалы қағаздарды қайта сату жүргізіледі. Бұнда екінші бағалы қағаздар нарығында негізгі сатып алушы және сатушы ретінде орталық және коммерциялық банк­тер, сақтандыру компаниялары және басқа да банктік емес қаржы институттары жүреді.

Сонымен бағалы қағаздар нарығы - экономикалық өрлеуді көп жағдайда қаржыландыратын ең оңай және ең қолайлы қаржы көзі.


5.2. Жекеменшіктендіру - бағалы қағаздар нарығын қалыптастырудың негізі
Бағалы қағаздар нарығы тек әдеттегі тауар-ақша қатынастары және меншік қатынастары жағдайында дамуы мүмкін. Мемлекеттік меншікті жаңа нарықтық қатынастарға сай өзгерту тек оны жекеменшіктендіру арқылы ғана іске асады. Соңғы 10-15 жылдарда дүниежүзінің көптеген елдерінде жекеменшіктендіру жүргізілді. Әсіресе Англияда ол шапшаң қарқынмен өтті. Бірақ Батыс Еуропа елдерінде жекеменшіктендіру өркендеген нарық экономикасы жағдайында жүрді. Сондықтан жекеменшіктендірілген кәсіпорындардың акция саны қанша көп болса да өркендеген нарық жағдайында оларды орналастыру өте оңай болды. Ал тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдерінің жайы өзгеше.

Бұл елдерде бағалы қағаздар нарығы жаңадан пайда болып және қалыптасып келе жатқан жағдайда мемлекеттік кәсіпорындарды жекеменшіктендіру процесі оларды акцияландыру арқылы жүргізілді. Себебі, көптеген кәсіпорындар да, халық та осын­дай жаңа құбылыстар арқылы нарыққа кең көлемде қатынасуға мүмкіндік алады. Жекеменшіктендіру бағалы қағаздардың жаңа түрі - жекеменшіктендіру чектерін (купондарын) өмірге келтірді. Бұл мемлекеттік бағалы қағаздардың бір түрі, олар мемлекеттің иелігінен алып, жекеменшіктендірілген меншіктің бір бөлігін қайтарымсыз пайдалануға құқық береді.

Ірі және орта кәсіпорындарды жекеменшіктендіру оларды акционерлік қоғам ретінде қайта құрудан басталады. Акционерлік қоғамның иесі - акционерлер, олардың меншік құқығы акция берумен куәландырылады.

Жекеменшіктендіру чектеріне кез-келген жекеменшіктендірілген кәсіпорынның акциясын сатып алуға болады. Ал же­кеменшіктендірілген кәсіпорын ұжымының мүшелері қызмет істеп тұрған кәсіпорынның акциясын жеңілдікпен сатып алуға құқығы бар. Оны сатып алуды да жекеменшіктендіру чегімен төлеуге болады. Жекеменшіктендіру чегіне басқа акционерлік қоғамға айналған кәсіпорындардың акциясын сатып алу аукциондарда жүргізіледі. Аукцион өтетіні туралы алдын ала ақпарат құралдарында жарияланады. Сонымен бірге жекешелендіру чегіне арнаулы инвестициялык қорлардың да акциясын сатып алуға бо­лады. Ондай қорлар чектерді өздерінде көптеп шоғырландырып, оған басқа акционерлік қоғамдардың акциясын сатып алады. Инвестициялык қорлардың акциясын сатып алушы сол қордың иемденушісінің біреуі болып есептеледі. Қор оған өз пайдасының бір бөлігін төлейді. Инвестициялық қорлар - жекеменшіктенген мекеме. Мемлекет инвестициялық қорларға салған чектерге кепілдік бермейді.

Осы айтылғандардан басқа, жекеменшіктендіру чегін мұра етіп қалдыруға, сыйлық ретінде беруге және сенімхатпен басқа адамға беруге болады. Біздің елімізде меншікті жекеменшіктендіру процесі және жекеменшіктендіру купондарына акция сату 1994-1995 жылдары өтті. Ол кездерде көптеген инвестициялық қорлар ашылып, халық ол қорларға купондарын тапсырғанымен олардың орнына акция алғандары аз.

Қорыта айтқанда, жекеменшіктендіру бір жағынан бағалы қағаздардың жаңа түрі - жекеменшіктендіру чегін нарыққа әкелсе, екінші жағынан кәсіпорынның жаңа ұйымдық-кұкықтык форма­сы - акционерлік қоғамдардың көптеп қүрылуына және олардың қалыптасуына жол ашты. Бұл жағдай жаңа акциялар мен облигацияларды эмиссиялаумен қатар, бағалы қағаздардың басқа түрлерін шығаруға да себепші болды. Сонымен кәсіпорындарды жекеменшіктендіру бағалы қағаздар нарығының қалыптасуындағы алғашқы кезең еді.


5.3. Бағалы қағаздар нарығы - қаржы нарығының құрамдас бөлігі
Қазақстан Республикасының жоспарлы экономикадан түбегейлі жаңа, нарықтық тетіктер реттейтін экономикаға өтуі елімізде қаржы нарығын және оның қызметін қамтамасыз ететін институттардың құрылуын талап етеді. Бұл өте күрделі және ауқымды мақсат. Көптеген жылдар бойы елімізде шын мәнінде де қаржы нарығы, не оның инфрақұрылымы, яғни коммерциялық және инвестициялық банктер, биржалар, сақтандыру қорлары болған жоқ. Қаржы саласының барлығын мемлекет айырықша (монополиялы) құқықпен өзіне қаратып, барлық кіріс көздерін халықтың кажетін өтемейтін міндеттерге жұмсап отырды.Оған дәлел мынадай мысал, ұлттық жалпы өнімнің заттай құрылымының тек 3/4 бөлігі ғана өндірістік құрал-жабдықтарды ұлғайтуға жұмсалған. Негізгі құрал-жабдықтар соғыс-өнеркәсіп кешеніне жұмсалғандықтан халық игілігіне қолдануға жарамаған. Елімізде «ұзаққа созылған тапшылық экономикасы» қалыптасып, ол тек тұрмыстық игіліктің өткір кемшілігін ғана емес, сонымен қатар үнемі рухани кемшілік-ті де тудырды. Сондықтан, шаруашылыкты ұйымдастыру мен оны баскаруды жаңа әдіспен жүргізу объективі қажеттілік еді [26;7.].

Нарықтық экономика - адамзат өркениеттілігінің ең жоғарғы жетістігі және өндірісті ұйымдастырудың ең тиімді түрі екендігін дүниежүзі мемлекеттерінің көпшілігінің өркендеу тәжірибесі дәлелдеген ақиқат шындық. Ал Қазақстан Республикасы үшін шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістеріне өту - тек ашық нарыққа өту ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік экономикалық саясаттағы субъективизмнен (әділетсіздіктен) бас тарту.

Шаруашылықты нарықтың әдістермен жүргізу қаржы нарығының мол мүмкіндігін пайдалануды талап етеді. Қаржы нарығы - мемлекеттің бүкіл ақша қорларының жиынтығы. Бұл қорлар экономиканың әртүрлі субъектілерінің сұранысы мен ұсынысы әсерінен өзгеріп отырады және үнемі қозгалыста бо­лады. Қазіргі кезде дүниежүзінде АҚШ-тың, Еуропа Одағы мен Жапонияның қаржы нарығы ең үлкен қорларды иемденуде. Ал Қазақстан Республикасының нарықтық экономикаға өтпелі кезеңінде оның қаржы нарығының қоры мол, өз өркендеуіне жетеді деуге әзірше ерте.

Жалпы қаржы нарығы біріне-бірі байланысты және бірін-бірі толыктырып тұратын, бірақ әрқайсысы өз алдына қызмет жасайтын нарықтардан тұрады:

Біріншіден, айналымдағы қолма-қол ацша нарығы және оған қолма-қол ақша қызметін атқаратын қысқа мерзімді төлем құралдары (вексельдер, чектер және с.с.) жатады. Қазақстан Республикасының ақша нарығы қазіргі кезде айналымдағы қағаз ақшаның құнсыздануына (инфляцияға) ұшырауда. Егер жалпы ұлттық өнім жылына 5%-ке, ал айналымдағы ақша 6-7%-ке өссе, онда жалпы ұлттық өнімді сату да оңайға түседі. Онда экономика-да жағымды өзгерістерді аңғаруға болады. Егер де жалпы ұлттық өнім жылына сол 5%-ке, ал айналымдағы акша 10-20%-ке және одан да көп өссе, онда қарқынды инфляция болып, экономика құлдырап төмен кетеді. Қазіргі кезде біздің мемлекеттің экономикасы дағдарыста;

Екіншіден, қарыз капиталы нарығы, яғни қысқа және ұзақ мерзімді банктік несие нарығы. Коммерциялық банктер қысқа мерзімді несиені қайтарылуына көзі жеткенде ғана жоғары проценттік өсіммен береді. Бұл несиені өзінің айналым қаржысы жоқ кәсіпорындар алуға мәжбүр. Негізгі қорларды құруға және олар­ды жаңартуға проценттік өсімі өзгеріп, қайта қаралып отыратын ұзақ мерзімді несие беріледі. Сондықтан, қаржы нарығының бұл бөлігіне де дағдарыс тән;

Үшіншіден, бағалы қағаздар нарығы. Бұл нарықтың кейбір белгілері КСРО-да Қазан революциясына дейін болғанымен, соңғы 70 жыл бойы оның ешқандай өсу белгісі болған жоқ. Ал өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында ТМД елдерінде, оның ішін-де Қазақстанда, басталған нарықтық қатынастар даму және жетілу үшін белгілі бір.уақыт қажет. Себебі, нарық меншік қатынастарын және мемлекет пен жергілікті басқару органдарының қаржы саясатын өзгертуден басталады. Айта кету керек, нарық ең бірінші меншікті жекеменшіктендіру және мемлекеттік кәсіпорындарды акцияландырудан басталады. Қазіргі кезде егемен жас мемлекеттер бюджет тапшылығын толтыру мақсатында бұрынгы үйренген әдіс - ақша белгілерін шығарумен шұғылданбай, оның орнына мемлекеттік бағалы қағаздарды - қысқа мерзімді мемлекеттік міндеттемелерді шығарумен айпаласуда. Жергілікті басқару органдары да дәл осы жолды пайдалануда бірсыпыра шаралар атқаруда (олар туралы жоғарыда айтылды).

Бағалы қағаздар нарығы экономиканың кез-келген саласының өз қажетіне ақша қорын қалыптастыруына жол ашуда. Мысалы, акция шығарып осы қорды үнемі, яғни кәсіпорын жабылғанша пайдалануға болады, ал облигацияны шығару несиені банктен алудан тиімділеу жағдай жасайды. Бұл айтылғандар бағалы қағаздар нарығын өрістетуге мүмкіндік береді. Қаржы нарығын басқаруда мемлекеттік үстемдікті жойған кезде, ол әкімшілік емес, тек экономикалық тетіктердің әсерімен қызмет жасай­ды. Егер қаржы нарығын қалыптастыру жеке меншікке негізделсе, әрине оның әкімшілік тәсілмен қызмет етуі мүмкін емес. Кәсіпорын мемлекеттік меншіктен акционерлік меншікке өткенде бүкіл табысының салық төлегеннен кейін қалған бөлігі өз меншігінде болады. Кәсіпорындар осы уақытша бос қаржысына коммерциялық банктердің төлейтін проценттік мөлшері нарық деңгейіне сай келгенде ғана оларды есепшоттарда сақтайды. Сонымен, шаруашылықты экономикалық әдістермен жүргізу - өндірістің өсуін қаматамасыз етіп, қаржы қорларының көбейіп, қоғамда әлеуметтік оң өзгерістердің болуының кепілі.


5.4. Бағалы қағаздар нарығына қатысушылар
Бағалы қағаздар нарығының пайда болуы сауда және өсімқорлық (ростовщиктік) несие түрлерімен тығыз байланысты. Олар вексель және коносамент сияқты қарыз міндеттемелерінің пайда болуына әсер етті. Бағалы қағаздар нарығының одан әрі дамуы акционерлік қоғамдардың пайда болуымен және мемлекеттің эмиссиялық қызметімен байланысты. Бағалы қағаздарға кең көлемде капитал жұмсау XIX г. ортасында өрістей бастады. Осы кезде нарыққа қатысушылар да белгілі бола бастады. Алғашқыда бағалы қағаздармен жеке адамдар (трейдер - аторней) және банк қызметкерлері айналысты. Кейіннен бұл іске заңды тұлғалар да кірісті.

Бағалы қағаздар нарығына қатысушылар деген бағалы қағаздарды сатушы, не сатып алушы, сонымен қатар олар бойынша есеп айырысуды және олардың айналымын қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлғалар. Олар бағалы қағаздардың айналымдылығы бойынша өзара экономикалық қатынастарға түсетін жақтар.

Қазіргі кезде бағалы қағаздар нарығына қатысушыларды олардың

нарыққа араласуына және нарықтағы позициясына қарай шартты түрде бес топка белуге болады:

Бірінші топ, бағалы қағаздар нарығына негізгі қатысушылар: мемлекет, жергілікті әкімшілік органдары, ірі ұлттық және халықаралық компаниялар. Бұндай компаниялардың халық арасында жоғары атағы бар. Сондықтан олар шығарған бағалы қағаздар ешбір қиындықсыз өтеді. Нарық ол қағаздарды көп мөлшерде қабылдауға әрқашан дайын. Бұл қағаздар, әсіресе, мемлекеттік және жергілікті әкімшіліктің қағаздары, сатып алушыға жоғары табыс түсірмейді. Дегенмен, халықтың кейбір топтары (мысалы, зейнеткерлер, жалғыз басты адамдар, асыраушысынан айырылған отбасылар және с.с. табысы аздар) беретін табысы аз болсада, сенімді қағаздарға өз қаржыларын жұмсауга мүдделі. АҚШ-та оларды «көктүбірлі» («голубые корешки») деп атайды.

Екінші топ, инвестициялық институттар, немесе бағалы қағаздар операциясын жүргізетін қаржы - несие институттары. Олар:


  • коммерциялық және инвестициялық банктер;

  • сақтандыру қорлары;

  • зейнетақы қорлары және с.с. ұйымдар.

Бұл институттардың көпшілігі әртүрлі инвесторлардың, яғни заңды және жеке тұлғалардың қаржысын біріктіріп, оларды та­бысты бағалы қағаздарға жұмсау мүмкіндіктерін іздестіреді. Олар акцияның бақылау бумасын иемденуге немесе қаржысынан айыры-лып қалу қаупінен құтылу үшін өз капиталын әртүрлі шаруашылық салаларына жұмсауға ұмтылады.

Үшінші топ, жеке инвесторлар, яғни жеке адамдар, оның ішінде шағын кәсіпорындардың бағалы қағаздары әрқашан қауіпті. Статистика деректері дәлелдегендей олардың 3/4 бөлігі ашылмай жатып жабылып қалады, тек 1/4 бөлігі ғана кейбір табысқа қол жет-кізеді екен. Кейбір шағын кәсіпорындар табысты қызмет көрсетіп, өздерінің болашағы бар екенін дәлелдеді. Мысалы, электронды-есептегіш техникалар, ракеталар, жоғары сапалы үй заттарын және сол сияқты өнім шығаратын шағын өндірістер. Сондай-ақ кейбір шағын кәсіпорындар экспорт операцияларымен де табыс­ты шұғылдануда (мысалы, жүннен тоқылған және теріден тігілген киімдерді, галантерея заттарын шығарушылар). Сондықтан халықтың бірсыпыра тобы тәуекелге белбуып, жоғары дивиденд-терден үміттеніп, осы кәсіпорындардың акциясын сатып алуда.

Төртінші топ, бағалы қағаздар нарығының делдалдары, яғни брокерлер мен дилерлер. Олардың қолындағы хабарлар, керекті байланыс құралдары оларға бағалы қағаздармен опера­ция жүргізуге жеңілдік береді. Дилерлер қолында өз капиталы болғасын көптеген операция жүргізеді. Дағды бойынша, дилерлер сатып алған қағаздарды өзінде көп ұстамайды. Олар нарық конъюнктурасы қолайлы болғанын сезсе, бағалы қағаздарды сатып жібереді. Себебі олардың іс-әрекеті - алыпсатушылық (делдалдарға қойылатын талаптар және олардың қызметі туралы төменіректе кеңінен баяндалады).

Бесінші топ. бағалы қағаздар нарығын бақылаушы және қадағалаушы

мемлекеттік органдар. Әрбір елде бағалы қағаздар нарығына қатысушыларды және оған қатысу жағдайларын мемлекет белгілейді. Себебі мемлекеттік заң актілерінде елдің экономикалық жағдайы аңғарылады. Мысалы, экономиканың дағдарысы кезінде заңдар мен ережелер тез өзгеріп отырады.

Бағалы қағаздар нарығының негізгі сауда-саттық жұмысын қамтамасыз етіп, оның міндетін атқаратын делдалдарды кәсіби мамандар деп те атайды. Ол жұмыс баға белгілеу үшін және қажетті хабарларды тарататын компьютерлік техниканы қажет етеді. Ол үшін нарық талаптарына сай әдейі дайындалған кәсіби мамандар қажет. Олардың жалпы экономикалық, техникалық және кейбір күтпеген жағдайды шешетін психологиялық дайындықтары болуы шарт. Сонымен бірге бағалы қағаздар нарығы кәсіби мамандарының мол тәжірибесі мен олардың сезімталдығын (инту­иция) да бағаламауға болмайды.

Бағалы қағаздар нарығының кәсіби мамандары:

1. Брокерлер — делдал ретінде келісімге қатынасатын адамдар. Брокер келісім жасасатын әрбір жақты табыстыруды көздейді. Бро­кер өкіл емес, ешбір жақтың шарттық қатынастарына қатыспайды, жекелеген тапсырмалар негізінде жұмыс істейді. Брокерге әрбір



жеке келісімді жасауға арнаулы өкілеттік беріледі. Ол тек өкілеттік шегінде әрекет етуге міндетті.

2. Дилерлер - өз капиталымен келісім жасайтын делдалдар.

3.Джобберлер - нарық конъюнктурасын бақылаушылар.

Бағалы қағаздар нарығындағы брокерлер заңды тұлға ретінде тіркелген маманданған брокерлік фирма қызметкерлері. Батыс еуропа мемлекеттерінде олар не жеке фирма, не акционерлік қоғам ретінде құрылады. Жаңа егемен мемелкеттерде олар жауапкершілігі шектеулі серіктестік мекемесі болып та құрылуда. Салық төлеуден жеңілдік алу мақсатында шағын кәсіпорын ретінде тіркелгендіктен олардың жарғылық қоры өте аз болады. Дегенмен, бұл фирмалар өз капиталымен қарызға алған капиталын өсіру мақсатында клиенттер санын көбейтуге ұмтылуда.

Құрылымы жөнінен брокерлік фирма дирекция, әкімшілік бөлім, кеңес беретін бөлім, бағалы қағаздарды сату бөлімі және хабарлама-техникалық бөлімінен тұрады. Шамамен фирмада 15-20 адам қызмет жасайды (5.1. Сурет).

Брокерлік фирманың қызмет аясына:

1. Консалтинг (кеңес беру);


  1. Бағалы қағаздарды алғашқы нарықта орналастыру және екінші нарыққа айналысқа түсіру;

  2. Инвестициялық қорларды құру және оны басқару және с.с. міндеттер кіреді.

Бұлардан басқа брокерлер ақша нарығында бірсыпыра ерекше қызмет көрсетеді, атап айтқанда, банктік несие алушыларға делдалдық жасау және мәмілені қамсыздандыру, оның ішінде, биржалық келісімді сақтандыру.

Брокерлер өз қызметінде мына түпкі бастамаларды басшылыққа алады:



  1. Клиент брокерлік фирмамен шарт жасасқанда барлық тап-сырма бойынша, оның ішінде, бағалы қағаздарды қайдан сатып алу жөнінде (қор биржасынан ба, әлде биржадан тыс нарықтан ба) келісімге келеді.

  2. Брокер клиенттің белгілеген сомасы шамасында әрекет жасайды. Бірақ алған тапсырма көлемінде бағалы қағаздарды таңдауда өз кұқығын пайдаланады.

Хабарлама-техникалык бөлімі



5.1. Сурет. Брокерлік фирманың құрылымы

Брокер тапсырманы орындағаны туралы шартта көрсетілген уақытта клиентке хабарлап және бағалы қағаздарды сатудан түскен



  1. қаржыны (өзіне делдалдық үшін келісілген сыйақы қалдырып) клиенттің есепшотына аударады.

  2. Брокер мәмілені арнаулы кітапқа тіркеуі қажет. Клиент ол жөнінде көшірме талап етуге құқылы.

  3. Клиент брокерге мәміледегі барлық тапсырманы уақытынан бұрын тоқтатуға үкім бере алады.

Сонымен бірге, брокерлік фирма мен клиент арасындағы келісім алғашқыда ауызша жүргізіліп, ол кейін құжатпен рәсімделгеннен соң ғана заңды күшіне енеді.

Брокерлік фирма өз клиенттерінен тапсырма алғанда олардан кепілдік беруді (әсіресе клиент сатып алушы болса) талап етеді. Кепілдік ретінде:

1. Мәміледегі бүкіл сомаға вексель берілуі;

2. Мәміленің кемі 25%-тін немесе 100%-ін құрайтын сома брокердің шотына түсірілуі керек;

3. Брокердің атына ағымдағы шот ашылуы;

4. Брокерге сақтандыру полисі және с.с.кепілдіктер берілуі мүмкін.

Осылар жөнінде брокерлік фирма клиентке хабарлап тұруы қажет. Сонымен қатар, брокерлік фирма клиентке несие беріп, бүкіл операцияларды өз есебінен жүргізуі мүмкін. Бұл жағдайда брокерлік фирманың табысына делдалдык үшін сыйақы, несие үшін процент (өсім ақы) және тәуекел (риск) үшін ақы кіреді. Алайда, бұл жағдайда брокерлік фирма өзінің делдалдық қызмет шегінен шығып, оның іс-әрекеті, дилерлік фирманың кызметіне ұқсайды.

Дилерлер - олар да делдалдар. Олардың брокерлерден айырмашылығы шарт жасасқанда өзінің (дилерлік фирманың) капиталын жұмсайды. Дилердің қызметін мына мысалмен түсіндіруге болады. Мысалы, қалалық әкімшілік көрсетілген құны 100 теңгелік облигация шығаруға шешім қабылдады делік. Эмиссиямен шұғылданатын оның өз аппараты жоқ, сондықтан әкімшілік дилерлік фирмаға тапсырма береді. Егер қалалық заем бірнеше миллион теңгеге шығарылатын болса, онда үлкен көлемді іспен тек маманданған фирмалар, мысалы, коммерциялық банктер шұғылданады. Оның делдалдық меха­низмі төмендегідей.

Әкімшілік дилерге 100 теңгелік облигацияны кемітілген бағамен (дисконтпен), мысалы, 98 теңгеге, яғни номиналынан 2 теңгеге кем

сатады. Дилердің облигацияларды сатуға кеткен шығынымен одан түскен пайда 2 теңгеден кем болмауы тиіс. (Бұндай операцияны «дисконтпен сату» деп атайды).

Бағалы қағаздар операциясына маманданған дилерді жауап-кершілігі шектеулі дилер деп атайды. Олардың бағалы қағаздарды сатып алу-сатуға тәуекелмен шығарған шығыны, эмитенттер мен инвесторлардың шығынынан әлдеқайда аз. Себебі сатып алу-сату аз уақыт аралығында өтеді.



Дилердің атқаратын қызметі:

1. Бағалы қағаздардың шығарылымы, олардың бағамы және


сапасы туралы хабар тарату;

2. Клиенттердің тапсырмасын орындау;

3. Бағалы қағаздар нарығындагы өзгерістерді бақылап отыру. Егер бағалы қағаздарды сату-сатып алу баяуласа (мысалы, сатушылар және сатып алушылар жетіспей қалса), онда бағалы қағаздардың бағамын тұрақтандыру мақсатында дилер өз есебінен операция жүргізеді.

4. Сатып алушылар мен сатушыларды бір-біріне кездестіріп, бағалы қағаздар нарығының жұмысына себепші болады. Олар нарықтың катализаторы (шапшаңдатушы) ретінде жұмыс істейді.

Айта кететін жәйт, бағалы қағаздар нарығында дилердің қызметі брокерлер қызметінен өзінің кең көлемділігімен ерекшеленеді. Дилерлік фирманың алғашқыда өзінің бірсыпыра капиталы болады, кейіннен ол делдалдық сыйақымен және инвестициядан түскен пайдамен үнемі толтырылып отырылады.

Джобберлер - бағалы қағаздар нарығындагы конъюнк­тура (өзгерістерді сипаттайтын белгілер) мәселелері жөнінен кеңес берушілер. Ең алғашқыда олар Лондон Сити нарығында пайда болды. Олардың іс-әрекеті бағалы қағаздар нарығының құрылымы кең көлемде болғанда және ол үнемі өзгеріп отырғанда қажет. Олар шығарылған бағалы қағаздардың маңызын дұрыс бағалау үшін ғана емес, сонымен қатар эмитенттерге жаңа бағалы қағаздар шығаруға да олардың көмегі қажет Джобберлер тек бір жолы кеңес беріп қана қоймай, күрделі, кейде кешенді мәселелерді шешуге жан-жақты көмектеседі. Мы­салы, банктердің, өндірістік кәсіпорындардың, инвестициялык қорлардың шығарған акцияларының бағамының келешекте өзгеруін бағдарлайды. Ол үшін олар уақытша қызмет істейтін зерттеу ұжымдарын құрады. Зерттеу ұжымдарында белгілі экономистер, банк қызметкерлері және басқа да салалардың мамандары зерттеу жүргізеді. Джобберлер бағалы қағаздардың кейбір түрлеріне ғана маманданатын болғасын олармен кең көлемде жүргізілетін операцияларға брокерлер мен дилерлер пайдаланады. Джобберлердің қызметі өте жоғары бағаланып, олар жоғары жалақы алатындар қатарына жатады.

Қорыта айтқанда, қазіргі кезде бағалы қағаздар нарығының кәсіби мамандары көбеюде. Тек олардың бір-бірімен байланысты қызметі ғана нарықтың тұрақты қызметін және бағалы қағаздардың өтімділігін қамтамасыз етеді.

Атқаратын қызметтеріне қарай бағалы қағаздар нарығына қатысушыларды 5.2. Суретте өрнектелгендей топтастыруға да бо­лады [27, 200.]. Олар:

Қор делдалдары - олар бағалы қағаздар нарығында эмитент­тер мен инвесторлар арасындағы байланысты қамтамасыз ететін сауда-саттық жүргізуші брокерлік-дилерлік және бағалы қағаздар портфелір басқарушы ұйымдар.

Бағалы қағаздар нарығына қызмет етуші ұйымдар - олар бағалы қағаздарды сатып алу-сату қызметінен басқа да бағалы қағаздар нарығындағы қызметтердің барлығын атқаратын ұйымдар. Бұндай ұйымдарға:

Біріншіден, бағалы қағаздар нарығын ұйымдастырушылар (қор биржалары, биржадан тыс нарықты ұйымдастырушылар);

Екіншіден, есеп айырысу орталықтары (есеп айырысу палаталары, клирингтік орталықтар);

Үшіншіден, депозитарийлер;

Төртіншіден, тіркеушілер;

Бесіншіден, нарыққа қатысушыларға қызмет көрсететін ақпараттық агенттіктер және басқа да ұйымдар кіруі мүмкін.

Қорыта айтқанда, бағалы қағаздар нарығына қызмет етуші ұйымдардың жиынтығын қор нарығының инфрақұрылымы деп те атайды. (Олар туралы екінші бөлімде кеңінен жазылған).

Қазіргі кезде Қазақстан қор нарығына Орталық депозита­рий, 65 брокерлер және дилерлер, 17 тіркеушілер, 10 кастодиан-банктер және 12 зейнетеқы активтерін инвестициялық басқаруды қамтамасыз ететін ұйымдар қатысады [29; 5.].

Бағалы қағаздар нарығына қатысушы - заңды тұлғалар мемлекеттік лицензия, ал жеке адамдар мамандығы туралы аттестат алулары шарт.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©kzref.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет