АҚШ пен Ұлыбритания Йеменнің солтүстігінде билік ететін "Ансар Аллах" қозғалысының (хуситтер) нысандарына қарсы әскери операция бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Америка дауысы мен РИА Новости таратқан ақпаратына сүйенсек, ираншыл топқа қарсы зымырандық соққылар ұшақтардан, жер үсті кемелерінен және суасты қайықтарынан, соның ішінде "Томагавк" қанатты зымырандарынан жасалып жатқаны айтылады.

Сана халықаралық әуежайын АҚШ-Британ коалициясы жаппай бомбалаған. Сана, Әл-Ходейда, Саада және Дамар провинцияларына да шабуыл жасалған. Соққылардың бірі Ходейда портының маңында болған.

“Бүгін менің бұйрығыммен АҚШ күштері Біріккен Корольдікпен бірге және Австралия, Бахрейн, Канада және Нидерландының қолдауымен Йемендегі хусит көтерілісшілері әлемдегі ең маңызды су жолдарының бірінде навигация бостандығына қауіп төндіретін бірнеше нысанаға сәтті соққы берді. Бұл соққылар хуситтердің Қызыл теңіздегі халықаралық теңіз кемелеріне жаасаған шабуылдарына, соның ішінде тарихта алғаш рет кемемен тасымалданатын баллистикалық зымырандарды қолдануына тікелей жауап”, – деді АҚШ президенті Джо Байден өзінің шұғыл үндеуінде.

Ақ үй басшысы 50-ден астам елдің коммерциялық кемелеріне 27 хусит шабуылы жасалғанын және 9 қаңтарда қозғалыс америкалық әскери кемелерге қарсы ең үлкен шабуылын жасады деп мәлімдеді.

Бейсенбі күні таңертең Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак Йеменге әскери араласудың жақын екенін министрлер кабинетіне хабарлады.

  • Соғыстар өршіп, бірнеше елде сайлау өтеді: 2024 жылы әлемді қандай жағымсыз жаңалықтар күтіп тұр
  • Йемен астанасында Рамазан айында таратқан ақшаға таласқан халық бірін бірі таптап, ондаған адам қаза тапты

Йеменнің көп бөлігін бақылайтын хуситтер Хамасқа қолдау көрсету үшін аймақтағы кеме жолдарына шабуыл жасаған. Хусилер Израильмен байланысы бар немесе Израиль порттарына бара жатқан кемелерге шабуыл жасауға уәде берді.

Бірлескен елдердің мәлімдемесі

Қызыл теңізде кеме қатынасын Йемендік хуситтерден қорғау үшін құрылған коалиция елдері АҚШ пен Ұлыбританияның хуситтерге қарсы соққысына қатысты бірлескен мәлімдеме жасап, бұл соққыны заңды өзін-өзі қорғау деп санайтындарын жеткізді.

Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания, сонымен қатар Австралия, Бахрейн, Канада, Дания, Германия, Нидерланды, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Корея елдері бірлесіп жасаған мәлімдемеде хусилердің әскери нысандарына жасалған соққының мемлекеттердің ажырамас құқықтарына сәйкес және ұжымдық өзін-өзі қорғау үшін жасалғаны айтылған.

Мәлімдемеге сәйкес, соққылар "жаһандық саудаға және ең маңызды теңіз жолдарының біріндегі шетелдік теңізшілердің өміріне қауіп төндіретін" хуситтер құралдарына қарсы дәл қарумен жасалғаны айтылады.

Келешекте, мәлімдемеге қол қойған елдер сендіргендей, олар Қызыл теңіздегі деэскалация мен тұрақтылықты қалпына келтіруге ұмтылуды жалғастырады.

Айта кетейік, бұл коалиция желтоқсан айында хуситтерден кемелерді қорғау мақсатында құрылған. Оған қазірдің өзінде 20-дан астам ел кіреді, бірақ тек АҚШ пен Ұлыбританияның Қызыл теңіздегі кемелер және аймақтағы авиация түріндегі хуситтерге қарсы нақты құралдары бар. Кейінірек Дания мен Грекия да әрқайсысы бір фрегат (әскери кеме түрі – ред.) жіберуге уәде берген.

Еске салайық, 2023 жылдың 1 қарашасында Йемендегі "Ансар Алла" хуситтер тобының өкілі Яхья Сариа Израильге ресми түрде соғыс жариялап, Палестина халқын қолдауға бағытталған әскери операцияның басталғанын мәлімдеген.

10 желтоқсанда Израиль билігі егер халықаралық қауымдастық хуситтердің теңіз кемелерін басып алуына ешқандай қарсылық көрсетпесе, олар Йемендік хуситтерге қарсы күресуге дайын екенін жеткізген.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.