БАТЫР – ЕЛДІҢ АЖАРЫ
Егемен Қазақстан, 6 мамыр 2010 ж.
Ұлы Жеңіске 65 жыл! Соншама жыл өтсе де ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмады, ұмытылмайтынын да дәлелдеп отыр. Өйткені, сұрапыл соғыста жауынгерлер Жеңіс сағатын минуттап күтті. Сол қасиетті жолда қаншама боздақтар қыршынынан қиылды, қаншама отбасы ойран болды. Бүгінгі мерекенің құндылығы мен қымбаттығы осыдан. Демек, боздақтардың бақытты өмір үшін төккен терлері, аққан қандары бекер кетпеді. Сенімдері мен үміттері ақталды.
Әділетті соғыстағы Жеңіс туы биікке көтеріліп, күні бүгінге дейін мәңгілік алау шейіт болған жауынгерлердің рухының мәңгілігінің белгісіндей маздап тұр.
“Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті” деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Сол сұрапыл жылдары Жетісу жерінен 120 мыңнан астам боздақ соғысқа аттанса, олардың 47052-сі ұрыс далаларында ерлікпен көз жұмған. Ал, хабар-ошарсыз кеткендері қаншама.
Отан қорғаудағы ерен ерліктерімен көзге түскен жетісулық 53 жауынгер Кеңес Одағының батыры атағына ие болса, жауынгерлік “Даңқ” орденінің толық иегері атанғандары да жеткілікті. Есімдері дүние жүзіне тараған 28 панфиловшы батырлардың тең жартысы Алматы облысынан екендігін де әрдайым мақтанышпен айтамыз. Бүгінгі Ұлы Отан соғысының 65 жылдығын қарсы алып отырған үштөбелік Косенков Иван Васильевич солардың бірі.
Ұлы Жеңіс – халықтар достығының мызғымас бірлігін бейнелейді. Біз олардың қасиетті жолын қастерлеп, оны лайықты түрде жалғастыруға тиіспіз. Бүгінгі жастар бойындағы елжандылық қасиет осындай береке-бірлік негізінде дамып отырғаны анық.
Қазіргі кезде облыста 161 мыңнан астам зейнеткер бар болса, олардың 1136-сы соғыс ардагерлері. Облыстық әкімдік тарапынан жыл өткен сайын ардагерлерге көрсетілген қамқорлық пен жеңілдік қатары арта түсуде. Тек жергілікті бюджет есебінен өткен жылы соғыс ардагерлерінің коммуналдық төлеміне 43 млн. теңге, жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедектерге 121 млн. теңге көмек көрсетілді. Сонымен қатар 542 соғыс және тыл ардагерлеріне 42 млн. теңге бөлініп, олар шипажайларда демалып, денсаулықтарын түзеп қайтты. Жүріп-тұруы қиындаған жалғызбасты қарттар да қамқорлықсыз қалған жоқ. Оларға әлеуметтік мекеменің 295 адамдары қолұшын беріп, көмек көрсетуде.
Ардагерлер – кешегі Отан қорғаушылар, еліміздің көркеюіне үлес қосып, ерен еңбегімен соңына өшпес із қалдырған жандар. Демек, олардың оқ пен от ортасындағы ерліктері әрдайым ел жадында. Сындарлы жылдарда қазақ пен орыс, украин мен өзбек, грузин мен беларусь, латыш пен әзірбайжан, татар мен башқұрт, тағы да басқа көп ұлтты жауынгерлердің тілі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір екендігінен, жұдырықтай жұмылды, жауды жеңді. Сол кездегі тылда еңбек еткен әке-шешелеріміз “бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін” деген ұранмен жалғасып, майдан даласындағы ерлік пен тылдағы жанқиярлық Жеңіс туын Берлин үстінде желбіретті.
Өңірде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің тұрмыстық жағдайы зерттеліп, оларға қажетті көмектер көрсетілуде. Нәтижесінде жергілікті бюджеттен ардагерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мен күрделі жөндеуден өткізуге 53 млн. 500 мың теңге бөлінгенін атап айтқан жөн. Жасы келген қариялардың денсаулығы ерекше күтімді қажет ететіні даусыз. Бұл мәселе де шешімін тауып, соғыс және тыл ардагерлерін емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 18 млн. 415 мың теңге қарастырылса, емдеу орындарына бару үшін 57 млн. 822 мың теңге, коммуналдық жеңілдіктерге 40 млн. 578 мың теңге, тағы басқа шараларға да бюджеттен қаржы қарастырылғанын айтуға болады.
Күн санап қатары азайған ардагерлерге көрсетілетін құрмет ауқымы мереке қарсаңында да молая түсуде. Соғыс ардагерлеріне 50 мың теңгеден біржолғы көмек көрсетуге бюджеттен 60 млн, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне 5 мың теңгеден 128 млн. 680 мың теңге бөлінгенін айтуға болады.
Талдықорған қаласында Мәңгілік алау жанында ардагерлермен жүздесудің жас ұрпаққа берері мол. Өйткені, жастар ел басына күн туған шақта қайсарлық көрсетіп, елімізді қорғағандардың ерліктері туралы әңгімелеріне тебірене құлақ түреді. Қалай дегенде де кездесулердің өскелең ұрпаққа берері мол. Өйткені, соғыс ардагерлері майдандас жолдастарын еске алып, олардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Естелік айтып, қанды қырғындағы бастан кешкендерін шынайы әңгімелейді. Мұның өзі бүгінгі ұрпақтың бойындағы елжандылық қасиеттің кеңінен өрістеуіне жол ашатыны анық.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің 20 жылдығына орай құттықтауында: “Ардагерлеріміздің, аға ұрпақ өкілдеріміздің еңбегін айтып жеткізу қиын. Сіздердің жастық шақтарыңыз Ұлы Отан соғысының сұрапыл кезеңімен қатар келді. Сіздер бүлінген шаруашылықтарды қалпына келтірдіңіздер, күйзелген елдің еңсесін қайта тіктедіңіздер, Сіздер өз иықтарыңызға түскен ауыртпалықтың бәрін абыроймен жеңе білдіңіздер”, деген болатын. Бүгінгі соғысты көрген, басынан өткерген жандар жайлы бұдан асыра айту мүмкін емес. Мереке құтты болсын, қадірлі ардагерлер!
Егеубек ДАЛБАҒАЕВ, Алматы облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы
Алматы облысы.
Достарыңызбен бөлісу: |