Елімізде жасанды интеллектің көмегімен гив ойнататын алаяқтар көбейді. Сондықтан құзырлы орган өкілдері танымал блогерлердің ұтыс ойындарына қатысқан кезде сақ болуға шақырады.Себебі ІТ саласын жетік меңгерген әккі айлакерлер жоғары технологиялардың көмегімен өнер жұлдыздары мен актерлардың атынан фейк парақша ашып, бет-әлпеті мен дауысын өзгерту тәсіліне көшкен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: dzen.ru

 

Алаяқтар айласын іске асыру үшін танымал тұлғалардың атынан фейк парақшалар да ашады. Көп жағдайда ел сеніміне кіруді мақсат еткен олар аудиториясы көп актер, блогер немесе басқа да өнер жұлдыздарының бет-әлпетін пайдаланып, дауысын өзгертеді. Дипфейктің көмегімен республикалық арналардың жүргізушілерін қолданып жарнама жасайтындар енді блогерлерге көшіпті.

Алаяқтардың құрбаны болғандардың бірі – актер әрі блогер Рүстем Омаров. Әккі айлакерлер жасанды интеллекпен оның даусын өзгертіп, күмәнді компанияға ақша салуға шақырған екен. Олар жарнамадан бөлек блогерлердің бет-жүзін пайдаланып, гив ойнатуды да жақсы меңгерген дейді прокурорлар.

“Блогерлердің атынан жүргізілетін конкурстар, ұтыс ойындары, гивтер сияқты алаяқтардың қылмысы бар. Олар танымал тұлғаның түр әлпетін алып, атынан гив жүргізеді”, – дейді Алматы қалалық прокуратурасының ресми өкілі Нұрсұлтан Жиделбай.

Ал ІТ саласының мамандары дауыстың жасанды екенін анықтайтын арнайы қосымшалар шыққан жоқ деп отыр. Сондықтан әр адам видеоға мән беріп, сыни ойлай білуге тиіс деген пікірде.

“Видео ұзынырақ болса байқауға болады. Тригер дейді ғой. Мысалы адамның көзі, беті, мимикасы қайталана береді. Жасанды интеллекте сіз туралы ақпарат көп емес. Сол себепті ұзын видеода қайта-қайта бір тригер қайталана береді. Мысалы оң қолы көтеріле береді деген сияқты. Бір қимыл қайталанады, – дейді ІТ маманы Ғани Абадан.

Сондай-ақ сарапшы алаяқтардың құрбаны болмас үшін туған-туыстармен ортақ құпия сөзді қолданған жөн дейді. Сонда белгісіз біреулер хабарласқан кезде сол сөзді сұрауға болады. Ал танымал адамдардың жарнамасының рас-өтірігін білу үшін олардың парақшаларына кіріп, тексерген жөн.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.