Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі ауыл тұрғындары мен жастарына демалыс уақыттарын тиімді өткізетін, өздерін дамытатын түрлі үйірмелер мен секциялар жетіспейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Фото: кадрдан скрин

Жұмыс істеп тұрған 2035 мәдениет үйінің 770-і және 2006 ауылдық клубтың 608-і күрделі жөндеуді қажет етеді. 

"Ауыл жастары мен тұрғындары мәдени дискриминацияға ұшырамауы тиіс! Біз ауылды алтын бесікке, мәдениетіміздің мәйегіне, ұлт руханиятының өзегіне теңейміз. Ал ауылдың мәдени өмірі жұтаң тартып бара жатқан жоқ па? Құбылған заманда құбыладан жаңылмас үшін құндылықтар қажет екені белгілі. Біз "вандализм көбейді, қатігездік артты, аялдаманы қирататын, жедел жәрдем жүргізушісін ұратын жүгенсіздік қайдан шықты, мәдениетіміз неге төмендеді?" деген сұрақты жиі қоямыз. Мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қайдан болсын?! Бұл ретте елді мекендердегі, әсіресе шалғай ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтардың жай-күйі, техникалық базасы сын көтермейтіні жасырын емес. Олардың басым көпшілігі 90 жылдары жекешеленіп кетті. Мәселен, біз жұртшылықпен кездескен Түркістан облысында 625 елді мекенде мәдениет үйі жоқ. Мұндай мысалды әр өңірден келтіруге болады", — деді ол.

Сенатор сонымен қатар қазіргі кезде елімізде 3 891 кітапхана жұмыс істейтінін, оның 79%-ы ауылдық жерде екенін атап өтті. Алайда олардың көпшілігі ескірген және материалдық-техникалық базасы жеткіліксіз. Жергілікті атқарушы органдар көбінесе "қалдық қағидаты" бойынша бөлетін шамалы қаржы кітап қорын толтыруға жетпейді.

"Адамды адамзат еткен – кітапхана" деген Әбіш Кекілбаев. Елімізде 3 891 кітапхана болса, оның 79% ауылдық жерлерде екен. Алайда ауыл кітапханаларының көпшілігі (60%-тен астамы) ескірген. Айталық біз барған Сайрам ауданының орталық кітапханасы 1968 жылы салынған.

Кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нормативтік талаптарға сай емес. Жалақысы төмен болғандықтан, маман тұрақтамайды. Көптеген кітапханаларды кезінде мектептерге қосып жібергені белгілі. Қарапайым тұрғындар оны пайдалана алмайды. Мәдениетке көбіне "қалдық принципімен" қарайтын жергілікті атқарушы органдар бөлетін мардымсыз қаржы кітап қорын толықтыруға жетпейді. Мың данамен шыққан кітап кітапханаларға қайдан жетсін? Әсіресе көркем әдебиет жетіспейді. Көркем ниет – өркениет өзегі десек, ол көркем әдебиет оқу арқылы қалыптасады", — деді Дархан Қыдырәлі.

Сенат депутатының сөзінше, ауыл спорты туралы айту тіпті қиын. 2 270 елді мекенде (47%) спорттық нысан жоқ. Ауыл тұрғындары мектеп спорт залдарын пайдалана алмайды.

"Мектеп бітірген ауыл жастары мен тұрғындары демалыстарын тиімді өткізетін, өздерін дамытатын мәдени ошақтар аз, шығармашалықпен айналысуға домбыра, қолөнер сияқты қарапайым үйірмелер жетіспейді. Ауылда мәдени инфрақұрылым болмай, креативті индустриянының дамуы қиын”, — деді депутат.

Оның сөзінше, арадағы мәдени алшақтық ұлғайғандықтан, ауылдан қалаға ағылған жастар қатары артып келеді. Олардың қалаға жайлы тұрмыс, мәдени орта іздеп келеді. Жүйесіз урбанизация мәдени иммунитеті төмен маргинал жастардың қатарын көбейтеді.

"Кітапханасы тозған, бас қосатын мәдениет үйі ескірген, кино көруге, концерт тамашалауға, спортпен айналысуға жағдайы жоқ ауыл жастары мен тұрғындар сонда немен айналысады? "Қазақстан жастары" мекемесінің зерттеуіне сүйенсек, елімізде жастардың көпшілігі бос уақытын әлеуметтік желіде (74,3%) және интернетте онлайн фильмдер қараумен (63,6%) өткізеді", — деді Сенат депутаты.

Сондай-ақ сенатор мәселенің жылдар бойы қордаланғанын тілге тиек етті.

"Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында атқарылып жатқан істер аз емес. 2021 жылдан бері кітапхана қызметкерлерінің жалақысы артып келеді. Жастарды жұмыспен қамту үшін қаржы бөлініп жатыр. Ал ауылдағы мәдени өмірдің сапасын жақсартуға қашан басымдық беріледі? Әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсарып, жаңа мектептер салынып жатқанда, ауыл тұрғындары өздерін жайлы сезінуі үшін мәдениет ошақтарын да жаңалау шарт. Ауыл жастары мен тұрғындары мәдени дискриминацияға ұшырамауы тиіс!"- деді ол.

Сондай-ақ Сенат кулуарында Оқу ағарту вице-министрі жыныстық сауаттылық пәнін енгізу мәселесі туралы журналистер сауалына жауап берді. Депутаттар проблемалық тұрғын үйге қатысты бастама көтеріп, құрылыс компанияларын қатаң жазалауды ұсынды.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.