Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: 24tv.ua/ru

Президент біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек екенін атап өтті.

“Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет”, – деді ол.

Оның сөзінше, дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты.

“Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет”, – деп ұсынды президент. 

“Осы орайда Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған”, – деді Тоқаев. 

Сонымен қатар президент құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырды.

Бұған дейін мемлекет басшысы Атырау қаласында өтіп жатқан ұлттық құрылтайда тіліміздің қолданылу аясын кеңейту мәселесіне тоқталған еді. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.