Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өз мүлкін заңдастырып, елге көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: rfi.fr

Садыр Жапаров әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, мүлікті заңдастырудағы тәжірибесімен бөлісті. 

Жапаров 2023 жылы Қырғызстанда ауқатты азаматтардың өз капиталын шетелде емес, ел ішінде сақтауы және оны отандық экономиканың игілігіне пайдалануы үшін мүлікті заңдастыру туралы заң қабылданғанын атап өтті.

Ол өз жазбасында парламентке келгенге дейін кәсіпкерлікпен айналысқанын, 2005 жылы Бішкекте көпқабатты коммерциялық ғимараттың құрылысын бастағанын жазған. Жоба 2010 жылы аяқталып, елдегі сәуір төңкерісінен кейін "Ата-Жұрт" партиясының штаб-пәтері ретінде пайдаланылған.

"Оппозицияда болғанымыз үшін кейін қуғынға ұшырадық, 2020 жылға дейін бұл ғимарат толық жұмыс істемеді. Бірақ соған қарамастан біз жер мен ғимаратқа салықты жүйелі түрде төлеп отырдық. 2020 жылы мен оны президенттік сайлау кезінде штаб ретінде пайдаландым. Содан бері ғимарат толық жұмыс істей бастады. Әрине жоғарыда айтқанымдай, менің ғимараттарым бұрын басқа адамдардың атына тіркелген еді. Енді оларды заңдастыру заңы негізінде өз атыма тіркедім. Мен үлгі болғым келді, сондықтан ең алдымен өз мүлкімді заңдастырдым", – делінген Садыр Жапаровтың жазбасында.

Фото: facebook.com/Садыр Жапаров

Оның айтуынша, мүліктің құны шамамен 20 миллион долларды құрайды. Заңдастыру үшін президент мемлекетке 1 миллион сом (5 миллион теңге) төлеген. Жапаров шетелде ешқандай капиталы жоқ екенін баса айтты .

Қазір ғимаратта "Asman" бизнес орталығы жұмыс істейді.

"Осы заңның мүмкіндіктерін пайдаланып, тіркеліп, мүлкіңізді заңдастырып, шетел банктерінде сақтаған ақшаңызды біздің банктерге аударыңыз. Осы заңның негізінде мемлекет сіздің капиталыңыздың сақталуына 100 пайыз кепілдік береді. Сіздің қаражатыңыз елімізге, ел игілігіне жұмыс істесін. Бұл мемлекетке пайда. Басқа мақсат жоқ. Сіздерге сұрақ болмайды", – делінген президент жазбасында.

Қырғызстанда мүлікті заңдастыру туралы заң ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.