"Грузия арманы" партиясының төрағасы Ираклий Кобахидзе Грузияның жаңа премьер-министрі болып сайланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

45 жастағы Кобахидзе – Грузияда 2012 жылдың күзінен бері билікте отырған "Грузин арманының" жетінші премьер-министрі. 

Жаңа кабинетте, Кобахидзенің айтуынша, тек қорғаныс ведомствосының басшысы Хуаншер Бурчуладзе ғана ауысады. Қалған министрлер қызметінде қалады.

Ол үкіметтің барлық мүшелерін қалдырғысы келген, бірақ Бурчуладзенің өзі басқа салаға ауысқысы келгендіктен, бұл қызметтен кетті. Оның орнына депутат Ираклий Чикованидің кандидатурасы ұсынылады.

Билік партиясы Кобахидзенің премьер-министр болып тағайындалуын Грузия демократиясы үшін "тарихи сәт" деп атайды. Себебі парламенттік республикаға өткеннен бері алғаш рет парламенттегі адам премьер-министр болып сайланды. Сарапшылар бұл жаңа серпін әкелетініне сенімді.

Бұған дейін премьер-министр болған Ираклий Гарибашвили Грузиядағы парламенттік сайлауға тоғыз ай қалғанда отставкаға кету туралы шешім қабылдап, мұны партиядағы "ішкі демократия" деп түсіндірді. Гарибашвилидің айтуынша, басқарушы ​​команда оған жазға дейін премьер-министр болып қалуды ұсынған, бірақ өзі ертерек кетуді таңдапты. Алайда оппозиция мұнда басқа мүдде бар екенін айтады.

"Бұл – олигархтың партиясы, шешімді де сол ресейлік олигарх қабылдайды. Шахмат тақтасындағы пешкалар сияқты оларды қайта орналастыру ештеңені өзгертпейді", – деді "Лело Грузия үшін" партиясының өкілі Ана Нацвлишвили.

Олар Грузиядағы бұрынғы саясаткер, олигарх Бидзина Иванишвилиді меңзеп тұр. Айтуларынша, бұған дейін премьер-министр де, Кобахидзе де Бидзинаның қолдауымен сайланып отырған тиімді адамдар. Ол Кобахидзенің тәжірибесі, сауаты және қолдаушылары жеткіліксіз болғандықтан, оны басқару одан да жеңіл болатынын айтады.

Заңгер, Тбилиси мемлекеттік университетінің профессоры Кобахидзе Германияның Дюссельдорф университетінде заң ғылымдарының докторы дәрежесін алды. Халықаралық ұйымдарда, соның ішінде БҰҰ даму бағдарламасы мен АҚШ халықаралық даму агенттігінде (USAID) жұмыс істеген.

Кобахидзенің саяси мансабы 2015 жылы "Грузин арманының" жауапты хатшысы қызметінен басталды. 2016 жылы билеуші ​​​​партияның сайлауалды штабы басшысының орынбасары болды. Одан кейін Кобахидзе парламент төрағасы болды. 2019 жылы мыңдаған наразылықтардан кейін қызметінен түсіп қалды да, жай депутат болды. 2021 жылы "Грузин арманының" парламенттік сайлауындағы кезекті жеңісінен кейін қайтадан төраға атанды.

Бұрынғы премьер-министр Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруінен кейін Грузияның Ресейге қарсы санкция салуды көздемейтінін мәлімдеді.

Өткен жылдың желтоқсанында Грузияның ЕО-ға кандидат мәртебесін алғанына қоса, бұрынғы премьер-министр мен оның серіктестері Гарибашвилидің биылғы шілдеде Қытайға сапарын және Қытаймен стратегиялық серіктестік орнатуын маңызды жетістік деп санайды. Бұл қадам батысшыл оппозиция мен сарапшы топтар тарапынан көптеген сұрақ туғызды.

Гарибашвилидің орнына келген Ираклий Кобахидзе де дәл осындай саясатты ұстанатын көрінеді. Биылдың өзінде ол Қытайға барып қайтты. Кобахидзе сапардың мақсаты стратегиялық серіктестікті жүзеге асыруды қамтамасыз ету және Қытаймен экономикалық және саяси қарым-қатынастарды тереңдету екенін айтты.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.