Атырау тұрғыны Нұрлан Отарбаев жер мәселесі шешілмегендіктен жергілікті әкімдікте өзіне бензин шашып, өртеп жібермек болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынған скрин

Оқиға 1 ақпанда болған. Жағдай туралы ер адамның өзі баяндап берді. Айтуынша, ол заңды түрде өзіне тиесілі жер телімін аламын деп бірнеше жылдан бері мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырған. Ол осы әрекеті арқылы "болып жатқан заңсыздыққа" бүкіл елдің назарын аудартқысы келген. 

"Мен үстіме бензин шашып, сіріңке әкелейін деп жатқанда, әкімдікте дүрбелең басталды. Қызметкерлер полиция шақырып, сегіз көлік пен бір топ полицей келді. Әкімдік қызметкерлері орындарынан тұрып, сыртқа жүгіріп шықты. Қала әкімі Шәкір Кейкин келді", – деді Нұрлан.

Оның айтуынша, әкімдіктегілер өзіңді өртегеннен түк шықпайды, мәселең шешіледі деп шығарып салған. 

"Үйге барып, жуынып, демалып болған соң сағат 16.00-де әкімдікке келуімді ұсынды. Келген полиция қызметкерлері мені наркологиялық диспансерге апарады деп ойлаған едім, бірақ олар мені жайбарақат шығарып салды. Олар айтқан уақытта әкімдікке қайта оралып, қала әкімінің кеңсесіне бардым. Онда екі тәртіп сақшысы отыр екен. Кейкін мәселенің шешілетінін, маған қала ішінде тағы бір жер телімін беретінін айтты. Сосын қуанып, әкіммен қол алысып, үйге жақсы жаңалықпен қайтпақ болдым. Алайда, әкімдіктің есігінен шыққанымда екі сақшы маған жақындап, түсіндірме хат жазу керек деп, қалалық ішкі істер бөліміне алып барды. Онда олар маған хаттама беріп, қол қойған соң кетуге болатынына айтты. Қол қойған соң олар менің ұсталғанымды ресми түрде хабарлап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Келесі күні таңертең мені бұзақылық үшін соттап, 51 мың теңге айыппұл салды. Әкімдікте де, қалалық бөлімде де алданғанымды түсіндім. Түрмеде түнеп, Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге итермелеу") бойынша жауапқа тартылдым", — деді Отарбаев. 

Атырау қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев әкімдікте болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"1 ақпан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 11:45-те Атырау қаласының әкімдігіне азамат Н. Отарбаев келіп, өзіне бензин құйып, өзін өртеп жіберемін деп қорқытты. Осылайша ол жер мәселесінің шешілмеуіне наразылық білдірді. Осы аталған себептермен азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Келесі кезекте, жиналған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді. Жоғарыда аталған сот органының қаулысымен азамат Н. Отарбаевқа айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды", — деді полиция департаменті бастығының орынбасары.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.