"Ботаника" пәні бойынша ОҚУ-Әдістемелік кешен


Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар



жүктеу 1.19 Mb.
бет4/8
Дата10.03.2018
өлшемі1.19 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1.Жапырақ қандай қызмет атқарады?

2.Жапырақтың сабаққа бекіну типтерін атаңыз.

3.Дорсовентральды және изолотеральды жапырақтардың анатомиялық құрылысында қандай ерекшеліктер бар?

Қолданылатын әдебиеттер: Әметов.Ә.Ә. Ботаника. Алматы. 2000 ж.

Н.М.Мухитдинов, Ә.Б.Бегенов, С.С.Айдосова. Ботаника. Өсімдіктер морфологиясы және анатомиясы. Алматы. 2001ж.


Блок 4 Өсімдіктің генеративті- мүшелері

Дәріс 8. Өсімдіктердің көбеюі.

Дәріс жоспары:

1.Вегетативтік жолмен көбею.

2.Жыныссыз көбею.

3.Жынысты көбею.



Вегетативтік жолмен көбею.

Көбею – тірі организімнің жеке санының артуы, өзінен кейін ұрпақ қалдырып, түрдің сақталып, табиғатта таралуын қамтамасыз ету қасиеті. Көбеюдің үш түрін ажыратады. Олар: жынысты көбею, жыныссыз көбею, вегетативті көбею.



Вегетативтік көбею деп вегетативтік денеден тіршілікке қабілетті бөліктер бөліну арқылы түрдің жеке санының артуын айтамыз. Вегетативтік көбею алуан түрлі және өсімдіктердің барлық топтарында кең таралған. Бір жасушалы балдырлар мен бактерияларда вегетативтік көбею жасушаларының екіге бөлінуі арқылы жүзеге асады. Колониалды балдырларда, олардың жасушаларының вегетативті көбеюінен жас колониялар пайда болады. Көп жасушалы балдырларда вегетативтік көбею, олардың талломдарының кездейсоқ бөліктерге бөлінуі арқылы жүреді. Жіпшелі көк-жасыл балдырлардың кейбір түрлері (носток, анабена) гетероцисталары арқылы көп жасушалы гормогонияларға бөлінеді. Көбеюдің мұндай қарапайым тәсілі тек төменгі сатыдағыларға ғана емес, суда тіршілік ететін кейбір гүлді өсімдіктерге де (сужапырақ, мүйіз жапырақ, егеушөп) тән. Осылай көбею нәтижесінде XIX ғасырда Еуропаға енген Канада сужапырағы су қоймаларында кең таралғандықтан, жергілікті тұрғындар «су чумасы» деп атаған. Саңырауқұлақтарда вегетативтік көбеюдің қарапайым жолы — мицелийдің жеке учаскелерге бөлінуі, бүршіктенуі (ашытқылар) арқылы жүрсе, арнаулы маманданған түрі кондиилер, оидийлер және хламидоспоралар арқылы жүзеге асады. Оидийлер мен хламидоспоралардың пайда болуы көбеюдің вегетативтік жолынан жыныссыз жолында өтпелі түрі ретінде қарастырылады. Қыналар, денесінің арнаулы бөліктері — соредийлері, кейде сирек изидийлері, ал бауыр мүктері өнімтал бүршіктері арқылы көбейеді. Өсімдіктердің вегетативтік көбеюі оның регенерациялық қабілетіне негізделген. Регенерация (латынша «регенерацио» — жандану, қалпына келу) — өсімдік денесінде жетіспейтін мүшелердің немесе тұтас өсімдіктің өсімдік денесінің жеке бөліктерінен, тіпті жеке вегетативті жасушасынан қайта қалпына келуі. Көптеген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде өсімдіктердің регенарация қабілетінің өте жоғары болатынын байқаған. Мысалы, жасаңшөп жапырақ эпидермасының бір жасушасынан тұтас өсімдік, сол сияқты көптеген өсімдік топтарының гүл табанынан, гүл желегінен, аталығынан тұтас өсімдіктер өсірілетіні белгілі. Вегетативтік көбею табиғатта өздігінен жүретін табиғи және адамның қатынасуымен жүзеге асатын — жасанды деп екіге бөледі. Бұл екеуінің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Өйткені табиғи вегетативтік көбею өсімдіктердің регенерациялық қасиетіне, ал екіншісі түрлі әдістерді қолдану арқылы қолдан вегетативтік көбейтуге негізделген. Жоғары сатыдағы сабақты-жапырақты өсімдіктер тамыр атпалары, тамыр сабақтары, мұртшалар, желілері (көген сабақтары), түйнектері, столондары, жуашықтары, өнімтал бүршіктері арқылы табиғи вегетативтік жолмен көбейеді. Көптеген сүректі өсімдіктер және біраз шөптесін өсімдіктердің кейбіреуі тамыр атпалары (тамырдың эндогенді қосалқы бүршіктерінен өскен жас өркеңдер) арқылы көбейеді. Эндогенді бүршіктер жанама тамырлар сияқты жетіледі. Қосалқы бүршіктерден өсіп шыққан жас өркендер көбейіп, тез тарайды. Мәдени түрінде мұндай өсімдіктер тамыр атпа­лары арқылы көбейтіледі. Тамыр атпалары арқылы көптеген сүйекті жемістер — қара өрік, шие, алма, сол сияқты терек, тал, көк терек, қандағаш, жөке, ақ қараған, серігүл, сиыр бүлдірген көбейеді. Шөптесін өсімдіктерден — сүттіген, шырмауық, бақбақ, желкек, қалуен т.б. Тамыр сабақтары арқылы көбею негізінен көп жылдық шөптесін өсімдіктерге тән. Тамырсабақты өсімдіктерге: жыланқияқ, папоротник, селеу, қамыс, қоңырбас, кияқ, жатаған бидайық, адыраспан т.б. өсімдіктер жатады. Бұлардың жер астындағы өркендерінің буыны және буын аралықтары бар. Буындағы бүршіктерден жас өркендер өсіп, вегетативтік көбеюді қамтамасыз етеді. Қысқарған тамырсабақтарда бүршіктер жиі орналасады да, олардың жер бетіңдегі өркендері де жиі шоқтанып жатады, ұзарған тамырсабақтарда бүршіктер сирек орналасады, сондықтан олардың жер бетіңдегі өркендері де сирек. Ұзарған тамырсабақты өсімдіктер жан-жаққа тарамданып, тез арада жайылып өседі. Көптеген жатаған өсімдіктер мұртшалары арқылы, ал төселмелі сабақты өсімдіктер желілері арқылы көбейеді. Жатаған өсімдіктерге ақ бас беде, қой бүлдірген, қазтабан, жатаған, сарғалдақ, тас бүлдірген т.б. Вегетативтік көбею қызметін атқаратын түйнектер — тамыр мен өркеннің түр өзгерістері. Түйнектердің өзі жер бетіңдегі түйнектер және жер астындағы түйнектер болып бөлінеді. Бұлардың бет жағындағы орналасқан бүршіктерден (көзше) жас өркендер өсіп шығады. Түйнектері арқылы жер алмұрты, цикламен, альпі қоғажайы, нарғызгүл, кольраби орамжапырағы және т.б. өсімдіктер көбейеді. Өнімтал бүршіктер — кейбір папоротниктерде, мүк тәрізділер мен гүлді өсімдіктерде вегетативтік көбею қызметін атқаратын арнайы мүше. Өсімдіктерде олардың мөлшері тым көп болғандықтан, тұқым сияқты шашылып, қолайлы ортаға түссе, тез өсе бастайды. Мысалы, жасан шөптер тұқымдасына жататын бөлме өсімдігі бриофиллюмның жапырақ жиегіндегі тісшелерінің арасында (ойыс жерінде) қосалқы бөлшектер бар. Бұл бүршіктерден 2—3 жапырағы, 1—2 қосалқы тамыршасы бар кішкентай өсімдіктер пайда болды да, жапырақтан түскен жерінен қаулап өсе бас­тайды. Осы сияқты өнімтал бүршіктер кейбір шықшылдықтар жапырағына, папоротниктер жапырақ жиегіне, жүйкелеріне тән. Кейбір өсімдіктерде өрімтал бүршіктер түрі өзгеріп жуашық (тісшөпте) немесе түйнекше (мықыр таспада) түрінде кездеседі. Табиғи вегетативтік көбеюді адам өз мақсатына пайдаланып, вегетативтік көбейту жолымен мәдени өсімдіктерді өсіреді. Қолдан вегетативтік көбейту. Қолдан вегетативтік көбейту ерте заманнан қолданылып келе жатқан әдіс. Қолдан вегетативтік көбейтудің бірнеше жолы бар. Соның бірі — телу әдісі. Телу дегеніміз бір өсімдіктің бүршікті бөлігін екінші өсімдіктің денесіне ұластыру. Телуді кейде трансплантация деп те атайды. Өз тамырыңда өсіп тұрған өсімдікті телітуші (под­вой) деп, ал оған әкеліп ұластырылатын бүршігі бар бөлікті телінуші деп атайды. Телу үшін өсімдіктер таңдап алынады да бірнеше мынадай талаптар орыңдалуы қажет: телінушінің өткен жылдары жаппай гүлдеп, мол жеміс берген, ауруға шалдықпаған сау бұтақтары алынады, телітушінің тамыр жүйесі жақсы жетілуі, телінушіден шыққан өркендерді қоректі затпен қамтамасыз ете алатындай қуатты болуы керек; ауруға шыдамды, ортаның қолайсыз әсеріне төтеп берерліктей болуы қажет. Осындай шарттар орындалғаңда ғана жақсы нәтижеге жетуге болады, Мысалы, жеміс-жидекті өсімдіктерден жүзімді алайық. Оның аса қауіпті ауруы — филлоксера. Жүзімнің өнімін төмендетіп жіберетін осы дерт. Ғалымдар мәдени жүзімнің сорттарын жабайы жүзімге телу арқылы бұл аурудан құтқарды. Өйткені жабайы жүзім тамыры филлоксера ауруына төтеп бере алады. Сол сияқты раушан гүлін итмұрынға теліп телітушінің хош иісті, әсем гүлдерін алуға бола­ды. Осы қасиеттеріне бола негізінде ғалымдар лимон, манда­рин, алхоры, алманың мәдени сорттарын өзді-өзінің жабайы түріне теліп олардың жаңа сорттарын алды. Компоненттер бір-біріне тез ұласуы үшін телінуші мен телітушінің түзуші ұлпасы — камбий, тағы басқа аттас ұлпалары бір-бірімен сәйкес келуі қажет. Компоненттердің арасындағы енген жасушалардан пайда болған қабат біртіндеп айналасындағы тірі жасушаларға сіңіп кетуі, телінетін екі өсімдік жүйелілік тегі жағынан бір-біріне жақын болуы керек. Алшақ болса, оңайлықпен теліне қоймайды және күткен нәтижені бермейді. Мысалы, екі тұқымдасқа жататын өсімдіктерге қарағанда бір туыстың екі түрі өзара тез ұласады.

Жыныссыз көбею. Жыныссыз көбеюде жаңа организім жыныс тұрғысынан жетіле қоймаған бір клетканың өзінен жетіледі.

Жыныссыз көбею спорлар немесе зооспоралар арқылы жүзеге асады. Спораладың қатты қабықшасы болады және олар желмен таралады. Зооспоралардың қатты қабықшасы болмайды және талшықтарының көмегімен қозғалады. Олар жыныссыз көбею органы болып табылады және спорангилердің немесе зооспорангилердің ішінде жетіледі. Төменгі сатыдағы өсімдіктерде олар бір жасушалы, ал жоғары сатыдағы өсімдіктерде олар көп жасушалы орган болып келеді.



Жынысты көбею.

Жыныстық көбеюдің мәні өсімдікте арнайы маманданған жасушаладың – гаметалардың түзілуімен , олардың екеуінің жұптасып қосылуымен /капуляция/ және зиготаның түзілуімен , одан жаңа өсімдіктің пайда болуымен байланысты. Гамета дегеніміз ядросында хросмосомаладың саны гаплоидты болатын жыныстық жасуша. Өзара қосылатын гаметалардың бір-бірінен құрылысы жағынан, физиологиясы жағынан, яғни жыоныстық және тұқымқуалаушылық қасиеттері жағынан айырмашылықтары болады. Соған байланысты: изогамия, гетерогамия, оогамия деп бөлінеді. Егер қосылатын гаметалар формасы, мөлшері және қозғыштығы жағынан бірдей болса, онда оларды изогаметалар, ал жыныстық процесті изогамиялық деп атайды. Егер гаметалардың формасы бірдей болса, бірақ аналық гаметаның мөлшері аталыққа қарағанда біршама үлкендеу және баяу қозғалатын болса, ондай гаметаларды гетерогаметалар, ал жыныстық процесті гетерогамиялық деп атайды. Оогамиялық жыныс процессінде аналық гамета үлкен шар тәрізді, қозғалмайтын, ал аталығы өте ұсақ және қозғалғыш болып келеді. Гаметалар гаметангиялар деп аталатын органдарда жетіледі. Аталық гаметалары антеридилерде, аналық гаметалары төменгі сатыдағы өсімдіктерді оогонилерде ал жоғары сатыдағы өсімдіктерде архегонилерде жетіледі. Өчсімдіктердің өмірлік циклінде жыныссыз және жыныстық жолдармен көбеюі кезектесіп келіп отырады. Көбею кезіндегі ядролық фазаларының алмасуына талдау жасаудың негізінде мынадай жағдай дәлелденді. Спорфит дегеніміз хромосомдар саны жұп болып келетін жасушалардан тұратын жыныстық споралады және олар түзілетін спорангилерді беретін особьты айтады.Жыныстық көбеюге арналған споралар түзілгенде мейоз процессі жүреді, сондықтан да олар барлық уақытта гаплоидты. Жыныстық көбеюге арналған споралардан гаметофиттер жетіледі. Ал оларда жыныстық жасушалады беретін көбею органдары пайда болады. Гаметофиттің барлық жасушалары, оның ішінде гаметалары да гаплоидты. Жыныстық процестің нәтижесінде зигота түзіледі. Ұрпақ аусу және ядро фазаларының алмасуы туралы түсінік. Тұқым арқылы көбею.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1.Телу дегеніміз не?

2.Гаметофит дегеніміз не?

3.Спорофит дегеніміз не?

Қолданылатын әдебиеттер: Әметов.Ә.Ә. Ботаника. Алматы. 2000 ж.

Н.М.Мухитдинов, Ә.Б.Бегенов, С.С.Айдосова. Ботаника. Өсімдіктер морфологиясы және анатомиясы. Алматы. 2001ж.













Дәріс 9. Өсімдіктің генеративті органдары.

Дәріс жоспары:

1.Гүл.


2.Андроцей.

3.Геницей.

5.Гүлшоғыр.

4. Жеміс, классификациясы, жемістер мен тұқымдардың таралуы.



Гүл. Гүл — жабық тұқымды өсімдіктердегі қысқарған, бұтақтанбайтын, түрі өзгерген, өсуі шектелген, көбеюге қажетті жыныс мүшелері бар споралы өркен Ботаниктердің көпшілігі, жақтайтын стробилярлы теория бойынша гүл эволюция барысында ашық тұқымдылардың стробиліне ұқсас мүшеден пайда болған. Гүл өркеннің апикальдық және қолтық меристемасынан пай­да болады, сөйтіп арнаулы репродуктивті мүшелер құрайды да, өсімдіктің жынысты жолымен көбею қызметін атқарады. Гүлде спорогенез, гаметогенез және жыныс процесі өтеді.

Тозаңданып, ұрықтанғаннан кейін гүл жеміске, ал тұқым бүрі тұқымға айналады. Гүлсіз жемістің пайда болуы мүмкін емес, ол әр уақытта гүлден пайда болады.

Гүлдің негізгі бөліктеріне – гүл жапырағы, гүл жапырақшасы, гүл сағағы, гүл кіңдігі немесе гүл табаны, гүл серігі және жыныс мүшелері жатады. Гүл шығатын буында орналасып, оны қолайсыз жағдайдан қорғап, жауып тұратын жапырақты гүл жапырақ немесе жабын жапырақ деп атайды. Бұл әдетте біреу ғана кейде бірнеше болуы мүмкін .

Гүлдің негізгі бөліктері орналасатын сағақтың ұшы гүл кіндігі немесе гүл табаны деп аталады; бұл өсімдік түріне қарай жалпақ та, ойыс та және дөңес те болып кездесе береді. Гүл кіндігі мен гүл шығатын буынға дейінгі сабақ бөлігін гүл сағағы дейді. Гүл сағағы барлары — сағақты гүл, сағағы жоқтары — сағақсыз немесе қондырмалы гүл.

Өсімдік түрлеріне қарай гүл сағағының бойында кейде дара (дара жарнақтыларда), кейде қос-қостан (қос жарнақтыларда) ұсақ жапырақшалар орналасады, олар гүл жапырақша деп ата­лады. Бұл өсімдіктердің осы екі тобынын негізгі жүйелік белгілерінің бірі болып есептеледі. Өсімдік гүлінің құрылысын симметрия тұрғысынан алғанда әр түрлі. Симметрия — гүл бөлімшелерін ортасынан тең жарып, бойлата тартылған сызықтық екі жағынан оның бөлімшелерінің орналасуы.

 Гүл симметриясын гүл серігіне қарап анықтайды. Егер бір гүлдің қақ ортасынан тең бөлінетіндей үштен артық сызық тартуға болса, ондай гүлді полисимметриялы гүл немесе дұрыс гүл, я болмаса актиноморфты, не радиалды гүл дейді; мысалы, қалампырдың, наурызгүлдің, итмұрынның, қызғалдақтың, алманың және т.б. өсімдіктердің гүлдері осындай. Егер күлте арқылы екі ғана сызық жүргізуге болса, ондай гүлді бисимметриялы гүл дейді. Мысалы, бұған қапустаның, серігүлдің және т. б. гүлдері жатады. Егер күлте арқылы бір ғана сызық тартуға келетін болса, ондай гүлді моносимметриялы гүл неме­се бұрыс гүл деп атайды. Мысалы, шегіргүл, бұршақгүлі, тегеурінгүлі, бәрпі және т. б. Егер күлте арқылы бір де сызық жүргізуге келмейтін бол­са, ондай гүлді ассиметриялы гүл немесе симметриясыз гүл дейді. Мысалы, канна, валериана және т.б. гүлдері. Гүл кіндігіне орналасқан тостағанша мен күлтені гүл серігі дейді.

Егер бір гүлдің құрамыңда аналығы мен аталығы бірдей кездесетін болса, оны қос жынысты гүл, ал гүлде не аналығы не аталығы ғана кездессе, оны дара жынысты гүл дейді. Тек аталығы ғана болатын гүл аталық гүл, ал тек аналығы ғана бар гүл аналық гүл. Бір өсімдік данасының бір жерінде аналық гүлі, екінші жеріңде аталық гүлі өссе, бір үйлі өсімдік (жүгері, қияқтың кейбір түрі, кайың, емен, асқабақ тағы басқалар), ал егер бір өсімдіктің аналық гүлі бір данасында, аталық гүлі екіншісінде өссе екі үйлі өсімдік дейді (тал, бәйтерек, көк терек, жаңғақ, сора, қымыздық т. б.). Көптеген өсімдіктерде қос жынысты гүлдер мен дара жынысты гүлдер де кездеседі. Мұндай өсімдіктерді көп үйлі немесе көп некелі (полигамды) өсімдік деп атайды (үйеңкі, қарамықтар және т. б.).

Гүл бөліктерінің орналасуы. Көптеген өсімдіктердің гүл бөліктері шеңберленіп орналасады. Әсіресе кең тарағандары 4-5 шеңбер құратындар. Бұларды пентациклді (грекше «пента» - бес) және тетрациклді (грекше «тетра» - төрт) гүлдер деп атайды. Пентациклді гүлдер лалагүлділер, амариллис, калампыр, қазтамақ тұқымдастарына тән; ал тетрациклді гүлдер жыланқияқтар, орхидейлер, қаражемістер, бересклеттер, сабынкөктер, ерінгүлділер тұқымдастарына тән. Әр шеңберінде гүл бөліктерінің саны әр түрлі болуы мүмкін. Дара жарнақтыларда үш бөліктен, ал қос жарнақтыларда бес бөліктен, сирек төрт бөліктен (крестгүлділерде, көкнәр тұқымдасында) тұратын гүлдер кездеседі. Мысалы, көп аналықтыларда (мангнолия, сарғалдақтар) гүл бөліктері серіппе тәрізді орналаса­ды. Мұндай жағдайда, әдетте, гүл серіктерінің жапырақшалары, аталықтары мен аналықтары өте көп болып келеді. Осыған бай­ланысты серіппе тәрізді (ациклді) және циклді, гемициклді гүлдер деп ажыратады. Соңғысында гүл серіктері циклді, аталықтары мен аналықтары серіппе тәрізді орналасады (сарғалдақ) немесе тостағаншасы серіппе тәрізді, ал гүлдің қалған бөліктері циклді (итмұрын). Осыған байланысты төмеңдегідей эволюциялық бағыт белгіленген: ациклді гүл бес бөлімді полициклді бес бөлімді пентациклді бес бөлімді тетрациклді; ациклді гүл үш бөлімді полициклді, үш бөлімді пентациклді, үш бөлімді тетрациклді гүл. Сонымен серіппеліден циклді гүлге өту біртіндеп жүреді, тіпті сол циклді гүлдердің өзінде тығыздалған серіппені байқауға болады.

Адроцей. 

Гүлдегі аталықтар жиынтығын андроцей деп атайды. Гүлдегі аталықтардың саны әр түрлі, бірден жүзге дейін жетуі мүмкін. Дегенмен көптеген өсімдіктерде олардың саны онша көп болмайды. Мысалы, құртқашаштарда - 3, күрделігүлдерде - 5, лалагүлдерде - 6, бұршақ тұқымдастарында - 10. Аталығы (бөдене шөп, тал) екеу, тіпті біреу ғана болатын өсімдіктер белгілі. Әдетте өсімдіктердің белгілі бір туысында гүлдің аталық саны тұрақты.   

Аталықтың негізгі екі бөлігі бар: аталық жіпшесі және тозаңқап. Тозаңқап әрбір аталықта екі-екіден болып, өзара бір-бірімен дәнекер арқылы байланысып жатады. Тозаңқаптың әрбір бөлігі ұзынынан тағы да екіге бөлінеді, мұның әрқайсысы тозаң ұясы деп аталады. Тозаң ұясында микроспоралар (тозаң) жетіледі. Кейде аталық жіпшелері ұзын, гүл қоршауынан шығып тұрады, кейде өте қысқа болады (картоп). Сол сияқты олардың пішіндері де цилиндр, таспа тәрізді және т. б. ұқсас келеді. Жабық тұқымдылардың ашық тұқымдылардан айырмашылығы олардағы микроспорофиллдері — аталықтар, ал микроспорангийлері тозаң ұялары деп аталады.

Тозаңның жетілуі. Микроспоралардың пайда болуы микроспорогенез делінеді. Бұл аталық тозаңқабының тозаң ұясында — микроспорангийлерде жүреді.

 Тозаңның сыртын екі қабықша қаптап тұрады. Оның ішкісі — интина өте жұқа үлпек, беті тегіс, серпімді, порасыз негізі целлюлоза заттары сыртқысы — экзина қабырғасы қалың спорополленин (кутинге ұқсас зат) сіңген. Бұл зат экзинада өсімдік түрлері тозаңының әрқайсысына тән мүсінді қалыңдаулар пайда етеді. Экзинада қалыңдамаған учаскелер қалады, ол жерлерде тозаң түтігі өсіп шығу үшін қажетті поралар қалыптасады.

Тозаң ұясында тозаңдар пісіп жетілген кезде тозаңқап кебірсіп, эндотеций шытынап жарылады. Жарылған жерден тозаң сыртқа шашылады. Осыдан соң тозаң қос жынысты гүлдерде өз гүлі аналық аузына және жел, насекомдар т. б. арқылы басқа гүлдер аналығына түседі. Аналыққа келіп түскен тозаң одан бөлінетін тәтгі сұйықтықпен қоректеніп өсе бастайды. Өсу тозаң түтігінің пайда болуымен басталады. Экзина порасы арқылы сыртқа жылжып томпайып шыққан тозаң ци­топлазмасы созылып өсе келе түтікшеге айналады. Тозаң түтігінің өсу барысында тозаң интинасы да созылады, осыдан вегетативті генеративті жасушалардың цитоплазмасы бір бағытқа ығысып жаңа жетіліп келе жатқан тозаң түтігіне қарай жылжиды. Тозаң түтігіне алдымен вегетативті ядро, одан кейін цитоплазмамен қосарласа ілесіп генеративті ядро немесе екі спермия өтеді. Спермиялар — аталық гаметалар.

Вегетатив ядро және екі спермиялы тозаң түтікшесі — жоғары сатыдағы споралы өсімдіктердің аталық гаметофитінің гомологы. Жоғарыдағы құрылымдық сипаттамасына қарағанда жабық тұқымдылардың аталық гаметафитінің тым қарапайымдалғаңдығы анық көрінеді. Жоғары сатыдағы споралыларда аталық гаметофиттің вегетативті денесі көп жасушалы болса, ол жабық тұқымдыларда бір ғана тозаң дәнінен тұрады, ал көп жасушалы антеридий редукцияланған. Папоротник тәрізділердің антеридиінде пайда болатын көптеген сперматозоидтардың орнына жабық тұқымдыларда екі ғана спермий пайда болған. Жабық тұкымдылардың апталық гаметофитіңдегі осы құбылыстың өзі олардың сыртқы орта жағдайындағы шұғыл өзгерістерге, қолайсыз жағдайларға мейлінше бейімділігінің дәлелі іспетті.

Гинецей  

Гинецей деп гүлдегі бір немесе бірнеше аналықты түзетін жеміс жапырақшаларының жиынтығын атайды. Жеміс жапырақшалары құрылысы жағынан вегетативті жапырақтарға ұқсас. Жеміс жапырақшасының кәдімгі вегетативті жапырақ тәрізді сыртқы және ішкі беттерін эпидерма жауып тұрады. Сыртқы эпидермасында кейде устьице болады.

Жеміс жалырақшасының құрылымдық ерекшелігінің бірі — оның жүйкеленуі. Сырттай қарағанда вегетативті жапырақ жүйкеленуіне ұқсас, бірақ оның өзіне тән зандылығы бар. Жеміс жапырақшасы өткізген шоқтарының негізгі қызметі — тұқым бүршіктерін қоректік заттармен қамтамасыз ету. Әрбір тұқым бүршігіне бір өткізгіш шоқтан келеді. Жеміс жапырақшасының мегаспорофилл гомологы — вегетативті жапырақпен ұқсастығы, оның шығу тегінің жапырақ екендігін дәлелдейді. Жеміс жапырақшалары және сол сияқты вегетативті жапырақтар жоғары сатыдағы споралы өсімдіктердің жіктелмеген жапыраққа ұксас вегетативтік мүшелерінен пайда болған. Жеміс жапырақшасы тұқымды әр түрлі қолайсыз жағдайлардан қорғауға (сақтауға) бейімделген редукцияланған мегаспорофилл болып табылады.

Аналықтың құрылысы. Әдетте аналық үш бөлімнен тұрады. Олар: аналық ауызы, аналық мойыны және жатыны. Аналық ауызы — аналықтың ең жоғарғы бөлігі, пішіні бүтін не телімді болып келеді. Телім саны көбіне жатынды түзетін жеміс жапырақшаларының санына сәйкес, кейде жеміс жапырақшаларының санына қарамастан тұтас болады. Аналық ауызы тәтті сұйықтықты бөліп, тозаңды ұстау және қоректендіру қызметін атқарады. Аналық мойыны аналық жатыны мен ауызын байланыстырады. Аналық мойынының саны кейде жатынды түзетін жеміс жапырақшаларының санына сәйкес келеді. Мысалы, алмада және алмұртта жатын бес жеміс жапырақшасынан пайда болған, оның мойыны да бесеу. Ал кейбір өсімдіктерде мұндай сәйкестік бола бермейді. Мысалы, қалампырлар тұқымдасының көптеген өкілдерінде жеміс жапырақшаларының саны бесеу, ал аналық мойын үшеу ғана болады.

Крестгүлділер және ерінгүлділерде жатын екі жеміс жапырақшасынан пайда болған, ал аналық мойыны біреу ғана.

Аналық мойыны кейбір өсімдіктерде қуыс, қайсы бірінде өткізгіш деп аталатын өте борпылдақ паренхимаға толы. Ана­лық; мойынының үш кейпін ажыратады: I) ашық мойын — мұңда аналық мойыны ұзына бойына қуыс (кейбір дара жарнақтыларда); 2) жартылай ашық мойын — мұңда аналық мойынның қуысы секреторлық борпылдақ өткізгіш ұлпамен жабылған; 3) бітеу (жабық) мойын — мұнда аналық мойынның қуысы борпылдақ өткізгіш паренхимаға толы.

Ашық және жартылай ашық мойында тозаң түтігі кедергісіз еркін өседі. Бітеу мойындарда аналық ауызында өсуін бастаған тозаң аналық мойыныңдағы өткізгіш паренхиманың жасуша аралықтары арқылы жатынға бағытталады.

Аналық мойынының ұзындығы өсімдіктердің түріне қарай әр түрлі. Кейбір өсімдікте ол қысқа болса, қайсы бірінде мой­ын мүлде болмайды. Бұл жағдайда аналық ауызы қоңдырмалы болады да бірден жатынмен жалғасады. Аналық мойыны мен ауызы жиектері арқылы кіріккен жеміс жапырақшаларының жоғарғы бөлігінен пайда болады.

Жатын - аналықтың аса маңызды бөлігі. Жатынның ішкі бетінде жеміс жапырақшаларының жиегінде тұқым бүршіктері жетіледі. Жатынның тұйық қуысы – тұқым бүршіктерін және онда жүретін процестерді сыртқы ортаның қолыйсыз жағдайларынан қорғайды. Тұқым бүршігі жиектері кірікпеген мегаспорофиллдердің қолтығында ашық жататын жалаңаш тұқымдылардан жабық тұқымдылардың басты айырмашылығы осыңдай. Жалаңаш тұқымдылардағы сияқты, мұнда да ұрықтанудан кейін тұқым бүршігінен тұкым пайда болады.

Гүл бөліктерінің орналасуына қарай жатын: үстіңгі жатын, төменгі жатын және жартылай төменгі жатын деп бөлінеді (8-сурет).

Үстіңгі жатын гүл кіндігіндегі (табанындағы) гүл серігімен кірікпей бос, дара орналасады, оның қабырғалары жеміс жапырақшаларынан ғана пайда болады. Егер осындай аналық жатынның түбіне гүл серігі, аталық сияқты гүлдің қалған бөлімдері орналасса, ондай гүл аналық асты гүлі деп аталады.

Төменгі жатын ойыс гүл табанымен, гүл серігі және аталықтардың негізімен толығынан кірігіп кетеді. Гүл бөліктері жатынның жоғарғы деңгейінде орналасады. Төменгі жатынды гүл аналық үсті гүлі деп аталады.

Егер жатын ойыс құмыра тәрізді гүл табанымен (гипантий) кірікпей орналасса, онда оны ортаңғы жатын деп, ал гүл деңгейлес гүл деп аталады. Гипантий гүл серігі мен аталық жіпшелерінің кірігуінен пайда болады.

Гүлшоғыр. Гүлшоғыр деп гүл шығаратын өркенде белгілі ретпен орналасатын ұсақ гүлдер тобын (жиынтығын) айтады . Гүлшоғырлар сабақтың ұшында дамиды. Өсімдік түріне байланысты бір гүлшоғырда гүлдердің саны екіден бірнеше жүзге дейін жетеді. Кез келген гүлшоғырдың негізгі сабағы, тарамдалған жанама сабақшалары бар. Негізгі сабағының бұтақтануына қарай гүлшоғырлар жай және күрделі болып екі топқа бөлінеді.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет