Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық саны азайып, оңтүстік, батыс аймақтарда және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында  халық саны артып келе жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: кадрдан скрин 

Оның сөзінше, бағдарлама нәтиже бермеді. 

“Оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы біз күткен нәтиже бермегенін мойындауымыз керек. Сенатта қаралып жатқан Көші-қон туралы жаңа заң еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру үшін жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп сенеміз. Сонымен қатар осы бағытта басқа да іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет. Демографиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымның да тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз ету керек. Азаматтарымыздың жан-жақты дамуы үшін сапалы, экологиялық орта қалыптастыру да маңызды іс. Қазіргі кезде еліміздің демографиялық дамуына байланысты осындай мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажет", — деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, өңіраралық ерікті қоныс аударуға жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар және олардың отбасы мүшелері қатысады. "Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері" ұлттық жобасымен Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары қоныс аударушылардың шығу өңірлері болып айқындалды. Ұлттық жоба шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидиялар түрінде мынадай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады: отбасының әрбір мүшесіне көшуге 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем (2022 жылы — 222,6 мың теңге); тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін төлем 1 жыл ішінде ай сайын төленеді. Төлем мөлшері қалаға қоныс аударғандар үшін бір адам үшін 20 АЕК — тен (61,3 мың теңге), отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп адам болса 30 АЕК-ке (91,9 мың теңге) дейін, ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін — бір адам үшін 15 АЕК-тен (45,9 мың теңге) бастап, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болса 21 АЕК-ке дейін (64,3 мың теңге). Ерікті қоныс аударушыларға жұмыс орындары және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады.

Бұған дейін Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған қазақстандықтар үйлердің сапасыз екенін айтып шағымданғанын жазған едік. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.