Бүгін сенат отырысында депутат Нурия Ниязова депутаттық сауал жолдап, балалар үйінде жұмыс істейтін педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеруді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Сенат отырысынан скриншот

Нурия Ниязова былтыр осыған ұқсас депутаттық сауал жолдағанын еске салды. Ол мектеп мұғалімдерімен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оның ішінде орталық жүйке жүйесі органикалық зақымданған, ақыл-ойы мен дене бітім кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысын да көтеруді сұраған еді. Олардың қатарында логопед, психологтар, тәрбиешілер, әдіскер-педагогтер, монтессори мұғалімдері, музыка жетекшілері бар. Үкімет ол кезде мәселені шешу үшін жұмыстар атқарылып жатыр деп жауап берген еді. Алайда содан бері бір жыл өтті, ал мұғалімдердің жалақысы еш көтерілген жоқ.

“Ол тақырып бойынша біздің бұрынғы депутаттық сауалға 2023 жылғы 25 мамырда жауап келді. Алайда балалардың дамуында маңызды рөл атқаратын осы санаттағы қызметкерлердің жалақысы сол деңгейде қалды. Бұл жоғары білікті кадрлардың саладан кетуіне әкеп соғып отыр”, – деді ол.

Сенатор тиісті министрліктер атқарылған жұмыс туралы, оның ішінде азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша жүргізілген зерттеулер туралы ақпарат берсе деп сұрады. 

“Ана мен баланы қорғау саласында жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша бару ұйымдары, жұмыспен қамту орталықтары мамандарының әлеуметтік және материалдық мәртебесін көтеруді "Педагог мәртебесі туралы" ҚР Заңына енгізу жұмыстары туралы да ақпарат қажет”, – деп мәлімдеді Ниязова.

Бұған дейін Қазақстанда медицина қызметкерлері, фармацевт пен педагогтерге қашықтан оқуға тыйым салынатыны хабарланды. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.