Жамбыл облысында 6 баланың анасы жолаушы тасымалымен айналысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24KZ арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: видеодан скрин

Ботагөз Хасенова көлік жүргізуге бала кезден қызыққан. Бұл қызметін жолдасы мен отбасы да қолдаған. Осылайша, келіншек кәсібінен нәсібін тауып жүр. Ботагөз алғаш рет темір тұлпарды 9-сыныпта тізгіндеген. Ауылда ауызсу болмай, тұрғындар көрші ауылға қатынайтын. "Сол кезде тіршілік нәрін тасу үшін мотоцикл рөліне отырдым", – дейді. Содан бастап техникаға деген құштарлығы арта бастаған.

"Бала кезде қызық көретінбіз. Велосипедтен бастадық қой. Одан кейін мотоцикл айдадым. Жигули, Москвич деген автокөліктер болушы еді. Соларды көшеде, осы ауыл арасында айдайтынмын", — дейді Ботагөз Хасенова.

Ботагөз 20 жыл бұрын Бірлесу-Еңбек ауылына келін болып түскен. Бүгінде 6 баланың анасы. Көпбалалы ана жүргізушілікті 4 жыл бұрын кәсіп еткен. Бастапқыда аудан орталығынан азық-түлік алып келсе, одан кейін ауылдастары облыс орталығына жеткізіп салуды өтінген.

"Үлкен қызым 19-ға толды. Студент. Қалада ақылы университетте оқиды. Соған күйеуіме кішкене жәрдемдесейін деп жүрмін, ақшаның артықтығы болмайды ғой. Оның үстіне өзімнің бала кезден арманым – осы машина айдау, көлік жүргізу", — деп атап өтті ол.

Қазір Ботагөздің тұрақты жолаушылары бар. Көбі оны "сенімді жүргізуші", –дейді. Автокөлік айдауға әбден машықтанған келіншек күндіз-түні жолға шығуға жүрексінбейді.

Жүргізушінің жолдасы техникалық жөндеу орталығында жұмыс істейді. Келіншегінің көлігінен кінәрат табылса, қалпына келтіріп қолдау көрсетуге әрдайым дайын.

 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.