Бүгінде шашын өсіріп, тұлым мен айдар қойып жүрген жігіттер жетерлік. Шаш үлгісін өзгерту де ерекшеленудің бір тәсілі болса керек. Этнограф шаш қою мәдениеті туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Евразия” арнасының ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Ашық дерекөзден

3D аниматор дизайнер, Астана қаласының тұрғыны Алпамыс Батқалов та өзгелерден ерекшелену үшін айдар қойып, оны жақсылап өріп алатын көрінеді. Оның айтуынша, әлі күнге дейін оның ерекше шаш үлгісіне таңырқай қарайтындар көп.

“Атамның бұрынғы шаш үлгісін көріп, содан қайталап отырғаным ғой. Бірақ достарымның арасында мұны түсінбейтіндер бар. Кейбірі маған “шайтансың” деп айтады. Бірақ түсінбейтіндерге қарағанда, түсіністік танытатындар көп”, – дейді Алпамыс. 

Этнограф Талғат Омаровтың айтуынша, шашқа айдар қою – түркі әлемінің мәдениеті. Жаугершілік заманда батырларымыз шаштарын буып, тұлым қойған. Алайда уақыт өте бұл шаш үлгісі ұмыт қалған. Десе де ол кезде кез келген адамға бұлай ерекшелену рұқсат етілмеген. Көп жағдайда хан мен бай-манаптардың балалары айдар қоятын болған.

“Біздікілер шаш қою мәдениетін ұмытты. Мысалы, бала кезде маңдайына кекіл, төбесіне айдар қояды. Осы айдар қою мәдениеті Украинда жақсы сақталған. Запарожьенің казактарын көрсеңіз бәрінің басында тұлым мен айдар бар”, – дейді этнограф.

Алайда ер азаматтардың тұлым мен айдар қоюын көбі түсінбейтін сияқты.

“Негізі, өзім ондайды қабылдамаймын. Бірақ қазіргі стиль сондай болып тұрған шығар. Еркекке ондай жараспайды деп ойлаймын”, “Қазіргі жастарға, кішкентай балаларға, жасөспірімдерге жарасады деп ойлаймын”, “Жігіттердің шаштары қысқа болғаны дұрыс. Ол қызға ұқсап кетеді”, “Еліктеушілік деп ойлаймын”, – деген пікірде қазақстандықтар. 

Айдардан бөлек қазіргі жастар түрлі шаш үлгісін қоятын болған. Бірі ұзын қылып өсіріп, түрлі түске бояса, енді бірі шашын жайып жүреді. Бұған психолог маман уақытша құбылыс деп баға берді.

“Әлемде көптеген трендтер пайда болып жатыр. Батыстың, кәрістің әртістері мен әншілері тағы бар. Көптеген балалар оларды кумир көреді, оларға еліктеуі мүмкін. Сол себепті оны бұрыс деп айта алмаймын. Бұл адамның ішкі қалауы”, – дейді Әлия Нүкенова.

Бұрындары батыр бабаларымыздың шаштары ұзын болған. Көбі айдар қойып, оны өрген. Ол заманда екінің біріне мұндай үлгімен жүру рұқсат етілмеген. Яғни, деңгейі, тұрмысы соған сай болуы тиіс болған. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.