Жетім қалған егіз жасөспірімді бауырына басқан алматылық ерлі-зайыптының бұл қадамы дәл қазір қазнетте қызу талқылануда. 17 жастағы Богдан мен Даниилдың бала кезде әкесі қайтыс болса, былтыр аяқ астынан анасы өмірден озыпты. Барар жері қалмаған қос жеткіншекті Бақытжан мен Арзыгүл Әбдірахмановтар асырап алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

Ата-анасынан айырылған Богдан мен Даниил Сартаковтардың жуырда жаңа отбасындағы алғашқы туған күні өтіпті. Дәл сол қуанышты сәттің видеосын желіге жүктеген Арзыгүл Әбдірахманованың бейнежазбасы бірден елдің назарына ілігіп, аздаған уақыт ішінде екі миллионнан астам қаралым жинаған.

"Біз дәл сол видеоның бірден талқыға түсіп, қаншама миллион қаралым жинайды деп ойлаған жоқпыз. Мен "шок" болдым, қаншама адам жылы сөздер жазып, олардың пікірлерін оқығанда шыны керек қатты жылағым келді. Біздің үйдегі бірінші туған күні болғаннан кейін дұрыстап, әдемілеп өткізейік дедік. Біз тек қана олардың туған күнін емес, өзіміздің балалардың да туған күнін дәл солай өткіземіз. Түнгі 12-де видеоға түсіріп, желіге салғанбыз ғой. Соншалықты миллион қаралым жинайды деп ешкім ойламады", – дейді жетім балаларды асырап алған ерлі-зайыпты.

Әлеуметтік желіде талқыға түскен видеоның авторы Арзыгүл Әбдірахманова бауырына басқан қос жеткіншектің тағдырын бүкпесіз баяндап берді. 

"Богдан мен Даниил менің екінші ұлым – Самиржанмен бір сыныпта оқыған, яғни сыныптасы. Бізде ата-аналардың WhatsApp чаты бар. Бір күні сол чатта осы егіз баланың анасы қайтыс болғаны туралы суық хабарды естідік. Бұлардың Алматыда ешкімі жоқ, туыстарының бәрі Ресейде тұрады екен. Сол сәтте біз ата-аналармен бірігіп мүмкіндігімізше тез арада ақша жинап, анасын өздерінің дәртүрімен жерледік.  Ал әкесі Богдан мен Даниилдың кішкентай кезінде өмірден озған екен", – дейді Арзыгүл Әбдірахманова.

Алғашқыда ағайындылардың анасы қайтыс болған сәтте оларды балалар үйіне тапсырған екен. Кейін Бақытжан мен Арзыгүл қос жеткіншекті өздерінің қамқорлығына алуды құп көреді. Оған өзіндік себеп те бар көрінеді.  

"Негізі біз Богдан мен Даниилды бұрыннан танимыз. Екінші баламмен жақсы дос. Кіші ұлым да олармен жақсы дос екенін айтып, бізге ұсыныс тастады. Мен олардың біздің үйде тұруына қарсы болмадым. Содан кейін бұл жағдайды күйеуіме айтып едім, ол да бірден бізді қолдады. "Егер ешкімі жоқ болса, өзімізге алайық" деді. Содан кейін құжаттарын заңды түрде рәсімдеп, қамқоршылық әрі қорғаншылық мақсатта өзіміздің тәрбиемізге алдық. Мемлекет екі балаға 68 000 теңге төлейді", – дейді егіз жөспірімді бауырына басқан ана.

Ал жаңа отбасының мүшесі атанған ағайынды Богдан мен Даниилдың қиын кезде өздеріне қолдау көрсетіп, қамқорлығына алған жанұяға айтар алғысы шексіз. 

"Бұл кісілер тамаша әрі жақсы отбасы. Өте мейірімді жандар екенін айтқым келеді. Біз алғашқыда біраз ойландық. Одан кейін осы үйге келуге шешім қабылдадық, себебі  біздің барар жеріміз болмады. Тамаша адамдар. Түсінігі мол әрі еңбекқор жандар. Бізге осылай көмек көрсеткені үшін ол кісілерге шексіз ризамыз. Көп рақмет! Бұл отбасының кіші ұлы Самиржан біздің сыныптасымыз. Біз онымен бұрыннан бірге оқимыз. Біз бұл кісілердің үйіне көмектесетінбіз, бірге талай қыдырғанбыз", –дейді ағайынды Богдан мен Даниил. 

Егіз жеткіншек бүгінде колледжде білім алып жүр, екеуі де грантта оқиды екен. Ал Богдан мен Даниилды бауырына басқан ерлі-зайыпты олардың келешегінен зор үміт күтетінін айтады. 

"Менің арманым – Богдан мен Даниил болашақта отбасын құрып, оларға жақсы жардың жолыққаны. Олардың өмірінде барлығы жақсы болғанын қалаймын. Өйткені олардың тағдыры өте ауыр. Қазір заман қиын. Дұрыс жүріп, жаман нәрсеге ұрынбаса екен. Тек жақсылық күтеміз. Егер үйленеміз десе, бұйырса тойды да жасаймыз. Ең бастысы денсаулық болсын", –дейді алматылық ерлі-зайыпты.

 Айта кетейік, Бақытжан мен Арзыгүлдің ортақ некесінен екі ұл, бір қызы бар. Жуырда олардың қатарын Богдан мен Даниил толықтырды. Осылайша олар ойда-жоқта бес балалы ата-анаға айналды. Жетім қалған қос жеткіншекті бауырына басқан ерлі-зайыпты алдағы уақытта тағы бір қыз баланы асырап алсақ деп отыр.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.