Түркістан облысы Қазығұрт ауданының мұғалімдері мектепке бұрынғы директордың қайта оралуына қарсылық білдірді. Себебі, білім ошағының 50 жастағы экс-басшысы жас мұғалімдерге қырындап, маза бермейді деп отыр. Соның кесірінен үш педагогтың шаңырағы шайқалып, мектеп медбикесі өзіне қол салды дейді жұрт. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

видеодан скриншот

Қазығұрт ауданы Қызыл ата ауылындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері мен ата-аналары білім ошағын тоғыз жыл басқарған бұрынғы директор қайта оралады деген ақпаратты естіп жандарын қоярға жер таппай жүр. Өйткені, экс-басшы жас мұғалімдерге қырындап, соның кесірінен үш педагог күйеуімен ажырасып, мектеп медбикесі өзіне қол салып қайтыс болды дейді тұрғындар.

“Құтқарыңдаршы деді. 2019-дан бастап мені осылай қорқытып ұстап жүр деді. Қалаға шығасың пәлен жерге келесің, екеуміз сол жерде кездесеміз. Мен бірнеше рет бармаймын деп те айттым. Бармаймын деп айтып едім мынандай суреттеріңді үйіңе жіберем, күйеуіңе жіберем дегеннен кейін қорыққаннан бірнеше рет шыққаным рас. Бірақ, ең соңында берсеңіз бере беріңіз. Не істесеңіз ол істеңіз. Мен енді бармаймын деп ұрыстым деді. Сөйтіп үйге барып, өз-өзіме қол жұмсағым келді деді”, – мектеп мұғалімі Базаркүл Беркінбаева. 

Өзге ұстаздар да бұрынғы басшы кездесуге жиі шақырып, жұмысқа қатысы жоқ тақырыпта смс хат жіберетінін жасырмады.

“Жүр қалаға барайық, шай ішейік саған айтатын әңгімем көп дейді. Сөйтіп мен қалаға бармаймын, шай ішпеймін сіз маған қандай оймен жазып тұрсыз оны дедім. Мен оған келіспедім. Ол тек бір маған емес осы жердегі бірнеше жас мұғалімге жазды деп естігенмін. Сағатыңды көбейтіп беремін деген сияқты жазады екен. Осы жердегі бірнеше жас мұғалімнен естігенмін”, – дейді мектеп мұғалімі.

Қызметкердің қазасынан кейін бас көтерген ауыл тұрғындары білім бөлімінен бастап, полицияға да арыз жазған. Сөйтіп, Есіркеп Жұмабаев моральға қайшы әрекеті үшін жұмыстан босатылған. Жақында ол директорлық қызметке қайта келу үшін білім басқармасын сотқа берген екен. Бірақ судья 50 жасты еңсерген бұрынғы басшысының ұсынысын қанағаттандырмады.

“Оған менің ешқандай кінәм жоқ. 100 пайыз кепілдік беремін. Ондай ешнәрсе болған емес. Барған да емеспін. Мектеп құлау алдындағы апатты мектеп еді. 5 жыл қатарынан ақша бөлгізіп, анда-мұнда жүгіріп оқу базасының бәрін бекіттірдім. Енді біреулерге қажет болған шығар. Менің ол мектепке барғым да жоқ. Көргім де жоқ”, – дейді "Қызыл-ата" орта мектебінің бұрынғы директоры Есіркеп Жұмабаев. 

Мектептің бұрынғы директоры мұғалімдердің айтқандарын жоққа шығарды. Сот шешіміне, ауыл тұрғындарымен келіспеймін деген азамат енді басқа салаға кетуге бел буған.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.