"Westoil Software" ЖШС Маңғыстау облысындағы ереуілге байланысты 50 қызметкерді жұмыстан шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: видеодан скрин

Компания баспасөз қызметінің мәліметінше,  соттың ереуілді заңсыз деп тануына байланысты компания 50 қызметкермен еңбек шартын бұзады. 

"Бүгіннен бастап соттың өндірістік қажеттілікке байланысты ереуілді заңсыз деп тану туралы шешіміне сүйене отырып, 50 қызметкермен еңбек шартын бұзады. Пайда болған бос орындарға біз жұмысқа орналасуға кезекте тұрған азаматтар қатарынан жиын өткіземіз. Бұл ретте жұмысқа қабылдау бос лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес өтетін болады. Бұл тәсіл жұмыспен қамту саласындағы заңнамаға толық сәйкес келеді", — делінген хабарламада.

Сондай-ақ жаңа қызметкерлер қабылданғанға дейін жұмыстан шығарылған қызметкерлер өз жұмыстарына қайта орала алады. 

“Жұмысқа қабылдау жүргізілгенге дейін жұмыстан шығарылған қызметкерлердің келісім комиссиясы арқылы жұмысқа қайта оралу мүмкіндігі бар. Біз біз заңсыз ереуілге қатысушыларды мүмкіндік бар кезде жұмыс орындарына оралған әріптестерінен үлгі алуға шақырамыз. Бұл процесс жоспарлы түрде өтеді. Біз жұмысқа орналасуға жаңа кандидаттардың толық тізімін анықтағаннан кейін, заңсыз ереуілді тоқтатқысы келмеген басқа қызметкерлермен еңбек шарттары бұзылады. Сондай-ақ олардың орындарына іріктеу ұйымдастырылады", — делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында "West Oil Software" ЖШС қызметкерлерінің ереуілі заңсыз деп танылған болатын. Ал компания болып жатқан жағдайға байланысты ұңғымаларда апат қаупі төнгенін мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, бұған дейін West Oil Software мұнай сервистік компаниясы ереуілге қатысты жұмысшылардың басым бөлігі мұны деструктивті элементтердің әсерімен жасап жатыр деп мәлімдеме жасағанын жазған болатынбыз.
 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.