Өңірлердің экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосу, экологиялық жобалар, жергілікті қоғамдастықтарды қолдау, демеушілік пен қайырымдылық – мұның бәрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Өнеркәсіп дәстүрлі түрде ұлттық экономикада жалпы ішкі өнімнің 26,4%-ын құрай отыра, үлкен рөл атқаратындықтан кәсіпорындардың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі өңірлер үшін өте маңызды.

Тау-кен өнеркәсібіндегі корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік (КӘЖ) – бұл компаниялар өз қызметінің барлық аспектісінде мүдделі тараптарға, яғни, қызметкерлерге, акционерлерге, жергілікті қауымдастықтарға және қоршаған ортаға әсер ету жауапкершілігін алу арқылы қоғам мүддесін қарастыратын тұжырымдама. Бұл қоғам денсаулығы мен әл-ауқатын қоса алғанда, тұрақты дамуға жәрдемдесуге бағытталған стратегия.

Соңғы жылдары отандық индустрия саласы жақсы дамуда (ҚР ҰСБ мәліметі бойынша 2023 жылы өнеркәсіп 4,3%-ға, 2022 жылы 1,2%-ға өсті), өнеркәсіптің дамуына тау-кен өнеркәсібі мен өңдеуші секторлар айтарлықтай үлес қосып жатыр. Қазақстанда "Қармет" (көмір және темір рудасы), ERG (түсті металдар), "Қазатомпром" (уран), "Қазақмыс" (мыс және алтын), KazMinerals (мыс және алтын), "Қазмырыш" (түсті металдар және алтын) сияқты бірқатар ірі жергілікті және халықаралық тау-кен компаниясы жұмыс істейді, сондай-ақ орта және шағын тау-кен өндіруші компаниялар "Қаражыра", "Алтыналмас", "Полиметалл" және т.б. бар.

Кәсіпорындардың өндірістік қызметінен қоғамға тиер пайда қандай?

Тау-кен компаниялары қоршаған ортаға әсер ету, қоғамдастықпен қарым-қатынас, тәуекелдер мен қауіпсіздікті басқару, ашықтық пен есеп беруді қоса алғанда, бірқатар КӘЖ мәселесімен бетпе-бет келеді. Тау-кен жұмыстары көбінесе қоршаған ортаға әсер етеді. КӘЖ су тазарту жүйелерін, қалдықтарды қайта өңдеу бағдарламаларын және жерді қалпына келтіру жұмыстарын қоса алғанда, қоршаған ортаға әсерді барынша азайту үшін озық технологияларды енгізу арқылы жерді қалпына келтіруді және қалдықтарды азайтуды талап етеді. Сондай-ақ жергілікті қауымдастықтармен оң қарым-қатынас орнату да маңызды. Бұған жергілікті тұрғындармен кеңесу, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және олардың тұрмыс жағдайын жақсарту кіреді. Қазақстандағы тау-кен компаниялары көбінесе жергілікті қауымдастықты дамытуға, мектеп, аурухана, жолдар және басқа да инфрақұрылымдарды салуға қаржы құяды. Бұл олар орналасқан аймақтардағы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.

Мысалы, өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына қол жеткізу үшін "Қазақмыс" корпорациясы Ұлытау және Қарағанды облыстарының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, өңірлерді дамытудың негізгі бағыттарын айқындады: біріншіден, қалалық инфрақұрылымды қалпына келтіру, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік коммуникацияларды қалпына келтіру, қалалардың тұрғын үй қорын жаңарту және кеңейту, аулаларды, көшелер мен саябақтарды абаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу (тұрғындар үшін қолайлы ортаны жақсарту, оның ішінде орта және мектепке дейінгі білім беру сапасын көтеру, медициналық қамтамасыз ету, өңірлердегі өмір қауіпсіздігінің деңгейі, қосымша мәдениет объектілерін құру, туризм, демалыс және спорт). Тек 2024 жылы корпорация Ұлытау өңірін дамытуға 15,5 млрд теңге бөліп отыр, бұл қаражат дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне, балабақша құрылысына, орталық саябақ пен скверді қайта жаңғыртуға және т.б бағытталған. Ал 2023 жылы компания 30 жобаны жүзеге асыруға 11 млрд теңге бөлді, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталық ғимаратын сатып алу және жөндеу, орта мектепті жөндеу және т.б жобалар бар. Бұл – қомақты инвестицияның барлығы өзі жұмыс істейтін аймақтың тұрақты дамуына мүдделі компанияның ерікті бастамасының бір бөлігі ғана.

Кәсіпорындардан өз қызметкерлері мен мердігерлерін жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан сақтау үшін еңбек қауіпсіздігінің жоғары стандарттарын қадағалау талап етіледі. Сонымен қатар қызметкерлерді оқыту және кәсіби дамыту бағдарламаларына көңіл бөлуі керек.

Экономикалық әсер тұрғысынан алғанда, тау-кен компаниялары жұмыс орындарын құру, салық түсімдерін арттыру және жергілікті жеткізушілер мен мердігерлерден сатып алулар арқылы жергілікті бизнесті дамыту арқылы аймақтық экономикалық дамуға үлес қоса алады, осылайша бизнес пен кәсіпкерлікті ынталандырады. Алтын өндіруші "Алтыналмас" компаниясы Ақмола облысының Степногорск аймағындағы жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өнеркәсіпшілердің қажеттіліктері үшін жергілікті өндірушілерден/фермерлерден азық-түлік өнімдерін сатып алу туралы бастама көтерді. "Алтыналмас" компания кәсіпорындарында ең көп тұтынылатын қажетті тауарлар пулын (өнім желісі) жергілікті жерден сатып алу үшін оффтейк-келісімшарттарға отыруға дайын екенін жеткізді. 

Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік процестері жария түрде жүргізілуі керек, бұл компания қызметі туралы ақпараттың ашық екенін білдіреді, бұл деректер жылдық есеп пен тұрақты даму туралы есептерде көрсетіле отырып айтылуға тиіс.

КӘЖ қағидаттарын енгізу тау-кен өндіруші компанияларға тәуекелді және компания беделіне нұқсан келтірудің алдын алуға ғана емес, сонымен қатар компанияға қоғам тарапынан сенімді арттырып, брендті жақсы қабылдап, қызметкерлердің адалдығын қамтамасыз ету арқылы ұзақ мерзімді табысқа ықпал етеді.

Осылайша ірі компаниялар экономикалық пайдаға кенеліп қана қоймай, сонымен қатар қоғамдағы беделін және мүдделі тараптармен қарым-қатынасын нығайта отырып, әлеуметтік және қоршаған ортаға оң әсер етуге ұмтылады. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.