Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов инвесторларға ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің сөзінше, инвесторлардың, квазимемлекеттік сектордың сатып алу рәсімдерінде отандық тауарлар мен қызметтердің үлесін барынша ұлғайту қажет.

“Отандық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру – біздің негізгі басым міндеттеріміздің бірі. 
Инвесторлар да оны іске асыруға белсенді үлес қоса алады.
Мемлекет инвесторларға айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр.
Олар да өздерінің тарапынан өнімділікті арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жергілікті кадрларды оқыту, тауарлар мен қызметтердің экспортын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша қарсы міндеттемелерді орындауға тиіс”, – деп атап өтті ол.

Үкімет басшысы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы субсидиялау  тәсілдері де өзгертуді қажет ететінін айтты. Себебі қолданыстағы практика шаруаларды озық агротехнология мен инновацияны тартуға ынталандырмайды. Осылайша, бөлінген ақшаның қайтарымы білінбей қалады.

“Жер учаскелерін алу, инфрақұрылым жеткізу рәсімдерінің ұзақ әрі құрылыс нормаларының күрделі болуы – мұның барлығы инвестициялық ахуалға теріс әсерін тигізеді. Мемлекет қолдау шараларына орасан көп қаражат бөліп отырғанымен, жеке капиталды тарту мүлдем жеткіліксіз. Бұл іске отандық банктер мен халықаралық қаржы институттарының қатысуы да мардымсыз. Осыған байланысты қосымша қаржыландыру көздерін тарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау керек”, – деді премьер. 

Бектеновтың пікірінше, мемлекеттік органдар мен даму институттары арасында өзара үйлесімді іс-қимылдың жоқтығынан инвесторлар мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты біле бермейді.

“Инвесторлардың көпшілігі Қазақстан Даму банкі немесе Даму сияқты бірнеше институтты ғана біледі. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың бірыңғай базасы және олардың тиімділігін бағалау жүйесі жоқ. Инвесторларға ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет. Бұл мәселе тым созылып кетті. Әкімшілік рәсімдерге арналған цифрлық қызметтердің болуы инвесторлар үшін маңызды”, – деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Бұған дейін үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов кешегі жер сілкінісіне қатысты баяндама жасап, төтенше жағдайдың алдын алу мүмкін емес екенін айтқан. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.