Ауыл шаруашылығы министрі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл тұрғындарының қалаға көшіп жатқанына қатысты сұраққа жауап беріп, еңбектенген адамға бар жағдай жасалып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Журналист министр бәрін әдемілеп жеткізіп отырғанымен, ауылдағы жағдай шын мәнінде басқа екенін айтты. 

“Ауылға барғанда сіз айтқаннан басқа көріністі көреміз. Мал саны өсіп жатыр дейсіз, ол үлкен фермасы бар азаматтарда артқанымен, қарапайым ауыл тұрғындары қазір мал ұстамайды. Бәрі қалаға көшіп жатыр. Сіз ауыл шаруашылығы басшысы ретінде жауапкершілік сезесіз бе?”, – деп сұрады тілші.

“Ол шаруашылық пен тұрғындардың өзіне байланысты. Мемлекет бар жағдайды жасады. Мемлекеттен қолдау бар, несиелеуге қатысты мәселелер болғаны рас, биыл несие көлемі көлемі ұлғайтылады. Мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесін көріп тұрған жоқпын. Әлсіз дамып жатқан шығар, кей тұстар әлі де жетілдіруді қажет ететін болар, бірақ біз жақсартуға тырысып жатырмыз ғой. Сол себепті бүгін жасырмай қандай мәселе бар екенін атап көрсеттік. Біріншісі – қаржыландыру, несиелеу. Осыны биыл шешсек, ауыл шаруашылығын дамытуды еш мәселе болмайды. Шағын шаруашылықтар туралы айтып жатсыз, олар да әртүрлі. Жұмыс істеп, тырысқан адамда нәтиже көрінеді, еңбектену керек”, – деді министр. 

Журналист “ауыл адамдары үйін тастап, қалаға көшуге мәжбүр болып отыр, осыған жауапкершілік сезесіз бе?” деп нақтылап сұрады. 

“Бұл ауыл шаруашылығына ғана қатысты емес. Оған сумен қамтамасыз ету, жол және тағы басқа мәселелер әсер етеді. Қазір керісінше, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығымен айналысса табысқа кенелуге болатынын халық түсініп жатыр. Мемлекеттен қолдау бар. Ауыл шаруашылығы жақсы дамып жатыр. Түрлі қиындықтар, ауа райы, климат жағдайлары болғанына қарамастан айналысқысы келген адамның қолынан келеді. Былтыр 30 күн жауын-шашын болды, астық жинауда мәселе туындады. Соған қарамастан жұмыс істеп жатыр ғой. Астық сатып алдық, несие бердік, мерзімін бір жылға ұзарттық, осының бәрі қолдау емес пе? “Қазагроқаржы”, “Аграрлық несие корпорациясы, “Азық-түлік корпорациясы” арқылы бәрінің несиесін бір жылға ұзарттық. Үлкен қолдау ғой”, – деп ашуланды министр. 

Брифинг барысында министр жұмыртқа бағасы өспейді деп уәде бергенін жазған едік. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.