Диссертация Ғылыми кеңесші п.ғ. д., проф. Кеңесбаев С. М. PhD докт., Уайдуллақызы Э



бет9/57
Дата02.08.2022
өлшемі1.54 Mb.
#174963
түріДиссертация
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   57
Байланысты:
disser ernar

«Жалпы дамыту жаттығулары арқылы бастауыш сынып оқушыларының өзбетімен орындау дағдыларын дамыту тәжірибесі» атты үшінші тарауда тәжірибелік˗эксперимент жұмысын ұйымдастыру логикасы нақтыланып, жалпы дамыту жаттығулары арқылы бастауыш сынып оқушыларының өзбетімен орындау дағдыларын дамыту кезеңдерінің мазмұны сипатталады, өткізілген тәжірибелік-эксперимент жұмысының қол жеткен нәтижелері жан-жақты талданады.
Қорытындыда зерттеудің негізгі қағидалары, нәтижелері тұжырымдалады, ұсыныстар беріледі, зерттеушілерге арналған зерттеу перспективасы ұсынылады.
Қосымшада зерттеу барысында талданған дидактикалық материалдар беріледі.
    1. ЖАЛПЫ ДАМЫТУ ЖАТТЫҒУЛАРЫ АРҚЫЛЫ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ӨЗБЕТІМЕН ОРЫНДАУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ





      1. Бастауыш сынып оқушыларының өз бетімен орындау дағдыларын қалыптастыруда жалпы дамыту жаттығуларын қолдану мәселесінің ғылыми еңбектерде қарастырылу жайы

Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасында: «Дене шынықтырумен және спортпен» шұғылдану халықты сауықтыру, олардың өзін-өзі танытуы мен дамуының неғұрлым қолжетімді және тиімді тетігі, бейәлеуметтік құбылыстарға қарсы күрес құралы болып табылады. Саламатты ұрпақ қалыптастыру мақсатында спорттық іс-шараларға тең мүмкіндіктер мен тең қолжетімділік арқылы бала жасында бастапқы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қажет» [30], – деп көрсетілген
Қазақстан Республикасының осындай стратегиялық міндеттерінің бастау көзі – бастауыш мектептегі дене шынықтыру сабақтары, ондағы жалпы дамыту жаттығуларының оқушыларға сапалы үйретілуі және өз бетімен орындау дағдыларының қалыптастырылуы. Бастауыш сынып оқушыларының жалпы дамыту жаттығуларын өз бетімен орындау дағдыларын қалыптастыру арқылы дене қуатын жетілдіру, сол арқылы балалардың дене мәдениетін дамыту дегеніміз – бастауыш сынып оқушыларының өмірге қажетті қимыл-қозғалыс шеберліктерін жетілдіру.
Жалпы дамыту жаттығуларын (ЖДЖ) оқушылардың өз бетімен орындау дағдыларын қалыптастыру әдістемесі оқушылардың өмірлік жетістіктерге қол жеткізуінің бастапқы басқыштары болып қалануы керек. ЖДЖ-ны өз бетімен орындауға дағдылануы барысында бастауыш сынып оқушыларының психикасының дене қуатының жетілуі толыққанды қалыптасқан әдістеме негізінде қамтамасыз етілетіні белгілі.
Дене шынықтыру сабақтарында бастауыш сынып оқушыларын ЖДЖ-ны өз бетімен орындауға дағдыландыру үдерісінде әр оқушының жан-жақты физикалық жетілген жеке тұлға деңгейіне өсуіне, әрбір оқушыға жалпы дамыту жаттығуларының құндылықтарын дұрыс пайдалана отырып, өзінің денсаулығын ұзақ жылдарға берік нығайтуға және сақтауына қажетті дағдылар қалыптастырылады.
Ал әрбір оқушы салауатты өмір ережелеріне бастауыш сыныптан бастап бейімделіп, өзінің денсаулығын сақтауға мүдделі болып, ЖДЖ-ны өз бетімен орындауға толыққанды дағдыланса, жалпы қазақстандық қоғамда дене мәдениетінің барлық құралдарын шығармашылықпен пайдалана отырып, салауатты өмір салтын орнатудың тиімді жолдары қаланатыны анық.
Бастауыш сыныптарда жалпы дамыту жаттығулары арқылы өз бетімен орындау дағдыларын дамытудың әдіснамалық негізін айқындауда, теориялық тұғыр жасалуында психологиялық, педагогикалық еңбектерді талдау үлкен тірек болады. Сондықтан оларға жан-жақты шолу жасап, зерттеу
тақырыбымызға қажетті материалдарды іріктеу міндеті қойылады. Осы жүйенің сапалы қалануына қажетті әдістер мен амал-тәсілдердің бүгінгі күнге дейін қандай дәрежеде қолданылғаны және қаншалықты нәтижелерге қол жеткізілгенін анықтау мақсатында, бастауыш сынып оқушыларына дене шынықтыру сабақтары мен нақты жалпы дамыту жаттығуларын оқушыларға меңгерту әдістемесінің даму жолына шолу жасап өту керек болады.
Ерте дәуірдегі дене шынықтыру мәселесін қарастыруға жұмысымызда терең бойламай, бұл мәселенің қазақстандық және шетелдік дене шынықтыру әдістемесі тарихын зерттеген көптеген еңбектерде қарастырылғанын атап өтеміз [31]. Бұл жерде тек ХІХ ғасырдың ортасына қарай Чехияда австриялық басып алушыларға қарсы соколдық патриоттық қозғалыс пайда болғанына және оның маңызы туралы қысқаша тоқталамыз.
«Сокол» қоғамының құрушысы Прага университетінің профессоры Мирослав Тырш (1832-1884) болды. Өзіне дейінгі гимнастиканың барлық жүйелерімен танысқан М.Тырш олардың барлығы Чехия үшін жарамсыз деп санады. Елді ұлттық-азаттық көтеріліске дайындау мақсатымен М.Тырш
«соколдық гимнастика жүйесін» ойлап тапты.
Әрбір жаттығу оны орындаушыға физикалық күш қана емес, эмоциялық көтеріңкі күй сыйлайтындай болуын ойластырған М.Тырш өзі жасаған жаттығуларының негізіне снарядтармен орындайтын және еркін жаттығуларын алды.
Осыларды комбинациялай орындау арқылы жаттығулардың элементтері ретінде пирамида құру, семсерлесу қимылдары, би мен акробатикалық жаттығуларын алды. Ол элементтерді орындауда аяқтың ұшын және саусақтарды алға қарай созу керек және ол жаттығуларды жедел және түп-түзу орындау керектігі көрсетілген болатын.
«Сокол» қоғамдастығы М.Тырш жасап шығарған жаттығулар жүйесін арнайы бағдарлама мен ережелер бойынша үйренуді мақсат тұтты. Соның негізінде гимнастикалық жаттығулар жүйесі және гимнастикалық терминология жүйесі қалыптасты. Ал жаттығуларды орындауға үйрету сабақтары үш кезеңнен құралатыны көрсетілді:

  • дайындық кезеңі, ол сап жаттығуларынан, еркін және жалпы дамыту жаттығуларынан тұрады;

  • негізгі кезең, ол снарядтармен орындалатын жаттығулардан, тіреніп секіруден, ұрыс жаттығуларынан тұрады;

  • қорытынды кезең, ол жүру, жүгіру, ойыннан тұрады [32].

Бұл жаттығулар кеңестік дәуірдегі жалпы дамыту жаттығуларының негізін құрауға алынғанын дене шынықтыру тарихын зерттеген ғалымдар атап өтеді. Қазақстан кеңестік жүйеде болған кезеңдегі деректерді қарастыра отырып, қазіргі бастауыш мектепте ұйымдастырылып өткізілетін дене шынықтыру пәнінің мектептегі педагогикалық үдерістің табиғи бір компоненті ретінде қалыптасу жолын көре аламыз.
Кеңестік дәуірдегі мектептің бастауыш сатысында дене шынықтыру үдерісі баяулап қалыптасты. Деректерде 1923/1924 оқу жылдары Дене
шынықтырудың Жоғары Кеңесі барлық мектептерде дене шынықтыру пәні міндетті пән ретінде енгізгені көрсетілген [33].
Дегенмен, дене шынықтыру пәнінің сапалы деңгейде өткізілуі ондаған жылдарды керек еткені мәлім. Өйткені экономикалық қиындықтар, дене шынықтыруға арналған арнайы спорт залдарының болмауы, жалпы дене шынықтыру пәнінің әдістемесі қалыптаспауы осындай қиындықтарды тудырды. Осы жылдары баланың денесін шынықтыру мәселесіне қатысты түрлі көзқарастар болғанын көреміз.
Бір көзқарас баланың дене тәрбиесі центризміне қатысты болды. Олар баланың дене шынықтыру сабақтарының жайлы, жағымды ойын түрінде өткізілуін қолдады.
Екінші медициналық бағыт бойынша, дене тәрбиесінің негіздері – кондициялық гимнастика. Олардың айтуынша, емдік гимнастиканы мектеп тәжірибесі мен спорт үйірмелерінің жалпы мазмұнына айналдыру керек. Сол арқылы өндірістік ауруларды болдырмай, оқу мен дене тәрбиесінің арасында берік байланыс орнатуға болады.
Ал гигиеналық бағытты ұстанушылар кеңестік дәуірден бұрынғы эксплуатация мен салауатты емес өмір салты жұмысшылар мен олардың балаларының ағзасын әбден әлсіреткендіктен, гимнастикалық және спорт әрекеттері олардың балаларын одан әрі әлсіретіп, денсаулығына тек зиян келтіруі мүмкін деп санаған.
Осы кезеңде қоғамда дене шынықтыруды дамытудың арнайы бір формасы қолға алынған. Ол – Дене тәрбиесінің шығармашылық Комитетінің қимыл- қозғалыс жаттығуларының жаңа жүйесін ұсынуы. Ондағы талап бойынша жаттығулар жүйесінің мазмұнында буржуазиялық жаттығулар, қимыл-қозғалыс элементтері болмауы керек.
Жаттығулардың мазмұнына жұмысшы таптың қимыл-қозғалысына еліктейтін стильге түсірілген қозғалыс түрлері әзірленіп ұсынылды. Атап айтсақ, жаттығу қимыл-қозғалыстары көмір қазу қимылдарын, ағаш кесу қимылдарын, ұсталық т.б. қимылдарын үйрету міндеттелді. Дене шынықтырудың басты мазмұнында гимнастика, спорт, қозғалыс ойындары болды.
1927 жылы дене шынықтыру пәні бойынша бағдарлама жасалынды. Ол кейінгі барлық бағдарламаға негіз ретінде қалаған әдістемелік-нормативтік құжат болды. Мұнда бастауыш мектеп оқушыларына арналған дене шынықтыру сабағы аптасына 3 рет өткізілуі көзделген. Сонымен бірге, осы жылғы бағдарламада бастауыш сыныптағы дене шынықтыру сабағы 6 сериядан тұруы белгіленеді: ретті жаттығулар; дайындық жаттығулары; лақтыру; қарсыласу; секіру; профилактикалық және қиюластырғыш жаттығулар.
Бұл әдістеме ХІХ ғасырдың аяғында дене шынықтыру саласында физиология, биология, психология ғылымдарының жетістіктері қолданыла бастағанда ұсынылған Жорж Деменидің дене шынықтыру сабақтарының сериялық қалпына ұқсас еді. Ж. Демени өзінің кезеңінде қолданылатын гимнастика жүйесін зерттеген және дене шынықтыру сабағындағы
жаттығулардың тым жасанды екендігін анықтап, оны ең үлкен кемшілік деп санаған.
Ж. Деменидің айтуынша, дене шынықтырудың басты мақсаты – күш жинау емес, күшті пайдалана білу. Ер балаларға дене шынықтыру сабақтарында кез келген жағдаятта күшті, епті, икемді, тез және үнемді қимылдай білу дағдыларын үйретуді, ал қыз балаларға ептілік, икемділік, жақсы дене сымбаты, байсалды да байыпты қозғалыспен жүруді, би элементтерін, гимнастикалық құралдармен жаттығулар жасауды үйрету қажет деп санады. Осы мақсатына орай, Ж.Демени 7 жаттығу ұсынды. Олар:

  • жүру;

–жүгіру;

  • секіру;

  • өрмелеу;

  • ауыр құралдарды көтеру және тасу;

  • лақтыру;

  • қорғаныс және шабуыл амал-тәсілдері.

Ж.Демени дене шынықтыру сабақтарындағы жалпы дамыту жаттығуларын бастауыш сынып оқушылары үшін аса маңызды деп санады. Осыған сәйкес, дене шынықтыру сабағының 7 сериясын ұсынды. Олар – сап жаттығулары, барлық дене үшін жаттығулар, турникке асылу және тіреніш жаттығулары, жүгіру және ойындар, дене тұлғасы үшін арнайы жаттығулар, секіру және ойындар, тыныс алу жаттығулары. Осының моделін төмендегі суреттен көруге болады.

Сурет 1 – Ж.Демени жасаған дене шынықтыру сабағының 7 сериясы ЖДЖ жүйесінің, негізінен, еуропалық гимнастикалық жүйелерден, атап


айтқанда, неміс гимнастикалық жүйесі, швед гимнастикалық жүйесі, Шпистің
снарядтық гимнастикасы, Мюллердің тыныс алу гимнастикасы, Сандов атлеттік гимнастикасы, сокольдық гимнастикасынан бастау алатыны белгілі. Соңғы жылдары жалпы дамыту жаттығулары шығыстық элементтермен, атап айтқанда, қытай гимнастикасымен, йога жаттығуларымен толығып келеді. Дене шынықтыру пәні бойынша дидактикалық мұра болып саналатын бұл жүйелерге тоқталу себебіміз – олардың бастауыш сынып оқушыларына ЖДЖ- ны өз бетімен орындауға дағдыландыру үдерісінде негіз болып табылатындығы.
Жалпы дамыту жаттығуларының бастауыш мектепте қолданылуын әдістемелік жүйеге бірізділікпен түсіру жалғасқандығы 1939 оқу жылына арналған оқу жоспарына енгізілген көптеген өзгерістер қатарынан көрінеді. Еңбек және қорғанысқа дайын болу (БГТО және ГТО) және Бірыңғай Бүкілодақтық жіктеме (Единая Всесоюзная классификация) нормативтері енгізіліп, мектеп пен жоғары оқу орындары білім алушыларға дене шынықтыруды сол бағыттағы дайындық есебінде ұйымдастыру көзделді.
ХХ ғасырдың 40-жылдарында кеңестік бастауыш мектептерінде 1-4 сыныптарға арналған дене шынықтыру бағдарламасы бірқатар күрделі емес гимнастикалық жаттығулардан тұратын оқу материалын ұсынды. Олардың қатарында жалпы дамыту жаттығулары, дәстүрлі қозғалыс бала ойындары, шаңғы тебудің қарапайым базалық дағдылары. Сонымен бірге осы жылдардағы дене шынықтыру пәні әскери дайындық негіздерін үйретуге бағытталған болатын. Оның ішінде химиялық қаруға қарсы қорғаныс әдістерін үйрету де дене шынықтыру пәнінің міндетіне енген. 1-4 сыныптарға арналған дене шынықтыру бағдарламасының мазмұны саяси тақырыптардан құралған. Ал осы ғасырдың 50-жылдарынан бастап кеңестік бастауыш мектепке арналған дене шынықтыру бағдарламасы кеңестік спорттың халықаралық жүйедегі беделіне бағытталды.
Соның ішінде 1954/1955 оқу жылына арналған оқу бағдарламасында бастауыш мектепке арналған бағдарламада гимнастика жаттығулары, спорттық жаттығулар, жеңіл атлетика жаттығулары үш салаға бөлініп берілді. 1-4 сыныптар үшін білімдік мақсат «бастауыш сынып оқушыларын гимнастиканың, спорттың, ойындардың негізгі түрлеріне дағдыландыру» деп қойылды. Осы жылғы оқу бағдарламасынан бастап дене шынықтыру жаттығулары біртіндеп бастауыштан негізгі мектепке қарай, жеңілден күрделіге қарай сабақтастықпен оқыту көзделді.
Жалпы дамыту жаттығуларына үлкен көңіл бөлініп, үй тапсырмаларын орындату арқылы оқушылардың өз бетімен орындауға дағдыландыру міндет етілді. 1-2 сыныптарға арналған дене шынықтыру пәнінің оқу материалы гимнастика және ойындардан құралды. Ал 3-4 сыныптарға арналған оқу материалының мазмұны гимнастика, ойын, шаңғы даярлығынан құралды [33].
Оқу бағдарламаларының мазмұны 1960 жылы жаңа мақсат-міндеттермен толықтырылды. «Жеңіл атлетика» саласы дербес бөлініп шығарылып, спортқа дайындайтын ойындар қосылған.
Осы жылғы оқу бағдарламасында балалардың дене тәрбиесі, денсаулығын нығайту міндеттері тек дене шынықтыру сабақтарында ғана емес, дене жаттығуларын өз бетімен орындауға дағдыландырудың және соған лайықталған іріктелінген сабақтан тыс іс-шараларда да жүргізіліп, үздіксіз үдеріс ретінде құрылуымен шешілуі көзделгені айтылған.
Қазақстанда дене шынықтыру мен спорттың дамуында үлкен орын алған қаулы 1967 жылы 11 ақпанда қабылданған болатын. Халық арасында дене шынықтыру мен спортты кең таратуда мектеп оқушыларының орны айқын көрсетілді [34].
Сол жылдардан бастап Тәуелсіз Қазақстан құрылған 1991 жылға дейінгі уақыт аралығында бастауыш сынып оқушыларының дене шынықтыруы туралы мәселе үкіметтік құжаттарда, әдістемелік-нормативтік құжаттарда әрдайым қарастырылып келді. Оқушылардың дене мәдениетінің негізі қалыптасуы және салауатты өмір салтын қалыптастыруы педагогикалық арнайы зерттеулердің нысаны ретінде зерттеліп, дене мәдениеті мен спортты дамыту бағдарламаларының мазмұны жетілдіріліп келді.
Бұл туралы Т.А. Ботағариев былай дейді: «Еліміздегі дене тәрбиесінің жүйесі, оның қалыпты қызмет етуін реттейтін белгілі бір нормативтік құжаттарға, актілерге сүйенеді. Бұл құжаттардың әртүрлі заң күші бар
/қаулылар, заңдар, жарлықтар, нұсқаулар/. Олардың ішінде еліміздің жаңа 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциясының алар орны ерекше /29 бап/. Бұл бапта Қазақстан Республикасының азаматтарының денсаулығын сақтауға құқылы екендігі бекілген. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жыл 24 карашадағы №1593 Қаулысында спортты және дене тәрбиесін нақтылы шаралары белгіленген. Әдістемелік негіздері дене тәрбиесінің заңдылықтарын және оқыту мен тәрбиелеу қағидаларын жүзеге асыру жөніңдегі тиісті ұсыныстарды, сонымен қатар тұрғын халықтың әрбір әлеуметтік тобымен жаттығудың әдістері мен формаларын ұйымдастыруды, құрал жабдықтарды пайдалану жөніндегі ұсыныстарды қамтиды» [35].
Д.С. Алхасовтың бастауыш мектепте дене шынықтыру пәнін оқыту әдістемесіне арналған кітабында былай көрсетеді: «Дене шынықтырудың басты міндеттерін шешудің әдістемелік негіздерін кешенді түрде шешу керек.
Сауықтыру міндеттері: 1. Денсаулықты нығайту, қалыпты физикалық дамуға ықпал ету. 2. Жас ерекшелігіне сай, физикалық қасиеттерінің оңтайлы және гармониялықпен дамуын қамтамасыз ету. 3. Жұмыс қабілетін жоғарылату, гигиеналық дағдыларды сіңдіру.
Білімдік міндеттер: 1. Өмірлік маңызды қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыру және жетілдіру. 2. Дене шынықтыру саласынан қажетті білім қалыптастыру.
Тәрбиелік міндеттер: 1. Оқушының жеке тұлғасының моралдық- адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу. 2. Тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеу. 3.Дене жаттығуларын әрдайым орындауға деген қажеттілігін тәрбиелеу, адамзат жинақтаған құндылықтарға деген қызығушылығын тәрбиелеу» [36].
Осы еңбегінде Д.С. Алхасов оқушылардың қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастырудың үш кезеңін көрсетеді.
Автордың айтуынша, үйренудің алғашқы кезеңінің мақсаты – оқушыларда үйретілетін жаттығулардың қимыл-қозғалысының техникалық негіздерін қалыптастыру. Міндеттері – қозғалыс әрекеті туралы мағыналық және көру арқылы ақпарат беру яғни – әрекеттің бағдарлы негіздері (ӘБН); қимыл- қозғалысты көрсете отырып; негізгі тірек нүктелер (НТТ) туралы ақпарат қалыптастыру; (алғашқы дағды бойынша) жаттығу қимыл-қозғалыстарын жалпылама түрде тұтас орындауына қол жеткізу; жаттығудың қимыл- қозғалысы техникасында болуы мүмкін өңін айналдыруларды болдырмау немесе алдын алу.
Жалпы дамыту жаттығуларының қимыл-қозғалыс техникаларын қалыптастыруда мұғалімнің түсіндіруі, оқушыға қимылды көрсету, көрнекі құралдарды көрсету, оқушыларға жаттығуды алғаш рет орындауы барысында өздерінің бұлшық ет қимыл-қозғалысына талдау жасату; басқалардың орындауына зер салып қарау – барлығы жалпы дамыту жаттығуларын үйрету әдістемелік жүйесіне енгізуге болатын әдістер.
Жаттығуды тереңдете үйрету кезеңінің мақсаты – жаттығуларды толыққанды орындау дағдыларын қалыптастыру. Басты міндеттері – жаттығу барлық негізгі және жанама тірек нүктелерін орындау әрекетін нақтылау; оқушы жаттығуды кеңістікті, уақытты, динамикалық сипатты саналы түрде бақылай отырып, толық орындауына қол жеткізу.
Жаттығуды бекіту және одан әрі жетілдіру кезеңінің мақсаты – қозғалысты үйренгенін оны қажетінше пайдалануға жарату үшін тұрақты дағдыға айналдыру. Басты міндеттері – жаттығудың қимыл-қозғалыстарын орындауды тұрақты және автоматизм деңгейіндегі дағдыға жеткізу; жаттығу қимылдарын орындауды оны өмірлік тәжірибеде қолдану, пайдалану талаптарына (барынша күш салу, жылдамдық, үнемділік, дәлдік, рационалды ырғақ т.б.) сәйкес орындауға жеткізу; нақты практикалық жағдайларға байланысты, қимыл- қозғалысты орындаудың баламалық/вариативтік нұсқасын қамтамасыз ету.
Д.С. Алхасов мектеп жасындағы оқушыларды қимыл-қозғалыстарға үйрету жүйесінің әдістемелік қағидаларын қарастыра келе, мына мәселелерге аса зер салады. Жаттығулардың қимыл-қозғалыстарын игеру дәрежесі орындалған жаттығулардың педагогикалық түсініктемелеріне сәйкес келуін қадағалау керек. Яғни, нақты айтар болсақ:

  • жалпы кескінін көру деңгейінде;

  • алғашқы қимыл-қозғалыс деңгейінде;

  • толыққанды қимыл-қозғалыс деңгейінде;

  • игерілген дағдылы қозғалыс деңгейінде. Осыларға қысқаша тоқталып өтейік.

Ғалымның атап көрсетуінше, жаттығудың жалпы кескінін көру деңгейінде меңгертудің мазмұны – жаттығудың «кескін суретін» көрсететін тұтас орындау техникасының буындарын меңгерту дегенді білдіреді.
Оқушылардың жаттығуды алғашқы қимыл-қозғалыс деңгейінде меңгеруі дегеніміз – жаттығудың сыртқы құрылымын ғана емес, оны орындау техникасының кейбір параметрлерін жақсарту мақсатында бұлшық еттерге көбірек күш түсіре орындауын көрсетуі.
Оқушылардың жаттығуды толыққанды қимыл-қозғалыс деңгейінде меңгеруі дегеніміз – оның техникалық орындау параметрлерін әдеттегі қалыпты/ стандартты жағдайларда орындауы.
Оқушылардың жаттығуды толыққанды игерілген дағдылы қозғалыс деңгейінде меңгеруі дегеніміз – жаттығуды орындау барысында оны бұзатын факторлар туындаса да, оны орындау барысында өзгертуге тура келіп жатса да, негізгі орындалу параметрлеріне сәйкес болуы.
Бастауыш сынып оқушыларының дене тәрбиесі жүйесіндегі жалпы дамыту жаттығуларының әрбірінің өзі шешуі тиіс міндеті бар болатыны белгілі. Ол жаттығулар жүйесінің көмегімен оқушылардың бұлшық-дәнекер аппараты нығайтылып, тұтас ағзасы қуаттана түседі.
Жалпы дамыту жаттығуларының кешенін әзірлеу және оны қолдану әдістемесін ұсына отырып, Архипова Ю.А., Л.А. Онучин: «Жалпы дамыту жаттығулары дене тәрбиесінің кез келген сабағында, оның мақсатына немесе пәндік мазмұнына қарамастан қолданылады. Дене шынықтыру сабағының дайындық кезеңінде ЖДЖ бұлшық еттерді қыздырып алу үшін және адам ағзасын алдағы жұмысқа дайындау үшін қолданылып, сабақтың негізгі кезеңінде белсенді демалыс құралы ретінде қолданылады, ал сабақтың қорытынды кезеңінде орындалған жұмыстан соң жақсы қалпына келу үшін қолданылады және локалды түрде жекелеген бұлшық еттердің нығаюы мен дамуы үшін қолданылады»деп атап өтеді [37].
Әдістемелік құралда бұл көрсетілген топтар өз ішінде кешендерге бөлініп, әр кешенге арналған әдістемелік нұсқау мен көрнекі ақпарат молынан беріледі. Авторлар жалпы дамыту жаттығуларының жүйесін келесідей топтарға бөліп қарастырады:
1. Құралдарды қолданбай орындалатын жалпы дамыту жаттығулары. 2.Салмақты құралдарды қолданып орындалатын жалпы дамыту
жаттығулары.

  1. Жұппен орындалатын жалпы дамыту жаттығулары.

  2. Секіртпемен орындалатын жалпы дамыту жаттығулары.

  3. Доппен орындалатын жалпы дамыту жаттығулары.

  4. Обручпен орындалатын жалпы дамыту жаттығулары.

  5. Гимнастикалық қабырғамен орындалатын жалпы дамыту жаттығулары.

  6. Гимнастикалық таяқтармен орындалатын жалпы дамыту жаттығулары.

  7. Гимнастикалық орындықтарды қолданып орындалатын жалпы дамыту жаттығулары.

Л.С. Алаева өзінің ЖДЖ-ны орындату туралы әдістемелік нұсқауларында жалпы дамыту жаттығуларының табиғаты мен әдістемесіне терең, жан-жақты тоқталған. Оның ішінде ЖДЖ-ның негізгі терминдері, жазу формалары, ЖДЖ кешенін құрау мен жазу, ЖДЖ-ны орындау барысында оқушыларға түсірілетін
жүктеменің ерекшеліктері туралы қарастырады. Сонымен бірге автор ЖДЖ дайындау және өткізу жөнінде ғылыми-әдістемелік тұрғыдан кеңестер ұсынады [38].
Н.Ж. Тульбасиев, М.К. Кекилбеков, Б. Абраимов өздерінің «Дене тәрбиесінің педагогикалық үдерістегі маңыздылығы» мақаласында жаңартылған оқу бағдарламасының мазмұнын талдай келе, «Жаттығулардың орындалуы қозғалыс дайындығының деңгейі туралы мәлімет береді. Дегенмен, бұл бағдарламалар базалық, үлгілік сипатқа ие, сондықтан оларды әрбір педагог жергілікті жағдай мен дәстүрлерге қарай өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, өзгерте алады» [39], – деп көрсетеді.
Дене мәдениеті – жалпыадамзаттық мәдениеттің бір бөлшегі. Сондықтан, ол – ұлттық дене мәдениетінің ертеден келе жатқан сүрлеуі және оны қолданудың маңызы жалпы дамыту жаттығуларының да бастауы. Осы сала бойынша өзінің зерттеуінде Т.Ш. Қуанышев ұлттық ойын түрлерін дене шынықтыру сабақтарында қолдану туралы қарастыра келе, жаттығулардың ерекшеліктеріне арнайы тоқталады [40].
Негізінде, ұлттық ойындар – бастауыш сынып оқушыларына жалпы дамыту жаттығуларын үйретудің және өз бетімен орындауға дағдыландырудың қайнар көзі. Ұлттық ойындардың мәдени қырын дидактикалық тұрғыдан қарастыратын болсақ, ұлттық ойын элементтері күнделікті дене шынықтыру сабақтарына және жалпы дамыту жаттығуларының жүйесіне де молынан енгізілуі керек.
Өйткені ұлттық ойындардың әрбір деталінде ұлттық мәдени құндылық танылып қана қоймайды, олардың әрқайсысында Ұлы Даланың сайын даласында өмір сүріп, қиындығына көнген, ұрпағын сақтаған бабалардың қолтаңбасы да сақталған. Қазақстандағы бастауыш мектеп оқушыларының әрбірінің санасына сіңген, етене таныс ұлттық ойындардың ЖДЖ жүйесіне икемделген детальдерін анықтау, орындалу әдістерін сипаттау, оқушыларға меңгерту – қазақ мәдениетінің, дене мәдениетінің жәдігерлерін сақтаудың жолы.
Бірақ, ең бастысы, Ұлы Далада өмір сүрген бабалардың жаттығу жүйесі ұрпақтың да өміршеңдігіне тірек болуы үшін, күнделікті ЖДЖ жүйесіне ұлттық ойын элементтерін енгізу маңызды болып табылады. Әрине, түптеп келгенде қазіргі қолданылып жүрген жалпы дамыту жаттығуларының шыққан көзі – ұлттық ойындар. Олардың өміршеңдігінің бір себебі – олардың жас ұрпақты интеллектуалдық дамыту құралы болуымен де байланысты.
Осы тұрғыдан қарау арқылы ұлттық ойындардың кумуляциялық, консервативтік болмысынан гөрі прогрессивтік, дамытушы әлеуетті потенциалы қуатты екені анықталады. Біздің ойымызша, қазақтың тұрмыс-салт ойындары, жануарлар дүниесіне еліктеуден және аңшылыққа байланысты ойындар, дене шынықтыру мен спорт ойындары саласына қатысты ұлттық ойындар жүйесіндегі кез келгенінің элементін саралап, дидактикалық тұрғыдан бағалау жасап, ЖДЖ жүйесіне енгізу жолдарын арнайы қарастыру аса маңызды.
Сондықтан біздің зерттеу жұмысымызда жалпы дамыту жаттығуларының элементтері бар ұлттық ойындарды қолдану және оның тиімді нәтижелерін анықтау басты орында тұрады. Ұлттық ойын жүйесіндегі «Айгөлек», «Мәлкі- Тотай», «Жаяу жарыс» «Ұшты-ұшты» т.б. ойындарын өткізу әдістемесін терең талдау, олардың жекелеген детальдерін жалпы дамыту жаттығуларының жүйесіне енгізу арқылы ЖДЖ жүйесін ұлттық көзден байыту міндеті шешіледі. Бұл және басқа ұлттық ойындардың ЖДЖ базалық негізін құрауға қандай негізде тірек бола алады деген сұраққа жауап беру үшін, жоғарыда жасалынған ЖДЖ жіктемесіне сүйену керек болады. Ол жіктемені ішкі кіші жіктемемен толықтыра отырып, ұлттық ойындардың осы соңғы көрсеткен жіктемеге
қаншалықты сәйкестігі барын анықтауға болады.
Е. Сағындықов өзінің «Қазақтың дидактикалық ойындарын сабаққа пайдаланудың кейбір жолдары» деген кітабында қазақ ұлттық ойындарын ірі үш топқа бөліп қарастырады. Олар – 1) ойын-сауық ойындары, 2) ойлаумен келетін ойындар, 3) дене шынықтыру мен спорт ойындары [41].
Е. Алимханов, Е. Келгенбаев, Б. Бақаев, А. Жартыбаев, Н. Байзакова авторлығымен жарияланған «Қазақтың ұлттық халық ойындары мен спортын топтау, жүйелеудің теориялық қалыптасуы» атты мақалада қазақ ұлттық ойындарын 5 топқа бөлу ұсынылады. Олар: 1) қазақтың дәстүрлі еңбек-тұрмыс, салт ойын-сауық ойындары, 2) ережесі қалыптасқан, бекітілген спорттық ойын түрлері, 3) ой-зейін, интеллектуалды ойындар, 4) жаңадан қалыптасқан ойындар, 5) ермек ойындар [42].
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсетілгендей, ұлттық санамызды жаңғыртудың бір тәсілі – ежелгі тарихтан өзінің қуатымен, сапалылығымен күні бүгінге жеткен ұлттық кодты сақтаған барлық мұраны қайта жаңғырта отырып, келер ұрпаққа жеткізудің барлық жолын қарастыру, қолдану керек деп санаймыз.
Осы жерде БАҚ-та жарияланып жүрген А.Баймағамбетовтың қазақ гимнастикалық жаттығуларының емдік қырын ашып, жүйеге түсіргенін атап кетуге болады. Әрине, оның қаншалықты ғылыми негізделгенін айту қиын, дегенмен, автор ретінде патент алуы және халықтың, әсіресе, көрші ресейліктердің «Айкуне» жаттығулары жүйесінің негізінде жалпы дамыту жаттығулары элементтері жатқанын атап кетуге болады [43].
Бастауыш сыныптың дене шынықтыру сабақтарында жалпы дамыту жаттығуларын орындату және өз бетімен орындату әдістемесі туралы қарастырған С.А. Бикбулатова, И.В. Леденев өздерінің құралдар қолданып өткізілетін жалпы дамыту жаттығуларын меңгерту әдістемесі туралы құнды пікірлер айтады.
Әдістемелік ұсыныста жалпы дамыту жаттығуларын орындауда құралдарды, нақты айтқанда, гантель, секіртпе, қолдану әдістемесі баяндалады. Сонымен бірге әдістемелік құралда жалпы дамыту жаттығуларының кешендері ұсынылады [44]. Жалпы дамыту жаттығуларын меңгерту әдістемесін және өз бетімен қолдану әдістерін қарастырған авторлар оны реттілікпен және
жүйелілікпен орындаудың пайдасына зор мән беріп қарайды. Жалпы дамыту жаттығулары гимнастикамен айналысқанда орындалады. Жалпы дамыту жаттығуларының арнайы құрастырылған кешені – түрлі дене тәрбиесі міндеттерін шешуге арналатынын көрсеткен ғалымдар ол міндеттерді саралап, анықтап алу маңызды деп санайды.
Олардың айтуынша, ең алдымен, жалпы дамыту жаттығуларының кешеніне енгізілетін жаттығулардың көлемі мен мазмұнын, бір кешенге енетін жаттығулардың санын нақты анықтап алу қажет. Ол жаттығулардың саны бір кешенде 8-15 болуы ықтимал. Ал жалпы дамыту жаттығуларын іріктеп, сұрыптауда басшылыққа алатын қағидалар ретінде авторлар С.А. Бикбулатова мен И.В. Леденев келесілерді көрсетеді:

Сурет 2 – Жалпы дамыту жаттығуларын іріктеу қағидалары


ЖДЖ-ны оқыту барысында көрсетілген талаптарға сәйкес іріктелген жаттығуларды ендігі кезекте орындалу ретіне қарай анықтау керек болады.


Олардың ең бас жағында оқушылардың дене мүсінін дұрыстауға қызмет ететін жаттығулар орындатылады. Бұл – балалар мен жасөспірімдер үшін өте маңызды. Осыдан кейін бұлшық еттердің көпшілігі қатысатын әдістер орындатылады. Ол жаттығулар түрі жүру, отырып-тұру сияқты қимыл- қозғалыстардан құралады. Бұдан соң отырып-тұру, алға ұмтылу арқылы бұлшық етттің дені қозғалысқа түсетін жаттығулар орындатылады.
Бұл жаттығулар адам ағзасының барлық мүшелері мен жүйесін қозғалысқа түсіріп, ағзаны келесі іс-әрекетке дайындайды. Осыдан соң орындалатын жаттығулардың кешенінде дененің барлық бұлшық еттері, атап айтқанда, қол, иық белдеуі, арқа, іш, аяқ бұлшық еттері қимыл-қозғалысқа түсетін жаттығулары орын алуы тиіс.
С.А. Бикбулатова мен В.В. Леденев бұл жаттығуларды бір-бірден біртіндеп орындату арқылы дененің түрлі бөлшектерін бірізділікпен іске қосудың маңыздылығын атап көрсетеді.
Жалпы дамыту жаттығуларын оқытуда көрнекілікті қолдану әдістемесінің де орны ерекше. Нақты айтқанда, көру көрнекілігі ретінде жалпы дамыту жаттығуларын орындау кескіндері бейнеленген бағдарлар, нақты айтсақ, суреттер, сызбалар, кестелер, үлеспе қағаздар, кинограмдар, DVD, бейне материалдар қолданылады.
Соңғы уақытта дене шынықтыру пәнін, оның ішінде жалпы дамыту жаттығуларын оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану әдістемесі қарқынды дамытылып келеді. Осы мәселе теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да зерттеліп, күнделікті өмірде қолданылуда.
Бұл ретте білім беруді компьютерлендірудің психологиялық- педагогикалық талаптары мен оқыту үдерісін ақпараттандырудың негіздерін зерттеген Б.С. Гершунский [45] , Н.Ф. Талызинаның [46] т.б. ғалымдардың, әдіскерлердің еңбектерін, мұғалімдердің мол тәжірибелерін атап өтеміз.
Жалпы дамыту жаттығулары арқылы оқушылардың өз бетімен орындау дағдыларын қалыптастыруда үлкен орын қозғалмалы ойындарға беріледі. Ойында ЖДЖ элементтері қолданылуы басты мақсат етіліп, оқушылардың сабақта және сабақтан тыс уақытта өз бетімен ойнауында ЖДЖ дағдыларын қалыптастырылуы көзделеді. Мұғалімдердің тәжірибелерін талдау барысында көптеген ойындардың ЖДЖ элементтеріне бай екендігі анықталды.
Сюжетті ойын сипатындағы ЖДЖ-ны қолдана отырып, мұғалім оқушыларды жұппен немесе топ болып, немесе жеке түрде орындауға дайындайды. Еңбектерді талдау барысында бұл әдістің тиімділігі өте үлкен екенін көрсетті [47, 48].
Жалпы дамыту жаттығуларын дене шынықтыру сабақтарында және өз бетімен орындауды оқыту барысында ЖДЖ терминдерін қолдануға үйрету әдістері ерекше орын алатынын барлық әдіскерлер мен ғалымдар атап көрсетеді.
ЖДЖ жүйесіндегі жекелеген жаттығуларды атап айту үшін немесе жазып алу үшін, арнайы белгілерді білу керек, дене күйінің атауларын, қозғалыс атауларын – жинақтай айтқанда, арнайы сөздерді, заттардың, құбылыстардың, ұғымдардың шартты атауларын білу керек. Яғни ЖДЖ терминдерін білу керек, сол арқылы жаттығуларды жазып алу жеңілдетіледі, қысқартулардың, жаттығуларды жазу формаларын ережелерін орнатады. Бұл терминдердің жасалуында оларға қойылатын бірқатар талаптар болатыны белгілі.
Ең алдымен, терминдер қысқа да нұсқа болуы тиіс, сондықтан көп жағдайда, терминдерді қысқарған түрде жазады.
Екіншіден, терминдер өз табиғатына сай, бірмағыналы болып, екіұштылық тудырмауы керек.
Үшіншіден, терминдер қолжетімді яғни түсінікті болуы талап етіледі.
Қысқарған терминдерді жазуда арнайы дағдылар болуы тиіс.
ЖДЖ терминдері барлық терминдер сияқты, жалпы және нақты терминдер болып бөлінеді.

  1. Жалпы терминдер. Олар жалпы ұғымдарды білдіру үшін қолданылады, мысалы элементтердің тіркесуі, комбинация т.б. және жаттығулардың тобын білдіру үшін қолданылады, мысалы, сап жаттығулары т.б.

  2. Нақты терминдер – нақты жаттығулардың түрлі белгілерін атау үшін қолданылады, мысалы, оңға бұрылу, алға жүру т.б.

Терминдердің қысқартылып қолданылуы белгілі бір ережелерге сүйенеді. Жалпы дамыту жаттығуларын жазуда қолданылатын терминдер ЖДЖ жаттығуларын жазуға тірек болады.
ЖДЖ жазуда терминдермен қатар графикалық сурет қолданылады. Мысалы, жалпы дамыту жаттығуларын орындатуда оқушыларға алдымен түсінік беріледі, тақтаға суретін ілуге немесе проектормен көрсетуге болады.
Жазба түрде беріледі:
«Қолды алға, екі жаққа, жоғарыға соз, қолды алдыға, артқа қарай айналдыр».
Сурет 3 түрінде беріледі:

Cурет 3


Оқушыларға осы қимыл-қозғалыстың атауын және соған сәйкес суретін естеріне сақтауы, қимыл арқылы көрсетуі сияқты т.б. тапсырмалар беріледі. ЖДЖ әдістемесінде терминді жазу, қысқартуларды жазу және есінде сақтауға байланысты әдістер үлкен орын алады [49, 50].


Жалпы дамыту жаттығулары арқылы оқушылардың өз бетімен орындау дағдыларын қалыптастыруда осы әдістің ерекшеліктерін әдістемелік тұрғыдан анықтаудың орны үлкен. Оқушылардың ЖДЖ-ны өз бетімен орындау дағдыларын қалыптастырудың негізгі бағыттары ретінде осы мәселені зерттеушілер келесідей бірізділікті ұсынады.
Алдымен, мұғалімге байланысты ұсыныстарды қарастырылады.
Біріншіден, мұғалім оқушылардың өз бетімен орындау дағдыларын қалыптастыруда сабақтың нұқсаушылық бағытын күшейтуі ұсынылады.
Екіншіден, өз бетімен орындау дағдыларын қалыптастыруға үлкен сеп болатын дифференциациялық және индивидуалдық (саралау және даралау) тапсырмаларын көбірек қолдану ұсынылады.
Үшіншіден, оқушыларда ЖДЖ-ны өз бетімен орындауын жоспарлау, өзіндік ұйымдастыру, өзін бақылау дағдыларын қалыптастыру ұсынылады.
Төртіншіден, ЖДЖ-ны өз бетімен орындауын қалыптастыру үдерісін белсендіретін түрлі дидактикалық әдістерді қолдануды ұсынады.
Бесіншіден, сабақ үстінде оқушының өзбетімен орындауын педагогикалық бақылауды жүзеге асыру ұсынылады.
Ендігі кезекте оқушының ЖДЖ-ны өз бетімен орындауға үйренуі үшін қажетті іс-әрекеттерді көрсетейік.
Біріншіден, жаттығудың бастапқы күйін (исходное положение) ұстануды үйрену керек, яғни қолды белде, басының артында, кеуденің алдында, иыққа қарай, жоғары, алға қарай, екі жаққа қарай ұстау.
Екіншіден, жаттығу қимыл-қозғалыстарын дененің жекелеген бөлшектері арқылы орындап үйрену, яғни алдымен қолдармен, сосын денемен және аяқтармен орындау. Дененің жекелеген бөлшектері арқылы негізгі қимылдарды меңгерген соң, оларды өзара қосып, тіркестіріп орындауға дағдылану керек, яғни қолмен және аяқпен, қолмен және денемен, қолмен, аяқпен және денемен.
Үшіншіден, ЖДЖ-ны жекелеген жаттығулар түрінде доппен орындау. Орындау алдында бастапқы күйдің (исходное положение) болмысын, қолмен және денемен орындалатын негізгі жаттығуларды доппен үйреніп алу керек. Осыдан кейін ғана кешендеі жаттығуды орындауға көшу керек [51].
Зерттеу барысында ЖДЖ-ның жүйесін қарастырған еңбектерге шолу жасау және талдау жүргізілді. Нәтижесінде келесі мәселелер анықталды:

  • бастауыш сынып оқушыларына ЖДЖ арқылы өз бетімен орындау дағдыларын қалыптастырудың теориялық және практикалық негізі жан-жақты зерттелген, дегенмен қазақ тілінде арнайы әдістемелік жүйе әзірленбеген;

  • әлемдік тәжірибеде ЖДЖ жаттығуларының арнайы жүйесі жасалынған елдерде сол елдің патриоттық, идеологиялық бағыты көрініс тауып отырғаны анықталды.

ЖДЖ жүйесін әзірлеуде қазақ ұлттық ойындарының әлі де көптеген әлеуеті /потенциалы пайдаланылмай келеді, сондықтан Тәуелсіз Қазақстан ұрпағының еркін және ерлікке толы рухани дүниесін толыққанды ететін ЖДЖ жүйесі әзірленуі – уақыт талабы.




      1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   57




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет