Диссертацияның рефераты Қызылорда, 2013ж



жүктеу 302.24 Kb.
Дата16.09.2017
өлшемі302.24 Kb.
түріДиссертация

323.329:329(574):376.74 Қолжазба құқығында


Ахметова Алтынай Жаңабайқызы
Алаш зиялыларының тіл дамытудағы көзқарастары мен ұстанымдары

6М011700-қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша

педагогика ғылымдарының магистрі академиялық

дәрежесін алу үшін дайындалған

диссертацияның рефераты

Қызылорда, 2013ж.

Диссертациялық жұмыс Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекшісі: Филология ғылымдарының кандидаты,

А.Абасилов
Ресми оппонент: Филология ғылымдарының кандидаты,

Ж.Нұрсұлтанқызы

Диссертация 2013 жылы 3-маусымда сағат 9.00-де Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде (мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі, 61. №1 оқу ғимараты, Филология факультеті, 133-дәрісхана) қорғалады.

Диссертациямен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.

Реферат 2013 жылдың «___»_____________ таратылды.

Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының хатшысы,

филология ғылымдарының кандидаты Г. Бекмағанбетова
КІРІСПЕ
3epттeyдiң өзектiлiгi.Ұлттық тарихымызда маңызды орын алатын Алаш қозғалысы – ірі саяси-қоғамдық қозғалыс болуымен бірге халқымыздың рухани-мәдени өрлеуіне айрықша ықпал еткен үлкен оқиға да еді. Осы рухани-мәдени зор қозғалыс тудырған Алаш қайраткерлері мұрасының алуандығы мен байлығы сан тараулы ғылымға өрісті жол, өміршең ізденіс болары хақ. Алаш кезеңі қалыптастырған зиялы қауым өкілдерінің ана тіліміз – қазақ тіліне арналған еңбектері, тіл жолындағы күрестері – сол дәуірдің тарихи мәні бар деректері ғана емес, сонымен бірге өміршең дәстүр қалыптастырар тағылымды мұра болуымен де құнды [1, 4].

Алашқа дейінгі дәуірде тілдің ұлтты ұйымдастырудағы, тіпті ұлттың дара болмысын сақтаудағы орны, қоғамдағы маңызды қызметі жөнінде мүлде айтылмағаны аян. Алаш зиялылары ХХ ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіндегі, саяси ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екендігін байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе, қазақ тілінің саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді. Алаш қозғалысының үні болған «Қазақ» газетінің ең алғашқы сандарының бірінде А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» - деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да тіл екендігін алғаш аңғартты [2, 14.].

А.Байтұрсынұлының осы сөзіне орайлас пікірлерді Алаш зиялыларының көпшілігі білдірді. Ұлттық руханияттың өзегі ана тіл екендігін рухани-мәдени тарихымызда алғаш айтқандар алаштықтар болды. Олар ана тілін ұлт болмысының басты бөлшегі ретінде қарастыра отырып, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесінде оның алатын орнына да ерекше назар аударды. Сондықтан да өз ана тілінде сөйлеу, тілін білу – ұлттық іргелі мәселе екендігін Алаш зиялылары сол кезеңнің өзінде-ақ жақсы ұғынғаны олардың еңбектерінен бедерлене байқалып жүрді. Мәселен, Х.Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек» [3, 25.], М.Жұмабаевтың «Тіл – адам жанының тілмашы» [4,110.], Ж.Аймауытұлының «Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы» [5, 14] дегендері біздің заманымызға үндес, өзекті пікірлер.

Бұл бағыттағы өрісті ойлардың сілемі қалың оқырман қауымға әлі де мәлім бола қоймаған Ғ.Қараштың «Ұлт һәм туған тіл», М.Тұрғанбаевтың «Қазақ тілін іске асыру» мақалаларынан айрықша аңғарылады.

Қазіргі кезде ана тіліміз – қазақ тілі туралы әдеби шығармалар өрісті тақырыптардың біріне айналып отырса, олардың алғашқы үлгілерін дүниеге келтірген де Алаш қаламгерлері болатын.

М.Жұмабаевтың «Қазақ тілі», С.Торайғыровтың «Туған тіліме» өлеңдері – жалпы қазақ әдебиетіндегі тіл туралы жазылған ең бастапқы көркем туындылар еді.

Алаш қайраткерлері мұрасынан алатын тағылым орасан. Өйткені олардың қай-қайсысы да өз заманында ұлттық санамызды оятуға, ұлттық рухани құндылықтарымызды ұштауға, дербес елдігімізді тәуелсіздікке ұластыруға қажыр-қайраттарын, қабілеттері мен білімдерін сарп етті. Олар осындай ұлы мақсаттардан шыға отырып, туған халқы үшін риясыз еңбек етті.

Алаш зиялылары қалдырған мол мұра сол ұлы талпыныстың куәсіндей бізге жетіп отыр. Бүгінгі ұрпақ осы асыл қазынаны игере отырып, ұлттық мұраттардан тағылым ала білуі керек. «Алаштың» тарихи маңызына ерекше мән бере отырып, Елбасымыз Н.Назарбаев: «Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді», - деген болатын [6, 114.].

Елбасының бұл сөзі Алаш аманатын сақтауда, олардың елдік мұраттарын іске асыруда бәрімізге жолбасшы бола отырып, алаштықтар мұрасының шынайы әрі терең ұлттық мазмұнда болғандығын да танытады. Олардың саяси күрестері, шығармашылық жолы таза ұлттық мазмұнда бола отырып, біздің қазақтығымызды әйгілеп тұрды. Тіл саласындағы еңбектерінен осындай терең ұлттық мазмұн бедерлене байқалады. Бұл – бүгінгі қазақ ғылымына даруға тиісті өміршең қасиет. Бұлардың бірқатары соңғы жылдары ғана жарық көріп, көпшілік қауымға кеңінен таныс та бола қоймаған. Сондықтан да Алаш зиялылары тудырған осы асыл мұраны мейлінше толығырақ әрі өзектілік тұрғысынан бір жинаққа енгізу - бүгінгі күннің талабынан туындаған орайлы мәселе деп санаймыз.

Диссертациялық жұмысты жоспарлау, зерттеу, жазу барысында Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің жоғарыда атап өтілген өзектілігімен бірге, олардағы ой тереңдігі мен пікір алуандығы жағы да ойластырылды. Сонымен бірге бұл диссертациялық жұмыста Алаш қозғалысына тікелей қатысы бар қайраткерлер мен қаламгерлердің еңбектері ғана іріктелініп, енгізілгенін де атап өтеміз.



Диссертациялық жұмыс мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің мәртебесі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға, оқытушы-педагог қауымға, тілшілерге, көсемсөзшілерге, жалпы тіліміздің тағдырына бейжай қарамайтын зерделі оқырманға ой салып, жәрдемін тигізеді деп сенеміз.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Кез-келген өміршең идеяның ұлт тағдырына қатысты із-түзсіз жоғалып кетпейтіні сияқты алаштық идея да ұлтжанды азаматтардың ойында жүрді. М.Шоқайдың эммиграцияда жүргендегі еңбектері, М.Әуезовтің шығармашылығы, тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеулері, І.Есенберлиннің, М.Мақатаевтың, Ж.Нәжімеденовтің, Қ.Мырзалиевтің, О.Сүлейменовтің, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауинның, Қ.Жұмаділовтің т.б. ақын-жазушылардың көркем туындылары, Қытайдағы, Еуропадағы қазақ диаспорасының санасындағы ұлттық идеялар, Желтоқсан көтерілісі сияқты көрнекті мысалдар Алаш идеясының, азаттық идеясының тәуелсіздікке дейін үзілмей келе жатқандығын аңғартады.

Жұмыстың нысаны. Диссертация жұмысы Алаш зиялыларының тілдік мұрасын әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан саралауға, қазақ тіліннің ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуындағы олардың орны мен рөлін анықтауға, сондай-ақ қазақ тілін ұлт тілі ретінде дамыту мен оқытып меңгертудегі әдістемелік көзқарастары мен өзіндік ұстанымдарын зерттеуге, талдау жасауға арналған.

3epттеудің мақсаты мен міндеттерi. Мақсат - Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектеріне шолулар жасай отырып, олардың қазақ тілін дамытудағы өзіндік ұстанымдарын айқындау, бүгінгі күн тұрғысынан бағамдау. Бұл үшiн бiрсыпыра мiндеттердi орындау қажеттігі туды, атап айтқанда:

  • Алаш зиялыларының тілдік мұрасын талдай отырып, оның тағылымы мен өміршеңдігін көрсету;

  • әліпби жасау және емле мәселелері туралы ізденістеріне талдаулар жасау, бүгінгі күн мәселелерімен ұштастыру;

  • қазақ тіліндегі термин сөздер мен кірме сөздер (жат сөздер) жайындағы зерттеулеріне тоқталу;

  • тіл дамытудағы орны мен рөлі көрсетуде ұлт тілі, ана тілі, әдеби тіл, тіл тазалығы және стилистика жайындағы зерттеулеріне шолулар жасау;

  • қазақ мектебі, оқу құралдары, оқыту әдістері туралы ойлары мен тұжырымдарынсаралау;

  • тілдік мұрасын факультативтік сабақтарда оқытуға байланысты оқытудың формалары мен әдістерін, сабақ жоспарларының үлгілерін жасау

3epттeyдiң дepeккөздерi. Алаш партиясы, Алаш қозғалысы, Алаш зиялылары, олардың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі елiмiзде бұрын-соңды зерттелген диссертациялық жұмыстар мен ғылыми конференция жинақтарындағы, түрлі мерзімді басылым беттеріндегі мақалалар, сондай-ақ Алаштану бойынша жарық көрген әр түрлi монографиялармен тaныcy арқылы олардың тұжырымдамаларын басшылыққа алу мүмкiн болды. Осы орайда «Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы» 1.2.3 том. Жауапты ред. М.Қойгелдиев. Алматы, 2005., «Алаш ақиқаттары» Құраст. Т.Жұртбай. Алматы,2006., Байтұрсұнұлы А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992., А.Байтұрсұнұлы Тіл құрал. Алматы, 2009., Байтұрсұнұлы А. Шығармалары Алматы, 1989., Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Алматы, 1995., Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. Алматы, 1998., Дулатұлы М. Бестомдық шығармалар жинағы. Алматы 2002-2004., Жұмабаев М. Шығармалар. 3 томдық. Алматы, 1995-1996., КемеңгерұлыҚ. Таңдамалы. Алматы, 1996., Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі. Алматы, 2005., Алаштың тілік мұрасы: мақалалар динағы. Алматы, 2009. т.б. еңбектер басты назарға алынды.

Зерттеудің әдicтepi мен тәсілдepi. Алаш зиялыларының қазақ тілін дамытудағы өзіндік ұстанымдары мен көзқарастарын зерттеуде тарихи, салыстырмалы, баяндау, сипаттау, сондай-ақ кейбір лингвистикалық талдау тәсiлдерi мен әдicтерi қолданылды. Тіл дамытудағы алаш қайраткерлерінің нақты көзқарастары мен өзіндік ұстанымдарын айқындауда мәлiмет жинау, дерек көздеріне талдау жасау жүргізілді. Алаш қайраткерлері туралы энциклопедиялық материалдардан бастап, олардың жеке таңдамаларынан, көбіне БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары) бойынша жинақталған көптеген зерттеудiң материалдық базасы анықталды.

Зерттеудің теориялық-әдiстемeлiк негiзi. 3epттеy, теориялық.-әдiстемeлiк тұpғыдан алғанда, қоғам және тiл; ұлт және тiл; тұлға және тiл; тiл ­әлеумeттiк құбылыс; тiл және экономикалық фактор; әдеби тiл деген мәселелердiң өзара бaйланысының заңдылықтары негiзiнде жүргiзiлдi.

Диссертациялық жұмыстың теориялық негiзi peтiнде Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша Алматы, 2009 жылы дайындалған «Алаштың тілдік мұрасы: мақалалар жинағы», Алаш зиялыларының әр жылдарда жарық көрген таңдамалы жинақтары, сондай-ақ шетел және oтaндық ғaлымдардың ғылыми еңбектерi, ой-пiкiрлерi, тұжырымдары басшылыққа алынды.



Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қазақ топырағында аты-жөндерінің орнына күллі қазақ есімінің сыпайы түрін айтатын бір атау бар. Ол - Алаш зиялылары. Алаш зиялылары, қайсысы болмасын, шетінен тілші, әдебиетші, педагог, ойшыл, түркітану ғылымының заңғар ғұламалары ретінде әрісі түркі әлеміне, берісі Қазақстанға әбден белгілі есімдер. Олар - тілді жан-жақты зерттеген, сондықтан да тіл білімінің сан алуан саласы бойынша мұра қалдырған ғұламалар. Демек, олардың мол мұрасын әр қырынан тану, зерттеу парыз. Зерттеу жұмысын жүргізу барысында алаш зиялыларының тіл саласындағы басты еңбектері талданды. Олар:

-қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттелуі;

-қазақ әліпбиін жасау, орфографиясын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасауы;

-қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің ықпалынан тазартуы, тіл мәдениеті мәселерін қарауы;

-проза тілін (ісқағаздар стилі, публицистика, ғылыми жазба тіл) тілін кітаби тіл арнасынан ситилистикалық өңдеуі;

-қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жанды тілінің арнасына көшіруі т.б.

Алаштану ілімі енді-енді нық тұра бастады. Ол жайында тілшілер, әдебиетшілер, тарихшылар, философтар, заңгерлер жазып, зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Бірақ алаш қайраткерлері толық зерттелді, толық ашылды деп айту ертерек. Жұмыста алаш зиялларының тілдік мұрасы бір жұмысқа топтасттырылып алғаш алынып отыр, сондықтан ол қайта қаралып, жаңа әдіс-тәсілдермен толығып жатқан қазақ тіл білімі мен оның оқыту әдістемесіне өзіндік үлесін қосады деп ойлаймыз.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы

Жұмыста қамтылған мәселелер, дәлірек айтқанда, алаш зиялларының тілдік мұрасы бір жұмысқа топтасттырылып алғаш алынып отыр, сондықтан ол қайта қаралып, жаңа әдіс-тәсілдермен толығып жатқан мейлі теориялық тіл білімінде болсын, мейлі оқыту әдістемесінде болсын өзіндік үлесін қосады деп ойлаймыз.



Қорғауға ұсынылатын тұжыpымдар:

Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің алуандығы – осы ұлт азаматтарының асқан ізденімпаздығы мен терең білімпаздығын байқатады. Олардың осындай ізденістерін бірнеше салада қарастыруға болады:

- біріншіден, олар қазақ тіл білімін дүниеге әкеліп, оның қалыптасуына сара жол салды;

- екіншіден, қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырды;

- үшіншіден, тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін, ұлт өркендеуіндегі орнын айқындап, қазақ руханиятындағы маңызына алғаш рет айрықша баға берді;

- төртіншіден, қазақтілді баспасөзді қалыптастыра отырып, әдеби тілдің публицистикалық жанрын тудырды;

- бесіншіден, олардың ғылыми еңбектері, оқу құралдары арқылы ғылыми стиль, ғылыми-көпшілік стиль компаненттері орныға бастады;

- алтыншыдан, көркем аудармамен бірге, ғылыми, публицистикалық, саяси-әлеуметтік еңбектерді аудара отырып, олар жалпы қазақ аудармасының негізін жасады;

- жетіншіден, Алаш қозғалысы тұсында ресми-іскери құжаттар стилі қалыптасты деуге болады.

Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы.

Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны, тұжырымдары мен нәтижелері «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасында, ғылыми-практикалық конференцияларда талқыланды. Жұмыс нәтижелері бойынша ғылыми басылымдарда екі мақала жарияланды:

1. Алаш зиялыларының тіл дамытудағы негізгі ұстанымдары мен көзқарастары. «Наука и технологии: шаг в будущее» атты ІХ халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Прага: «Education and Science» баспасы, 2013ж., 33-35б.

2. Тіл меңгерудің А. Байтұрсынұлы ұсынған жолы және әлеуметтік лингвистикалық деңгейлері. «Базар жырау» әдеби-танымдық ғылыми журнал № 2. – Қызылорда,2013 (баспада).



Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кiрiспеден, 3 тараудан, қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi берiлген.

Негізгі бөлім
Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі және зерттелу деңгейі, зерттеудің нысанасы, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, деректі көздері, әдістері мен тәсілдері, теориялық-әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы айқындалды. Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңыздылығы көрсетіліп, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануның барысы баяндалды.

Зерттеу жұмысының «Алаш зиялыларының тілдік мұрасы: тағылымы мен өміршеңдігі» деп аталатын бірінші тарауы екі тараушаға бөлінген. «Алаш зялыларының әліпби жасау және емле мәселелері туралы ізденістері» деп аталатын бірінші тараушада Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектері атала келе олардың әліпби жасау және емле мәселелеріне қатысты ой-тұжырымдары мен жасаған істеріне талдау жасалады. Бұл мәселе 1924 жылы маусымның 12-18 күндері аралығында Қазақ АССР-інің сол кездегі астанасы Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде арнайы сөз болып талқыланды.

Съезге Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Елдес Омарұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Телжан Шонанұлы сынды белгілі қазақ зиялалары қатысып баяндама жасауы, сөз сөйлеуі өткен ғасыр басында болған бұл алқалы жиынның салмағын аңғартса керек [7, 3.]. Съезде жазу ережелері, әліпби мен қазақша пән сөздер мәселесі, ауыз әдебиетін жию шаралары, ғылыми және оқытуға арналған кітаптарды шығару, бастауыш мектептің бағдарламаларын дайындау мәселелері қаралды.

Съездегі жазу ережелеріне арналған бірінші баяндаманы Елдес Омарұлы жасаған. Маусымның 12-сі күні кешкі мәжілісте жасалған бұл баяндаманы 15-і күнгі түскі мәжіліске дейін 4 күнге жуық талқылаған.

Елдес Омарұлының жазу ережелері жайындағы баяндамасында мынадай мәселелелерге назар аударады: «Жазу ережелерін тілдің сөз жүйесіне келтіріп түзеуге де болады, дыбыс жүйесінше де түзеуге болады, Еуропа халықтарының көбінде жазу сөз жүйесінше түзелген; біз білетін орыс халқының жазуы да сөз жүйесінше. Біздің жазуымыз бұл уақытқа шейін дыбыс жүйесінше болып келді.

Елдес Омарұлы баяндамасында жазу қағидаттары (принциптері) туралы сөз ете келіп, «Иауропа халықтарының көбінде жазу сөз жүйесінше түзелген; біл білетін орыс халқының жазуы да сөз жүйесінше. Біздің жазуымыз бұл уақытқа шейін дыбыс жүйесінше болып келді». – дейді. Қазақ тілінің табиғатына сай жүйені көрсетіп, талдап түсіндіреді: «Қазақша жазу жеңіл болу үшін де, дұрыс болу үшін де, дыбыс жүйесінше болуы керек. Сондықтан біз жазу ережелерін тексеріп түзегенде, оның дыбыс жүйесінше болуын ескеруіміз керек»,-деп түйеді. [8, 35-43.].

Елдес Омарұлының бұл айтып отырғаны, қазіргіше айтқанда жазудың морфологиялық және фонетикалық қағидаттары. Баяндамашы одан әрі дәлелдерін келтіре отырып, қазақ жазуы фонетикалық қағидатты басшылаққа алуы қажет деген тұжырым жасайды.

Елдес Омарұлы: «Қазақша жазу ережелері тақырыбы бұл уақытқа шейін ұсынылған түрлі жобалар бар. Біз олардың әр қайсысын өз алдына тексеріп шешуіміз керек. Ол жобаларды тексергенде біздің ұстаған негізгі жолымыз дыбыс жүйесі болуға тиіс», - дей келе түрлі жобалардағы ұсыныстарға жекелей талдау жасап көрсетеді.

Елдестің баяндамасынан кейін оны талқылауға Ахмет Байтұрсынұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы, Мұхтар Мырзаұлы, Манан Тұрғанбайұлы, Мұхтар Саматұлы, Ишанғали Арабайұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Николай Бутовский қатысып, олардың әрқайсысы өз дәлелдері мен тұжырымдарын ортаға салған [8, 35-43 бб.].

Елдес Омарұлы баяндамасында: «Қазақша жазу жеңіл болу үшін де, дұрыс болуы үшін де дыбыс жүйесінше болуы керек. Сондықтан біз жазу ережелерін тексеріп түзегенде, оның дыбыс жүйесінше болуын ескеруіміз керек. Біздің ұстаған негізгі жолымыз дыбыс жүйесі болуға тиіс» - дейді[8, 144 б].

Ұлағатты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған тіл туралы өзекті мақалаларында: «Тіл - адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. ...Біздің заманымыз - жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деп жазған екен [2, 14-23.].

Шындығында, ол - қазақ әліпбиін түзеп, түрлеудің, ана тілінде оқулықтарды жазудың мәні зор екенін ғасыр басында қоғами ахуалмен байланыстыра отырып, ауыр жүкті қолға алып, замандастарымен бірге ұлт тілінің келешегі үшін күрескен кемеңгер. Кемеңгерлігі сол, әркімнің тіліне еріп, адасып жүрген жұртына «Қазақ әліпбиін» тайға таңба басқандай жасап берді. Ахмет Байтұрсынұлы түрлеген әліпбиді күллі түркі жұрты, сонымен бірге орыс ғалымдарының «...енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» деп бағалағаны тарихи шындық [9.].

А.Байтұрсынұлы реформалаған араб жазуы негізіндегі әліпбиі заманында қазақ халқының мәдени дүниесінде зор серпілістер әкелгенін, қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа жұмысының жандануына ықпалы болғандығы туралы Д.Міржақыпұлы, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин және М.Әуезов т.б. сол кездің өзінде айырықша атап, жоғары бағалады.

Тарихи маңыздылығымен белгілі болған қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде әліпби мәселесіне арналған баяндаманы Ахмет Байтұрсынұлы жасаған. Ахаң араб графикасына негіздеп өзі түрлеген қазақ (түрік) әліпбиінің тиімділігін барынша жан-жақты дәлелдеп, өз жобасын ұсынса, Нәзір Төреқұлұлы латын әліпбиіне көшу керектігін, оның артықшылықтарын алға тартады. Алдымен Ахаңның ұсынысы бойынша қаулы қабылданса, артынша Зәлиұлы Нұғманның жазбаша ұсынысы бойынша бұл мәселе қайта дауысқа салынып, 1 дауыс артықшылығымен түпкілікті шешім қабылдау келесі съездің қарауына қалдырылады. Жалпы латын әліпбиіне көшу мәселесі қайта көтеріліп отырған бүгінгі таңда қазақ зиялыларының сонау өткен ғасырдың басында айтқан ойлары мен келтірген дәлелдерін ескерусіз қалдыруға болмайды. Олардың сол кездің өзінде бүгінге дейін ғылыми құндылығын жоймаған пікірлер айтқанына осы еңбекпен танысқан, зиялы қауымның, көңілі ояу оқырманның көзі жететіндігіне күмәніміз жоқ.



«Алаш зялыларының қазақ тіліндегі термин сөздер мен кірме сөздер (жат сөздер) жайындағы зерттеулері» деп аталатын екінші тараушада ана тілімізде алашқы  тырнақалды  оқулықтар мен  ғылыми еңбектер жазған, топ басында тұрған зиялы қоғам өкілдері А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Қожанұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Ж.Күдерин, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Ғ.Қараш, Н.Төреқұлұлы, Т.Шонанов сынды ұлт зиялыларың бүгінгі терминдеріміздің  қалыптасуы мен дамуына қосқан өзіндік үлестеріне, мақсатты істеріне, бағыттары мен ұстанымдарына шолу жасалады.

Тіл адам ойын жеткізудің  басты құралы. Өмірдегі түрлі әлеуметтік-экономикалық, ғылыми, мәдени мұқтаждықты  өтейтін де осы тіл болып табылады. Сондықтан тіл үнемі жаңару, даму, өзгеру үстінде болады. Бұл процестер қоғам өміріндегі өзгерістермен тікелей байланысты. Ғылым мен техниканың,  экономиканың түрлі салаларындағы  пайда болған жаңа ұғымдарды  атау тіліміздің терминологиялық жүйесінің дамуына әсер етеді.

1924 жылы маусымның 12-18 күндері аралығында тұңғыш рет қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде қазақ терминологиясын дамытудың қағидаттары белгіленді. 1920-30 жылдары жалпы тіліміздегі, соның ішінде ғылыми терминдерді жасау ісіне бүкіл зиялы қауым, халықтың барша сауатты бөлігі қатысты.

  Қазақ терминолгиясының тарихында  жоғары бағаға ие болуға тиісті көзқарастар мен пікірлердің денін қазіргі ғылыми көзқарастар тұрғысынан, ХХ ғасыр басында  өмір сүрген зиялы қауымның, яғни Алаш ардақтыларының еңбектері құрап отырғандары белгілі. Терминология жөніндегі  ой-пікірлерінің  құндылығы жағынан  да басым түсіп жататын кезең – осы кезеңдегі  ойлар мен пікірлерге  келіп тіреледі. Алаш қайраткерлері  еңбектеріндегі  ойлар мен пікірлердің, терминологияны қалыптастыру ісіндегі жасаған құнды істердің  бұлай бағалануы негізсіз емес. Оның өзіндік себептері бар екендігі анық. Олар:

1.Алаш қайраткерлері өмір сүрген кезең тіл тарихында да  маңызды шешімдер қабылданған өтпелі кезең болып есептеледі. Сондықтан осындай шешімдер сол кезеңде қабылданып, оң нәтиже берген де. Мұны тарихи дәйектер, олар қалыптастырған  терминдер дәйектей алатындығы анық. Тіпті, ол қазіргі зерттеушілер тарапынан да зерттеліп, дәлелденген құндылықтар.

 2.Бұл кезең өзінің күрделілігімен қазақ тарихының, оның ішінде мәдениет дамуы тарихының ішінде сипатталады.  Осы күрделі кезеңде өмір сүргендігіне, саяси идеологияиар соққысына қарамастан, ұлт мүддесі мақсатында тілдік мәселелердің шешілуі – осы кезеңге тән басты ерекшелік. Ал бұл ерекшелік сол тұстағы  ғылыми ойлар мен шешімдердің  құндылығын арттыра түсетін ерекшелік бола алатындығы дау тудырмайды.

3.Алғаш рет ірі ықпалдар мен соққыларға ұшыраған тілдің даму деңгейі осы тұсқа сай келеді. Алғаш кедергілерге тап болған тіл дамуының  тарихындағы  кезеңде қазіргіге қарағанда нәтижелі шешімдер қабылдана білген. Мұның айғағы, ұлттық тілді ұлт дыбыстарына сәйкес дыбыстай білуі, ұлт тілін қолданушы тұлғалардың өзге сананы меңгермей, таза ұлттық санамен таза тілді сақтап қалуға ұмтылуы, соған сәйкес қазақ табиғатына жат болмайтын ұлт тіліндегі терминдер мен  сөздерді жасап, қалыптастыра алғандығы әсер еткен.

 Міне, осындай құндылығы жоғары алаш зиялы қауымының ғылыми ойлары, ізденістері сол кезеңде “халықаралық” деп атап жүрген  терминдерді қабылдауда да  тиімді қолданып, дұрыс бағыт-бағдар ұстанған. Сондықтан “халықаралық” терминдерді қабылдау жөніндегі ХХ ғасыр басындағы зиялы қауымның еңбектері мен ғылыми пікірлерін  де салыстыра зерттеп, алдағы уақытта негізге алу, халықаралық терминдерді қабылдау барысындағы жұмыстарда ұстану мақсатында талдап көрудің қажеттілігі бар екендігі анық.

Терминология дамуының тұңғыш қағидаттары қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінің қаулысымен бекітілген. Бұл қағидаттар съез қаулысымен ресми бекітіліп қана қойған жоқ, алаш зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратып, істен шеттеткен отызыншы жылдардың басына дейін олар терминологиялық жұмыстарды жүргізуде басшылыққа алынды.

Зиялы оқығандарымыздың пән сөздеріне (термин) қатысты жасаған келелі отырысында  бірауыздан мақұлдап, жамағатқа таратқан шешімдерінің  бірі мынау: ”Пән сөздері ең әуелі қазақ тілінен ізделінеді. Бүтін дүниедегі қауымға бірдей сөздердің қазақшасы табылса, ол пән сөзі әлгі көп ел алған сөзбен жарыстырыла қолданылсын. Қайсысы оңды болады – оны өмір көрсетеді. Қазақ тілінен ізделінсін. Табылса, жатырқаусыз қазақ тілі заңына бағындырылып алынсын. Ал, пән сөзі түркі жұртында да ұшыраспаса, Шығыс немесе Батыс тілдерінен алынып, ана тіліміздің заңына бас идіріп, бұрылып пайдаланылсын”.  Бұл шешім 1926 жылы Бакуде болған Түркі білімпаздары сиезіне қолдау тапқанын жақсы білеміз. Әйтсе де осы шешімнен “пантүркілік” астар,“түркілік томаға -тұйықтық” іздеушілер болған. Бұған тарих куә.

 Білімпаздар маслихатында жіті назар қойыла сөз болған мәселенің бірі – аты-жөнді білдіретін ұлттық белгіні тауып, заңдастыру еді. Сиез уәкілдері бұл туралы да бір шешімге келді. “Бұрыннан әке атының  аяғына қойылып жүретін “ов”, ”и” сияқты орыс пен арабтың сөзі қолданылмасын. Кісі шақырғанда, сөз сұрағанда, қазақ тілінің заңы бойынша  тура өз аты аталсын. Кітаптың сыртына жазғанда, ресми қағаздарға  қол қойғанда, дәкүмент қағаздарға тіркелгенде, әуелі әкесінің аты, сонан соң өзінің аты қойылсын. Әкесінің атынан кейін  ”ұлы”, “қызы”сияқты білдіретін сөздер жазылсын” делінген.

Сонымен қатар басқа ғылым салалары  сияқты  техникалық  ғылыми терминдердің  де негізгі  1920-30 жылдар арасында жасала бастады. Мәселен, М.Әуезовтың аудармасымен “Құрылыс материалдары” деген кітап 1926 жылы жарық көрді. Ә.Ермековтің жоғары оқу орындарына арналған “Математика” атты оқулығы 1931 жылы басылып шықты Бұларда текшеметр (кубометр), шаршы метр (квадратметр), қосынды, жамғы (сумма), кесік (сечение), лебіз (выражение), бой (высота) т.б. сияқты терминдер алғаш рет қолданылды.

  Осы жылдары алаш зиялыларының қолға алуымен алғашқы терминологиялық сөздіктер де жарық көре бастады. Мәселен, 1927 жылы Қызылорда қаласында Қаратышқановтың құрастыруымен араб алфавитімен “Пән сөздері” деген сөздік жарық көрді. Ал 1931 жылы латын әрпімен “Атаулар сөздігі” басылып шықты. Бұларда 400-дей математикалық термин кездеседі. Сол кездегі  сөздіктерде, кітаптарда кейбір ғылыми  және техникалық терминдер былайша қолданып жүрді: гранит – шұбартас, кварц – ақтас, хрусталь – сутас, горелка – қыздырма, растворитель – ерітпе, кислота – қышқыл, аморфное вещество – пішінсіз зат, валентность – іліктік, реакция – тектесу т.б.

   Сонымен 1920-30 жылдары жалпы тіліміздегі, соның ішінде ғылыми терминдерді жасау ісіне бүкіл зиялы қауым, халықтың барша сауатты бөлігі қатысты. 1930 жылға дейін алаш зиялыларының жасаған терминдері Н.Қаратышқановтың құрастыруымен 1927 жылы жарық көрген “Пән сөздері” мен 1931 жылы шыққан “Атаулар сөздігі” терминологиялық сөздіктеріне  енген. Бұл  сөздіктердегі терминдердің барлығы  ғалымдардың жоғарыда аталып кеткен қағидаттарына негізделіп жасалған. Мәселен, Еуропа халықтарының тілдерінен қазақ тілінің  дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп алынған терминдері мынадай: абансы- (аванс), әлімін (аллюминий), әспалт (асфальт), бәктері (бактерия), үністеті (институт),  кемесие (комиссия), кіристал (кристал), псиқалогия (психология), ыспорт (спорт), өніберістет (университет), ыстанса (станция)т.б.

 Аталмыш сөздіктерде сәтті жасалған көптеген атаулар ұлт тілінде жасалған терминқорымызды байытып, сол кезеңнен бері қолданыстан шықпады. Мысалы, өт (желчь), баяндама (доклад), қызмет орын (должность), заң (закон), меруерт (жемчуг), дәстүр (традиция), көлік (транспорт), көміртегі (углевод), көшірме (выписка), дәріқана (аптека), тоңазытқыш (холодильник(, мінездеме (характеристика) т.б.

1910-30 жылдар аралығында алаш зиялыларының қаламынан туындаған көптеген терминдер кейінгі уақытта  қолданыстан шығып қалды. Ал, біраз терминдер тобы егемендік алып, ұлттық терминқорымызды  өз тіліміздің  сөздерімен толықтыру ісі қолға алынып отырған кезде, қайта қолданысқа  түсе бастады. Оған мысал ретінде кеңес (совет),  санақ (перепись),  тақырып (тема), қисын (теория),  баспақана (типография), әдіс (метод) т.б. терминдерін алуға  болады.

Жоғарыдағы терминдер қолданысқа қайта енген болса, аталмыш сөздіктердегі  терминдердің едәуір бөлігі  мүлде қолданылмай,  шеттетіліп қалған. Мысалы, бернелеу (аллегория), сияқ (аналогия), іліктік (ассоциация), төрік (аукцион), гәпс (гипс), пайда ,сыбаға (дивидент), ыспаттама (документ), лұғат (словарь), байна (пункт), нақыс (симметрия), сөз кені (лексика), серке (лидер), сөл (лимфа), жиангер (империалист), ырымдау (диссимиляция), жабайы еңбек (простой труд), әлеміш (узор).

Терминологияны дамыту мәсе­лелері 1924 жылы 12-17 маусымда сол кездегі Қазақстанның астанасы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде сөз болғанын тарихтан жақсы білеміз. Елдес Омарұлы «Қазақша пән сөздері» деген тақы­рыпта баян­дама жасап, соның негізінде терминологияны дамыту қағидаттары бекітілді. Съезд бекіткен қағи­дат­тардың екіншісі «Қазақтың өз ті­лінен табылмаған пән сөздер басқа түркі халықтарынан ізделсін; басқа түркілер тіліндегі пән сөздер – жалпы түркі сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса – ондай сөздер жатырқамай алынсын» деп белгіленді. Өз тіліміздің негізінде термин түзу мүмкіндігі болмай жатса, туыс түркі тілдерінен сөз қабылдау қажеттігін Алаш зиялылары түгел қолдады.

Магистрлік диссертацияның екінші тарауы «Алаш зиялыларының тіл дамытудағы орны мен рөлі» деп аталады. Онда алаш қайраткерлерінің ұлт тілі, ана тілі, әдеби тіл, тіл тазалығы және стилистика жайындағы зерттеулері сөз болады. Алаш зялыларының қазақ мектебі, оқу құралдары, оқыту әдістері туралы ойлары мен тұжырымдары баяндалады.

«Алаш зиялыларының ұлт тілі, ана тілі, әдеби тіл, тіл тазалығы және стилистика жайындағы зерттеулері» деп аталатын бірінші тараушада тіліміздің мәдениеті мен тазалығы турасындағы еңбектер жан-жақты талданады. Алаш зиялылары қазақ тілінің әліпбиін, емлесін жасаумен қатар, тіліміздің тазалығы, мәдениеті үшін де күресті. Атап айтсақ, Х.Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», М.Дулатовтың «Қазақ тіліні мұңы», Н.Төреқұлұлының «Ауропа сөздері» т.б.еңбектерінде тіліміздің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларының сақталуы, тіл табиғатының бұзылмауы, сөзжасам т.с.с. мәселелер айтылып, қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тіл тазалығы, сөз мәдениеті тақырыбында бүгінде өзектілігін жоймаған ойлар өрістетілді.

Абай дәуірінде қазақтың жазба, көркем әдебиеті дүниеге келді десек, осы жаңа әдебиеттің қалыптасуы Алаш қозғалысы кезеңімен байланысты.

Алашшыл қаламгерлердің көркем туындылары жазба әдебиетіміздің қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Айталық, А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» мен «Масасы», М.Дулатовтың «Оян қазағы», Е.Қараштың «Бала тұлпары», М.Жұмабаевтың «Шолпаны», С.Торайғыровтың поэзиясы мен прозасы, Ж.Аймауытовтың прозасы мен драматургиясы, М.Әуезовтің алғашқы әңгімелері мен повестері, Б.Күлеевтың поэзиясы тағы да басқалары. Қазіргі таңда ғалымдар тарапынан «Алаш әдебиеті», «Алаш ұранды әдебиет» деп жүрген әдебиет идеялық жағынан да, тақырыптық жағынан да, тілдік-стильдік жағынан да, жанрлық жағынан да, бейнелілік жағынан да ауызша дамыған сөз өнеріміздің жазба әдебиетке тән деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты.

Тарихта жазба әдебиетіміздің алаштық кезеңді зерттеуде қазақ лексикасының зор мүмкіндіктерін айқындайтын мысалдар жеткілікті. Сөз қолдану, ұғымды беру, тың сөз тіркестерін жасау, бейнелілік тудыру, тілдік стильдік мүмкіндіктерін ашу, құбылысты суреттеу – олардың ұлттық ойлаудың биігіне жеткендігін, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың рухани игіліктерін ізденгіштікпен зерделегенін байқатады. Алаш қайраткерлері мен қаламгерлерінің бұл жоралы жолы із-түссіз кеткен жоқ. Оның тамаша дәстүрлері өзінен соңғы советшіл әдебиеттен көрініс тауып жатты. Алаш әдебиетін большевиктік идеология мансұқтағанымен, қазақ әдебиетінің бұдан соңғы дамуында алаштық дәстүрдің дәні жемісін беріп жатты. Бұл – зерттелуін қалап тұрған үлкен тақырыптың бірі.

ХІХ ғасырың екінші жартысынан басталатын жазба әдебиетіміздің аударма дәстүрі Алаш кезеңі тұсында жанданып, одан әрі дамытылды. Алдыңғы дәуірде жазба тілдегі аударма, негізінен алғанда, көркем әдебиеттен ғана көрініс берсе, бұл кезеңде философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік, саяси, публицистикалық аударма еңбектер мен құжаттар ауқымды орынға ие бола бастады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, М.Әуезов тағы да басқа Алаш қаламгерлері әр салада аудармалар жасай отырып, тәржімә жұмысының кемел үлгілерін таныта білді.

Жазба тіліміздегі стильдік тармақтардың бірі – құжат тілі десек, бұл салада да алаштықтар бірқатар шаруалар атқарды. Алаш қозғалысын жаңа арна, үлкен мүдде жолында тоғыстырған Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездерінің құжаттары, қаулы-қарарлары, хаттамалары, Алаш қозғалысының жалпыұлттық сипатқа ұдастырған уездік, облыстық әртүрлі жиындар мен сиездердің құжаттары, «Алаш» партиясының бағдарламасы, шарты, қатынас хаттары құжат тілінің жаңа мазмұндағы тілдік-лексикалық қорын жасады. Алаш зиялыларының өзара жазысқан хаттары бұл дәуірде жазба әдеби тіліміздің эпистолярлық жанрын да қалыптастыруға негіз болғандығын айта кеткеніміз жөн. «Қазақ» газетіндегі сиез ашу мәселесіне байланысты Ж.Сейдалиннің, Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының т.б. тұлғалардың хаттары, кейінірек жазылған ұлт-азаттық қозғалысы мүшелерінің көптеген хаттары осының куәсі.

Алаш зиялылырының мұрасынан алатын тағылым орасан. Олардың қай-қайсысы да өз заманында ұлттық санамызды оятуға, ұлттық рухани құндылықтарымызды ұштауға, дербес елдігімізді тәуелсіздікке ұластыруға қажыр-қайраттарын, қабілеттері мен білімдерін сарп етті. Олар осындай ұлы мақсаттардан шыға отырып, туған халқы үшін риясыз еңбек етті. Алаш қайраткерлері қалдырған мол мұра сол ұлы талпыныстың куәсіндей бізге жетіп отыр. Бүгінгі ұрпақ осы асыл қазынаны игере отырып, ұлттық мұраттардан тағылым ала білуі керек.

«Алаш зиялыларының қазақ мектебі, оқу құралдары, оқыту әдістері туралы ойлары мен тұжырымдары» атты екінші тараушада ана тілімізді оқытудың өзекті мәселелері сөз болады.

А.Байтұрсынұлы ана тілінде оқыту үшін бел шешіп күресті. Ол: «Біздің қазіргі ел ішіндегі мектептерімізде жағарғы айтылған шарттардың біреуі-ақ бар, ол бар дегеніміз –ана тілімен оқыту. Ана тілімен оқытамыз деген пікір кіли орыстан тегі басқа, тілі басқа жұрттың бәрі қуаттайтын пікір» - деп қазақтан өзге ұлттарды да ана тілінде оқытуға шақырады. [2, 440.]. Ана тілімен оқыту –бүгінгі Қазақстанның негізі. Бұған тіл заңы куә. Бірақ заң ойдағыдай жүзеге асар емес. Біздің қазақ үшін баланы ана тілінде тәрбиелеу, мектепте қазақ тілінде оқыту Байтұрсынұлы заманында өзекті мәселе болса, қазір де сондай көкейтесті.

Азат қозғалысы қайраткерлерінің, қазақ тіл білімін қалыптастырушылардың бірі, ғалым, әдіскер Телжан Шонанұлы өзінің «Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында» деген мақаласында: «Бар ғұмырын өз халқына шын құштарлықпен қызмет ету жолына бағыштаған, бар бақытын содан тапқан, табиғаты бөлек жандар болады. Ахмет Байтұрсынұлы сондай адамдар қатарындағы ұлағатты ғалым»,- деген бағасын береді[10, 66.].

Жүсіпбек Аймауытұлы жазушылық, сыншылық еңбегімен бірге бала тәрбиесіне, оқытуға, тілге байланысты бірқатар еңбектер жазған. Оның тілге байланысты еңбектері терең талдаумен, мәселені жетік білуімен, оның шешу жолдарын көрсетумен ерекшеленеді. Ол «Жалпы білім», «Ана тілін оқыту керек?», «Тіл қалай пайда болған», «Терминдер туралы», «Тіл туралы» еңбектерінде қазақ тілін ұлты тілі ретінде сақтау мен дамытудың маңыздылығы жөнінде, ана тілін оқытудың сапасын арттыру туралы, термин сөздер хақында орайлы ойлар қалдырған. Әсіресе, автордың тілді сақтау, оның қасиетін ұрпақ бойына сіңіру төңірегіндегі ойлары терең.

Ана тілін меңгеру – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой пәлсапасын меңгереді.

Тіл оқытушы мұғалім өз міндеті тілге машықтандыру деп ұғады, тіл үйретуге керекті ойдың әр тарауын қозғайтын мағлұматтар іздеумен жұмысы жоқ. Жаратылыс пәнін оқытушы мұғалім міндетін балаға білім беру деп ойлайды, тілге төселдіру оның жұмысы емес. Мұнан шығатын нәтиже: тілге жаттығатын бар мағлұмат тіл оқытуында болмайды. Жаратылыс оқушы, мағлұматтары көп болса да, ұқтыра алмайды, өйткені тілге төселдіре алмайды. Сөйтіп, екеуі де көздеген мақсатына жете алмайды. Тілді өзге пәннен бөлек оқыту баланың тілін де, білімін де жетілдіре алмайтындығын сезіп, бұрынғы мектептер басқа пәндерді көбейтуге тырысқан» [10, 184] .

Қошке Кемеңгерұлының «Жат тіл оқыту әдісі» атты мақаласында: «Тіл оқыту әдістері толып жатса да, ең жақсы әдіс туралы мәселе дұрыс шешілген жоқ. Сонда да тіл оқыту әдісін қарастырушылар негізінде екіге бөлінеді.

Бірінші ағымдағылар тіл үйретуді әріптен (дыбыстан) бастап көшу, одан сөзге, сөзден сөйлемге көшу керек дейді. Бұлай оқыту үйлестіру (синтез) әдісі болады.

Екінші ағымдағылар тіл үйретуді байланысты сөйлеуден бастау керек, содан сөйлемдерді жіктеу, сөйлемнен сөзді жіктеу, сөзден буынды жіктеу, буыннан әріпті жіктеу керек дейді. Тіл құралын қолғабыс ретінде керекті жерінде ғана қолданып отыру керек дейді. Бұлай оқыту талдау (анализ) әдісі болады» ,- деп тілді оқыту әдістеріне шолулар жасап, оның артық, кемшілік жерлерін көрсетеді [10, 301].

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ тілін зерттеу, оны оқытып – үйрету, мемлекеттік тіл ретінде дамытудың тетіктерін айқындау барысында елімізде сол Алаш зиялыларынан бастап бүгінге дейін қыруар еңбектер жазылды, көптеген істер атқарылды. Әсіресе, бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырған қазақ тілін меңгерту саласында аз тер төгілген жоқ.

Диссертацияның практикалық бөлімі болып саналатын үшінші тарауы «Алаш зиялыларының тілдік мұрасын факультативтік сабақтарда оқыту» деп аталады. Мұнда алаш қайраткерлерінің мол тілдік мұрасын жоғары оқу орнында, арнаулы және орта мектепте оқытуға байланысты мәселелер айтылады. Бұл тарау «Факулътативтік сабақтарды оқытудың формалары мен әдістері» және «Факультатив сабақтарда өтілетін сабақ жоспарларының үлгілері» деген екі тараушадан тұрады. Алғашқы тараушада факултативтік сабақтар, оның түрлері мен мақсат, міндеттері, оларда қамтылатын мәселелер мен оқыту формалары, әдістері сөз болады. Ал екінші тараушада жұмыста қамтылған материалдар негізінде екі сабақ жоспарының үлгісі беріліп, олар жан-жақты талданып көрсетіледі.

Қорытындыда диссертацияда қол жеткізілген ғылыми нәтижелер тұжырымдалып беріледі.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Шаймерден Е. Алаш зиялыларының тілдік мұрасы: арналы бастау, өміршең дәстүр//Алаштың тілдік мұрасы. Мақалалар жинағы. /Құраст. С.Шүкірұлы, Е.Тілешов. –Алматы: «Кие» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2009. – 364 б.

2.Байтұрсынов А. Тіл тағылмы (қазақ тілі мен оқу-ағарту қатысты еңбектері). Алматы: «Ана тілі» 1992.

3.Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. Алматы: «Ана тілі», 1998.

4.Жұмабаев М. Үш том. шығ. жин. Алматы: «Білім», 1996.

5.Аймауытов Ж. Үш том. шығ. жин. Алматы: «Білім», 1996.

6.Қараш Ғ. Замана. Алматы: «Ғылым», 1994.

7.Тұрғанбаев М. Қайран, Мәннан. Алматы: «Қанағат», 2002.

8.Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі. Алматы, 2005. 144 б.

9.Байтұрсынұлы А. Үш том. шығ. жин. Алматы: «Білім», 1996.

10.Алаштың тілдік мұрасы. Мақалалар жинағы. /Құраст. С.Шүкірұлы, Е.Тілешов. –Алматы: «Кие» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2009. – 364 б.



Диссертация тақырыбы бойынша мынадай мақалалар жарияланды:

1. Алаш зиялыларының тіл дамытудағы негізгі ұстанымдары мен көзқарастары. «Наука и технологии: шаг в будущее» атты ІХ халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Прага: «Education and Science» баспасы, 2013ж., 33-35б.

2. Тіл меңгерудің А. Байтұрсынұлы ұсынған жолы және әлеуметтік лингвистикалық деңгейлері. «Базар жырау» әдеби-танымдық ғылыми журнал № 2. – Қызылорда,2013 (баспада).

РЕЗЮМЕ

реферата диссертации на соискание академической степени

магистра педагогики по специальности

6М011700 –Казахский язык и литература

Ахметовой Алтынай Жанабайкызы
Взгляды и позиции представителей интеллигенции движения Алаш по вопросам развития языка

Актуальность исследования. Движение Алаш, являясь значительным общественно-политическим движением, занимает важное место в национальной истории казахского народа; наряду с этим оно оказало особое влияние на духовное и культурное развитие нашего народа.

На наш взгляд, многочисленные и разнообразные труды деятелей движения Алаш, представляющие собой их творческое и научное наследие, представляют интерес для многих отраслей науки.

Труды ученых исследуемого периода, посвященные вопросам казахского языка, борьбы за сохранение родного языка – это не только история и документы той эпохи; это пример для нас, их потомков, в деле формирования и сохранения наших обычаев и традиций.

Цели и задачи исследования. Цель – проанализировать труды ученых Алаш по проблемам языка, определить их взгляды, точку зрения на вопросы развития казахского языка и определить созвучие идей представителей движения Алаш практике современных преобразований.

Для осуществления поставленной цели необходимо решить следующие задачи:

-проанализировать жизненный путь и труды деятелей движения Алаш, оказавших влияние на возникновение, формирование и развитие казахского языкознания;

- проанализировать труды ученых движения Алаш, являющихся основателями казахской письменной литературы;

- с позиций сегодняшнего дня оценить взгляды и позиции деятелей движения Алаш по вопросам общественно-социальной значимости языка, его роли в развитии и расцвете нации, а также по вопросам развития самого языка;

- путем исследования научных трудов, учебных пособий ученых движения Алаш проанализировать компоненты научного и научно-популярного подстиля.



Новизна исследования. Научное направление Алаштану только начало формироваться.

В последние годы к этому направлению в своих научных трудах обращаются лингвисты, литературоведы, историки, философы, юристы. Но мы не можем сказать, что жизнь и творчество деятелей Алаш полностью исследовано.

В настоящей работе в качестве предмета исследования впервые взяты труды деятелей движения Алаш, представляющие наследие для языкознания.

Результаты исследования могут быть использованы при изучении казахского языка и методики его преподавания.



Положения, выдвигаемые на защиту.

-во-первых, деятели движения Алаш основали казахское языкознание и способствовали его формированию и развитию;

- во-вторых, ими сформирована казахская письменная литература;

-в-третьих, они определили общественно-социальную значимость языка, его роль в развитии и расцвете нации, впервые обратили внимание и оценили содержание и смысл казахской духовности;

-в-четвертых, формируя казахскую печать, ученые движения Алаш способствовали зарождению публицистического жанра литературного языка;

-в-пятых, издание научных трудов, научных пособий ученых движения Алаш способствовало обоснованию и закреплению компонентов научного и научно-популярного подстиля.



Структура работы. Работа состоит из введения, трех глав и заключения. В конце работы прилагается список использованной литературы.

SUMMARY
Abstract of thesis for academic degree of

master of pedagogical sciences on specialty

6М011700 – the Kazakh language and literature
Akhmetova Zh. Altynai
Views and principles of intelligentsia of Alash movement regarding the language development
The relevance of the research. The Alash movement played a great role in the history of our nation. It is not only the largest social and political movement but a great event which made an impact on the development of spiritual culture of our people as well. It is true that the diversity and the wealth of heritage of Alash public figures pave the way to the numerous sciences and vital search. Alash period is valuable not only for the mother tongue of representatives of educated people – works on the Kazakh language, the struggle for the language – and the data that has a historical significance but a demonstrative heritage of eternal traditions as well.

The aim and the objectives of the research. The aim is to reveal the views and principles of Alash intelligentsia regarding the Kazakh language development, to consider them from the point of view of today based on their works on the language. To do this, a number of objectives should be performed, namely:

-to analyze the life and creative work of Alash intelligentsia who founded the Kazakh linguistics and made an impact on its development;

-to analyze Alash scientists’ works regarding the development of the Kazakh written literature;

-to estimate the examples on identification of the social and public essence of Alash representatives’ language, its place in nation prosperity and the development of language as a main principle from the point of view of today;

-to analyze the components of scientific style, scientific and popular style by means of the scientific works and training aids of Alash scientists.

The scientific novelty of the research. The doctrine of Alash studies has developed recently. The journalists, literati, historians, philosophers and lawyers are writing about it and conducting their research. But it is too early to say that Alash public figures are completely studied and revealed. In the dissertation we made an attempt to group the linguistic heritage in one paper for the first time, so it has been revised and updated by means of new methods and we think it will contribute to the Kazakh linguistics and methods of its teaching.

The basic issues submitted for the defense:

-firstly, they founded the Kazakh linguistics and made a great impact on its development;

-secondly, they developed the Kazakh written literature;

-thirdly, they revealed the social and public essence of language, its place in the development of nation and estimated the significance of the Kazakh spirituality for the first time;

-fourthly, having founded the Kazakh mass media, they developed the journalistic genre of literary language;

-fifthly, they developed the components of scientific style, scientific and popular style by means of their scientific works and training aids.



The structure of dissertation work. The dissertation consists of introduction, three chapters, conclusion and resources.





Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет