Атынан несие алып, артынан ұрып өлтірген. Алматы облысында қайтыс болған 18 жастағы қыздың өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Алматы облысының ПД

Жақындарының айтуынша, марқұм Жаннұр Қали күдіктілермен бір пәтерде бір аптадай бірге тұрған. Сол уақыт аралығында жас жігіттер бойжеткеннің атынан 2 мәрте несие алыпты. Ақыр соңында қызды өлтіріп, ізін жасыру үшін жартылай өртелген денесін жазық далаға тастап кеткен. Қазір жантүршігерлік қылмысқа барған 23 және 21 жастағы екі жігіт қамауда отыр. 

Жантүршігерлік қылмыс осыдан бір апта бұрын болды. Жігіттер 18 жастағы қызды әбден ұрып-соғып, Қонаев қаласының маңына әкеледі. Сөйтіп, жазық далада өлтіріп, артынан өртеп жіберген. 

Бірақ денесі толық өртенбепті. Полицейлер осы күйінде тауып алған. Мұндай жауыздыққа барған күдіктілердің бірі марқұм Жаннұр Қалидың сөйлесіп жүрген жігіті болып шыққан. Екеуі наурыздың басында интернет арқылы танысқан екен. Кейін тіпті бір пәтерде тұрған.  

Марқұмның туысы Ботагөз Ұябаева қайғылы хабарды қалай естігенін айтып берді.

"Тергеушінің айтқаны, бұлар 7-сі күні танысқан. 9-нан бастап 1 апта бірге тұрған. Атынан кредит алдырған. Айфон телефонын сатқан. Содан кейін Бақанастыңтың жолында қасақана өлтірген деп қысқа мәлімет берді. Екі адам өлтірген, сойылмен ұрған, өртеген", – деді Ботагөз Ұябаева.

Дәм тұзы небәрі 18 жасында таусылған Жаннұр Қали Өтеген батыр ауылында тұрған. Осында колледжде аспаз мамандығында оқыпты. Бірақ жақында оқуын тастап, Алматыда жұмыс істеймін деп кеткен екен.

Ботагөз Ұябаева күдіктілер бойжеткеннің жетім екенін біліп, іздеу-сұрауы болмайды деп ойлап, пайдаланғанына сенімді.

"Күдіктілермен танысқан кезде ешкімім жоқ, жетім қызбын деп айтқан екен. Жетім болғанда, әкесі 2007 жылы қайтыс болды. Анасы аналық құқығынан айырылған. Бала қамқорлықта екінші нағашымның қолында өскен. Кейін 7-сыныпқа өткенде апамыздың қолына өткен", – деді марқұмның туыс әпкесі.

  • "Үстілеріне сұйықтық құйып, өртеп жіберді": Мәскеудегі теракт куәгерлері шабуыл жасағандардың өте мықты дайындықпен келгенін айтты
  • Алматыда әйелдің басын кесіп тастағаны үшін сотталған ер адам Жоғарғы сотқа жүгінді

Жаннұрды осы уақытқа дейін бағып-қаққан туыстары кінәлілердің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.

"Қызымды осындай қорлықпен өлтірген адамдар әділ жазасын алсын, бұларға ешқандай жеңілдік болмасын. Өздері қалай балама қиянат жасады, сондай өлім болсын бұларға. Ату жазасын сұрар едім баламды қорлаған адамдарға. Баламды алдап-сулап, сеніміне кіріп, осындай жауыздық жасаған", – деді марқұмның туысы Бағдат Қашқынбекова.

Қазір қолын қанға малған 21 және 23 жастағы екі сыбайлас қамауда отыр. Біреуі Алматы қаласының, екіншісі Қонаев қаласының тұрғыны. Қанды қылмыс жайлы полицияға осы екеуінің досы хабарлаған көрінеді. Кейін қаскөйлер ұсталып, кінәсін толықтай мойындапты. 

Тергеу барысында күдіктілер 14-15 наурызға қараған түні Қонаев қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан жерде зорлық-зомбылық көрсетіп, жас қызды өлтіргені анықталды. 

Еске салайық, 21 наурызда екі күдікті тергеу сотына бұлтартпау шарасына санкция беру үшін ұсынылды және сот шешімімен олар қамауға алынды. Күдіктілердің қылмыстық әрекеттері кісі өлтіру бабы бойынша, яғни алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының өзімшіл ниетпен басқа адамға заңсыз қасақана өлім жасауы бойынша сараланады.

Іс 99-шы бап бойынша қозғалған. Заңға сәйкес, енді екеуі де 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, НеМолчи қорының басшысы Динара Смайылова Қонаев қаласында 18 жастағы студентті бірнеше ер адам қатігездікпен өлтіргенін айтты.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.