Астанада медициналық компаниялардың бірі мерзімі өткен диагностикалық тест сынамаларын сатып келген деген күдікке ілініп отыр. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі тексеріс бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, Астанадағы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне "Прайм медикал" компаниясының бұрынғы қызметкері шағымданған. Ол департаментке бірыңғай дистрибьюторлік компанияда мерзімі өткен тест сынамалары қолданылатынын хабарлады.
Департамент прокуратура органдарына жоспардан тыс тексеру ұйымдастыру туралы арыз жіберген. Мамандардың айтуынша, ақпарат расталса, компания әкімшілік жауапқа тартылады, кінәлілерге қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Айта кетейік, астаналық компания шетелден диагностикалық тест сынамаларын әкеліп, еліміздегі мемлекеттік және жеке меншік емханаларға сатумен айналысады. Бірақ компания өкілдері өздеріне қатысты ақпараттың жалған екенін айтты және бұрынғы қызметкерге қатысты құқық қорғау органдарына шағым жазылғанын мәлімдеді.
Ал денсаулық сақтау министрлігі комитет басқармасының басшысы дәлел табылса, компания жауапқа тартылатынын айтты.
“Қазір тексеру жүріп жатыр. Егер нәтижесі күмәнді растаса әкімшілік шаралар қабылданады және медициналық бұйымдарды айналымнан шығару немесе оған тыйым салу туралы шешім қарастырылады”, – деді Ерік Құлшанов.
Айта кетейік, Атырау тұрғыны облыстық балалар ауруханасында ұлының құлағына ота жасату үшін дәрігерлер шунт әкелуді сұрағанына шағымданған еді. Оған әкелмеген жағдайда отаны кейінге шегеретінін айтқан.
Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.