Ақмола облысының Біржан сал ауданында жылқы қырылып жатыр. Қыстақтағы малды ауылға жеткізуге жол жоқ. Белуардан келетін қалың қар қыста жауған жаңбырдан сіресіп қатып қалған. Сол себепті тебіндегі жылқы азық таппай аштан қырылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

"Сіздерден көмек сұраймыз. Облыс аппараты неге төтенше жағдай жарияламасқа мына жаққа техника жіберуге болмайды, тым болмағанда жолдарды ашып бергенде. Ақша, азық сұрап жатқан жоқпыз. Өзіміз сатып аламыз. Қаншама халықтың малы бар. Биыл қыс сондай қатты болып жатыр. Жалғыз менде емес, көрші ауылдардың бәрінде мал қырылып жатыр", – дейді шаруа Қайрат Бегалин.  

Тұяғымен тарпып жерден азығын табатын жұмыр тұяқтылардың биыл қар қарпығаннан басқа амалы болмапты. Қар қалың түскенімен қоймай, жаңбырдан соң үскірік аяз айналаны көк мұзға айналдырған. Мәселен, Аңғал батыр ауылынан 20 шақырым жерде ғана жайылған жылқыны ауылға жеткізуге жол жоқ. Әбден ашыққан мал көтерем болып құлап, қар астында қалған. Биелер құлын тастап, төл басы кеми түскен.

  • Ақмола облысында жылқылар аштықтан қырылып жатыр

  • Батыс Қазақстан облысында ірі қара белгісіз дерттен қырылып жатыр

 

Ал Біржан сал ауданының әкімі бір емес, екі рет жол аштық деп тұр. Қынадай қырылған жылқылардың аурудан емес, аштан өліп жатқанын мал дәрігерлері де растап отыр.

"Мал шығыны бар екені рас. Ол біздің 4 ауданда тіркеліп отыр. Біздің мәліметіміз бойынша 200 бастан асып кетті, мал шығыны. Аурудың ешқандай белгісі жоқ. Мал аштан қырылып жатыр. Оны сараптама жүзінде дәлелдеп бере аламыз. Мал аштан қырылып жатыр. Қарындарында қардан басқа ештеңе жоқ, сойғанда", – дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.