Әдебиеттануға кіріспе


Қазақстандағы әдеби-эстетикалық ойдың даму тарихы



бет6/41
Дата24.11.2022
өлшемі305.44 Kb.
#179370
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41
Байланысты:
?äåáèåòòàíó?à ê³ð³ñïå
1. Ôîëüêëîð æàíðëàðû. Ôîëüêëîð, îíû? åðåêøåë³êòåð³ ìåí æ³êòåëó³

4 Қазақстандағы әдеби-эстетикалық ойдың даму тарихы


Қазақ ағартушы-демократтары, эстетика мәселелеріне арналған арнайы еңбектер қалдырмағаны жұртқа мәлім, бірақ өздерінің қоғамдық-саяси, ғылыми және әдеби еңбектерінде олар қазақ халқының эстетикалық мәдениетінің дамуы мәселелеріне үлкен назар аударған.
Қазақ ағартушы-демократтарының эстетикалық көзқарастары халық бұқарасының өздерін қанаушыларға қарсы азаттық қозғалысының, капитализмнің Қазақстан ішіне кіріп, рулық-феодалдық қарым-қатынастарды бұза бастаған кезеңіндегі демократиялық ойдың нақтылы көрінісі болып табылады.
Сондықтан да қазақ ағартушы-демократтарының эстетикалық көзқарастары олардың дүниетанымымен тығыз байланыста болуы – олар өмір сүрген сол дәуірдегі тарихи жағдайлар тудырған әбден заңды құбылыс.
Әңгіме ағартушылылардың эстетика мәселелерін қаншалықты жүйелі әрі жан-жақты қарастырғанында емес. Маңыздысы – олар эстетика мәселелерін көтерді және оларға өз қатынастарын білдірді. Өнер мен сұлулықты барлық халықтар өз дамуының қандай сатысында болса да жасайды, ал философиялық ой, олар таптық күрестің күрделі түрлерінде шынайы күшке айналған кезден ертерек, бұл құбылыстарды қарастырмайды. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қазақ халқының эстетикалық көзқарастары алғашқы рет қазақ ағартушы- демократтары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев шығармаларында теориялық қорытындылауын және одан арғы дамуын алды.
Шоқан Уәлихановтың эстетикалық көзқарастары, біз атап өткендей, оның қоғамдық-саяси және философиялық көзқарастарымен тығыз байланысты болды.
Шоқанның балалық шағы Көкшетау өңіріндегі Құсмырын мен Сырымбетте өтті. Бұл өңір тарихи аңыздарға толы, ал оның ғажайып сұлу табиғатын көптеген қазақ ақындары мен халық композиторлары жырлаған. Сол уақытта Көкшетау бүкіл Солтүстік Қазақстанның мәдени өмірінің орталығы болды, Шоқанның рухани дамуы үшін бұл жағдай, сөзсіз, өте маңызды еді.
Шоқан жастайынан шығыс тілдерін үйрене бастады. Ол ортағасырлық әдебиет ескерткіштерін шағатай тілінде оқыды, араб және парсы тілдерінде сөйлеп жаттықты, шығыс ақындарының өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтты. Осының барлығы Шоқан Уәлихановтың эстетикалық көзқарастарының қалыптасуы мен дамуы үшін өте маңызды болды. Дарынды бозбала болғандықтан, Шоқан табиғаттағы әсемдікті терең қабылдады. Орыс суретші- топографтары мен геодезистері Құсмұрын камалында, Уәлихановтар жанұясында ұзақ уақыт тұрғанда, Шоқан бойында сурет салуға деген талпынысты оятты. Шоқанның өзінің туған ауылында, сондай-ақ Ыстық-көл мен Памирға, Жоңғарияға, Қытайға және басқа жерлерге жасаған алыс саяхаттарында салған суреттерінен кейіннен, үлкен эстетикалық және этнографиялық құндылық болып саналатын, бай коллекция жиналды. Өзінің ғылыми ізденістерін жүргізу барысында, ол ұлттық киімді, Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар өмірінен тұрмыс көріністерін, үйлердің және табиғат ерекшеліктерінің суреттерін салған. Кеңес дәуірі кезінде Шоқан
суреттері бойынша көптеген тарихи жерлер, жеке тұлғалардың портреттері, олардың киім түрлері, тұрмыс жағдайлары және т.б. қалпына келтірілді. Шоқанның замандастарының естеліктерінен Уәлихановтар ауылына қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетіне үлкен қызығушылық танытқан орыс зиялыларының көп келгені мәлім. Осының бәрі Шоқанның ішкі дүниесінде өшпес әсер қалдырды.
Адам қоршаған әлемнен әсер алып ғана қоймай, оған деген өзінің қатынасын да білдіргісі келетіні, жұртқа мәлім. Бұның Шоқан Уәлихановтың қолынан келгендігіне бізді оның ғылыми және әдеби еңбектері сендіреді.
Шығыс және орыс классикалық әдебиетін білуі Шоқанға өз халқының көркем шығармашылығын жаңаша қабылдауға және жоғары эстетикалық деңгейден бағалауға мүмкіндік берді. Ол қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алу мүмкіндігін жібермеген, көп нәрсені жаттап алып, кейін туыстары мен достарының ортасында мәнерлеп оқып беретін болған.
Шоқан Уәлихановтың тарих, этнография және әдебиет салалары бойынша жазған еңбектерінің Шығыс халықтарының, ең алдымен, қазақ халқының эстетикалық мәдениетінің дамуы үшін маңызы зор. Бұл еңбектерде алғаш рет, ноғай, өзбек, қарақалпақ, қазақ, қырғыз халықтарының халық ауыз- әдебиетінің көптеген туындыларына ғылыми талдау берілді. Шоқан қазақ және қырғыз халықтарының көркем мұрасын өзінің «Жоңғария очерктері», «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» және басқа да еңбектерінде эстетика тұрғысынан қарастырады. Халық ауыз әдебиеті туындыларын Ш. Уәлиханов қазақ халқының ең жоғары эстетикалық сезімдерінің көрінісі, «сезінумен, өмірмен және бүкіл қоғамның дамуымен айқындалатын, нақ халық ақыл- ойының туындылары» деп санады.
Өзінің халқына және оның көркем шығармашылығына деген жалынды сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімін Уәлиханов өзінің эстетикалық көзқарастарында білдірді.
Шоқан Уәлихановтың арқасында қырғыздың рухани мәдениетінің ұлы ескерткіші, тек ғана қырғыз халқының емес, сондай-ақ қазақ, орыс және басқа халықтардың игілігіне айналды.
«Манас» поэмасының Шоқанның әдеби ізденістерінің тақырыбы болуы да, кездейсоқ емес. Ол «Манас» сияқты монументальды туындының сараптамасы бүкіл халықтың эстетикалық дамуының ерекшеліктерін көрсете алатындығын жақсы түсінген. Ал Шығыс, Ресей және Батыс Еуропа халықтарының мәдени жетістіктерімен таныстығы, оған бұл поэманы басқа халықтардың әдеби туындыларымен салыстыруға мүмкіндік берді.
Шоканның қазақ эпикалық туындылары мен өлеңдеріне қатысты да айтқан құнды эстетикалық пікірлері бар.
Шоқан Едіге мен Тоқтамыс туралы жырлардың үш вариантын қалдырды. Осы аңызда суреттелген ХІҮ ғасырдың аяғы мен ХҮ ғасырдың басында болған оқиғалар өздерінің эстетикалық мәнін біздің заманымызға дейін жоғалтпаған. Шоқан өзі 1841 жылы жазып алған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасының да поэтикалық ерекшеліктерін өте жоғары бағалаған. Шоқан сілтемелерінен бұл
поэманың қазақ халқының арасында ғана емес, сондай-ақ Шығыстың көптеген басқа халықтарының арасында да кең танымал болғандығы мәлім болады.
Шоқанның халықтың көркем шығармашылығын қаншалықты жоғары бағалағандығының дәлелі ол халық ауыз әдебиеті туындыларын жазып алумен ғана шектелмеген, ол көптеген шығармалардың мазмұны мен формасына талдау жасаған.
Халық өлеңдері мен олардың түрлері туралы (жыр, қара өлең, өлең және басқалары) және олардың қайсысын да таңдау оның мазмұнымен анықталатындығы туралы айта келе, Уәлиханов, мысалы, «өлең түрін әншілер ең қолайлы ретінде, импровизация үшін де қолдануға ыңғайлы санап және олар бұған үйреніңкірегендей, импровизация үшін де қолданатынын ескертеді.
Ш. Уәлиханов халық ауыз әдебиетіне өзінің эстетикалық қатынасын көрсетті. Ол қазақ және қырғыз халықтарының өлеңдері мен эпостарының тамаша талдау үлгілерін қалдырды: Абылай туралы ән, Орақ әндері, Абылай, Шуна батыр және басқалары.
Орыс реализмі дәстүрін ұстанып, Ш.Уәлиханов өнерді қоғамдық күрес құралы ретінде қарастырды. Оның шығармашылығы халыққа қызмет ету идеясымен рухтанған. Шоқан шығармашылығы өнер мен қоғамдық өмірдегі барлық реакциялықты, кертартпалықты айыптаушылыққа толы.
Қажетті әдебиеттің жеткіліксіздігі мен өзінің сол кездегі көптеген әдеби проблемаларды білмегендігін, Шоқанның өзі де мойындаған. Бірақ бұл, ол әдебиет пен өнер мәселелерімен айналыспады дегенді білдірмейді. Шоқан әркез халық шығармашылығын жинады және зерттеді, осы саладағы өз танымдарын ғылыми әлемге жеткізуге ұмтылды.
Шоқан Уәлиханов шығармалары, бізге оның әдеби еңбектерінде көркем шығармашылықтағы форма мен мазмұн сияқты, эстетикалық категориялар ашылғандығы туралы қорытынды жасауға толығымен негіз бола алады. Ол эстетиканың, әдебиеттің халықтығы деген мәселені де зерттеді.
Ол фольклор бастауының халықтық екендігін, халық өміріндегі өнердің үлкен рөлін атап көрсетті.
Қоғамдық өмір құбылыстарын түсіндіруде, Ш.Уәлиханов, оның көптеген замандастары секілді, жалпы идеалистік позицияда қалды. Ол рулық- феодалдық қоғамның барлық қарама-қарсылықтарын шешудің жолын халыққа білім беруден іздейді.
Шоқан Уәлихановтың бастаған ісін, педагогика саласында қазақтың екінші ағартушы-демократы Ыбырай Алтынсарин жалғастырды. Ол да артында эстетика мәселелері бойынша арнайы еңбектер қалдырған жоқ. Оның эстетикалық көзқарастары педагогикалық қызметінде көрініс тапты. Ол ағартушылық арқылы қазақ халқының жалпы мәдени деңгейін көтеруге тырысты, сауатсыз адамның эстетикалық құндылықтарға ғана емес, жалпы мәдениеттің ең азына да қолы жетпесін айқын түсінді.
Алтынсарин өз халқының көркем шығармашылығын жоғары бағалады және ағартушылық оған өмірдегі де, өнердегі де барлық әсемдікті дұрыс түсіндіруге әрі бағалауға мүмкіндік береді деп санады.
Ы. Алтынсарин кейпінде біз, діни фанатизмге және ол қолдайтын білімсіздікке қарсы шыққан, қазақ халқының білім алуы мен эстетикалық білімі жолындағы күрескер, тұңғыш ағартушы-демократты көреміз. Қазақтардың эстетикалық дамуы туралы қамқорлық жасап, Алтынсарин мектеп бағдарламаларына орыс жазушыларының шығармаларын енгізген, балалардың Крыловтың мысалдарын, Лермонтовтың және басқа орыс ақындарының өлеңдерін жаттап алуын талап еткен. Алтынсарин мектептерінің барлығында ән сабағы болған және гимнастика енгізілген еді. Оның өзі алпысыншы жылдардағы орыс зиялыларының озық ойларында тәрбиеленген
және сол кездегі демократиялық ағартушылық принциптеріне жақын болған.
Чернышевский мен Добролюбов қызметтерін жоғары бағалап, Алтынсарин олардың демократиялық идеяларын өз халқының эстетикалық мәдениетінің дамуында пайдаланды. «Мен әрқашан оған шын ықылас білдіретінмін, әсіресе, мен оның бойындағы орыс біліміне деген қызу әуестігін және қырғыздар үшін бұл білімнің қажеттілігі туралы тұрақты ойын бағаладым».
Алтынсарин шығармаларында, сондай-ақ оның хаттарында оның заттарға деген көзқарастары, оның қазақтардың білім алуы туралы түсінігі және өз халқын ағартуға деген ыстық талпынысы толығымен көрініс тапқан. Өз ойларын жүзеге асыру үшін ол қазақ мектептері мен өз халқының ана тілін пайдаланды. Қазақтар үшін, басқа халықтардағыдай, оларға түсінікті тілде жазылған, оқыған кезде олардың ақылы мен ойларына әсер ететін кітаптар қажет», – деп жазды Ы. Алтынсарин. Қазақ даласында мәдени-ағартушылық ошақтарының жоқтығына күйініп және олардың қажеттілігін айқын түсініп, Ы. Алтынсарин В.В. Катаринскийге жазған хатында былай дейді: «Халық, көшпелі кезеңде тұрғанда, өзіне қандай да бір өнегелік азық талап етеді және бұл азықты қажетінде надан қолдан алады, оны асыға сіңдіріп өзінің сау организмін құртады». Бұл жерде ол қазақ халқы арасында молдалар таратып жүрген, көпшіліктің санасын уландыратын діни кітаптар туралы айтқан. Сондықтан өзінің ағартушылық қызметінің мақсаты етіп – қазақ халқын жабысқақ молдалар ықпалынан барлық күшін салып және барлық тәсілдерді пайдаланып қорғауды қойды. Өзінің бұл ойын ол қазақ халқы арасында озық орыс әдебиет үлгілерін тарату жолымен іске асырды. Халықты ағарту міндеттерін Алтынсарин қазақтардың өмір сүру жағдайларымен тығыз байланыстырды. Ол мектептер қазақтардың өмір салтына сәйкес болуы қажет деп санады, олар
«көшпелі мектептер болуы керек: жазда қазақ ауылдарымен жайлауға көшуі, ал қыс мезгілінде – қыстаулар жанында болуы керек». Осындай жағдайда ғана балалардың көбін мектепте оқыту мүмкін. Жүйелі түрде қазақ халқының тарихын, дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениетін танып, Алтынсарин өз жұмыстарында қазақ этнографиясының көптеген мәселелерін зерттеді әрі қорытындылады.
Алтынсариннің қазақ халқының эстетикалық мәдениетін дамытудағы рөлі оның әдебиет саласындағы қызметінде айқын көрінеді. Ол ұлы ұстаз ғана емес, сонымен қатар этнограф, жазушы, ақын және аудармашы болған. Өз уақытында оның этнографиядан жазған мақалалары Ресей географиялық қоғамының
назарын аударған, ал қазақтардағы құда түсу мен үйлену тойы, жерлеу мен ас беру салттары туралы жазған очеркі осы күнге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ...
Алтынсарин шығармаларында өнерге деген өз қатынасын білдіреді, қоғамдық өмірдегі әдебиет пен өнердің орны мен рөлін түсіндіреді.
«Алтынсаринге дейін қазақ әдебиетінде әдебиеттің қоғамдық рөлін айқын түсінген қайраткер болған жоқ», – деп жазады Ә. Дербісалин.
Ол әдебиеттің ең маңызды міндеті ақиқат болмысты шынайы көрсету, ал жазушының шығармашылық міндеті – халық пен қоғамға қызмет ету деп санады. Өз шығармаларында ол қазақтар өмірінің көп қырларын көрсетті. Алтынсарин өлеңдері мен әңгімелері, оның табиғат пен адам сезімдерінің сұлулығын қалай түсінгендігін көрсетеді. Оның «Жаз», «Көктем», «Өзен» және басқа өлеңдерінде адамның әдемі сезімдерімен үндес ғажайып табиғат суреттері берілген.
Табиғаттың әсем көріністерін суреттеп, Алтынсарин халықта оларға деген эстетикалық қатынасты тәрбиеледі, адамдар бойында қуаныш пен шабыт сезімдерін тудырды.
Ол өз өлеңдері мен әңгімелері арқылы халық үшін пайдалы озық идеялар мен талпыныстарды таратты.
Алтынсариннің өлеңдері мен әңгімелері тілі жағынан да, мазмұны жағынан да терең халықтық. Оның шығармалары қарапайымдылығымен, заттарды терең түсінумен және сонылығымен ерекшеленеді. Өз шығармаларында Алтынсарин жалпы адамзаттық идеяларды дәріптеді. Осы жағдай оның шығармаларын оның замандастарына ғана емес, біздің уақытымызда да жақын әрі түсінікті етеді.
Қазақ халқының эстетикалық ойының шыңы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ағартушы-демократ Абай Құнанбаев шығармашылығы болды. Егер Шоқан мен Ыбырайдың эстетикалық көзқарастары осы күнге дейін ғалымдардың зерттеулерінің арнайы тақырыбы болмаған болса, Абайдың эстетикалық көзқарастары қазақтың көрнекті жазушылары, әдебиеттанушылары, өнертанушылары М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Сильченко, А.Жұбанов, М.Қаратаев, Б.Ерзакович, З.Ахметов еңбектерінде жарық көрді. Бұл авторлардың еңбектерінде Абайдың эстетикалық көзқарастарының және ұлы орыс революцияшыл демократтары – Белинский, Чернышевский және Добролюбов көзқарастарының үндестігі туралы, сондай-ақ Абай өзінің көркем шығармашылығында реалистік орыс, батыс және шығыс әдебиетін кең пайдаланғандығы туралы айтылған. Жарық көрген Абай шығармашылығы туралы ғылыми еңбектер мен диссертацияларда оның шеберлігі, оның поэзиясы мен прозасының қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихи дамуындағы рөлі мәселелері көрініс тапты.
Абайдың эстетикалық көзқарастары оның дүниетанымының негізгі бөлімін құрайды. Оның шығармаларын мұқият зерттеу барысында, Абайдың көркем шығармашылыққа талдау жасағанда оны реалистік тұрғыдан қарастырғанын көреміз. Ол даму бастауы мен өнер мазмұны, адам өзінің шығармашылық іс-әрекеті барысында танитын, шынайы болмыс деп санаған.
Көркем шығармашылықты Абай өзінің педагогикалық ойлары мен халықты көркемдік тәрбиелеудің құралы ретінде пайдаланды. Міне, сондықтан, ол өз өлеңдерінде поэзияның қоғамдық өмірдегі рөлі мен мәні туралы, қоғамдағы ақынның орны туралы айтты. Абай «таза» өнер теориясына қарсы болды, ол орыс революцияшыл демократтары секілді өнерді әлеуметтік күрес құралы деп санамады. Өзінің қара сөздерінде ол былай жазды: «Бөтегеннің тілі мен мәдениетін білу адамды сол халықпен тең етеді, ол өзін еркін ұстайды, ал егер ол елдің қамқорлығы мен күресін оның жүрегі қабылдаса, онда ол шетте қала алмайды».
Абай поэзиясының басты тақырыбы Қазақстан табиғаты мен халық өмірі болды. Өз шығармаларында ол бұл өмірдің ең мәнді жақтарын шынайы көрсете білді. Абай дәстүрлі халықтық шығармашылық элементтерін кең пайдаланды, тілді дамытуы мен байытуы, оның шығармаларын түсінікті әрі жеңіл етті. Абай шығармаларында, халық әншілері әлі айтпаған, бірақ халық арасында өмірге деген наразылық толқуы мен басқа жақсы өмірді көмескі аңсау түрінде болған ойлар көрініс тапты. Cондықтан Абайдың өнердің халықтығы туралы көзқарастары біздің заманымызда да өз өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Өнердің халықтығы принципін Абай қазақ тіліне аудару үшін орыс классиктерінің шығармаларын таңдауда ұстанды. Сондықтан аударма үшін ол ең алдымен Крылов, Пушкин, Лермонтов шығармаларын алды. Өз аудармалары арқылы ол қазақтарды озық, халықтық идеялармен таныстыруға тырысты.
«Абай өз халқының рухани көзі болды, және халқы үшін ойланып әрі сезініп, оған оның тарихи болашағын көрсетуімен халықтық», – деп жазды М.О. Әуезов.
Абайдың өлеңдері ұлттық, жоғары патриотизм рухында жазылған. Оның патриотизм сезімі күрделі: ақын халқының ауыр жағдайын көріп күйзеледі, бірақ оның дарындылығын, мейірімділігі мен жанының жомарттығын мақтан тұтады;
Ол - өз халқын ғасырлық көнгіштік ұйқысынан оянуға, өз назарын озық мәдениетке, ол арқылы – жарқын болашаққа салуға шақырады. Төменде келтірілген өлеңінде Абай халықтың ауыр тағдарына өзінің күйінішін суреттейді және оны жақсарту үшін күреске батыл шақырады.
Өз шығармаларында Абай Құнанбаев өз заманындағы өмірлік оқиғалардан да, оны қоршаған адамдардан да, заттарды және табиғат құбылыстарын тамашалаудан да, кітаптар оқудан да алған әр түрлі әсерлерін көрсетті. Ол халықтың ауыр өмірін және табиғат сұлуығын суреттеді, тарих беттерін бейнеледі және адамдар типін жасады, ол үшін материалды қазақ болмысынан ғана емес, басқа халықтар өмірінен де алды. Сонымен Абай өзінің тамаша лирикалық ақындық, жазушылық және сазгерлік шеберлігін танытты.
Абайдың махаббат лирикасында адамдардың асыл сезімдері берілген. Ол адамның таза, асқақ махаббатын жырлады, және мұнда А.С. Пушкин мен М.Ю. Лермонтов салған жолды ұстанды.
Абайға дейін қазақ әдебиетінде Алтынсарин ғана табиғат құбылыстарын суреттеген. Абай өлеңдерінде біз алғашқы рет табиғаттағы әсемдіктің ауылдың
тұрмысының шынайы суреттерімен, көшпелі өмір салтындағы барлық шаруашылықпен үйлесімін көреміз.
Абай қоғам өміріндегі ақынның рөлі мен орнын, поэзия міндетін жоғары бағалаған. Өзіне тән мақтанышпен Абай қазақ поэзиясының керемет сұлулығын, оның адамның рухани дамуындағы мәнін атап кеткен өлеңдері:
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Адамның кейбір кездері», «Базарға қарап тұрсам, әркім барар», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол».
Абай пікірінше, кім халқының барлық рухани талаптарын тани білсе және оның ағартушылыққа көмек көрсетсе – сол нағыз ақын. Адамға кез келген поэтикалық шығарма емес мазмұны жағынан шыншыл және жоғары көркемдік формадағы шығарма ғана эстетикалық ләззат береді.
Ақындық шығармашылықты жоғары бағалай отырып, Абай ақындарды өзінің жоғары атағын мақтан тұтуға және байлардың көңілін аулау үшін дарынын текке шашпай, халқына қызмет етуге шақырды.
Адамның эстетикалық дамуындағы поэзияның рөлі мен мәнін атап өтіп, Абай сондай-ақ көркем шығармаларды тыңдаушылар мен оқырмандардың рөлін де көрсетеді. Олардың шынайы көркем құндылықтарды барлық нашар, идеясыздан ажырата алу қабілеті болу керек, сонда ғана олар поэзиядан нағыз ләззат алады деп санады ол.
Халықтың эстетикалық талғамын қалыптастыра алатын құрал поэзия деп санады Абай.
Абай шығармаларында өнердегі форма мен мазмұнның өзара қатынасы мәселелері де өз көрінісін тапқан. Абай ақындардың форма мен мазмұн бірлігін сақтауы қажеттігін атап өткен, сондай-ақ шығарманың идеялық мазмұнын да жоғары бағалаған. Абай пікірінше, идеялық жағынан алтын мазмұн поэзияда көркем сұлулықпен үйлесім тапқан жағдайда ғана, ол адамға білім де, эстетикалық ләззат та әкеледі.
Абайдың өзі қазақ поэзиясын жаңа мазмұнмен ғана емес, жаңа формамен де байытты. Сөйтіп ол қазақ эстетикалық мәдениетіне елеулі үлес қосты.
Абай өз шығармаларында әсемдік, сұлулық, талғам, эстетикалық сезім ұғымдарына арнайы талдау жасамайды, бұл ұғымдардың мазмұнына қатысты пікірлерді ақынның түрлі өлеңдерінде табамыз.
Абай шығармаларында алғашқы рет өнер адамның эстетикалық дамуының құралы ретінде көрсетілген.
Абай болашақ алдындағы өзінің ақын ретінде жауапкершілігін айқын білген, бірақ қазақ қоғамындағы рулық-феодальдық қатынастар жағдайындағы өзінің күресінің бүкіл қиындығын да түсінген. Абай келер ұрпаққа арналған сөздерінде, сол уақытта оған күресу қандай қиын болғанын түсініп, ол туралы қатал пікір айтпауын сұрайды.
?! Тапсырмалар

  1. Абай адамда эстетикалық сезімнің қалыптасуының жолын қалай көрсетеді? (Қара сөздерінен мысал келтіріңіздер).

  2. Өз шығармаларында Абай адам сұлулығын қалай суреттейді? (Қара сөздерінен мысал келтіріңіздер).





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет