Ежелгі тараз тарихының жаңа беттері даурембеков Қ. К



жүктеу 69.05 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі69.05 Kb.

ӘОЖ 908:930.1:94(574)095
ЕЖЕЛГІ ТАРАЗ ТАРИХЫНЫҢ ЖАҢА БЕТТЕРІ
Даурембеков Қ.К.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы, Тараз


Талас өңірінде ортағасырлар кезінде жүздеген қалалар, бекіністер, елді мекендер, керуен сарайлар мен қарауыл төбелер болған, олардың қалдықтары бұл күнде төбе-төбе болып жатыр. Заманында мықтылығымен, айбарлылығымен жауларына үрей туғызып, әсемділігімен шет елдік елшілерді, жиханкездерді, саудагерлерді таң қалдырған, талай оқиғалардың куәгері болған қалалар мен елді мекендер жойқын соғыстардың тақ таластарының, өзара қырқуласулардың нәтижесі және баска да тарихи себептерге байланысты қирап, бұзылған бұл ескерткіштер тарихымыздың баға жетпес қазынасы болып табылады. Осы жәдігерлерімізге қатысты құнды мәліметтер халық ауыз әдебиетінде және жазба деректерде сақталған. Сол көне қалаларының бірі - Ежелгі Тараз. Қаланың өзіндік тарихы, тағдыры бар. Қызық-қилы кезеңдерде өсіп-өркендеген даму жолдарының да шежіре - сырлары мол. Ең негізгісі, Ортағасырлық Тараз қаласы Қазақстанның тарихындағы ең ірі саяси, мәдени, сауда, әкімшілік орталығы болған. Бүгінгі күні тәуелсіздігімізді алып, өз өткенімізге қайырылып, өз тарихымызға қызыққан уақытта қазақ тарихын жаңаша көзқараста, ұлттық тұрғыда жазудың қажеттілігі артып келеді.

Еліміздің маңызы зор өндірістік және мәдени орталығы болып табылатын қазіргі Тараз қаласы орналасқан жерде, тарихшыларға Тараз деген атпен белгілі Қазақстанның ең үлкен ортағасырлық шаһары туралы ортағасырлық саяхатшы, ғалымдардың көпшілігі дерлік қалам тартқан. Тараздың орналасқан жері В.В. Бартольдпен сонау 1894 жылы анықталған, кейін профессор А.Н. Бернштамның зерттеулерімен нақтыланады. Зерттеулерде Ежелгі Тараз (Талас) бүгінгі Тараз қаласының орнында болғандығы нақты көрсетіледі.

Халықаралық деңгейде 2000 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткен айтулы қала, өзінің өмір сүру бастауын ғасырлар қойнауынан алып осы күнге дейін ірі орталық ретінде өз тіршілігін жалғастыруда. Аумақты зерттеу негізінде көрнекті кеңес ғалымы А.Н.Бернштам «Талас жазығы аумағында... б.з.д. 5 ғасырға дейінгі отырықшы елді мекендердің мәдени қалдықтары белгілі» деп қорытынды жасаған. Осы кезеңге Берікқара қорғандары жатады. Неше түрлі саяхатшылар, ортағасырлық ғалымдар көркіне көз тоя сипаттап өткен қаланың өткені мен бүгінін зерттеу біздің басты міндетіміз болып саналады.

Тараз қаласының тарихына қысқаша тоқталсақ, б.з.д.VII-IIIғғ Жетісуда сақтар мен үйсіндердің тайпалық одақтары құрылды. Олардың мәдениеттері туралы мәліметтерді біз ең алдымен, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған деректер арқылы аламыз. Әдебиеттерде сондай-ақ солтүстік ғұндардың бір тобы Чжи-Чжи шаньюйдың бастауымен Қытайға бағынбай б.з.д. 36 ж. шығысында Талас жазығы мен Шудың төменгі ағысы, оңтүстігінде Ташкент оазисі, Қаңлы патшалығының иелігінде орналасқандығы жазылған. Бұл еңбектерде Тараз тарихы, ел-жерге қатысты деректер, алыс-жақын елдермен байланысты әңгімеленеді. Көне Тараздағы мәдени-сәулет ескерткіштері, қыстақ-кенттер, мешіт-медреселер, сауда-саттық орындары, қолөнершілер шеберханалары, күшті қорғаныс қамалдары, мұнаралы күмбездер, күнмен таласқан сұлу да зәулім мешіт пен теңге соғатын сарайлар, қыштан жасалған құмыра, ою өрнегі мол ыдыс-аяқтар т.т. сыр-сипаттары да шырайлы шаһардың тағдыры мен тағылымынан көп жайтарды, мол дәйек-деректерді алға тартады.

VІ ғаcырдың 60 жылдарының соңында түркі қағанатының саяси және экономикалық қарым-қатынасы - сол кездегі ірі мемлекеттер Византия, Персия, Индия, Қытаймен болған. Қытайдан басталып Батыс Европаға созылып жатқан және Талас өңірін қамтыған сауда жолын қорғау мен дамытуға күшті мемлекет қажет болды. Жазба деректерде ежелгі Талас (Тараз) қаласы жиі айтылады. Тараз қаласын 751 жылы - арабтар, 766 жылы - қарлұқтар жаулап алады. IX ғасыр соңында саминидтерге бағынышты болады. Қараханидтер әулеті билік құрған тұста (X-XIғғ.) Тараз жаңа мемлекеттің астанасы болады. Алайда Тараз XIIIғ. аяғында моңғол империясының, кейіннен Темір мемлекетінің орталығына айналады. Көне қала Хорезмшах, Мұхамед әскерінің талқандауына, моңғол шапқыншылығының зобалаң зардаптарына да душар болады. Ежелгі Тараз көне кезеңдерде Түргеш, Қарлұқ, Қараханид мемлекеттерінің орталығы болған. Осы жерден әлемнің көптеген елдеріне - Қытайға, Иран мен Византияға, Орта Азияға шығатын кең арналы даңғыл жолдар, келелі келешекке үміт-сенім артқан қазақ халқының да асыл мұраттары бастау алады. Ежелгі дәуірде және ерте ортағасырда Ұлы Жібек жолы халықаралық дипломатиялық қатынастардың жолы, елшілердің жолы болды. Елшілер елдер арасындағы байланыстарды орнатып ғана қойған жоқ, олар сонымен бірге миссионерлер әрі көпестер еді. «Жібек жолы» бойымен барлық бағыттар бойынша және есепсіз тармақтар дүниені тануға ұмтылған, өз кезеңінің географтары тәрізді шығармалар жазып қалдырған саяхатшылар да жүрді. Осылардың бірқатарына жеке тоқталар болсақ;

Б.э. 568 жылы жазылған грек тарихнамасында Тараз қаласы туралы айтылған тарихшы Менандр Протектордың жазбалары сақталған. Онда «568 жылы қалаға Византия императоры Юстинианнан - Земарх Киликийскийдің басшылығымен елшілер келді» деп жазылған. Деректе Земархтың Батыс түрік қағанатының қағаны Дизабулмен бірге Таразға келуі суреттеледі.

Тараз жөнінде осы сияқты анық мәліметтерді біз Земархтан кейін 60 жыл өткен соң, 629-630 жж. Ұлы Жібек жолымен Шу, Талас өңірлері арқылы жүріп өткен Сюань Цзян, өзі көрген ерте ортағасырлық қалалар туралы өте құнды деректер жазып кеткен. Талас аймағы, Тараз қаласының орналасуы, көлемі, шаруашылығы туралы маңызды деректер қалдырған. Оның айтуынша, Тараз қаласының үлкен саяси маңызы және сауда байланысы болғандығын айтады.

Ал Мутаххар ибн Тахир ал-Макдиси (966 ж. жазылған) "Китаб бад ал-халк иа-т-тарихи" деген шығармасында 751ж. Талас шайқасы туралы айтылған. Тараз қаласының қазіргі Тараз қаласының баламалануына осы автордың келтірген деректері өте шынайы болады.

ІХғ. бірінші жартысында өмір сүрген Мухаммед ибн Муса ал-Хорезмидің "Китаб сурат ал-ард" атты енбегінде Тараз қаласының орналасқан ендігі мен бойлығы (40"24' ендікте,100°30' бойлықта), көрсетілген''. 846-912 жж. аралығында өмір сүрген араб географы Абу-л-Касим Убайдаллах ибн Абдоллах ибн Хордадбехтің 846-847 жж. жазып, 885-887 жж. қайта өңдеген "Китаб ал-масалик ва-л-мамалик" (Жолдар мен мемлекеттер) деген еңбегінде Ұлы Жібек жолы мен Оңтүстік Қазақстан, Талас, Шу өңірлері арқылы өтетін керуен жолының бағыты, Испиджабтан Таразға және Тараздан Кубалға дейінгі аралықтағы ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің аты аталған. Тараздың бір кезде гүлденген, сәулетті қала болғаны туралы қызықты дерек Махмуд бен Эмир Валиде сақталған.

Талас өңірлері туралы аса құнды деректерді Ш.Ш.Уәлихановтан да кездестіреміз. Көрнекті ғалым өзінің 1853-1855 жж. жазған "О киргиз-кайсацких могилах и древностях вообще" атты еңбегінде қазақ жеріндегі жерлеу орындарының түрлеріне, олардың неден салынғанына және кімдерге арнап салынғанына көңіл аударған, ол сонымен қатар сыртында қамалы, оры бар төртбұрышты бекіністердің барын атап көрсеткен.

Ғылыми еңбектердегі мәліметтерді негізге ала отырып, Ежелгі Тараз қала жұрты мен ондағы мәдени қабаттардың қаншалықты сақталынғандығын анықтау мақсатында, Жамбыл облыстық әкімдігінің қолдауымен, Жамбыл облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясы тарапынан 2011-2013 жылдары Ортағасырлық Тараз қала жұртының шахристан бөлігіне (қазіргі орталық көк базар аумағы) бірқатар археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Археологилық ғылыми – зерттеу жұмыстары кешенді түрде ұйымдастырылып, оған отандық және шет елдік ғалым мамандар (археолог, архитектор, антрополог, нумизмат, қыш-құмыра мамандары) да шақырылды. Қазба жұмыстарының алғашқы күндерінен-ақ ортағасырлық құрылысының құландыларының орны анықтала бастады. Құрылыс қалдықтарын аршу барасында, оның X-XIIғғ. тән ортағасырлық монша құрылысының қалдықтары екендігі анықталды. Монша құрылысының қабырғалары, көлемі 25х25х4см. болатын күйдірілген кірпіштерден қаланған.

Құрылыстың оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталған үш қабырғасының іргетастары және еден тұсына жүргізілген жылыту жүйесі сақталынып қалған. Ортағасырлық Тараз қаласында моншалардың болғандығы бұған дейін де жайлы көптеген ғалымдардың зерттеулерінде дәлелденген. Олардың ең алғашқысы болып 1938ж. А.Н. Бернштамның жетекшілігімен Жетісу археологилық экспедициясы зерттейді. Қазба жұмыстарын қорытындылай келе А.Н. Бернштам моншаның XIғ. жататындығын дәлелдеген. Тараз қаласының орта ғасырларда ең бір өркендеп гүлденген шағы осы X-XIIғғ. ғасырлар болып табылады. Осы кезеңде қала көшелері тастан төселініп, қалаға қыштан су құбырлары жүргізіліп және көптеген әкімшілік ғимараттар бой көтерген. Солардың қатарында Тараздың шығыстық моншалары да бар. Моншалардың шығыстық қалаларда, бірқатар қоғамдық құрылыстардың ішінде өзіндік орны болған. Моншалардың халық тұрмысында алатын орнын Ортағасырлық әдебиеттерде сақталған оның көптеген сипаттары, моншадағы оқиғалар жазбасы, моншаға келушілердің өзіндік тәртіптік тізімі дәлелдейді. IX-Xғғ. дәрігері Закария ар-Рази моншаның адам ағзасына әсерін жазуда моншаны тіршілік қамын жеңілдету мен мұңнан айықтыратын жақсы суреттермен әшекейлеуге кеңес берген. Дж. Эссад «Монша – мешіт сияқты ол да керек» - деп көрсеткен.



Монша құрылысын аршу барысында көптеген қыш-құмыра бұйымдарымен қатар, бірнеше ортағасырлық мыс теңгелер де табылған болатын. Қарлұқтар мен Қарахандар тұсында Тараздың өз теңге сарайлары да болғандығын, бүгінгі күнгі археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары дәлелдеп отыр. Табылған мыс теңгелердің басым бөлігі де осы кезеңдерге (IX-XIIғғ.) жатқызылады. Қазба жұмыстары соңында монша құрылысын сақтап қалу мақсатында, нысан орнына бірқатар консервациялық жұмыстар жүргізілді. Нысан үстіне уақытша сақтау шатырлары орнатылып, ішкі құрылыс қабырғаларына қайта қалпына келтіру жұмыстарының алғышарттары жасалынуда. Археологиялық консервация және қайтажаңғырту жұмыстары арқылы ғана біз, Ортағасырлық Тараз қаласының біздің күнімізге дейін сақталынып қалған мәдени қабаттарын, өткен тарихымыз бен археологиялық мол мұрамызды бүкіл әлем алдында паш ете аламыз.

Ортағасырлық Тараз қаласының қысқаша тарихын осылайша қорытындылауға болады. Оның терең тарихын жазба деректердегі қысқа мәліметтер мен қазба жұмыстары барысында табылған артефактілерге сүйене отырып толықтыра беру болашақтың ісі. Қаланың толық тарихы, оның пайда болуы мен дамуы, гүлдену дәуірі жайлы мәліметтер, қаланың өзі мен оған серіктес қалалар Атлах, Жамұқат, Жікіл, Жувикат, Төменгі Барсхан секілді қалалар, заттай деректерімен өз қойнауларында сақтап жатыр. Топырағынан неше түрлі асылдарды дүниеге әкелген айтулы қаланың тарихы әртүрлі қырынан әртүрлі зерттеушілердің, әдебиетшілердің және өз тарихына селқос қарамайтын азаматтардың ой толғауына негіз болғаны рас. Өткенсіз бүгін жоқ екені даусыз. Осы себептен өз тарихымызда өзіндік өшпес орны бар қалаларымызды дәріптеу біздің перзенттік парызымыз болып табылады.
Каталог: rus -> all.doc -> Konferencia -> Dulaty2014
Dulaty2014 -> Ғалым а. ҚЫраубаева зерттеулеріндегі алтын орда кезеңі мен түркі тілді әдебиет
Dulaty2014 -> Тараз қаласының МӘдени тарихы көшербаева А. Ж., Иманбекова Г. М
Dulaty2014 -> Қытай деректемелеріндегі қазақ тарихының Өзекті мәселелері шолпанқұлова Қ. А
Dulaty2014 -> Қазақ мемлекеттілігі тарих толқынында
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 930. 1: 929 М. Х. Дулатидің «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі тарихи танымдық деректер
Dulaty2014 -> Әож 821. 512. 122. 091 «тарихи-и рашиди» Қазақ тарихының этникалық дерегі
Dulaty2014 -> М. Х. Дулат шығармасындағы сопылық таным көріністері мырзахметұлы М
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 297 МҰхаммед хайдар дулати «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі ислам дініне деген сенімі
Dulaty2014 -> Әож 342. 22: 323 тараз аймағындағы архитектуралық ескерткіштер тарихы
Dulaty2014 -> Тараз мыңжылдық өркениеттер тарихының тоғысында


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет