"AMANAT" партиясы "Қарызсыз қоғам" жобасының аралық қорытындысын шығарды. Биыл қаңтар-ақпан айларында ел аумағындағы 15 мың отандасымыздың қаржылық сауатын арттырып, оқыту курсынан өткізген.

"Қарызсыз қоғам" жобасына қатысқан 100-ден астам әйел бүгін Алғыс айту күні және алдағы 8 наурыз мерекесі қарсаңында Астанада арнайы бас қосып, қарыздан құтылудың, отбасы табысын арттырудың тәжірибесімен бөлісті. 

Мәжіліс Спикері, "AMANAT" Төрағасы Ерлан Қошанов Президент ел азаматтарының шамадан тыс несие алуы мәселесіне бірнеше рет назар аударғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер әзірленуде. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда жаңа "қаржылық мәдениет" қалыптастыру қажет.

"Өздеріңіз білетіндей, партия "Қарызсыз қоғам" жобасын жүзеге асыру жөнінде тың бастама көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қолдап, оның ауқымын жалпыхалықтық деңгейге шығаруды тапсырды. Бұл жұмысқа Үкімет пен Ұлттық банк қосылды. "Қарызсыз қоғам" жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Барлық аймақтағы азаматтар бұл жобаға қолдау білдіріп, оны жалғастыруды сұрап отыр", – деді ол.

2024 жылы еліміздің барлық өңірінде 200 мың адам қаражатқа жауапкершілікпен қарап, табысты арттырудың әдіс-тәсілін үйренеді. Бұған қоса, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, жоба аясында 750 мың адам қамтылады.

"AMANAT" партиясы "Қарызсыз қоғам" жобасын үнемі жетілдіріп келеді. Жобаға қатысушылардың 75%-ы – әйелдер. Оның жартысынан көбісі – көпбалалы аналар. Партия оларға жағдайды жақсартудың жаңа құралын ұсынды. Атап айтқанда, оқудан өткен әйелдер жеке кәсібін бастау үшін қайтарымды грант пен лизингке құрал-жабдық сатып ала алады. Бастама аясында жыл соңына дейін 3500 әйелді қамту жоспарлануда.

"Бұл ретте, біз бүгінгі кездесуге қатысып отырған кәсіпкер әйелдердің тәжірибесіне сүйенгіміз келеді. Сіздердің міндеттеріңіз – жоба тәлімгерлерімен бірлесіп, әйелдерді оқыту және оларды тұрақты табыс табатын деңгейге жеткізу. Олар өздеріңізге қарап бой түзейді. Сіздер үлгі болуларыңыз керек. Бұл – "Қарызсыз қоғам" жобасын жүзеге асырудың жаңа кезеңі", – деді Ерлан Қошанов.

Бұдан соң, "Қарызсыз қоғам" жобасына қатысушылар сөз алды. Мәселен, Түркістан облысынан келген төрт баланың анасы Айнұр Есенова алғашында "Қарызсыз қоғам" жобасына сенімсіздікпен қарағанын мойындады. Алайда, оқыту курсы аяқталғаннан кейін, ол отбасылық бюджетті дұрыс басқаруды үйреніп қана қоймай, табысты арттырудың жолын тапты.

"Ауылдастарымнан сүт жинап, одан кұрт-май жасап сатамын. Қазір үй тұрғызып жатырмыз. Құрылыс жұмысы әлі аяқталған жоқ. Есесіне, жаңа терезе мен батарея алуға қажет қаражат таптым. Сонымен қатар, "Ауыл аманаты" жобасы аясында жеңілдікпен 4,2 млн теңге несие алып, оған 8 бас мал сатып алдым. Ай сайын 250 мың теңге көлемінде тұрақты табыс тауып отырмын", – деді ол.

Ал Маңғыстау облысының қатысушысы Асылтас Қуатбаева жобаға қатысқанға дейін жалақысының жартысын қарыз қайтаруға жұмсап келді. Жұбайы жұмысынан айырылған соң, көпбалалы отбасының қаржылық жағдайы нашарлап кетті.

"Қарызсыз қоғам" жобасының сарапшылары өтінім ресімдеуге көмектесіп, сол арқылы мемлекеттен өз ісімізді бастауға мүмкіндік берген грант алдық. Нәтижесінде, құс етінен шұжық өнімдерін өндіретін кәсіпорын аштық. Қазір кәсібімізді ары қарай дамытып жатырмыз. Отбасылық табысымыз 650 мың теңгеден асып, қарызымыздың көп бөлігінен құтылдық", – деді ол.

Айта кетейік, биыл жобаны жүзеге асыруға 9 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган қатысуда. Жобаға қатысуға ниет білдірушілерге ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқыту курсына жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

Іс-шара барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Halyk bank-тың басқарма Төрағасы Үміт Шаяхметова, "Қарызсыз қоғам" жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева және өңірлерден келген жоба түлектері сөз сөйледі.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.