Әож 929 Махамбет Өтемісұлы бірегей тұлға



Дата02.11.2017
өлшемі45 Kb.
#5182

ӘОЖ 929
Махамбет Өтемісұлы - бірегей тұлға
Абдихан А.Ж. – ЕП-15-3к тобының студенті

Қабыл А.Ә. – аға оқытушы
Ақиық ақын, ақберен батыр Махамбет Өтемісұлы туралы деректер тарихи және әдеби түрдегі томдық кітаптарда мол жазылған, мерзімді басылымдарда көптеген мәліметтер беріледі, сонымен бірге деректі және көркем фильм де түсірілген.

Қазақ елі тарихында Махамбет Өтемісұлындай ержүрек батыр, көрнекті ақындар аз болмаған. Бірақ өз өмірін, күресін отты жырларына арқау еткен Махамбеттің тағдыры, тарихтағы орны өзгеше. Қазақ поэзиясындағы ерекше тұлға Махамбет өзінің 42 жылдық күреске толы өмірін, өз ортасын асқақ жырына қосып, ұрпақтарына өшпес мұра қалдырып кетті. Біздің тарихымызда екі ерекше батыр бар, біріншісі – Махамбет Өтемісұлы, екіншісі – Бауыржан Момышұлы. Махамбет өзі өмір сүрген кезеңді, қатысқан шайқастарын жырмен өрнектеп кетсе, Б.Момышұлы кітап етіп жазып қалдырды.

Халқының азаттығын аңсаған бірегей тұлға, өр мінезді ақын Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген. 2003 жылы ЮНЕСКО көлемінде 200 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ақынның өмір сүрген уақыты кейбір деректерде 1804-1845 жылдар аралығы деп те көрсетіледі. Махамбеттің шыққан тегіне қатысты жорамалдар да әртүрлі. Мысалы, Х.Досмұхамедов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев сияқты ғалымдар Махамбетті Кіші жүзге қарасты он екі ата Байұлының беріш руының тумасы ретінде қарастырса, енді бір зерттеушілер Нәдір атты үлкен атасының есіміне қарап, ақынның тегін қызылбасқа (парсы) немесе хазарға жатқызады. Осы орайда, Махамбеттің арғы аталары хазар да, қызылбас та емес, түрікмендерге жақын деген де пікір бар.

Азаматтық үшін арпалысқан арыстар Исатай мен Махамбет – бүгінгі тәуелсіз еліміздің төл тарихындағы тұғырлы тұлғалар. Даланың ержүрек ұлдары бастаған 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс Кіші жүздің патша үкіметіне қарсы шыққан ең үлкен бас көтеруі болып тарих парақтарында қалды.

Бүгінде Исатай мен Махамбет батырлар жайында көптеген зерттеулер жазылып жүр. Ал алғаш рет қалам тартқан азамат - белгілі ғалым, тарихшы, дәрігер Халел Досмұхамедұлы болатын. «Аламан» кітабына енген «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы туралы қысқаша мағлұматты» тарихшы 1924 жылы жазып, «Ақжол» газетіне жариялапты. Мақаламен танысқан оқырман бұрын-соңды көп айтыла бермейтін бірталай мәліметтерге қанығары даусыз. Оның үстіне заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Тарихтың дәл суреттерімен толығырақ танысамын деген кісі болса Халел Досмұхамедұлының «Истай-Махамбет» жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» деген еңбектерін қарап өтсін дейміз» деп пікір қалдырыпты. Көтеріліс қамтыған өңірдің тарихы мен тұлғасын жақсы білген ғалымның еңбегі ақиқат пен аңыздың ара-жігін ашуға айтарлықтай көмектесері анық. Махамбет батыр халық көтерілісінде маңызды рөл атқарды. Ол жалынды жырлары арқылы халықты патша үкіметі мен отаршылдық билікті жақтаған хандарға қарсы күреске шақырды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы қазақ тарихы көшіндегі кездейсоқ, тек бір кезеңге ғана тән өткінші тұлғалар емес, көтерген қоғамдық жүгі мен жеке азаматтық үлгісі тұрғысынан ұлт жадында мәңгі сақталатын қайталанбас құбылыстар. Өйткені олар өз ғұмырларын арнап, орнықтыруға күш салған құндылықтар, яғни халықтың өз ішіндегі әлеуметтік теңдігі, сондай-ақ өзге жұрттан тәуелсіздігі еш уақытта маңызын жоғалтқан емес» деп баға береді. Исатай батырдың жақын серігі болған Махамбет Өтемісұлы татар және орыс тілдерін еркін білген, орыс жазушысы, этнограф В.И.Дальмен, ғалым-саяхатшы Г.С.Карелинмен таныс болған екен [1].

Махамбет Өтемісұлы ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ азаматтық қозғалысының көш бастаушысы ғана емес, сонымен бірге ұлттық мәдениет пен элитаның осы мезгілдегі дәреже, деңгейін анықтаушы тарихи құбылыс деп айтуға болады.

«Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,

..........................................

Тебінгі теріс тағынбай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?!» - деп өз өлеңдерінде бостандық пен ерлікті дәріптеген Махамбет тұлғасы әрі батыр, әрі ақын, әрі шешен, әрі көсем.

Махамбет мұралары бізге түгелімен жеткен жоқ. Көптеген өлеңдері патша өкіметінің жарлығымен өртеліп, жойылып кеткен. Отты жырлары халық жадында сақталып, ел аузынан бізге сол арқылы ғана жетіп отыр. Махамбеттің өлең-жырларын жаттап алып, кейінгі ұрпаққа жеткізген – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген беріш руының белгілі ақындары Мұрат Мөңкеұлы мен Ығылман Шөреков болатын.

Батырдың дауылпаз ақын ғана емес, шебер күйші екендігі айтылып та, жазылып та келді. Халел Досмұхамедұлы Махамбетті «алып ақын, домбырашы» десе, 1937 жылы Мұхтар Әуезов «Махамбет әрі батыр, әрі ақын-жырау, әрі домбырашы» деп жазған. Махамбет күйлері Алматыда 1950 жылдан бастап тартыла бастады. Онда да «Қайран, Нарын», «Жұмыр, Қылыш», «Өкініш» атты күйлері ғана белгілі еді. А.Жұбанов кезінде ақын күйлерін жеткізген О.Сүйімбеков туралы айтқан болатын. Күйші Оразғали Сембеков батыр күйлерінің алғашқы мықты орындаушысы болды. Жалпы Махамбет күйлері – батыс өңірдің нағыз адуынды төкпе күйлері. Күйлерінде поэзиясы сияқты батырлық пен ерлік, бастан кешкен жайттар баяндалады [2]. Оның 11 күйі 1982 жылы «Шашақты найза, шалқар күй» деген атпен жарық көрсе, соңғы жылдары профессор Кәрима Сахарбаеваның ізденуімен Махамбет күйлерінің саны 13-ке жетіп отыр.

Қазіргі кезде батыр, ақын бабамыздың ұстаған заттары сақталған ба деген ой келетіні анық. Батыс Қазақстан облысының Жаңақала кентінде тұратын Лепесовтер әулетінің қолында Махамбеттің қазақы қайқы қылышы сақталған көрінеді. Батыр қолының табы қалған қылышты талайлар сұрап келген екен. Мәдениетіміздің жанашыры И. Тасмағамбетов те арнайы кісі жіберіп, асыл дүниені сұратқанымен батыр ұрпақтары көзінің қарашығындай көрген бұйымды беруге қимаған көрінеді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданындағы бұрынғы Карл Маркс ауылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі президиумының 1993 жылғы 4 мамырдағы № 2189-ХІІ Қаулысы арқылы халық батырының есімімен Махамбет Өтемісов ауылы болып өзгертілген [3].

Махамбет Өтемісұлындай қаһарман бабаларымыздың ерлік істері мен өшпес мұраларын дәріптей отырсақ, жас буын өкілдері мен кейінгі ұрпақ үшін патриоттық тәрбиенің қайнар көзі ашыла түсері даусыз.


Әдебиеттер
1. Артықбаев Ж.О., Пірманов Ә.Б. Қазақстан тарихы (энциклопедиялық басылым). – Алматы: Атамұра, 2008. – 394 б.

2. А. Райымбергенов. Күйлерін Қаршыға қайта жаңғыртты. // Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам. № 09, 2011 ж. – 29 б.



3. Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы. – Алматы: «Нұрлы Әлем», 2009. – 51 б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет