Алматыда Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жандос Рахымғалиев пара алу ісі бойынша алты жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Істі Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 аудандық соты қараған.

“Сот үкімімен сотталушылар Р. және М. пара алу және пара беру фактілері бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып алты жылға сотталды. Сотталушы Б. пара алу бойынша медиация тәртібімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бір жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген соттың шешімінде.

Сотта анықталғандай, Жетісу ауданы әкімінің аппараты мен директоры Б.Б.ның өкілі болып саналатын "Қ" ЖШС арасында қоғамдық бақтардың жасыл желектерін күтіп-баптау бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.

  • Қазақстанда пара беру туралы ұсыныс айтқандар сотталады
  • Таразда аурухана басшылары 758 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталды

“Жасыл алқаптарды жергiлiктi жерде тексеру барысында Жетісу ауданының әкімінің орынбасары Р., орындалған жұмыстардың актiлерiне және орындалған жұмыстардың құны туралы актiге еш кедергiсiз қол қойғаны үшiн делдал арқылы пара алу мақсатында жолға шыққан. Өз кезегінде Б. бұл ақпаратты ЖШС құрылтайшысына берген. Осылайша, Р., мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға бола тұра, делдал Б. арқылы пара беруші М.-дан (ЖШС құрылтайшысы) өзінің лауазымдық өкілеттіктері шегінде әрекет жасағаны үшін 13 785 000 теңге көлемінде пара алған”, – деп қосты сотта.

Айта кетейік, Рахымғалиев өзінің ресми сайтында әлі де аудан әкімдігі басшылығының қатарында тұр. Әкім орынбасары лауазымында абаттандыру мәселелерін қадағалаған. Еске сала кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Рахымғалиевтің ұсталғаны туралы 4 қаңтарда хабарлаған еді.

Бұған дейін Шымкент әкімдігінде жиналыс кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері залға кіріп, шенеуніктердің бірін алып кеткені хабарланған.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.