Ақтөбе облысында аудан әкімінің орынбасары 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, 9 наурыз күні полиция қызметкерлері шенеуніктің көлігін тоқтатқан.

"Азамат К. полиция қызметкерлерінің алкогольдік, есірткілік мас болу фактісі бойынша медициналық тексеруден өту туралы заңды талабын орындаудан бас тартқан", — деп хабарлады Әйтекеби аудандық соты. 

Сот отырысында аудан әкімінің орынбасары кінәсін мойындамай, денсаулығына байланысты сараптамадан өте алмайтынын айтқан.

"Алайда, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсі іс материалдарымен (бейне жазба, аурухана қызметкерлері мен наркологтың айғақтары) расталды. Дәрігер сотта шенеуніктің медициналық тексеруден бас тартқанын, денсаулығының нашарлауы анықталмағанын айтты. Сот шешімімен шенеунік кінәлі деп танылды", – делінген сот хабарламасында.

Сот шенеунікті сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.