Ғайни әлімбекқызы көҢілімде боздап тұрды бозінген



бет1/4
Дата16.10.2017
өлшемі0.9 Mb.
#3820
  1   2   3   4

ҒАЙНИ ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ
КӨҢІЛІМДЕ

БОЗДАП ТҰРДЫ

БОЗІНГЕН


Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің

20 жылдығына арналады


ҒАЙНИ ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ

КӨҢІЛІМДЕ

БОЗДАП ТҰРДЫ

БОЗІНГЕН

Жыр кітабы

Molia @ DOS

Баспасы
Алматы,

2011

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз 7-5

Ә 55

Әлімбекқызы Ғ.

Ә 55 Көңілімде боздап тұрды бозінген: Жыр кітабы. – Алматы: «Molia @

DOS» баспасы, 2011. – 136 бет.


ISBN 978-601-7129-12-5
Дарынды ақын Ғайни Әлімбекқызының жыр жинағына әр жылдары жазған өлеңдері топтастырылды. Ақынның буырқанған сезімге толы, сыршыл да ойлы жырлары оралымды тіркестермен, көркем тілімен ерекшеленеді.

Жүрекжарды жыр жолдары оқырманды бейтарап қалдырмас деп сенеміз.

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз 7-5

ISBN 978-601-7129-12-5 «Molia @ DOS», 2011

Аяулы анам Нағиманың, майдангер

аталарым Оспан мен Есіркептің

рухына бағыштаймын

Автор

Ғайни ер көңілді, ерке мінезді ақын. Аузын ашса, жүрегі көрінеді. Өмірге ақындық көңілмен қарайды. Ғайнидың өз құрбыластарынан ерекшелігі де сол.

Оның өлең жырының өн бойынан Махамбетке тән күрескерлік сарынмен қатар, Қобыландының Құртқасына тән нәзіктік пен шынайылық сезіледі. Ендеше қазақ поэзиясына өзгеге ұқсамайтын, өзгеше қолтаңбаасы бар ақын келді деп ойлаймын.

Зайда Елғондиева

Ақын, Халықаралық Алаш

сыйлығының лауреаты
Мен Ғайни Әлімбекқызының топтамасын толық оқып шықтым. Әлдеқашан ақын боолып қалыптасқан, әлдеқашан өлеңге айналған Тараздық ақынға таң қалдым.

Ақын екен, ақын болғанда да Жаратқанның өзі берген талантты өзге қайдам, өзі де түсінбей жүргендей сезіндім.

Сөзіме нанбасаңыз мына кітапты бастан аяқ оқып шығыңыз.
Жәркен Бөдеш

ақын, халықаралық «Алаш»

сыйлығының иегері

ҒАЙНИДЫҢ МЕТАМАРФОЗАСЫ


  • «Сен қайдан келдің?» - дегенде, бір данышпан

  • «Мен балалықтың ауылынан келдім» - дейтіні бар еді. Мен Ғайнидың өлеңдерін оқып отырып сол балалықтың еліне саяхат жасағандай болдым. Ақынды тағдыр жасайды дейді. Рас-ау. Ғайнидың алмағайып, аласапыран тағдыры да маған бір кісідей таныс. Ол ердің ері қайысыпкетер налалы, өмір жолында не көрмеді. Әттең, біздің ақын қыздарымыздың көбіне қарап тұрып неге ғана еркек болып жаратылмады екен деп қамығам. Егер олай болғанда біздің ұлттық поэзиямыз бұдан да салмақты, бұдан да қомақтырақ болар ма еді. Кезінде Есенғали ақынның «Қыздардан ақын шықпайды» - деген сөзін қалам ұстаған кейбір замандастарымыз жерден алып, жерге салғанын ұмытқан жоқпыз. Олар Есенғалидың қыздың долы мүлдем жіңішке екенін бағамдай алмаған еді-ау. Ия, ақ пен қара айқасқан мына өмірде қыз баласына қалам көтеріп жүру – уысыңа шоқ ұстап жүргенмен бірдей тауқымет. Алайда, тағдыр ісіне дауа жоқ! Сол дауасыз дертпен ауырған замандасымыз осы – Ғайни. Мен Алладан оны «дертіне» шипа табылмауын шын жүрегімнен тілеймін!

Өлеңменен табысқалы,

Маған бір мұң жабысқан-ды.

Саған ғашық жүрегімнің,

Сен деп соғар қағыстары.



Бір сөз басында тілге тиек еткен «балалықтың ауылы» Ғайнидың осынау бір шумағында ғана емес, бүкіл шығармашылығында менмұндалап тұрған қасиет. Ол, атап өткеніміздей соншалықты ауыр тағдыр иесі бола тұра, қолына қалам алған сәтте-ақ, сол баяғы қайта оралмас балдәурен өлкесіне сүңгіп кететіндей. Сүңгіп кетіп, сол мөп-мөлдір әлемнен осынау лас қоғамға сәбидей пәк пейілімен кешу тілеп тұрғандай көрінеді.

Қайдан білейін, егер, бәріміздің пешенемізге балалықтың еліне тағы бір барып қайту мүмкіндігі жазылар болса, жердің беті осыншама қарайып, күн ұясына осыншама қызарып батпас еді-ау. Қайдан білейік? Оны тарлауыт-тайғақ, күн кешіп, балалығын бауырына қыстатқан Ақын біледі...
МАРАЛТАЙ


1

БӨЛІМ

АҚҚУ-ӘНІМ

Тағдырын беріп ақынның,

Оймен мұңға батырдың.

Шағала жаны шарқ ұрған,

Патша көңіл пақырмын.

Өртеніп от демім,

Айтарым көп менің.

Жүрекке жыр сеуіп,

Жеттің бе, көктемім!

ТӘУЕЛСІЗ КӨК ТУЫМ – СЕМСЕРІМ
Көгімде шаңқылы қыранның,

Қызымын өр кеуде Тұранның.

Бабалар заңына бағынып,

Бас идім сөзіне құранның.


Егемен елім бар еңселі,

Тәуелсіз көк туым – семсерім.

Өмірін, тағдырын тапсырған,

Мен оның бөлінбес бөлшегі.


Тауларым, көлдерім, далам бар,

Жаныммен ауырып, алаңдар.

Көзіңнің ағы мен қарасы,

Балаңдай аялап, қараңдар.



ЫСТЫҚ КҮЛШЕ
Мен жүрерде орамал ап қолына,

Жан анашым, сәл мұңдана, торыға:

«Сағындырмай келіп жүр», - деп құлыным,

Ыстық күлше орап берген жолыма.

Күн тәрізді ыстық күлше бабында,

Піскен екен оттың ыстық табында.

Өзгеше бір сезім күй боп шертіліп,

Бір елестер қалып қойған жадымда.

Соғыс кезі елдің солып назары,

Балалардың бір ашылмай ажары,

Нанға тоймай қайдан ғана ойнасын,

Тым ертерек тарқаған соң базары.

Талғау таппай, талып барып өзектер,

Таңға жуық жетуші еді кезектер.

Өлшеп берген үзім нанға ұмтылып,

Балалық шақ қалай ғана тез өткен?

Бұл күндері береке мол – баршылық,

Болмағандай ашаршылық, таршылық.

Кейбіреулер көрмеген боп өтеді,

Жатса да нан аяқ асты жаншылып.

«Жерде жатқан нанды алуға арланба,

Наннан асқан қасиетті дәм бар ма?, -

Дейтін анам, - елдің маңдай тері бұл»,

Нан қадірін түсінбейтін жандарға.

Жанарымнан мөлдір тамшы ағыла,

Ауылыма асығамын тағы да.

Үнсіз іштей тағзым еттім иіліп,

Туған жердің анам жапқан нанына.



КӨНЕ ТАРАЗ –

ҚАРТ ШЕЖІРЕ АБЫЗЫМ
Таразым, көне шаһар ертегім,

Өмірімнің өткені мен ертеңім.

Қанат қағып түлеп ұштым өзіңнен,

Арманымның желбіретіп желкенін.


Қымбат маған әрбір талың, тастарың,

Сенде өтті бала күнім, жас шағым.

Құшағыңда мәңгі бақи тербейсің,

Айша бибі-махабаттың дастанын.


Көне Тарз – қарт шежіре абызым,

Жырларымның өзің аштың қауызын.

Сенде туған Бауыржандай батыр ұл,

Қазағымның ақиқаты, аңызы.


Сенде екен бақытым да, қайғым да,

Сыңар қылған сағыныш пен ой мұңға.

Бір кездері ұшып кеткен аққулар,

Қайта келіп қонып жатыр айдынға.


Сен мен үшін – Анам, Әкем бәрісің,

Алаңдайтын қиыс кетсе, әр ісім.

Бір өзіңнің құдіретің деп білем,

Өмірдегі жеткен әрбір жеңісім!




ТАҒДЫРЫН БЕРІП АҚЫННЫҢ...
Жаратқан ием, жасаған,

Көңілді қойшы босаған.

Шүкір деймін бәріне,

Елім тыныш, бас аман.


Тағдырын беріп ақынның,

Ой мен мұңға батырдың.

Шағала жаны шарқ ұрған,

Патша көңіл пақырмын.


Сөзі жақпай бүкірдің,

Қолды сілтеп, түкірдім.

Көкте жүрген көңілді,

Жылатып жерге түсірдім.



ЖЕТТІҢ БЕ, КӨКТЕМІМ?!
Өртеніп от демім,

Айтарым көп менің.

Жүрекке жыр сеуіп,

Жеттің бе, көктемім?!


Ақ жаңбыр сіркіреп,

Гүл шықты дүркіреп.

Жасындай ойнады,

Муза-күн күркіреп.


Бар шаңды сілкіді,

Оралтып күлкіні.

Қайтадан бүр жарды,

Сезімнің бүршігі.


Даламда жаңарған,

Тоғысты сан арман.

Жарқырап күн шықты,

Көңілге тазарған.


Ей, менің өткелім,

Қиналдым, шөкпедім.

Қанаттың кең жайып,

Жеттің бе, көктемім?!



БАҚЫТ ІЗДЕП – ҚАРАСАЗДАН

ШЫҚҚАНДА
Мұқағалиға
Бақыт іздеп Қарасаздан шыққанда,

Таза жүрек мөлдір едің шықтан да.

«Дүние, кеудеңді аш, мен келем деп»,

Сыр ақтардың нәзік жанды ұққанға.


Бақыт деген қарлығашың оралған,

Аққуларың келді сонау жоғалған.

«Бір той жасап» беріп жатыр бар қазақ,

Арамызда жоқсың бүгін – сол арман!



СӘУІРДІҢ АҚ ТАҢЫ
Сәуірдің аппақ ақ таңын,

Қиялмен бірге атырдым.

Әлемнен іздеп таппадым,

Біреуін сендей жақынның.


Бақыттан басым айналып,

Толқыды көңіл шаттықтан.

Бір сәтке қалғам толғанып,

Сезімді басып аптыққан.


Еріксіз билеп еркімді,

Ойларға мені қамадың.

Бермесем саған сертімді,

Өкініп мәңгі қалармын.



АҚҚУ СЕЗІМ, АҚ ҚЫЗДАР
ТОЛҚЫНҒА
Аққу сезім, ақ арманды ақ қыздар,

Біреуге жар, біреуге ана, бақсыздар

Жүректерден жаншуағы төгіліп,

Адалдық пен жақсылыққа жақсыздар.


Жұмбақсыңдар, сұңғақсыңдар қайыңдай,

Мейірім бар қаракөзде мойылдай.

Нұр-көктемнің гүлі болып өтіңдер,

Тағдырларың бақытыңнан айырмай.



БАҚЫТ СҰРАП АШАМЫН ЕСІГІМДІ
Жат жұртыққа жаралған қыз баламын,

Күтіп жүрген қыранын, мұзбалағын.

Балалық шақ тұлымды ғайып болып,

Бойжеткен боп, айнаға жүз қарадым,


Анашымның аялы алақаны,

Маңдайымнан сипайды, оятады.

Ақ сүт беріп өсірген апатайым,

Жаңа өмірдің жарқырап таңы атады.


Тыңдап өстім ертегі, аңызыңды,

Әлі талай өтермін парызымды.

Өзің едің жетектеп топқа қосқан,

Бірге айтып арманды, әнімізді.


Бауырларым, тірегім еркелеткен,

Қызғалдақтай қыз-ғұмыр келте неткен.

Сыңарымды өмірлік таптым бүгін,

Ақ жол тілеп гүлдеді ерте көктем.


Ұмытпаймын ұшқан ұя, бесігімді,

Қабыл етсін Тәңірім, шешімімді.

Аққу болып қонғанда Ақ отауға,

Бақыт сұрап ашамын есігімді!



ЖҮРЕКТІ ҚАЙТА СОҚТЫРЫП
Тереңге тартқан тамыры,

Өзгеше бітім, танымы.

Алғысын алған елінің,

Қазақтың тарлан ғалымы.


Лүпілін бағып жүректің,

Сақшыдай оны күзеттің.

Алқынып кетсе, бұлқынып,

Арнаға салып түзеттің.


Кеудені керіп, қақпадың,

Төрінде мансап тақтаның.

Жаралы жүрек жандардың,

Үмітін, аға ақтадың.


Өзіңде талай оқ тұрып,

Жанарда жалын, от тұнып.

Өмірді алға жалғадың,

Жүректі қайта соқтырып.


Халқымыздың біртуар ұлы, көптеген замандастарымыздың дертіне дауа, жанына шипа сыйлаған абзал дәрігер, дарынды кардиохирург, профессор Сейтхан Жошыбаевқа кітаптың шығуына демеушілік көрсеткені үшін алғыс білдіремін.
Автор

АНАМ БОЛЫП МЕНІМЕН

ҚАУЫШҚАЛЫ
Есік алды өсетін бір түп каштан,

Көктемменен көгеріп бүртік ашқан.

Туған күнім – маусымда таңғажайып.

Ақ гүлдері маңайға жұпар шашқан.


Қайран шешем жететін гүлін ұстап,

Оралғандай болатын тұлымды шақ.

Талшын гүлі тұратын қақ төрімде,

Жазылмаған әлдебір жырым құсап.


Өмір деген қашанда ауыспалы,

Бүгін қымбат өткен күн дауыстары.

Гүл құшақтап бауырлар келе жатыр,

Анам болып менімен қауышқалы!



ОЮЛЫ ШАПАН ЖАРАСЫП
Жер-Ана қайта жаңарып,

Күн менен түн теңесер.

Қайтқан құстар да оралып,

Айдарынан жел есер.


Таңменен бірге таласып,

Әкемде ерте оянар.

Оюлы шапан жарасып,

Ерекше нұрға боялар.


Аналар біздің жасаған,

Дәм татып Наурыз көжеден.

Бата алып қарттан жас адам,

Қателіктерін түзеген.


Оң болып күні ұлыстың

Қыдыр ата қолдай гөр.

Жаңа жылы – Шығыстың

Бағым болып орнай бер!



ҮМІТТІҢ ЖАҒЫП ШАМЫН
Байрағы желбіреген,

Ел болдық егеменді.

Халқыма елжіреген,

Бақыты келер енді.


Қанқұйлы зарзаманның,

Құрбаны болған елім.

Күнәсін бар наданның,

Жуам деп сорлап едің.


Желтоқсан ызғарланып,

Қаһарын төккен кезде.

Көңілде ызғар қалып,

Келмеді көктем лезде.


Үміттің жағып шамын,

Арманға жеткендейміз.

Ұстатпай кетсе бағың,

Кімдерге өкпелейміз.


Жақсылық жамандықпен,

Өмірде таласамыз.

Тек қана адалдықпен,

Тарихқа жол ашамыз.



БАР АДАМДЫ ДОС САНАП,

ЖАҚЫН ТҰТЫП
Араға жылдар салып келгенімде,

Ауылыма имене енгенімде.

Бір кездегі арманшыл бүлдіршіннің,

Туған жер, келгеніне сенбедің бе?

Айнала аңдығандай жым-жырт маңай,

Ақ самал, көп іздедім өбкен талай.

Ыстық жас бетті жуып ағып жатты,

Әр талын жусаныңның сүйіп жанай.

Гүл терген қыраттарым, таныдың ба?

Бала күнім білемін, барын мұнда.

Алдыңа енді, міне, келіп тұрмын,

Жаным менің оранып қалың мұңға.

Желкілдеп өскен жасыл құрақтарым,

Талай келіп өзіңе сыр ақтардым.

Сырға тұнып сұрайсың сыбдырлаасып,

Қайда барып дегендей тұрақтадың.

Шуағы мол көгілдір көктемеде,

Нәзіктігім өзіңнен көктегенде.

Түсінбейтін жан болса бұл өмірде,

Дедің маған «қызым-ау өкпелеме».

Ең бір ыстық жазыңның аптабынан,

Бауырмалдық сезімді тапқанымнан.

Бар адамды дос санап, жақын тұтып,

Жүрегіммен сәбидей ақтарылам.

Туған жер, өзің берген сыйыңменен,

Кезім аз бұл өмірде күйінбеген.

Сонда да қызқарағай мен емес пе,

Күнге қарай ұмтылып, иілмеген.




Жүрегім менің қырық жамау,

қиянатшыл дүниеден

Абай
БҰЛ ӨМІРДІҢ МӘНІ НЕДЕ?
Жарық сәуле қалмады деп

әлем жылап тұрғандай,

Арын сатқан опасыздар,

салтанатын құрғандай.

Сенімдерін талқан етіп,

көңілдерін кірлетіп,

Әлсіздер жүр шындық іздеп,

көз жастары құрғамай.


Бұл өмірдің мәні неде,

әділдікті таппасаң,

Көріп тұрып көрмегендей

адалдықты таптасаң.

Шырағы жоқ соқыр кеуде,

барар жерің белгілі,

Өз көріңді қазбас едің,

дер кезінде тоқтасаң.




ЖҮРСІҢ САРБАЗ ТУҒАН

ЖЕРДІ КҮЗЕТІП
Оспанға
Ақ боранда аяғыңнан сыз өтіп,

Жүрсің сарбаз туған жерді күзетіп.

Анаң байғұс сағынғаннан күйбеңдеп,

Суретіңе жүз қарайды, түзетіп.


Қанша ғасыр, қилы заман, жалған қап,

Ата-бабаң өткен еді армандап.

Ұлтарақтай жері үшін жан берген,

Білек күші, найза ұшымен талқандап.


Табар едің тарих деген қатпардан,

Қос атаңды қан майданға аттанған.

Өмір бойы әке жолын тосумен,

Жанарында жан апаңның жас қалған.


Оттан ыстық – отан-ана, меекенің,

Тәуелсіздік туы қолда – бекемің.

Құс ұшырмай шекараның шебінен,

Парызыңды адалдықпен өтегін.



«Сапарым үйден шыға үзілмесе»

Бауыржан Үсенов
АҚЫН ҰЛЫН САҒЫНЫП

ДАЛАҢ ҚАЛДЫ
«Сапарым үйден шыға үзілмейді,

Көрсең де, о дүниенің жүзін мейлі.

Артыңда қалған жалын жырларыңды,

Мәңгілік өшпес, өлмес ізің дейді.


Тазалық таппай көңіл, шаң басқандай,

Өлім, өмір бетпе-бет арбасқандай,

Дүр сілкініп қырандай көкке кеттің,

Сапарың тағы, міне, жалғасқандай.


Самал жел сені іздеп алаңдады,

Ақын ұлын сағынып далаң қалды.

Сөнбейтұғын жұлдызды жыр көгіңде,

Қалай айтам: «Сапарың тамамдалды».



ЫҚЫЛАС БАБАМЕН СЫРЛАСУ
Өнер атты қиындау жолда мына,

Қорқыт баба өзіңді қолдады да.

Қара қобыз егіздің сыңарыңдай,

Жүрегіңе мәңгілік орнады ма?


Бұл өмірде қуаныш, қайғың барда,

Бір-біріне жақсыны сай қылған ба?!

Жалғыздықтың жаралы күйін кешіп,

Аққу болып сыңсыдың айдындарда.


Елітіп мың толқынды сезімдерге,

Сағыныштан жүрегің езілгенде.

«Қоңыр» күйің өшпестей із қалдырды,

Махаббатан ғашықтар көз ілгенде.


Елітіп мың толқынды сезімдерге,

Сағыныштан жүрегің езілгенде.

«Қоңыр» күйің өшпестей із қалдырды,

Махаббатан ғашықтар көз ілгенде.


Қасіреттің басқанда түні келіп,

Қобыз кейде жылайды күңіреніп.

Қара бұлты аспаннан тарқамаған,

Қайғылының тұрғандай үні келіп.


Өткенменен арада бір ғасырдай,

Мұңын төкті қобызың сыр жасырмай.

Тағзым етіп алдыңа келіп тұрмын,

Көңілімнің толқыны бір басылмай.



МЕНДІК ӘЛЕМ
Мендік әлем тым бөтен, басқашалау,

Өзгермейді түссе де шашқа қылау.

Жүрегімнен үзілген мұң-тамшылар,

Өмірдегі төгілген жасқа шылау.


Күз келеді жауыны сіркіреген,

Аспан ойнап, найзағай күркіреген

Жалған бақыт кеткен соң, ой-хой дәурен,

Бос кеудеңді қайтесің құр шіренген.



ЕРКЕ СҰЛУ

ШУ ЕЛІНІҢ ШЫНАРЫ
Камилаш Құстүтінқызына
Ерке сұлу Шу елінің шынары,

Туған жерден басталып ед жыр-әні.

Алатаудай биік еді арманы,

Жүрегінде мөлдір, нәзік тұмары.


Білім алып ел-жұртына оралды,

Сенім артып үлкен-кіші қол алды.

Қажыр-қайрат, маңдай терін төкті де,

Ақша бұлттар, ақ гүлдерге оранды.


Атқа қонып, бір ауылды басқардың,

Көшбасшысы жалындаған жастардың.

Бұзып-жарып қамалдарды кездескен,

Қол бастады қыз-патшадай сақтардың.


Күй атасы – Нұрағаның мектебін,

Өрге сүйреп, шәкіртіңмен көктедің.

Көзін ашып сан мыңдаған бұлақтың,

Ару ана болашаққа беттедің.



ДОС БОЛМАСА,

ТОСАР БІЗДІ АЛДАН МҰҢ
Баллада
Жаздың жайлы, қоңыр самал кешінде,

Сол бір күндер әлі менің есімде.

Жас келіншек келіп түсті, халі ауыр,

Уыз сүті сорғалаған төсінде.


Белден төмен қозғалтпайды науқасы,

Жата беріп, жауыр болған арқасы.

Жасқа толы бота көзі жәудіреп,

Судан басқа жоқ болатын қолқасы.


Кезі оның аз болатын жасыған,

Күтуші қыз көрем күнде қасынан.

Жуындырып, ептеп сүйеп, жастыққа,

Жайлап сипап отыратын шашынан.


Ауру жанның көңіл-күйін басып нақ,

Тамағын да іштіретін қасықтап.

Іштей жылап, сыртқа сырын білдірмей,

Отыратын кейде күліп, жасып қап.


Артық орын болмаған соң бөлмеде,

Төсегі де салынатын жерге де.

Тәулік бойы тыным таппай жүрсе де,

Күш беретін жанындағы елге де.


Сыртқа шығып кеткен кезде кешіккен,

Екі көзі алмайтұғын есіктен.

Кірген кезде қуанатын елпілдеп,

Нәрестедей қолын созған бесіктен.


Бүгінгі күн ақ төсекке таңылып,

Дене қызып, ақыл-естен жаңылып.

Ажалменен арпалысып шаршады,

Келе жатты қайғы сыйлар таң ұлып.


Сан дәрігер зыр жүгіріп басында,

Бар амалын қолдануда асыға.

«Жарық күнім, қош» дегендей болды ма,

Көзін жұмып, үзді соңғы жасын да.


Тынышталды дәрігер де сабылған,

Сорлы жүрек күтуменен сарылған.

Үмітпенен кірген кезде ұмтылып,

Көрді оны ақ матамен жабылған.


Бетін ашып, еңіреп кеп құлады,

Жапырылып түсті сол сәт құрағы.

Жас моншақтап жуып жатты ақ бетін,

Сөнгендей боп, жарық-сәуле шырағы.


Жұбатардай жылы сөзді таппадым,

Кім болсаң да парызыңды ақтадың.

Бұл пәниден риза болып аттанды,

Жүрегіне ақтығындай мақтаның.


«Туысы да, бауыры да емеспін,

Туған жерде тай-құлындай тел өстім.

Бірге айтып, арман жырын, дос әнін,

Адасқанда ақыл сұрап кеңестім».


Өкінішті үзілгені арманның,

Дос болмаса, тосар бізді алдан мұң.

Шын дос ғана өзіңменен бөлісер,

Қайғы-мұңын, қасіретін жалғанның!




СЕН МАҒАН ӨКПЕЛЕМЕ
Сен маған өкпелеме,

Күнде мың құбылғанға.

Сенімің шектеле ме,

Сырымды ұғынғанда?


Қалайша қарап тұрам,

Сүрініп жығылғанға.

Дұшпанды қонақ қылам,

Паналап тығылғанда.


Шуақты жаздарымда,

Кезім бар борандатар.

Көктемдей наздарымда,

Сағыныш орап жатыр.


Түсінгің келсе мені,

Кел маған барыңменен.

Өмірің өлшенеді,

Адалдық арыңменен.



ЖЕҢЕШЕСІ АРАЛДЫҢ
Ақ көңілің, ақ пейілің – ақ қардай,

Айналаға шуақ нұрын шашқандай.

Ақпанменен ақ босаға аттадың,

Өзіңменен келген бақыт, бақ қандай?


Оралғандай жастық шағы анамның,

Көңілін таптың үлкен-кіші баланың.

Қайын сіңлі, қайындары ұнатқан,

Аққу келін – «жеңешесі» Аралдың.



АҚША БҰЛТТАР АРАСЫНДА

АРМАН БАР
Арман іздеп, мезгіл-күз кеп қалғандар,

Балауса кез, енді бүрін жарғандар.

Орта жолдан шаршап, кері қайтпаңдар,

Ақша бұлттар арасында арман бар.


Өмір-тағдыр сан-соқпаққа салғандар,

Жүректерді жақсылыққа арнаңдар.

Үміт-сенім адастырмай апарар,

Ақша бұлттар арасында арман бар.


Бағы жанып, атақ-мансап алғандар,

Ойда жоқта кездеседі алдан жар.

Құлап-тұрып, жылап-сынып қол созсаң,

Ақша бұлттар арасында арман бар.



ҰЛЫМ МЕНІҢ,

ЖАНЫМДАСЫҢ ЖАРЫҒЫМ
Ұлым менің – жанымдасың, жарығым,

Өткен күннен қалды маған сары мұң.

Өмір саған енді ғана басталды.

Оң мен солды адаспастан таныған.


Ұлым менің – ақ қанатты періштем,

Ер жетерсің, жігіт болып келіскен.

Өмір ғажап, өмір азап кей кезде,

Тұратұғын жеңіліс пен жеңістен.


Ұлым менің – ақ көңілім дарханым,

Азаматым – ертең үміт артарым.

Адалдықтың аппақ туын кірлетпей,

Биігі бол, қызығы бол ортаның.


Ұлым менің – сүйенішім тірегім,

Сенсің менің – әнім, жырым, жүрегім.

Туған жердің әрбір тасын аялап,

Аяқтай бергін ел-жұртыңның тілегін.



БАЛАЛЫҚ ЖОҚ ҚОЙ...
Тауысылып төзім шыдамым,

Пенде боп мен де сынамын.

Өмірге қайта келтірер,

Жазылмай жүрген жыр-әнім.


Көбелек қуған көгалдан,

Балалық жоқ қой оралған.

Адасып кеткен арманды,

Табарсың қайта оңайдан.



АРАЙЫНА ЩОМЫЛДЫМ,

АТҚАН ТАҢНЫҢ
Туған жер, тағы сенен кетіп барам,

Саған ғашық жүректі етіп алаң.

Көздің жасын құрғатып есейдім-ау,

Бәрі жалған екеніне жетіп санам.


Жылы жаңбыр, көктемгі жылы түнмен,

Ызғар шалған арманды жылытып ең.

Өмір бойы мен саған борыштармын,

Жазылмаған жырыммен, үмітіммен.


Аясынан шығатын асқақ шыңның,

Арайына шомылдым, атқан күннің.

Емдеп жазып жүректің жараларын,

Арманыма қайтадан аттандырдың.



ЖАНЫМ ЖЫЛАП,

ТАУЫМ ҚҰЛАП, ӨКСІДІМ
Жаным жылап, тауым құлап, өксідім,

Жер бетінде жетім қалды өскінің.

Сені ойласам көз алдыма келеді,

Әке, сенің мейірімді кескінің.


Жаңа жылдың жаңа әнін айтпадың,

Көрмедің ғой, құстардың да қайтқанын.

Сағыныш боп қалдың әке, тек қана,

Менің саған көп еді ғой айтпағым.


Адалдықты, тазалықты сақтаған,

Сенің аппақ жүрегіңе мақтанам.

Өшпейтұғын ізің қалды артыңда,

Мен – ботаңмын, әке, сені жоқтаған.



ҚАЗДАР ҚАЙТЫП

БАРАДЫ ҚАРАШАДА
Қаздар қайтып барады қарашада,

Өзен-көлдер, білмеймін, тау аса ма?

Ойда-жоқта кездесіп бір сұр мерген,

Бағытынан мезгілсіз адасама ма?


Қаздар қайтып барады қарашада,

Өлең жаздым мұңайып оңашада.

Қандай күш бар оларды тоқтататын,

Кім бар екен түсетін арашаға.


Қаздар қайтып барады қарашада,

Мекенім деп мәңгілік санаса да.

Амал қанша, бір досты іліп кетті,

Орап алып ақ бұлттай алашаға.

Қаздар қайтып барады қарашада.

ҚАЗАҚ, ТҮРІК


Каталог: admin -> files
files -> Баймаханбет ахмет
files -> Ббк 3. (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет жалғыздың Үні тараз қаласы, 2008 жыл. Ахмет баймаханбет жалғыздың Үні – хикаяттар, әңгімелер, драмалар, эсселер
files -> Јлдихан Ќалдыбаев
files -> Тараз қаласы, 2008 жыл. Б. Ахмет, «Дел-сал дүние». Тараз, «Сенім» баспа орталығы
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Үміт Битенова ауады да тұрады аңсарым тараз
files -> Әлдихан Қалдыбаев таңдамалы шығармалар
files -> Бағдарламасы бойынша шығарылды шолпанға көшкен ауыл Жетінші роман


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет