Махаббат жасқа қарамайды. Бүгінде бұл сөз тіркесі жиі айтылып жүргенімен, жұлдызды жұптардың жас айырмашылығы таңғалмасқа амал қалдырмайды. “Ерлі-зайыптылардың арасында ең қолайлы жас айырмашылығы бар ма?” деген сауалға психотерапевт Тоби Ингхэм жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Доктор Питер” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: apsense.com

“Өз жасыңыздың жартысына 7-ні қосыңыз. Шыққан сан – өмірлік серігіңіздің сіз үшін ең қолайлы жасы. Мысалы, егер сіз 34 жаста болсаңыз, әлеуметтік айырмашылық алшақтап кетпес үшін сүйіктіңіздің жасы 24-тен кіші болмауы керек. Алайда бұл қағидалар бүгінде өзгеруі мүмкін”, – дейді психотерапевт.

Сарапшының айтуынша, ата-ана мен балаға тән жас айырмашылық ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын қиындата түседі. Мысалы, алдыңғы некеден туған баласы қазіргі көңіл қосқан адаммен жасты болып шығуы мүмкін. Өзара ортақ тақырып таппай қиналып қалады. Бірі бала сүюді армандаса, енді бірі бала тәрбиесіне қатысты қиындықтарды қайта бастан өткеруге дайын болмайды немесе денсаулыққа байланысты басқа да мәселелер болу мүмкін.

Психологтардың бұл пікірін ғалымдар да растайды. Жас айырмашылығы тым үлкен ерлі-зайыптылардың көбі өз қарым-қатынасына көңілі толмайды әрі келісімге келе алмай жатады. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес жас айырмашылығы үш жастан аспайтын ерлі-зайыптылар әлдеқайда бақытты болатын көрінеді. 4-6 жыл жас айырмашылығы бар жұптардың ара қатынасына қанағаттану пайызы біршама төмен болды.

Зерттеушілердің айтуынша, бастапқыда ерлерге де, әйелдерге де өздерінен жасы кіші адаммен қарым-қатынас құру ыңғайлы болып көрінеді. Алайда араға уақыт салып жас айырмашылығы тым алшақ  жұптардың арасында түсініспеушіліктер туындайды. Мұндай жағдай ерлі-зайыптылар неке қиғаннан кейін 6-10 жылдан соң байқала бастайды. 

Тағы бір зерттеу барысында ғалымдар 3000 адамның мәліметтерін талдай келе, 20 жас айырмашылығы бар адамдар арасындағы ажырасу ықтималдығы 95%-ға тең деген қорытынды жасады. Ал бірі екіншісінен 10 жасқа кіші жұптар 39% жағдайда ажырасады. Өз қатарластарымен шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылардың арасында ажырасу өте сирек (3%-дан аз) кездеседі. 

Осыған қатысты психолог Александр Шахов бұл тақырыпқа қатысты өз пікірін білдірген еді. Оның айтуынша, ер адамның әйелінен 5-10 жасқа үлкен болғаны дұрыс. Өйткені еркектер эмоционалдық тұрғыдан кеш дамиды. Егер өзіңізден әлдеқайда жасы үлкен адаммен қарым-қатынас құру ыңғайлы болады ма, жоқ па тексеріп көргіңіз келсе өз жасыңызға 10-ды, кейін тағы 10 жасты қосыңыз. Егер сіздің жасыңыз 20-да, ал күйеуіңіз 40 жаста болса, бұл – керемет. Сіз 30-да, ер адам 50-де болса – бұл қалыпты жағдай. Егер сіздің жасыңыз 40-та, күйеуіңіз 60 жаста болса қорқатындай дәнеңе жоқ. Бірақ сіз 50 жаста, ер азаматыңыздың жасы 70-те болса оны сол қалпымен, барлық ауру-сырқауымен, жасына байланысты мінезіндегі өзгерістерімен бірге қабылдауға тура келеді”, – дейді Александр Шахов.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.