Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов адамдарды іздестіру жалғасып жатқанын айтты. Алайда жағдайдың күрделі және қауіпті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Вице-министр  мамандар жердің түсірілімін жасағанын және автобустың тұрған жерін болжағанын айтты. 

"Құрылғы ол жерде металл бар екенін көрсетті. Оған қоса бос кеңістік бар екені анықталды. Сондықтан біздің құтқарушылар мен өзге органдардан шақырылған мамандар өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Себебі күн суық. Ол құтқарушылардың өмірлеріне де қауіпті. Өйткені топырақ жылжыса, ол жердегі жұмыс істеп жатқан техника төмен түсіп кетуі мүмкін. Барлық қауіпсіздік шаралары оқиға орнында сақталып жатыр. Автобус болжамды жатқан жерге шетіне жақындады. 2 мың текше метр топырақ шығарылды. Енді эскалатор жұмыс істеп, ақырын топырақты шығарып жатыр", — деді  вице-министр.

Бауыржан Сыздықов адамдардың тірі қалуы мүмкін деген болжам барын жеткізді. Дегенмен құтқару жұмыстары күрделі операция екенін атап өтті. 

"Оң болжам бар. Бірақ әзірге нақты күн мен уақытты атай алмаймыз. Жағдай күрделі, операция бірегей. Өте мұқиыт жұмыс істеуді қажет етеді", — деді Сыздықов.

Естеріңізге сала кетейік, жұмысы тоқтатылған "Майқайың-алтын" шахтасының маңында автобус жер астына құлап кеткен. Құтқарушылар шұңқырға құлаған автобустың бөлшектерін тапты. Екі адамның мәйіті табылды. Өзге адамдар іздестіріліп жатыр.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.