Павлодарлық Амина Нұғманның ұлы Марғұлан 5 жасында құлағы ауыратынын айтып, шағымдана бастаған. Алғашында дәрі-дәрмекпен емделген бүлдіршіннің саулығы уақыт өте нашарлай түскен. Қазақстаннан шипа таппаған соң Түркиядан ем іздеген ана ұлынан Саркома қатерлі ісігі диагнозын естігенде жүрегі ауырғанын айтады. Қазір Марғұланның ары қарай ем алуы үшін бұған дейін жасалған отаның қарызын өтеуі керек. Баласының денсаулығына байланысты жұмыссыз қалған жалғызбасты ана тағы 6 миллион теңгедей қаржы керегін жеткізді. Stan.kz редакциясына хабарласқан әйел қазақстандықтардан көмек сұрайды. 

Фотоны Марғұланның анасы Амина ұсынды

Амина сәбиі туған кезде денсаулығында еш кінәрат болмағанын айтады. Уақытылы дәрігерлердің тексерісінен өтіп, қажетті екпелердің бәрін алған. Бес жастан асқаннан кейін ғана кішкентай Марғұлан сол құлағының ауыратынын айтып шағымдана бастапты.

“Алғашында дәрігерге көрсеттік. Олар дәрі-дәрмек жазып берді. Кейін ол көмектеспегесін бізді неврапотолог пен сурдологқа жіберді. ЭКГ-дан өттік. Сөйтіп 1 тамызда мен сол құлағының арнасынан етке ұқсас өсіндіні байқадым. Таңертең дереу облыстық балалар ауруханасына бардық. Олар шұғыл ауруханаға жатқызуға жолдама берді. Барлық ауыртпалық осылай басталды”, – деді Амина. 

Амина осыдан соң дәрігерлердің балаға нақты диагноз қоя алмағанын айтады. 

“Павлодар мен Астанада құлақ, ми аймағына 6 ота жасалды. Нақты диагноз қоя алмағасын олар тек бақылады. Астана қаласының нейрохирургиялық орталығынан алған емнен кейін бір апта өткен соң баламның сол жақ құлағында ауырсыну байқалды. Дәрігерлер осы кезде миға ота жасауды ұсынды. Бірақ бұл біздің жағдайда өте қауіпті еді. Кейін мен отадан бас тарту туралы қолхат жазып, ұлымды Ыстамбұлдағы клиникаға апаруға шешім қабылдадым”, – деп қосты Марғұланның анасы.

  • "Ауырмайтын жол ізде": Созылмалы аурулар мен қатерлі ісікке себеп болатын денедегі мына 10 өзгеріске мұқият болыңыз

  • Қатерлі ісіктің Қазақстанда ең көп таралған түрлері аталды

Кішкентай Марғұланға Түркияда миға және құлақ аймағына ауыр ота жасалған. Сондай-ақ диагностика нәтижелері бойынша сол жақ құлағы мүлдем естімей қалған.

“Нақты диагноз қойылып, Саркома қатерлі ісігі деп белгіленді. Бұл диагнозды естігенде жүрегім тоқтап қала жаздады. Дәрігерлер ұзақ мерзімді емдеу қажет екенін айтты. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Марғұланға 5 операция жасалды және 6 химиотерапия блогын сәтті алды. Емнің құны 137 000 доллар болды. Осы сомадан 124 321 доллар төленді. 6 000 000 теңге сомасына клиника алдында қарыз бар”, – деп қосты шыр-пыр болған ана. 

Амина – жалғызбасты ана. Ол Марғұланның емін жалғастырып, ауруынан тезірек айыққанын қалайды. Осыған дейін көпшіліктің көмегімен отаға қажетті қаржыны барынша төлеп, жапқан. Алайда аурухана алдында әлі 6 миллион теңге қарыз тұрғандықтан Марғұланның емі әзірге тоқтап тұр екен. 

“Қазір Марғұлан өзін жақсы сезінеді. Түркияда ем алып жүргенімізге бір жылдан асты. Бала ғой, ойнағанды жақсы көреді. Біз қарапайым отбасыдан шыққанбыз. Мұндай үлкен қаражат жинауға күшіміз жетпей жатыр. Ұлымды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Қазір баламның денсаулығына байланысты жұмыс істемеймін. Барша қазақстандықтардан көмек сұрауға мәжбүрмін. Өйткені баламның сау болып, өмір сүргенін қалаймын! ” – деді Амина. 

Егер кішкентай Марғұланға көмектескіңіз келсе, төменде анасы Амина Нұғманның реквизиттері көрсетілген:

Kaspi gold: 4400 4302 3043 6310

Байланыс номері: 8 705 594 97 10  Амина.Н (Марғұланның анасы)

Halykbank: 4405 6397 8624 7294 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.