Дамып келе жатқан мемлекетте патриоттық тәрбие беруді тек шығармашылық үдеріс ретінде бағалауға болмайды. Қазақстандықтардың отансүйгіштік сезімін қалай көтеруге болатыны туралы мәселеге қатысты пікір білдірген қоғам белсенділері осылай дейді. Олардың сөздерінше, “патриотизмді тәрбиелеу отбасынан басталады және бұл елдің келешегі мен тұтастығына әсер ететін фактор”. Stan.kz ақпарат агенттігі осы тақырыпта тарихшы мен саясаттанушымен тілдесті.

“Патриоттық сезімнің түбінде ұлттық рух жатыр”

Тарихшы Еділ Ноянұлы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу іс жүзінде жүзеге асып, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінуі қажет екенін айтады. Ол қазақ халқының алдыңғы қатарлы өкілдері қашанда отаншылдығымен, халқына деген сүйіспеншілігімен ерекшеленгенін атап өтеді. 

“Патриотизмді адамның адамгершілік қасиетінен анықтауға болады. Ал халық ұрпақтан ұрпаққа жеткен патриоттық дәстүрдің сақтаушысы. Белгілі ғалым, этнограф Шоқан Уәлиханов "Халықтың қалыпты өсіп-өркендеуі үшін ең алдымен еркіндік пен білім қажет” деп жазған. Ал Ыбырай Алтынсаринның арманы – халықты көзі ашық етіп тәрбиелеу еді. Оның педагогикалық еңбектерінде ұлтшылдық, адамгершілік, отанға деген сүйіспеншілік идеялары айқын көрінеді. Отансүйгіштікке тәрбиелеу көп жағдайда Әнұран, Ту, Елтаңба сияқты мемлекеттіліктің нышаны саналатын мемлекеттік тілден басталады. Мемлекеттік тілді құрметтеу, тілді үйрену, мақтаныш ету – қазақ халқының абыройы, әрқайсымыздың қасиетті борышымыз”, – дейді тарихшы.

Саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтің сөзінше, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу – еліміздің мемлекеттік жастар саясатының бір бөлігі. “Адам патриот болып тумайды, патриот болып қалыптасады” деген ол осылай тәрбиелеу арқылы қылмыстың көбеюі, нашақорлық, маскүнемдік, экстремистік әрекеттер сияқты келеңсіз құбылыстармен күресуге болатынын айтады.

“Жас ұрпақтың бойында туған жерге, өз халқына деген сүйіспеншілік өзге халықтарға деген құрмет сезімімен ұштасуы керек. Кеңес дәуірінде басқа одақтық республикалардағы сияқты Қазақстанда да  коммунистік идеологиядан басқа идеология болған жоқ. Қайта құру процестері мен социалистік жүйенің күйреуі нәтижесінде ондаған жылдар бойы қалыптасқан бұл бейне жойылып, қазақ қоғамы ұлттық идентификациясынан айырылып қала жаздады. Ендігі тәуелсіздік алғалы бері біздің яғни алдағы аға буынның міндеті – өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, елін мақтан етуге тәрбиелеу", – дейді ол.

Ол қазақ менталитетінде қазіргі қазақстандық жастарды адамгершілік мінез-құлқын қалыптастыруға болатын көптеген жағымды жақтары бар екенін баса айтады. Сондай-ақ ол бүгінгі патриоттық сезімге қатысты мәселелердің бар екенін де жоққа шығармайды.

“Қазіргі күні отанға деген сүйіспеншілік сезімі ғана емес, үлкенді сыйлау, қарапайымдылық, әдептілік секілді басқа құндылықтар жетіспей жатады. Материалдық фактор, жақсы өмір іздеп шетел асу кейде өз еліне деген сүйіспеншілікті шетке ысыратын кездер болады. Қазір біздің еліміз нақты жолын айқындап, енді бәріміз бірігіп идеология жасап жатырмыз. Нағыз патриот ешқашан өз еліне жамандық ойламайды. Патриот – елі үшін бәрін жасайтын, елінің мүддесін ойлайтын адам. Халықты Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық сезімі біріктірмесе, мемлекет те, қоғам да мықты бола алмайды”, – дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол өскелең ұрпақтың бойында азаматтық сезімді тәрбиелеуде отансүйгіштік басым бағытқа айналуы тиіс екенін атап өтеді.

“Қазір мемлекеттік органдардың алдында жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке, құқықтық мәдениетке негізделген тәрбиелеу жүйесін құру міндеті тұр. Қазіргі қазақ қоғамы үшін әрбір адам өз тарихын есте сақтап қана қоймай, өз елі үшін мақтана білуі және әркімнің бақыты елдің табысына байланысты екенін түсінуі, сонымен бірге елімізде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамауы маңызды”, – деп қосты саясаттанушы.

Саясаттанушы сонымен қоса отансүйгіштіктің жоғары деңгейі – елдің жоғары бәсекеге қабілеттілігінің кепілі екеніне назар аударады. 

“Патриоттық сезімнің түбінде ұлттық мақтаныш, ұлттық рух, ұлттық қадір-қасиет жатыр. Сондықтан бұл саладағы мемлекеттік саясаттың бірқатар маңызды бағыттары бар. Біріншіден, бұл білім беру саласы – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің басты негізі. Екіншіден, бұл ең алдымен ұрпақтар сабақтастығын үзбейтін мәдениет саласы. Үшіншіден, бұл ұлтаралық келісім саласы. Қазақстан – барша қазақстандықтардың біртұтас отаны. Ал баршаға ортақ үйімізде бейбітшілік пен келісімді нығайту – әрбір азаматтың міндеті”, – деп жалғады ол.

“Отан отбасынан басталады”

Тарихшы Еділ Ноянұлы өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің тиімділігі мемлекет пен отбасының бірлескен күш-жігеріне байланысты екенін ұғынуға үндейді.

“Отансүйгіштіктің іргетасы отбасынан басталады. Біздің болашағымыз, Қазақстанның болашағы қандай болатыны қазақ отбасының қандай ұрпақ өсіріп-тәрбиелейтініне байланысты болады. Бүгінгі таңда әлемдік білім беру жүйесі тарихи-педагогикалық мұраға сүйене отырып, ұлттық болмыс пен оның бірегейлігін пайдалана отырып дамуда. Бүгінгі таңда жас ұрпақтың отансүйгіштікке деген көзқарасы өзгерді, енді олар оны жалпыадамзаттық құндылық ретінде қабылдайды. Мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінетін жастардың көбейгені көңіл қуантады. Халқымызда “не ексең соны орасың” деген сөз бар. Сондықтан жақсы жеміс алу үшін жақсы тәрбиенің дәнін себуіміз керек”, – дейді ол.

Саясаттанушы өз кезегінде ұлттық болмыстан теріс айналмай қазақ ұлтын қалыптастыру қажет деп санайтынын жеткізді.

“Қазақстандық патриотизмнің маңызды құрамдас бөлігі оның әлемге деген ашықтығы, шығыс және еуропалық мәдениеттердің бірегей синтезі, ерекше диалог мәдениеті болып саналады. Қазақстан далалық және отырықшы мәдениеттердің, түркі және славян әлемдерінің тоғысқан жері және бұл көптеген заманауи қарама-қайшылықтар жағдайында ерекше маңызды”, – деп түсіндіреді ол.

Мемлекеттік рәміздердің патриотизмге әсері

Саясаттанушының пікірінше, мемлекеттік рәміздер еліміздің мемлекеттік тілі секілді бағалануы тиіс. Себебі рәміздерді сүю арқылы отан алдындағы борыштың, ел алдындағы жауапкершілік пен халқына деген сүйіспеншіліктің қадірін түсінуге болады.

“Өзге елге баратын болсақ, мәселен бізге жақын Түркияға баратын болсақ көшелерінде, әр үй мен ғимараттарда ілініп тұрған мемлекеттік туларды көреміз. Біздің елімізде бір кездері туды балконға іліп қойғаны үшін айыппұл салған жағдайлар болды. Бірақ қазір олай емес. Қазір туды мемлекеттік ғимараттарда ғана емес қарапайым азаматтар да іліп қоюына болады. Әлбетте еліміз көп ұлтты мемлекет болғандықтан біз өзге ұлттарды да құрметтеуіміз қажет. Бүгінгі таңда жас ұрпақтың отансүйгіштікке деген көзқарасы өзгерді, енді олар оны жалпыадамзаттық құндылық ретінде қабылдайды. Мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінетін жастардың көбейгені көңіл қуантады”, – дейді ол.

Ол мемлекеттік рәміздерді дәріптеу, ұлттық армияны, құқық қорғау органдарын, барлық мемлекеттік институттарды құрметтеу – қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың ең маңызды құралы екенін атап өтеді.

“Тағы бір атап өтерлігі өз елінің патриоты болу үшін алдымен адам өзінен бастау қажет, қазақ тілін меңгеру – қазіргі жастардың, Қазақстанның жас азаматтарының алдына дәл осы мақсат қойылуы тиіс”, – дейді саясаттанушы.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.