Салтанат Нүкенованың туыстары әлі күнге Салтанаттың бағалы заттары мен әшекей бұйымдарын қайтара алмай жүргендерін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: instagram.com

Марқұмның туыстары бүгінде сараптама қорытындысымен танысуды бастап кеткен. Қаралы ағайын-туыс 11 томнан тұратын істі шамамен бір ай қарайтындарын айтады. 

Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен танысуға Астанаға арнайы келген. Марқұмның ағасының айтуынша, сот жақындаған сайын Қуандық Бишімбаев тамыр-танысының барлығын іске қосып жатқан көрінеді. 

“Қуандық Бишімбаев ең ірі министрліктің тізгінін ұстады. Әлі күнге дейін билік тармағында оның жақын достары, таныстары бары сөзсіз. Қылмыс жасалған күннен бастап Бишімбаевтар отбасы барлық мүмкіндігін пайдаланғанын білеміз. Ықпалын пайдаланып кеткісі келеді. Олар бұл ретте адам өлімін ойлап жатқан жоқ, балаларына қатаң жаза тағайындалатынын ғана уайымдауда”, – деді Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді.

Сондай-ақ марқұмның ағасы Бишімбаевтар әулетінің әлі күнге дейін Салтанаттың әшекей бұйымдары мен бағалы киімдерін бермей отырғанын айтты. Қайғылы оқиғадан кейін тергеуші Нүкеновтерді Қуандық пен Салтанаттың шаңырағына, қыздарының заттарын алып кетуге шақырыпты. Алайда Бишімбаевтардың адвокаттары кедергі жасаған. 

“Ата-анам есеңгіреп, ауруханада жатқандықтан Салтанаттың заттарып алып кетуге мен бардым. Үйде Қуандық Бишімбаевтың анасы мен әпкесі болды. Адвокаттары алдымыздан шығып, бөгет жасауға тырысты. Ал туыстары кінәлі кейіп те танытпады. Анасы Салтанаттың заттарын жерге лақтырып, әшекей бұйымдарының бірін де бермеді. Құнды дүниелердің біразын Салтанат тұрмысқа шықпай тұрып алғанын ескерткім келеді”, – дейді Айтбек Амангелді.

Еске салсақ, бұған дейін өз әйелін өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу аяқталғанын және Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылғаны туралы жазған болатынбыз. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.