Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер



жүктеу 4.93 Mb.
бет13/20
Дата19.09.2017
өлшемі4.93 Mb.
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   20

МЫРЗА ТЕРЕК
1970 жылдың қараша айының бір күнінде, кешке қарай Төлебаев көшесімен келе жатқанымда жарасымды киінген, еңсе бойлы қазақ қарсы жолықты. Тани қалып, таяу келгенде сәлем бердім. Ол кісі кідіріп сәлемімді алды да, қолымды ұстап тұрып:

— Қарағым, сен қай баласың? — деп сұрады.

— Бұрын сізбен жолығып таныспаған Жаппар Өмірбеков деген бір ініңіз боламын, сізді сырттай білетіндердің бірімін.

— Көп жаса, қарағым, қай мамандықтың азаматысың?

— Негізі журналиспін, қазір Жазушылар одағында істеймін.

— Жаза баспасам, ақындығың да болар, газет, журналдардан фамилияңды кездестіріп жүремін.

— Сіз Мәскеуде тұрмайтын ба едіңіз, көшіп келдіңіз бе?

— Көшіп келген жоқпын, осында бір жұмыстармен Академияның Тіл институтына келіп жүрмін. Араб, қазақ тілдерінің сөздігімен айналысамын, уақыт оздыра алмағандықтан емес, сондай кітаптың қажеттігі болар деген оймен...

— Сіздің өмірбаяныңызда Орман шаруашылығы техникумын бітірді деп жазылған сияқты еді.

— Оның рас, орман шаруашылығының мамандары қазір аз емес. Мына араб тілінің мамандары азайып кетті, мектептерде бұл тілді оқытпайды...

Нұрекең ықыласты әңгімелесіп, Совет көшесіне (қазіргі Қазыбек би) таяу келгенде, кідіріп тұрып қалды да:

— Орман шаруашылығы дегеннен шығады, осы табиғаттың өзі таусылмас ғылым ғой, бір ағаштың өзінің әлденеше аты болады. Мәселен, (оң жақтағы ағашты нұсқап) мынау бәйтеректі "Мырза терек" деп атайды, неге олай атайтынын білесің бе?

— Білмеймін, уақытыңыз болса, түсіндіріңізші...

—Қазақ ағаштың, шөптің аттарын көбіне сыртқы пішініне қарап атаған, боз терек, қара терек, сүмбіл терек, тораңғыл, тау терек, бақа терек, ал, басқа біреулерін сары ағаш, қызыл ағаш, ырғай, ақ қайың деп, бір-бірінен айырып, даралап атайды. Бұлай атау басқа ұлттың да дәстүрінде бар... Мынау ұзын теректің жапырағына назар аударшы, жан-жағына тарап өсіп тұрған жоқ, көкке қарап, дінін бойлап өсіп тұр. Бұл ағаш жан-жағына көп көлеңке түсірмейді. Төңірегіндегі өсімдіктердің өсуіне мүмкіндік беріп тұратынын байқап білген қазақ мұны "мырза терек" дейді. Басқа түрінен айыру үшін халық осындай атау берген.

— Мына сөздеріңізге қарағанда, өсімдік дүниесін де аз білмейтін сияқтысыз. Араб тілін зерттеуге Мәскеуде мүмкіндік бар ма?

— Ленин атындағы кітапханадан іздегеніңнің бәрін табасың. Өзің онда болып па едің? Болсаң, байқаған шығарсың.

— Қазақ бөліміне жетудің өзі оңай емес...

—Қарағым, ғылыми жұмыс қайтсе де оңай болмайды. Бір жақсысы керек кітаптарды үйге алдырып тұруға мүмкіндігім бар.

Нұртас ағамен алғаш ұшырасқандағы әңгімеміз осымен аяқталды. Содан кейін ол кісіні көре алған жоқпын. Бірақ бір-екі жылдан кейін "Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін" кітап дүкенінен алып таныстым.

Нұртас Оңдасынов туралы ендігі әңгіме 1973 жылы 5 қарашада Бауыржан Момышұлының Фурманов көшесіндегі пәтерінде болды. Ол кезде мен де сол көшенің 119 үйінде тұратынмын. Сол жылы Азия, Африка жазушыларының мәслихаты Алматыда өтті. Қарбалас жұмыстан жаз бойы қолымыз тимеді, жаңадан мәслихат зал салынып, оның іші-сыртын безендіру, қонақ күтуге әзірлік жұмысына жазушылардың жас-кәрісі атсалысты.

— Осы Баукең жаз бойы науқас, ауруханаға бара алмадық, жуырда үйіне шығыпты, барып көңілін сұрап, кінәмізді жуайық, — деді, одақ партия ұйымының хатшысы Ісләм Жарылғапов. Бұл ұсынысты құптай кеттім, өйткені, жергілікті кәсіподақтың төрағасы ретінде әрі Баукеңді жақсы көретін інілерінің бірімін, қай жөнінен де көңілін сұрап қайту — борышымыз. Сонымен, сағат төрттен аса Баукеңдікіне келдік. Есікті өзі ашты. Залы кең, бірақ бізді ас бөлмесіне әкеп отырғызды. Баукең жүдеу, сылти басатыны байқалады.

— Қайдан адасып жүрсіңдер? — деп, Баукең тірей сұрады.

—Адасып жүрген жоқпыз, Бәуке, сізге, көңіліңізді сұрап, ауруханаға бара алмаған кінәмізді жуып-шайғалы келдік. Мына Жаппар көрші тұрып, кіріп шыға алмапты, менің де мұршам келмеді, — деп Ісекең жорға сөздің майын тамыза бастап еді Баукең:

— Жарайды, сен себебін тауып, дәлелдеп бере аласың ғой. Одағыңда, ЦК-да не жаңалық бар, содан хабардар қылғын. Мен тірі отырмын, қатын ауруханада, мына кішкене немереміз екеуіміз таңды атырып, күнді батырып жатырмыз, әйтеуір. Ешбір жаңалық жоқ дейсің бе, жарайды, оны естиін деп отырған мен де жоқ, көбіне жалған сөйлесе де радио бар ғой, әйтеуір... Ендеше, мен сендерге бір жаңалық айтайын. Көңіл сұрау дегеннен шығады, осыдан екі-үш күн бұрын осы үйге Қазақстанның бұрынғы – Премьер-Министрі Нұртас Оңдасынов келіп кетті. Деликатты, мәдениеті бар кісі ғой, алдымен телефон соқты. "Нұке, нендей шаруамен?" — дедім амандықтан соң. "Бәлендей шаруам жоқ, сізді сырқат деп естіп, көңіл сұрау жөнімен, мүмкіндігі болса, қолтаңбаңызды алсам деген ойым бар", — деді. "Онда келіңіз-келіңіз", — дедім. Жақын жерден соққан екен телефонды, бес-он минуттан кейін, есіктен қоңырау шылдыратып Нұртас Дәндібаевич келсін... Қош, мен ол кісіні, осы сендер құсатып, осы ас үйге әкеліп отырғыздым да, қатынның ауруханада жатқанын айттым. Сонымен жайғасып отырған соң былай дедім:

— Нұртас Дәндібаевич! Сіз он үш жыл Қазақ Республикасының Премьер-министрі болдыңыз, сіз үйге келгенде, қой сойса да, тай сойса да, тіпті бие сойса да болар еді. Бірақ менің қазіргі жағдайым оны көтермейді... Дәм ауыз тиюге ғана тура келеді, — деп, вазадан бір үлкен апорт алманы дәл осылай қақ жардым да жартысын ол кісінің алдына қойып, жартысын өз қолымда қалдырдым. Міне, сендерге де солай етіп отырмын... Қош, одан әрі әңгімеміз жалғасу үшін Нұрекеңе тағы бір сауал бердім: "Нұртас Дәндібаевич, осы менің көңілімді сұрау идеясы басыңызға қалай және не үшін келді екен?"...

— О не дегеніңіз, Бауке... Қазақ халқының бетке ұстар беделдісі санаулы ғой, Жамбыл атамыз, Мұхтар аға, Қанышекең... Күләш Байсейітова... дүние салып кетті, шетелге шыға қалсақ, "еліңде кім бар" дегенде, атап айтар, көзі тіріден, сіз қалдыңыз, сіз біздің, қазақ елінің тірі паспорты — визитная карточкасы емессіз бе?! Сіздің көңіліңізді сұрамағанда, кімнің сау-саламаттығын ден қойып тілейміз?

Нұрекең осыны айтып, үнсіз отырып қалды, мені шын сыйлап келгені байқалды. Бұрын ол кісінің жалған айтар жарамсақтығы бар деп естімеген едім. Бір сәт үнсіздіктен кейін сөз жалғастырды:

— Мына бір "Арабша-қазақша түсіндірме сөздігім" баспадан шығып еді, соны сізге әдейі жазып әкелдім...

Кітаптағы жазуын көріп, автордың қолын алып, ризашылық білдірдім де былай дедім:

— Нұреке, араб-қазақ сөздігін тізіп, мынау кітапты шығарғаныңыз дұрыс-ау, мен сізден бұдан басқа да еңбек күтер едім. Әрине, ғылыми кітап жазу екінің бірінің қолынан келмейді, бірақ сіз саясат адамы екеніңізді ұмытпауыңыз керек...

— Бауке, сізден ендігі тілегім, бір кітабыңызды қолтаңбаңызбен сыйласаңыз...

— Жарайды, онда сіз менің кабинетіме жүріңіз...

— Енді, — деді Баукең, — сен екеуің Нұртас Дәндібаевич болыңдар да маған еріңдер, кабинетім алыс емес...

Баукең орнынан тұрып, сол жағындағы есікті түртіп қалып еді, ашылып кетті. Бірге ере жүрдік. Баукең біраз кідіріп тұрып:

— Сол жаққа қараңыз, Нұртас Дәндібаевич.

– Нұрекең назары сол жақтағы үстелге ауды.

— Мынау не? — дедім үстелге жабылған мынау матаны нұсқап.

— Бұл дәке, — деді Нұрекең.

— Басқаша, мұсылманша қалай атайды?

— Ақирет...

— Дұрыс айтасыз, бұл дәкені ақирет деп білейік, кәдімгі өлген адамды орайтын, ақирет, олай болса, мына үстелге неге ақирет жабылған?

— Ол арасын білмедім...

— Білмесеңіз мен түсіндірейін, Нұреке, — бұл үстелдің үстінде өңшең өлік жатыр, жазықсыз, жазықты да өліктер, ішінде құрбан болғандары да бар...

Үстел үстіндегі дәкені тап осылай сыпырып алдым.

— Мына жатқан дәптерлер неге қап-қара? Нұрекең үндемеді.

— Бұл қара дәптерлер ғана емес, қаралы дәптерлер. Бәрін өзім жаздым, күні-түні отырып, көз майын тауысып отырып жаздым... Менің жарық көрген қолжазбаларым аз емес, мыналар олардан аз болмаса керек, менің көзім тірісінде, тіпті өлгеннен кейін де жарық көруі неғайбыл... Ендеше, неге жаздың дейсіз ғой, әдейі жаздым, арым таза екенін дәлелдеу үшін жаздым, мен адам өлтірдім, көп өлтіруге тырыстым, амалсыздан қатыстым... Нұреке, сұмдық соғысқа Сіз де қатыстыңыз, кеңседе креслода отырып-ақ, қағазға қол қойып қатыстыңыздар. Бәлки мен құсап майданда, арпалыс арасында жүрмей-ақ, қол қойып қатысқан шығарсыз, сол арасын айырып, арыңызды арашаласаңыз тіпті дұрыс болар еді. Араб-қазақ сөздігі де абыройлы еңбек, әрине, аз еңбек емес болар, ал, мынау арыңды тазалау деген одан артық болмаса, кем емес, бәлки, сізге ғылыми жұмыстан гөрі оңайға түсуі, бірақ естелік те оңай емес екен, өтірігім шығып қала ма деп қиналасың... Солай емес пе, Нұртас Дәндібаевич?!

— Солайы-солай... – Нұрекеңді бұдан әрі қинамадым,—Енді менің кітапханамды көре тұрыңыз, мен сізге, мынау "За нами Москваны" жазып, сыйлайын...

—Нұрекең менен автограф алып, риза-қош айтып кете барды. Қатыны түскір осындайда керек-ақ, дәм татқызып, қонақ қыла алмадым. Ал, сендерге кітап та сыйлай алмаймын, өздерің көріп тұрсыңдар, бес-алты данасы қалды...

Баукең Нұрекеңмен кездесуін еске алып айтқаны жүрек тебірентерлік болды, мен айтқандарын дәл түсіре алмадым ғой деймін, әйтпесе Нұрекеңе де, өзіне де оңай тиетін әңгіме болмаған сияқты.

— Сендер, — деді Баукең, қалжың шырайымен, — Қазақ республикасының Премьер-министрінен артық та, кем де емессіздер, сондықтан да Бауыржан үйінен шай іше алмай кете барасыңдар... Көңіл сұрай келгендеріңе рахмет, көріскенше күн жақсы болсын, Дінмұхамед Қонаевқа жазған хатым бар еді, тағы бір келсеңдер, жайласып отырып оқып берермін... Тамамдағаныммен, қайыра бір қарап шығуым керек...

Сонымен Баукеңнің көңілін сұрай келіп, бірқатар жаңалық естіп қайттық.

Естігенімді "Мырза терек" деп атауым — Нұртас ағаға байланысты, ол кісі туралы сырттай көп әңгіме естиміз, негізінен мемлекеттік қызметі, лингвистік-ғалымдық еңбектері хақында. Нұрекең Баукеңе жолыққаннан кейін кітаптарын бастыру шаруасымен Алматыға бірнеше рет келсе де мен ұшырасып, сөйлесе алмадым.

Сол, 1973 жылы Әзілхан Нұршайықовқа жоғарыдағы әңгімені бастан-аяқ әңгімелеп беріп: "Сен осыны Баукеңнен қайыра бір тыңдап барып жазшы, роман жазып жүрсің, соған кіргізуге де болар, жеке жазсаң да Баукең өмірінің соңғы кездегі назар аударарлық бір тарих ұшырасуы ғой, — дедім. Менің әңгімемді басқа қонақтарымен бірге Әзілхан да көңіл қойып тыңдады. Бірақ, жазамын деп уағда бермегенмен, Баукеңмен сөйлеспек болды. Содан, көп жыл өткен соң осы әңгімені Әзілхан романға кірмей қалған эпизод ретінде "Жұлдыз" журналында жариялады. Баукеңнің бізге айтқанынан әлдеқайда толық, әлдеқайда өзгеше болып шығыпты. Қайран қалдым. Баукең кейбір жайттарды толығырақ айтуы мүмкін, әбден мүмкін, әйтсе де Әзілхан жазып алған эпизодта Баукеңнің Нұрекеңе берген мінездемесі тым ерсі сияқты боп көрінді... Ол кісінің мемлекет қайраткері ретіндегі еңбегі әлі зерттеліп, заман пікірі тиянақталды дей алмаймын. Олай дейтінім, Нұрекеңнің өз естелігін біз әлі оқыған жоқпыз. Баукеңнің кеңесімен Нұртас Дәндібайұлы естелік жазса, ел тарихындағы бірқатар жайттар, әсіресе, кадр мәселесі, сол кездің көрнекті азаматының бейнесі ашылған болар ма еді деймін ғой...

Тіл ғылымына Нұртас Дәндібайұлының қосқан үлесін саралаған мамандар ол кісінің жиырма бес жылдық еңбегін атап айтып, соншалық ілтипат білдіреді. Адалына келсек, Нұрекеңнің екі томдық "Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі" араб тілін үйренушілерге оқу құралдық маңызы бар зор еңбек емес пе?! Тіл біліміне мол үлес болып қосылған бұл еңбекті бағалап отырып, өмірі өнегелі ол кісінің есімі былтырғы мерейтойы кезінде ерекше қастерленгеніне бек қуандым...

(«Ана тілі» газеті, 19 қазан, доңыз жылы)
Мұқтасын Сухамбердиев,

Қазақстанның құрметті журналисі



Уақыт не деген шапшаң едің...
-Ия, шынында да уақыт не деген шапшаң едің...

Мыңдаған жылдар бойы бір қалпынан өзгермей сары дала, шөлейтті өлке атанған кәрі Маңғыстаудың соңғы ширек ғасырда адам танымастай өзгеруі- оның ұлан байтақ жерінен қисапсыз қазба байлықтардың табылуына байланысты. Жетібай мен Өзен 1961 жылы мұнай –газ фонтандары атқылады. Міне, соған биыл -2006 жылы 45 жыл толып отыр. Маңғыстаудан мұнай, басқа да қазба байлықтарды іздеу бұдан жүз жыл бұрын басталған. Түбекте мұнайдың үлкен қоры бар екенін оған әр кезде келген зерттеушілер, геологтар, геофизиктер айтып кеткен және барлау жұмыстарын қайсы маңдардан іздеу туралы ұсыныстарын берген. Алайда жер шалғайлығы, табиғатының қаталдығы, қатынастың қиындығы көпке дейін оған ден қойып тікелей барлау , бұрғылау жұмыстарына кірісуге мүмкіндік бермеді. Соғыстан бұрын басталған іздестіру жұмыстары одан кейін де жалғасты. Қазақстан жеріндегі барлау жұмыстарының көбі (1951-1961ж.ж.) Маңғыстауда жүргізілді. Ленинградтағы ғылыми-зерттеу барлау институты Маңғыстауға геологиялық, геофизикалақ барлау жүргізетін комплексті экспедиция шығарды. Олар Маңғыстаудың Солтүстігінде, Бозашы түбегінде, Маңғыстаудың орталық алаңы мен Оңтүстігін түгелімен бұрғылап, барлауды ұсынды. Осыған орай «Қазақстанмұнай» бірлестігі Маңғыстауға Түбежік, Бекебасқұдық алаңдарына геологиялық іздестіру партиясын жіберіп, олардың берген мәліметтеріне орай, 1957 жылы Фортта «Маңғыстаумұнайгаз» барлау тресін құрды.

...Қазақстанның, оның ішінде Маңғыстаудың мұнай болашағын зерттеп анықтауда 1959 жылы Гурьевте өткен Бүкілодақтық ғылыми –техникалық конференцияның шешуші маңызы болды. Бас баяндаманы облыстың бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов жасады. Конференцияға қатысқан Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі А.Бакиров, М.Чарыгин, Геология министірі М.Золотарев... Каспий ойпаты мен Маңғыстаудың еліміздің отын өнеркәсібін дамытуға қосар қомақы үлесі туралы айтты. Бұл аудандарда геологиялық, геофизикалық барлау, іздестіру жұмыстарын шұғыл қолға алуды ұсынған құжат қабылданды. Осыны ескеріп Одақтық Үкімет күрделі қаржы бөліп, арнаулы қаулы қабылдады.

...Маңғыстау өмірінде ғасырлық жаңалық әкелген Жетібай мен Өзен Атырау мен Алматы ғана емес Одақтық Үкіметтің назарында болды. «қара алтынның» жаңа тұсаукесері болған, бұл жаңалықты көруге тек журналистер ғана емес, сол кездегі басшылар, геолог ғалымдар, министрлер, партия қызметкерлері Жетібайға жетуге асықты. Жетібайда мұнай атып жатыр деген хабарды ести салысымен Москвадан, Алматыдан Б.Ерофеев пен Ш.Есенов, КСРО Мұнай министірлігінен бұрын «Қазақстанмұнай» бірдлестігінде бас инженер болған Николай Калинин, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов келді.

Олар бұдан былай бұрғылау, барлау жұмыстарын қай бағытта өрістету керек, мұнайдың өндірістік қорын анықтау үшін терең барлап, бұрғылауды көбейту, материалдық-техникалық жабдықтау,, өндіріс ашу, тағы да көптеген мәселелер төңірегінде әңгіме болды. Осы басқосуға Ақтөбеден Батыс Қазақстан Өлкелік Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы Сафи Өтебаев келіп қосылды.

Осылайша Маңғыстауға ғасырлық жаңалық әкелген мұнай бұрқағын көзбен көріп, оны халыққа тездетіп жеткізу үшін мен оқиға болған жерден бұрғышылардың, мамандардың сөздерін магнитафон, блокнотқа жазып, республикалық эфирде, облыстық газет беттерінде өзім куә болған оқиғаны баяндап, геолог барлаушылардың ерен еңбегін паш еттім. Репортажда сол тарихи қарамайды өмірге әкелген бұрғышылар: Қалиев, Азанбаев, Қуанышбеков, Қожахметов, Ерғалиев, Жақсымбетов, Өмірбаев, Жүзбаев, Тоқжанов, Сахановтай жігіттердің есімдері мақтанышпен аталды.

Сөйтіп, Маңғыстауда ғана емес, бүткіл қазақ жерінде елді елең еткізген Қазақстан мұнайын жаңа тың белестерге көтеретін үлкен мұнайлы өлкенің дүниеге келуі абырой болды. Бір тамшы су қат болып кезеріп жатқан медиен даланың осыдан бастап бағы жанды. Жылдар бойы табан аудармай, түңілмей, шаршап-шалдықса да бар қиындыққа төзіп, өздері іздеген байлыққа барлаушылардың ақыры қолдары жетті. Маңғыстаудың байлығы тек мұнай мен газ емес, сирек кездесетін рудалар, көмір, темір, алтын, күміс, мыс, санай берсең Менделеев таблицасындағы элементтердің бәрі де осында болып шықты...

Бұл тұста бұрын Одақ, республикалық деңгейде қызмет атақараған, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов еңбегін ерекшелей айту бізге парыз. Облысқа басшы болып келе салысымен Нұрекең Атырау мен Маңғыстаудың үлкен бролашағына сеніп, оны көтеру туралы Одақтық Үкімет алдына ресми түрде мәселе қойды. Академик Сәтбаевтың шақыруымен Гурьевте «Батыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру» мәселесіне арнап Бүкілодақтық ғылыми-техниккалық конференция өтті. Оңтүстік Ембі, Үстірт, Оңтүстік Маңғыстау және Жайық-Еділ аралығы аудандарында геофизикалық, геологиялық барлау жұмыстарын шұғыл өрістету туралы нақты шешім алынды.Үкімет үлкен қаражат бөліп, аталған аудандарды терең бұрғылап, барлауды КСРО Геология және Кен қоғау министірлігіне жүктеді.Көптеген бұрғылау қондырғылары жеткізілді. Соның артынша 1960 жылы Мартышида, Прорва алаңдарынан мұнай фонтаны атқылады. Бұл Н.Оңдасыновтың Жоғарғы Үкімет алдына қойып, өте көрегендік саясат ұстанғанын көрсетті.

1960 жылы Қазақ КСР –нің 40 жылдығы қарсаңында Қазақ радиосынан гурьевтіктер қандай табыстармен қарсы алғалы отырғыандықтары туралы облыстық партия комитетінің бірінші секретары Н.Оңдасыновтың мақаласын ұйымдастыруды тапсырды. Мен Нұрекеңе жолығып, дайындаған мақаласын магнитафонға жазып алдым. Ол геологиялық барлаудың нәтижесінде шалғай аудандарда қала типтес елді мекендер пайда болғанын, Атырау мен Маңғыстауда мұнай және газ кенорындарының ашылуы бұл аймақты таяу болашақта үлкен өндірісті аймаққа айналдыратынына сенімді екенін мәлімдеді.

Бұл өскен өлкеге таяу болашақта жоғары білімді маман кадрлар даярлау жөнінде Үкімет алдына мәселе қойды.

Маңғыстауда, Жетібай алаңынан мұнай фонтаны атқылағанда келіп көріп, түбек төрінде Қорғаныс министірлігінің құзырымен салынып жатқан «Меловой» деген қалаға тоқтап, мұнай, химия өндірістеріннің орталығы болғалы тұрған өндірістің, Атырау емес, Қазақстан экономикасына қосар үлесін бағамдады.Гурьевке келгенде өткізген кездесуде Нұрекеңнің: «Гурьев облысына коммунизм Маңғыстаудан келеді» деген қанатты сөзі сонда болғандардың әлі есінде.Нұрекеңнің шапағатын Гурьев пен Маңғыстаудың барша халқы көрді деп айтуға блады.Оның Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасы кезінде Гурьев облысына келіп, Атырау мен Маңғыстау шаруашылықтары жайылымдық жерін кеңейтіп, алыс отарларға су жеткізу үшін 150- дей автомашиналар бергенін ел ешқашан ұмытпайды.

1962 жылы көктемде облыстық партия комитетінде кезектен тыс пленум болатын болды. Бұл облыс партия ұйымына жаңа басшы сайлануға байланысты екен. Н.Оңдасынов денсаулығына байланысты кетіп жатыр деп естідік. Бірақ, Нұрекең жиналғандарға арнап: «Мен Сіздермен сегіз жылдай қызметтес болдым. Қайда жүргенде де сіздерді естен шығармаймын, адал да, айнымас көңілмен, жасампаз еңбекпен мені қолдап отырдыңыздар. Мұндай құрметті мен басқа жерден көргенім жоқ.Менің зейнеткерлікке шығуыме екі жыл қалған еді. Қайтерсің, пәрмен солай болып жатыр, басшылыққа жастарды көтеру керек деп жатыр, жоғарғы жақ» деп төс қалтасынан өзі сақтап жүрген қол сағатты көрсетті. «Мына сағатты 1943 жылы мен Совнарком төрағасы болып тұрған кезімде, соғыс жылдарында жан қиярлық еңбектерімен жеңісті жақындатуға ерекше үлес қосқан Новобогат ауданы еңбекшілері КСРО Қорғаныс Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туын қатарынан үш мәрте алып, оны мәңгілік сақтауға қалдырғанда облыс делегациясы: «мынау байрақта Нұреке Сіздің де еңбегіңіз бар, мына сағат соның белгісі болсын» деп, маған сыйға тартқан еді. Сол сағатты мен әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Бұл да менің сіздердің орталарыңда өткізген жылдарымның белгісі болсын деп, өзіммен бірге алып барамын» деді. Бәрі де қол шапалақтады.

Келесі жылы «елді сағындым» деп, Нұрекең тағы келді. Бірақ ол Москвада тұрып қалды.Қарап отырмай шығармашылдықпен айналысыпты.Сонда ол кісінің немен айналысқанын кейін Алматы Жоғарғы партия мектебінде оқып жүргенде ақын Меңдекеш Сатыбалдиев інімнен естідім.Ол «Қазақстан» баспасында істейтін. Бір күні баспаның директорымен бірге кабинетке Нұрекең кіріп келді. Мен қарсы жүріп ағаның қолын алдым. Директор мынау Сатыбалдиев деген өзіңіздің Гурьевіңіздің жігіті, жазушы, ақын» деп таныстырып жатыр.

Нұрекең: «Меңдекеш, мынау менің көптен ойлап жүрген еңбегім еді, қол босаған соң осымен айналыстым. Тәшкентте жүргенде діни семинарияға да қатысып, араб оқуын меңгерген едім, оның қазір керегі болғалы тұр. Мынау «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», алғашқы кітабын баспаға әзірлеуді өзіңе тапсырғалы тұрмын. Үстінен әдеби жағынан түзетуді қарарсың» деген. Мен оны дайындап болып, бастыруға келісімін алып ,шығып бара жатқанда Нұрекең: «Меңдекеш, сен мұнда қашан келдің, жағдайың қалай? деп сұрап алды. Келініңіз бен екі балам бар. Жеке үй жалдап тұрамыз, пәтер жағы қиын соғып тұр» дегенмін. «Жарайды, шырағым, жігіттерге айтармын» деді. Соның артынша, жылға жетпей, мені қалалық кеңес төрағасы шақырып алып, «Горный Гиганттан» үш бөлмелі жеке үй алып берді дегенді. Міне, «жақсыдан шарапат» деген осы. Бүкіл елге жасаған жақсылығы жалғыз адамға да жетіп жатты.(Меңдекештің үй алған кезде Нұртас ағасына жазған алғыс хатын біз қолжазба-құжаттарының арасынан таптық. Авт.Г.О.)

Н.Оңдасынов мезгілінде Хрущевтің жаппай тың игеруді желеу етіп, қазақстанның Солтүстік облыстарын Россияға қосу, Оңтүстік Қазақстанның үш ауданын Өзбекстанға, Маңғыстауды Түркіменстанға беріп, Қазақстанды бөлшектеу саясатына қарсы шықты. Халқының, оның болашағын ойлап жасаған әрекеттері жоғарғы жаққа жақпады, мұны білетін ел Нұрекеңнің қызметтен ерте кетуін соның салдары деп түсінді, сонысымен ол халықтың шексіз құрметіне бөленді.

Ел үшін, Қазақстан үшін қалтқысыз еткен еңбегі еленді. Ол үш мәрте Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.КСРО Жоғарғы Кеңесіне әлденешерет депутат болып сайланды».


Айдын Айбаров,

Гурьев қалалық Кеңес

төрағасының орынбасары
ДАНАЛЫҒЫ КӨП АДАМ

- Расы керек, Нұрекеңмен бірге біздің облысқа жаңару, өзгеше өмір келді. Жайбарақат жүріп жатқан тіршілігімізге жаңаша түр әкелді. Жастардың өнерге, оқу білімге деген құштарлығы артты. Не керек, ол қоғамның қозғаушы күші болды.

Жері тұзды, ештеңе өспейді деп жүрген жалқау қазақтарға бау-бақша өсіртпеді ме?!

Бұрын қалалықтар айран-сүт дегеннің не екенін білмейтін, ал, Нұрекең дүкендерді онымен толтыртты.

Қолайсыз жерде отырған балықшы ауылдарын көшіріп, тұрмыстарын түзеді.

Ал, Нұрекеңнің менің өмірімде алатын орны зор. Оны айтпасам азаматтығыма сын.

Бір күні мені ол өзіне шақырды. Ол кісі атыңды атамай «балам» деп сөйлейтіні болатын, сол әдетімен маған: «Балам, сені мен Петровскі зауытына партком хатшысы етіп жібергелі отырмын, жұмысшы ортасы мықты болады, көп нәрсені үйренесің, қысқасы, жұмысшы қазанында қайнайсың. Бірақ байқа, жұмысшы деген ешкімнен сескенбейді, турасын айтады», - деді. Келістім.

Бұл зауыт соғыс жылдарында Ресейден көшіп келген болатын. Мұнай өндірісіне қажетті құрал-саймандар мен маторларды жөндейді.

Содан жарты жыл өткен соң мені қайыра шақырды. Тағы да: «Балам, жоспар не болып жатыр? Қаладағы жалғыз зауыт, облыстағы бар мұнай кәсіпшілігі сендерге қарап отыр, сондықтан жоспарға тиянақты болмасаңдар болмайды», - деді. Ол кісінің ауызша айтқаны қаулы-қарарлардан, бұйрықтардан да мықты болатын. Сол кезде біраз қиындықтар туып тұрған-ды, соны айттым. Қолдау, көмек көрсетті, қиындықты жеңдік. Жоспарды ай сайын орындайтын болдық, оған қуанып, рахметін айтты.

Бір күні өзіне тағы да шақырып: «Сені қалалық Кеңеске орынбасар еткелі отырмын, қалай қарайсың?», - деді. Мен: «Жалақысы аз, отбасым үлкен», – деп едім, «Кемін толтырып береміз, бар», – деді. Ол жерде біраз жылдар қызмет істедім.

Нұрекеңмен талай іс сапарға бірге шықтым, көп әңгімесін тыңдадым. Ісінде де, сөзінде де даналығы көп адам еді. Өз өмірімде біраз бастықпен қызметтес болдым ғой, бірақ олардың бәрі бір төбе де, Нұрекең бір төбе. Басқалар қолдарындағы билігімен басқарса, Оңдасынов бойындағы парасатымен басқарған адам. Ел билеген адам солай болуы керек деп ойлаймын.

Ол әуелі өзіне, сосын халқына барынша адал болған адам. Бүгінгі бастықтардың үлгі алатын жері осы ...».



(Атырау, шілде, 2006 ж.)


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   20


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет