Мемлекет басшысы 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда елтаңбаны өзгертуді ұсынды. Тоқаевтың айтуынша, қазіргі рәмізіміз кеңес заманындағы елтаңбаға ұқсайды. Сондықтан арнайы комиссия құрып, қоғамдық талқылау өткізіп, жаңасын жасауға ашық байқау жариялау қажет деді. Бұл ұсыныстан кейін аталған тақырып қызу талқыға түсуде. Бірі расымен Кеңес одағының элементі бар екенін айтып, өзгерту керегін жақтаса, енді бірі елтаңбаны өзгерту экономикамызға үлкен шығын келтіреді деп есептейді. Осыған орай Stan.kz ақпарат агенттігі елтаңба атворы Жандарбек Мәлібековтың пікірін сұрап, сарапшылардың айтарына шолу жасап көрді. 

Фото: e-history.kz

Тоқаев не айтты, сол дұрыс

Мемлекеттік елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков, мемлекет басшысы қалай айтса, солай болатынын жеткізді.  

"Президенттің айтқаны дұрыс. Кеңес үкіметіне қатысты айтқанына ештеңе дей алмаймын. 1992 жылы мен елтаңба жасап тапсырдым, депутаттар қабылдады, Конституцияға бекітті, болды. Мемлекеттің мүлкіне айналды. Сондықтан ашық ештеңе айта алмаймын. Комиссия мүшелеріне кімдерді жинайды, сосын пікір білдіремін", — деді сәулетші. 

 “Ескі Қазақстанмен” күрес көлеңкемен күрес деңгейіне жетіп қалды

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Тоқаевтың елтаңбаны ауыстыру жайлы ұсынысы көпшілікке өтпегені жеткізді.  Себебі елтаңбаны өзгерту бастамасы — жасанды қолдаудың немесе астротурфингтің өнімі дейді. 

"Тоқаевтың елтаңбаны жаңарту бастамасы ешқандай да көпшіліктің өтініші емес. Бар болғаны “Жаңа адамдар” деген жасанды ұйымның қарабайыр акциясын ұйымдастырып барып жарияланған шешім. Ұйымдастырылуы әлсіз, креативі нөл гербті ауыстыруды қолдау науқанына қарасақ, “20 000 террорист” жайлы аңызға елді сендірдік деп ойлайтын Ақорда массаға бәрі өтеді деп өзін алдап үйреніп қалған сияқты", — деді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол президенттің бұл ұсынысын қолдайтындар да бар екенін жеткізді. Фейсбуктегі қолдау посттардың ішінде абсурд түрі де болды дейді.

“Мәселен, екі күн бұрын мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи президенттің ұсынысын қолдайтынын білдіріп, елді “тар” ойламауға шақырып, елтаңбаны ауыстыруды Назарбаевтың мұрасына тағы бір рет соққы беру деп бағалаған. Кеше Ермұрат Бәпи сол постын өшіріп тастапты. Есесіне кеше Гульжан Ергалиева Ермұрат Бапидікіне ұқсас ойды орысша жеткізіпті”, – деді саясаттанушы.

Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, елімізде шынайы реформаның иісі де шықпайды. “Ескі Қазақстанмен” күрес көлеңкемен күрес деңгейіне жетіп қалды дейді. 

“Қаңтар қырғынынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевты “Шекарамызды шегендеді”, “Мемлекеттік рәміздерімізді бекітті”,  “Астанамыздың негізін қалады” деп ақтаушы “жаңақазақстандықтар” болған. Содан бері 2 жылдан астам уақыт өтті. Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, Тоқаев өз билігін күшейтіп алды. “Деелбасизация” осы қарқынмен жүре берсе, “Назарбаев тұсында бекітілген шекарамызды қайта қарайық”, “Астананың атын Назарбаев қойған, сондықтан оны Целиноград деп өзгертейік” дейтін күнге де жететін сияқтымыз", — деді Шалқар Нұрсейіт. 

Биліктегілер "реформа" дегенді "атын өзгерту" деген сөзбен шатастыратын сияқты

Журналист Алмас Маратұлының айтуынша, елтаңбаны өзгерту биліктің үлкен саяси-экономикалық өзгерістерге дайын еместігін көрсетеді.  

"Қаңтар оқиғасынан бері елде қаншама дүниенің аты мен логотипі ауысты. Қала мен аудандардың, саяси партияның атауы ауысқанын көрдік. Енді міне елтаңбаны ауыстырмақ. Бұл биліктің үлкен саяси-экономикалық өзгерістерге дайын еместігін көрсетеді. Билік осындай маңызы жоқ өзгерістер арқылы елде түбегейлі реформа жүріп жатқанын көрсеткісі келеді. Ал шындығында елдің экономикалық және әлеуметтік саласында көзге көрінетін өзгерістер жоқ. Халықтың әлеуметтік жағдайы күннен күнге төмендеп жатыр. Қымбатшылық тоқтамады. Елтаңбаны өзгерту бұл тек косметикалық өзгерістер ғана. Дәл қазіргі уақытта күн тәртібіндегі мәселе емес еді", — деді журналист.

Сондай-ақ ол елтаңбадағы жұлдызды кеңес өкіметінің сарқыншағы десе, тек қана сол жұлдызды елтаңбадан алып тастауды ұсынды. Бір жұлдыз үшін толық елтабаны өзгертудің қажеті жоқ дейді. 

"Елтаңбаны өзгерту керісінше бюджетке қосымша ауыртпалық түсіреді. Конкурс жариялау, комиссия құру, мемлекеттік органдардағы барлық елтаңбаны ауыстыруға қыруар қаржы кететіні айдан анық. Онымен қоса жаңа елтаңбаның дизайны қандай болады? Себебі бізде мұндай тәжірибе болған. Өздеріңіз білесіздер Рухани жаңғыру жобасының логотипі плагиат болды. Ехро 2017-нің логотипіне де плагиат деген айып тағылды. Қазақ хандығының 550 жылдығына жасалған логотипке де сұрақтар пайда болды. Осы жақында ҚазҰУдың 90 жылдығына орай жасалған жаңа логотиптің де дизайны тым ұсқынсыз болғанын әлеуметтік желілер жарыса жазды. Сондықтан жаңа елтаңба қазіргі елтаңбадан әдемі һәм мағыналы болатынына мен сенбеймін", — деді Алмас Маратұлы.

19 наурызда Қаржы министрі Мәди Такиев елтаңбаны өзгертуге бөлінетін шығын әлі есептелмегенін жеткізді. 

"Алдымен оны өзгерту керек пе, соны шешейік. Нақты шешім әлі қабылданбағанын жақсы білесіздер. Қоғам қолдаса, мәселені қарап, комиссия құрамыз деп айтылды. Бізге алдын ала жоба керек. Елтаңбаны дәл бүгін өзгерте алмаймыз. Бұл үлкен жұмыс: бәрін есептеу керек…", — деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның елтаңбасын өзгертуді ұсынғаны туралы жазған едік. 

Еске салайық, егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданған болатын. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.