«Инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы



жүктеу 1.45 Mb.
бет2/7
Дата21.04.2019
өлшемі1.45 Mb.
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7

5-тарау. Жіті ішек инфекцияларымен ауырып айыққан адамдарды
диспансерлік бақылауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
20. Жіті дизентериядан сауыққаннан кейін диспансерлік бақылауға мыналар:

1) қоғамдық тамақтану, азық-түлік саудасы, тамақ өнеркәсібі объектілерінің қызметкерлері;

2) балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің, мектеп-интернаттардың балалары;

3) психикалық-неврологиялық диспансерлердің, балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлердің қызметкерлері жатады.

21. Диспансерлік бақылау бір айдың ішінде жүргізіледі, оның соңында бір рет бактериологиялық зерттеп-қарау жүргізу міндетті.

22. Дәрігерге бару жиілігі клиникалық көрсетімдер бойынша айқындалады.

23. Диспансерлік бақылауды тұрғылықты жері бойынша учаскелік дәрігер немесе инфекциялық аурулар кабинетінің дәрігері жүзеге асырады.

24. Ауру қайталанған жағдайда немесе зертханалық зерттеп-қарау нәтижесі оң болғанда дизентериямен ауырып айыққан адамдар емдеуден қайта өтеді. Емдеу аяқталғаннан кейін бұл адамдар үш ай бойы ай сайын зертханалық зерттеп-қараудан өтеді. Бактерия тасымалдаушылық үш айдан астам жалғасып келе жатқан адамдар дизентерияның созылмалы түрімен ауыратын науқастар ретінде емделеді.

25. Халықтың декреттелген тобына жататын адамдарды жұмыс беруші сауыққаны туралы анықтама ұсынылған сәттен бастап мамандығы бойынша жұмыс жасауға жібереді. Сауыққаны туралы анықтаманы клиникалық және бактериологиялық зерттеп-қарау нәтижелерімен расталған кезде толық сауыққаннан кейін ғана емдеуші дәрігер береді.

Созылмалы дизентериямен ауыратын адамдар эпидемиологиялық қауіп төндірмейтін жұмысқа ауыстырылады.

26. Созылмалы дизентериямен ауыратын адамдар бір жыл бойы диспансерлік бақылауда тұрады. Созылмалы дизентериямен ауыратын адамдарды бактериологиялық зерттеп-қарауды және тексеріп-қарауды ай сайын дәрігер-инфекционист жүргізеді.

6-тарау. Сальмонеллездің алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
27. Сальмонеллезге міндетті бактериологиялық зерттеп-қарауға халықтың мына санаттары жатады:

1) стационарға келіп түсетін екі жасқа толмаған балалар;

2) стационарға емдеуге жатқызылған науқас баланы күтетін ересектер;

3) түскен кезде немесе емдеуге жатқызылғанға дейін алдыңғы үш апта бойы ішек функциясының бұзылуы болған босанатын әйелдер, босанған әйелдер;

4) стационарда болған кезде ішек функциясының бұзылуы пайда болғанда диагнозына қарамастан барлық науқастар;

5) сальмонеллез ошағында инфекцияның болжалды көзі болуы мүмкін, халықтың декреттелген топтарының арасындағы адамдар;

6) сауықтыру объектілеріне баратын балалар.

28. Сальмонеллезбен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу клиникалық және эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша жүргізіледі.

29. Сальмонеллезбен ауырған реконвалесценттер ауруханадан толық клиникалық сауыққаннан кейін және нәжістің бактериологиялық зерттеуі бір рет теріс болған жағдайда шығарылады. Зерттеуді емдеу аяқталғаннан кейін үш күннен ерте жүргізбейді.

30. Сальмонеллезбен ауырып айыққаннан кейін диспансерлік бақылауға:

1) қоғамдық тамақтану, азық-түлік саудасы, тамақ өнеркәсібі объектілерінің қызметкерлері;

2) балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің, мектеп-интернаттардың балалары;

3) психикалық-неврологиялық диспансерлердің, балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлердің қызметкерлері жатады.

31. Сальмонеллезбен ауырып айыққан адамдарды диспансерлік бақылауды жалпы жағдайын, шағымдарын, нәжісінің сипатын бағалай және термометрия жүргізе отырып, 3 рет клиникалық тексеріп-қарау арқылы (10-шы, 20-шы, 30-шы күні) бір ай бойы тұрғылықты жері бойынша инфекциялық аурулар кабинетінің дәрігері немесе учаскелік дәрігер жүзеге асырады.

Сальмонеллезбен ауырып айыққан халықтың декреттелген тобына жататын адамдарды жұмыс беруші сауыққаны туралы анықтама ұсынылған сәттен бастап мамандығы бойынша жұмыс жасауға жібереді.

32. Халықтың декреттелген тобына жататын реконвалесценттерді жұмыс беруші сауыққаны туралы анықтама ұсынылған сәттен бастап мамандығы бойынша жұмыс жасауға жібереді.

Емдеу аяқталғаннан кейін сальмонелла бөлуді жалғастыратын реконвалесценттерді, сондай-ақ халықтың декреттелген топтарына жататын анықталған бактерия тасымалдаушыларды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері негізгі жұмысынан күнтізбелік он бес күнге шеттетеді.

Күнтізбелік он бес күнге шеттеткен кезде нәжіс үш рет зерттеледі. Оң нәтиже қайталанған жағдайда жұмыстан шеттету және зерттеп-қарау тәртібі тағы да күнтізбелік он бес күн бойы қайталанады.

Бактерия тасымалдаушылық үш айдан астам уақыт бойы анықталса, адамдар сальмонелланың созылмалы тасымалдаушылары ретінде мамандығы бойынша жұмысынан он екі айға шеттетіледі.

Мерзім аяқталған соң нәжіс пен өтке күнтізбелік бір-екі күн интервалмен үш реттік зерттеу жүргізеді. Теріс нәтижелер алынған жағдайда негізгі жұмысына жіберіледі. Бір рет оң нәтиже алынған жағдайда осындай адамдар созылмалы бактерия тасымалдаушылар ретінде қаралады және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қызкүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 21-бабы 12-тармағының 5) тармақшаға сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері оларды эпидемиологиялық қауіп төндіретін жұмыстан шеттетеді.

33. Емдеу аяқталған соң сальмонелла бөлуді жалғастыратын балаларды емдеуші дәрігер күнтізбелік он бес күнге мектепке дейінгі тәрбиелеу ұйымына барудан шеттетеді, осы кезеңде нәжіске бір-екі күн интервалмен үш реттік зерттеу жүргізіледі. Оң нәтиже қайталанған жағдайда шеттетудің және зерттеп-қараудың осындай тәртібі тағы он бес күн бойы қайталанады.

34. Мектепке дейінгі ұйымдарда, балалар үйлерінде, мектеп-интернаттарда, сәбилер үйлерінде, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде сальмонеллезбен сырқаттану тіркелген кезде санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ұйымдары қорытынды дезинфекция жүргізеді.



7-тарау. Іш сүзегі мен паратифтердің алдын алу бойынша
санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық
іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
35. Халықтың іш сүзегі және паратифтермен сырқаттанушылығын мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау мыналарды қамтиды:

1) елді мекендердің, әсіресе халықтың сүзек-паратифоз инфекцияларымен сырқаттанушылығы бойынша қолайсыз елді мекендердің санитариялық жағдайы туралы ақпаратты талдау;

2) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыру және халық арасында тәуекел топтарын айқындау;

3) науқастардан және бактерия тасымалдаушылардан бөлінетін өсірінділердің фаготиптерін айқындау;

4) бактерия тасымалдаушыларды, әсіресе тамақ кәсіпорындарының қызметкерлері мен басқа да халықтың декреттелген топтарына жататын адамдар ішінен бактерия тасымалдаушыларды анықтау және санациялау мақсатында іш сүзегімен және паратифтермен ауырып айыққан адамдарды есепке және диспансерлік бақылауға қою;

5) санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жоспарлау.

36. Іш сүзегі және паратиф ауруларды алдын алу үшін санитариялық-профилактикалық іс-шаралары қоздырғыштардың су, тамақ арқылы берілуінің алдын алатын санитариялық-гигиеналық іс-шараларды жүргізуге бағытталған. Мынадай:

1) сумен жабдықтау жүйелері, орталықтандырылған, орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздері, басты су жинау құрылыстары, су көздерін санитариялық қорғау аймақтары;

2) тамақ өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібі, азық-түлік саудасы, қоғамдық тамақтану;

3) кәріз жүйесі объектілерінің санитариялық-техникалық жағдайын мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізіледі.

37. Жұмысқа жіберу алдында халықтың декреттелген топтарына жататын адамдар дәрігердің тексеріп-қарауынан кейін бір рет бактериологиялық тексеруден өтеді. Олар бактериологиялық зерттеп-қараудың нәтижесі теріс болғанда және басқа да қарсы көрсетімдер болмаған жағдайда жұмысқа жіберіледі.

Бактериологиялық зерттеп-қараудың оң нәтижесі анықталған адамдар бактерия тасымалдаушылар ретінде қаралады. Олар емделеді, есепке алынады, оларға медициналық бақылау қойылады. Кодекстің 21-бабы 12-тармағының 5) тармақшасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері бактерия тасымалдаушыларды эпидемиялық қауіп төндіретін жұмыстан шеттетеді.

38. «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2295 қаулысына (бұдан әрі - Қаулы) сәйкес кәріз және тазарту құрылыстарының жұмыскерлері іш сүзегіне қарсы вакцинациялауға жатады.

39. Іш сүзегі немесе паратифтер ошақтарда мынадай іс-шаралар жүргізіледі:

1) сауалнама алу, тексеріп-қарау, қызуын өлшеу, зертханалық зерттеп-қарау арқылы барлық науқастарды анықтау;

2) іш сүзегімен, паратифтермен ауыратын барлық науқастарды уақтылы оқшаулау;

3) бұрын іш сүзегімен және паратифтермен ауырған адамдарды, халықтың декреттелген топтарын, жұқтыру қаупіне ұшыраған (жұқтыруға күдікті тамақ өнімдерін немесе суды қолданған, науқастармен байланыста болған) адамдарды анықтау және зертханалық зерттеп-қарау жүргізу;

4) халықтың декреттелген топтарына жататын адамдарда бір рет сырқаттану болған ошақта нәжіске бір рет бактериологиялық зерттеу және тікелей гемагглютинация реакциясында қанның сарысуын зерттеу жүргізіледі. Тікелей гемагглютинация реакциясының нәтижесі оң болған адамдардың нәжісіне және несебіне бес рет бактериологиялық зерттеу жүргізіледі;

5) топтық аурулар пайда болған жағдайда болжалды инфекцияның көзі болып табылатын адамдарға зертханалық зерттеп-қарау жүргізіледі. Зертханалық зерттеп-қарау кемінде күнтізбелік екі күн интервалмен нәжісі мен несебін үш рет бактериологиялық зерттеуді және тікелей гемагглютинация реакциясы әдісімен қан сарысуын бір рет зерттеуді қамтиды. Тікелей гемагглютинация реакциясының нәтижесі оң болған адамдарға кемінде күнтізбелік екі күн интервалмен қосымша бес рет нәжісі мен несебін бактериологиялық зерттеу жүргізіледі, ал осы зерттеп-қарау нәтижелері теріс болғанда - өті бір рет зерттеледі;

6) іш сүзегімен немесе паратифпен ауырған науқаспен үйінде байланыста болған, халықтың декреттелген топтарына жататын адамдарды Кодекстің 21-бабы 12-тармағының 5) тармақшасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері науқас емдеуге жатқызылғанға дейін, қорытынды дезинфекция жүргізіліп, нәжісін, несебін бір рет бактериологиялық зерттеудің және тікелей гемагглютинация реакциясының теріс нәтижелері алынғанға дейін жұмыстан уақытша шеттетеді;

7) жұқтыру қаупіне ұшыраған адамдар зертханалық зерттеп-қараумен қатар күнделікті дәрігердің тексеріп-қарауы арқылы және іш сүзегі кезінде күнтізбелік жиырма бір күн бойы және паратиф кезінде соңғы науқас оқшауланған сәттен бастап күнтізбелік он төрт күн бойы қызуын өлшеу арқылы медициналық бақылауда болады;

8) іш сүзегімен және паратифтермен ауыратын анықталған науқастар мен бактерия тасымалдаушылар тез арада оқшауланады және зерттеп-қарау және емдеу үшін медициналық ұйымдарға жіберіледі.

40. Іш сүзегі мен паратифтердің ошақтарындағы жедел профилактика эпидемиологиялық жағдайға байланысты жүргізіледі. Іш сүзегі ошақтарында бар болған жағдайда іш сүзегі бактериофагы, паратифтер кезінде поливалентті сальмоноллез бактериофагы тағайындалады. Бактериофагты бірінші рет тағайындау бактериологиялық зерттеп-қарау үшін материалды алғаннан кейін жүргізіледі. Бактериофаг сондай-ақ реконвалесценттерге де тағайындалады.

41. Іш сүзегі мен паратифтер ошақтарында міндетті түрде дезинфекциялық іс-шаралар жүргізіледі:

1) ағымдағы дезинфекция науқас анықталған сәттен бастап емдеуге жатқықылғанға дейінгі кезеңде, реконвалесценттерде ауруханадан шыққаннан кейін үш ай бойы жүргізіледі;

2) ағымдағы дезинфекцияны медициналық ұйымның медицина қызметкері ұйымдастырады, ал оны науқасқа күтім жасайтын адам, реконвалесценттің өзі немесе бактерия тасымалдаушы жүргізеді;

3) қорытынды дезинфекцияны санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік ведомство ұйымдарының филиалдары Кодекстің 144-бабы 6-тармағымен бекітілген дезинфекция, дезинсекция және дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды регламенттейтін мерзімдерде жүргізеді;

4) медициналық ұйымда іш сүзегімен немесе паратифпен ауыратын науқас анықталған жағдайда науқасты оқшаулағаннан кейін ол болған үй-жайларға осы ұйымның персоналының күшімен қорытынды дезинфекция жүргізеді.



8-тарау. Іш сүзегімен және паратифтермен ауыратын науқастарды
диагностикалауға, емдеуге жатқызуға қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
42. Іш сүзегімен және паратифтермен ауыратын науқастар мен бактерия тасымалдаушыларды уақтылы анықтауды, оқшаулауды және емдеуді меншік нысанына қарамастан, барлық медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлері клиникалық және зертханалық деректердің негізінде жүзеге асырады.

43. Іш сүзегін диагностикалау кезінде гемоөсіріндінің бөлінуі жетекші болып табылады. Гемоөсіріндіні бөлу үшін қан алу аурудың барлық кезеңінде жүргізіледі. Қанның бірінші себілуі антибактериялық терапия басталғанға дейін жүргізіледі. Сондай-ақ диагностикалау үшін нәжіс өсірінділерін, несеп өсірінділерін, өтті зерттеу, серологиялық диагностика жүргізіледі (Видаль реакциясы, тікелей гемагглютинация реакциясы).

44. Диагнозы белгіленбеген, үш және одан да көп тәулік бойы қызбасы бар науқастар іш сүзегіне зерттеп-қаралады.

45. Іш сүзегімен және паратифтерімен ауыратын барлық науқастар инфекциялық стационарға емдеуге жатқызылады.

46. Науқастарды ауруханадан шығару нәжісі мен несебін үш рет бактериологиялық зерттегеннен кейін температурасы қалыпты болған соң күнтізбелік жиырма бір күннен ерте емес жүзеге асырылады. Нәжіс пен несепті бактериологиялық зерттеу антибиотиктерді тоқтатқаннан кейін күнтізбелік бес күннен соң және содан соң күнтізбелік бес күн интервалмен жүргізіледі. Бұдан басқа, ауруханадан шыққанға дейін күнтізбелік жеті-он күн бұрын дуоденальды құрамды себу жүргізіледі.

9-тарау. Іш сүзегімен және паратифтермен ауырып айыққан
адамдарды диспансерлік бақылауға қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
47. Іш сүзегімен және паратифтермен ауырып айыққан барлық науқастар стационардан шыққан соң екі аптада бір рет дене қызуын өлшеу арқылы медициналық бақылауға жатады. Стационардан шыққаннан кейін күнтізбелік он күннен соң реконваленценттерді бактерия тасымалдаушылыққа зерттеп-қарау басталады, ол үшін кемінде күнтізбелік екі күн интервалмен нәжіс пен несеп бес рет зерттеледі. Үш ай бойы ай сайын бір рет несеп пен нәжіске бактериологиялық зерттеу жүргізіледі.

Стационардан шыққаннан кейін үш ай ішінде бактериологиялық зерттеудің нәтижесі оң болған жағдайда зерттеп-қаралушы адам жіті тасымалдаушы ретінде бағаланады.

Бақылаудың төртiншi айында өт және цистеинмен тікелей гемагглютинация реакциясында қан сарысуы бактериологиялық зерттеледі. Барлық зерттеулердің нәтижелері теріс болған жағдайда ауырып айыққан адам диспансерлік бақылаудан алынады.

Серологиялық зерттеудің нәтижесі оң болған кезде нәжіс пен несепке бес рет бактериологиялық зерттеу жүргізіледі. Нәтижесі теріс болған жағдайда бір жыл бойы бақылауда қалдырады.

Стационардан шыққан соң бір жылдан кейін бір рет нәжіс, несеп және қан сарысуын цистеинмен тікелей гемагглютинация реакциясында бактериологиялық зерттейді. Зерттеу нәтижесі теріс болса ауырып айыққан адамды диспансерлік бақылаудан алады.

48. Халықтың декреттелген топтарына жататын іш сүзегімен және паратифтермен ауырып айыққан адамдар стационардан шыққан соң оларды Кодекстің 21-бабы 12-тармағының 5) тармақшасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері эпидемиялық қауіп төндіретін жердегі жұмыстан бір айға шеттетеді. Осы кезең ішінде оларға бес рет бактериологиялық зерттеп-қарау (нәжіс пен несепті зерттеу) жүргізіледі.

Зерттеу нәтижелері теріс болғанда олар жұмысқа жіберіледі және кейінгі екі айда ай сайын өтті және цистеинмен тікелей гемагглютинация реакциясы көмегімен қанның сарысуын зерттейді. Одан әрі оларды екі жыл бойы тоқсан сайын, ал кейіннен барлық жұмыс істеу мерзімінде жылына екі рет зерттеп-қарайды (нәжіс пен несебін зерттеу).

Нәтижесі оң болғанда стационардан шыққаннан кейін бір айдан соң оларды тамақ өнімдерімен және сумен байланысы жоқ жұмысқа ауыстырады. Үш ай өткен соң бес рет нәжіс пен несепке және бір рет өтке бактериологиялық зерттеу жүргізіледі. Нәтижесі теріс болғанда олар жұмысқа жіберіледі және алдыңғы топ сияқты зерттеп-қаралады.

Цистеинмен тікелей гемагглютинация реакциясының нәтижесі оң болған жағдайда нәжіс пен несепке бес рет қосымша зерттеу және нәтижесі теріс болған жағдайда өтке бір рет зерттеу жүргізіледі. Нәтижесі теріс болғанда олар жұмысқа жіберіледі. Егер стационардан шыққаннан кейін үш ай өткен соң жүргізілген зерттеп-қараудың кез келгенінде мұндай адамдарда жоқ дегенде бір рет іш сүзегінің немесе паратифтің қоздырғышы бөлінсе, олар созылмалы бактерия тасымалдаушылар болып есептелінеді және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі оларды эпидемиологиялық қауіп төндіретін жердегі жұмыстан шеттетеді.

49. Іш сүзегі мен паратифтердің бактерия тасымалдаушылары мына санаттарға бөлінеді:

1) транзиторлық бактерия тасымалдаушылар – іш сүзегімен және паратифтермен ауырмаған, бірақ іш сүзегінің немесе паратифтердің қоздырғыштарын бөлетін адамдар;

2) жіті бактерия тасымалдаушылар – ауруханадан шыққан соң үш ай бойы бактерия тасымалдаушылық байқалатын, іш сүзегімен және паратифтермен ауырып айыққан адамдар;

  3) созылмалы бактерия тасымалдаушылар – ауруханадан шыққан соң үш ай немесе одан да көп ай бойы бактерия тасымалдаушылық байқалатын, іш сүзегімен және паратифтермен ауырып айыққан адамдар.

50. Іш сүзегі мен паратифтердің бактерия тасымалдаушылары арасында мынадай іс-шаралар жүргізіледі:

1) транзиторлық бактерия тасымалдаушыларда үш ай бойы бес рет нәжісі мен несебіне бактериологиялық зерттеу жүргізеді. Нәтижесі теріс болғанда өті бір рет зерттеледі. Бақылаудың соңында бір рет цистеинмен тікелей гемагглютинация реакциясында қанның сарысуы зерттеледі. Барлық зерттеудің нәтижелері теріс болғанда бақылаудың үшінші айының соңында олар есептен алынады. Бактериологиялық және серологиялық зерттеулердің нәтижелері оң болғанда жіті бактерия тасымалдаушылар деп бағаланады;

2) анықталғаннан кейін екі ай бойы жіті бактерия тасымалдаушыларға дене қызуын өлшеу арқылы медициналық бақылау жүргізіледі және үш ай бойы нәжісі мен несебіне бір рет бактериологиялық зерттеу жүргізіледі. Үшінші айдың соңында нәжісі мен несебін бактериологиялық зерттеу – бес рет, өтіне – бір рет және цистеинмен тікелей гемагглютинация реакциясында қанның сарысуын серологиялық зерттеу жүргізіледі. Бактериологиялық және серологиялық зерттеу нәтижелері теріс болғанда зерттеп-қаралушыны диспансерлік есептен алады. Серологиялық зерттеу нәтижесі оң және нәжіс пен несепті бактериологиялық зерттеу нәтижелері теріс болғанда бір жыл бойы бақылауды жалғастырады. Бір жылдан кейін нәжіс пен несепті цистеинмен бір рет, нәжіс пен несепті бактериологиялық бір рет зерттеу қажет. Серологиялық зерттеу нәтижесі оң болғанда нәжіс пен несеп бес рет, өт бір рет зерттеледі. Зерттеу нәтижелері теріс болғанда зерттеп-қаралушыны диспансерлік бақылаудан алады. Нәтижесі оң болғанда зерттеп-қаралушы созылмалы бактерия тасымалдаушы ретінде бағаланады;

3) созылмалы бактерия тасымалдаушылар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінде есепте тұрады және байланыста болған адамдар арасында және созылмалы бактерия тасымалдаушы тұратын тұрғылықты пункте сырқаттану жағдайлары тіркелген кезде тексеруге жатады. Созылмалы бактерия тасымалдаушылар дезинфекциялық ерітінділерді дайындауға, ағымдағы дезинфекциялауға, дұрыс гигиеналық тәртіпке оқытылады;

4) халықтың декреттелген топтарына жататын бактерия тасымалдаушылар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінде тұрақты есепке алынады. Бақылаудың бірінші айында оларды эпидемиологиялық қауіп төндіретін жердегі жұмыстан шеттетеді. Егер бір айдан соң қоздырғышты бөлу жалғаса берсе, зерттеп-қаралушылар тағы екі айға жұмыстан шеттетіледі. Үш айдан кейін бактериологиялық зерттеу нәтижелері теріс болғанда олар негізгі жұмысқа жіберіледі. Бактериологиялық зерттеу нәтижесі оң болғанда олар созылмалы тасымалдаушылар ретінде бағаланады және эпидемиологиялық қауіп төндіруі мүмкін болатын жердегі жұмысқа жіберілмейді.

51. Халықтың декреттелген топтарына жататын адамдар отбасы мүшелерінің ішінде біреуінен созылмалы бактерия тасымалдаушылық анықталған жағдайда жұмыстан шеттетілмейді және арнайы бақылауға жатпайды.

10-тарау. Туберкулезбен ауыратын науқастарды анықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
52. Туберкулезбен ауыратын науқастарды анықтауды жекеменшік түріне қарамай барлық мамандықтағы медицина қызметкерлері:

1) адамдардың амбулаториялық-емханалық және стационарлық ұйымдарға медициналық көмекке жүгінуі;

2) стационарлық және мамандандырылған медициналық көмек көрсету;

3) міндетті және профилактикалық медициналық тексеріп-қарауды жүргізу;

4) туберкулезге қарсы иммундау жүргізу кезінде жүзеге асырады.

53. Медициналық ұйымға туберкулезбен сырқаттану ықтималдығын көрсететін симптомдары бар пациенттер жүгінген кезде міндетті рентгенологиялық және бактериологиялық зерттей отырып (қақырық жағындысын және басқа да патологиялық материалды микроскоппен қарау), толық клиникалық және құрал-саймандық зерттеп-қарау жүргізіледі.

54. Зерттеп-қарау кезінде туберкулезбен сырқаттану ықтималдығын көрсететін белгілер анықталған кезде пациент күнтізбелік үш күннің ішінде тұрғылықты жері бойынша туберкулезге қарсы диспансерге (бөлімше, кабинет) жіберіледі.

55. Науқасты уақтылы және толық зерттеп-қарау жүргізуді бақылауды медициналық ұйымның жіберген маманы және туберкулезге қарсы ұйымның (бұдан әрі – ТҚҰ) маманы жүзеге асырады.

56. Тұрғылықты жері анықталмаған адамдар туберкулезбен сырқаттануға күдікті болған жағдайда зерттеп-қарауды аяқтау үшін және «туберкулез» диагнозы расталған кезде емдеу үшін туберкулезге қарсы стационарға емдеуге жатқызылады.

57. ТҚҰ маманы науқасты жіберген маманға жүргізілген зерттеп-қарау нәтижелері туралы хабардар етеді.

58. Туберкулезбен ауыратын науқастарды жұмысқа және оқуға жіберуге рұқсат беру туралы медициналық қорытындыны ТҚҰ-ның орталық дәрігерлік-консультациялық комиссиясы (бұдан әрі – ОДКК) береді.

59. ТҚҰ-ның ОДКК қорытындысы бойынша оқуға немесе жұмыс істеуге:

1) І, ІІ және IV санаттағы режимдерде емдеу курсын толық аяқтаған, «емделіп шықты» немесе «емдеу аяқталды» деген нәтижесі бар;

2) шектелген процесі бар бактерия бөлмейтін немесе тұрақты қақырық конверсиясы анықталған емдеу санаты мен фазасына қарамастан амбулаториялық ем қабылдап жүрген, жалпы жағдайы қанағаттанарлық, туберкулезге қарсы препараттарды (бұдан әрі - ТҚП) жақсы көтетеретін және ТҚП бақылаулы қабылдауға бейім науқастарға рұқсат берiледi.

60. Туберкулезбен ауырып айыққан әскери қызметшілер Қарулы Күштерде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери жасақтарында қызмет ету үшін адамдардың денсаулық жағдайының сәйкестігіне қойылатын талаптар негізінде әскери қызметке жіберіледі.

61. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары, сондай-ақ ТҚҰ-ның дәрігері емделуден бас тартқан, өз еркімен кетіп қалған және емделу режимін бұзған жағдайда мамандандырылған ТҚҰ-да оған мәжбүрлеп емдеуді тағайындау туралы мәселені шешу үшін ОДКК-ге жүгінеді.

62. ОДКК-ның қорытындысы бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары, оның ішінде ТҚҰ-ның бас дәрігері Кодекстің 109-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастарды мамандандырылған туберкулезге қарсы ұйымдарда мәжбүрлеп емдеуді және болу режимін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес сотқа мәжбүрлеп емдеуді тағайындау туралы науқасқа арналған ұсынысқа қол қояды.

63. Ересек тұрғындарда туберкулезді ерте анықтау мақсатында жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексеріп-қарауға Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар, еңбек мигранттары және Қазақстан Республикасының аумағындағы басқа да адамдар жатады.

МСАК басшылары ай сайын аумақтық көші-кон қызметінен есепке алу және туберкулезге зерттеп-қарау үшін қызмет көрсету аумағында тұратын еңбек мигранттарының тізімдерін сұратады.

64. Халықты профилактикалық медициналық тексеріп-қарау тұрғылықты жері, жұмысы, қызметі, оқуы немесе тергеу изоляторларында және түзету мекемелерінде ұстау орны бойынша медициналық ұйымдарда жаппай, топтық (эпидемиялық көрсетімдер бойынша) және жеке тәртіппен жүргізіледі.

65. Медициналық ұйымдардың басшылары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес іс жүзіндегі тұрғылықты жері бойынша халықты флорографиялық тексеріп-қарау жоспарының орындалуы туралы ай сайынғы есептерді ұсына отырып, профилактикалық медициналық тексеріп-қарауларды жоспарлауды, ұйымдастыруды және есепке алуды, халықты жеке есепке алу деректері бойынша флюорокартотеканы қалыптастыруды (МСАК-пен флюорокабинетпен салыстыра отырып) қамтамасыз етеді.

66. «Тәуекел» тобының адамдарын флюорографиялық зерттеп-қарау жоспарын құру аумақтық–өндірістік қағидаты бойынша терапиялық учаскелер бөлінісінде ай сайын және өсіммен жүргізіледі. Емхана бойынша флюорографиялық зерттеп-қараудың жиынтық жоспарын осы ұйымның басшысы бекітеді және ТҚҰ-ның басшысымен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің басшысымен келіседі.

67. «Туберкулез» диагнозын ТҚҰ ОДКК растайды және емдеуге жатқызу, бақылау және емдеу қажеттілігі туралы шешім қабылдайды.

68. Балаларда туберкулезді ерте анықтау мақсатында тері ішіне арналған туберкулині бар аллергиялық сынаманы (бұдан әрі – Манту сынамасы) қолданады. Туберкулиндік диагностиканы туберкулезге қарсы вакцинацияланған тәуекел тобындағы балаларға 12 айынан бастап 14 жасқа толғанға дейін жүргізеді, Манту сынамасын бұрынғы сынамалардың нәтижесіне қарамастан, жылына 1 рет 12 ай интервалмен салады.

69. 2 ТБ-мен Манту сынамасы бойынша зерттеп-қаралуға:

1) «тәуекел» топтарындағы балалар;

2) туберкулез ошақтарындағы балалар мен жасөспірімдер;

3) вакцинациялау алдында 2 айлықтан асқан балалар;

4) қайта вакцинациялау алдындағы 1-сынып (6-7 жас) оқушылары жатады.

70. Манту сынамасын қоюды Қаулыға сәйкес егулер жүргізуге рұқсаты бар, балалар, жасөспірімдер, амбулаториялық-емханалық және сауықтыру ұйымдарының медицина қызметкерлері жүзеге асырады.

71. Инфекциялық аурулар бойынша карантин кезеңінде балалар мен жасөспірімдер ұжымдарында Манту сынамасын жүргізуге жол берілмейді. Манту сынамасын қоюды кез келген профилактикалық егулерге дейін жүргізеді.

72. Профилактикалық егу мен Манту сынамасының арасындағы интервал екі айды құрайды. Туберкулин сынамаларын қойған күні балаларды медициналық тексеріп-қараудан өткізеді. Манту сынамасын қою алдында екі айлық интервалды сақтау мақсатында қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинамен қайта вакцинациялау оқу жылы басталғанға дейін екі ай бұрын жүргізіледі.

73. Манту сынамасының нәтижесін миллиметрге бөлінген сызғышпен инфильтрат (папула) көлемін миллиметрмен (бұдан әрі - мм) өлшеу арқылы жетпіс екі сағаттан кейін бағалайды және инфильтрат көлемі білек осіне қатысы бойынша көлденең есеппен тіркейді. Инфильтрат болмаған кезде гиперемия өлшенеді және тіркеледі.

74. Ата-аналары Манту сынамасын қойған сәттен бастап бір айдың ішінде туберкулез ауруының жоқтығы туралы фтизиатрдың қорытындысын ұсынбаған, туберкулезге қарсы диспансерге консультацияға жіберілген балалар мектепке дейінгі және бастауыш орта білім беру ұйымдарына жіберілмейді.

75. Балаларды жеке есепке алу деректері бойынша (туберкулезді ерте анықтау мақсатында) жүргізілген Манту сынамасын жоспарлау, ұйымдастыру, уақтылы және толық есепке алуды, сондай-ақ туберкулиндік диагностика нәтижелері бойынша фтизиатрға толық зерттеп-қарауға жіберілген балалардың уақтылы келу және зерттеп-қаралу мәселесі бойынша медициналық туберкулезге қарсы ұйымдармен өзара іс-қимылды медициналық ұйымдардың басшылары қамтамасыз етеді.

76. Манту сынамасын қою жоспарының орындалуы туралы есепті медициналық ұйымдар ай сайын осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне ұсынады.

77. Манту сынамасының реакциясы:

1) инфильтрат (папулдар) немесе гиперемия толық болмаған немесе шаншу реакциясы бар болған кезде (0-1 мм) – теріс;

2) инфильтрат көлемі 2-4 мм немесе инфильтратсыз кез келген көлемдегі тек гиперемия кезінде – күдікті;

3) диаметрі 5 мм және одан артық инфильтрат бар болған кезде – оң (нормергия);

4) диаметрі 15 мм және одан артық инфильтрат бар болған кезде немесе инфильтраттың көлеміне қарамастан, везикулярлы-некроздық реакция және/немесе лимфангоит, лимфоаденит бар болған кезде – гиперергиялық болып саналады.

78. Жоспарлы теріішілік БЦЖ вакцинасымен вакцинациялау (қайта вакцинациялау) жағдайларында туберкулин Манту сынамасы инфекциялық аллергияны да, вакцинациялаудан кейінгі аллергияны да анықтайды. Аллергияның сипатын саралап диагностикалау кезінде:

1) оң туберкулин реакциясының қарқындылығы;

2) вакцинадан кейінгі тыртықтардың болуы және көлемі;

3) БЦЖ екпесінен кейін өткен мерзім (вакцинациядан кейін 5 жылға дейін вакцинациядан кейінгі аллергия жоққа шығарылмайды);

4) туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыстың болуы немесе болмауы;

5) аурулардың клиникалық белгілерінің болуы жиынтығында ескеріледі.

79. Вакцинациядан кейінгі аллергияны папулаларының көлемі 5-11 мм күмәнді немесе оң реакция деп сипаттайды.

80. Гиперергиялық реакциялар вакцинациядан кейінгі аллергияға жатпайды.

81. Туберкулинге сезімталдық сипатын талдау қиындық тудырған кезде парааллергиялық реакцияларды болдырмау үшін балалар фтизиатр-дәрігердің бақылауымен созылмалы аурулар кезінде ремиссия кезеңіне жеткенге дейін қосымша зерттеп-қаралуға және профилактикалық емделуге (гипосенсибилизация, инфекция ошағының санациясы, дегельминтизация) жатқызылады. Туберкулинге сезімталдық этиологиясын саралап диагностикадан өткізу кезінде бір-үш айдан кейін туберкулезге қарсы ұйымда Манту сынамасын қайта салады. Ерекше емес аллергияның жиі клиникалық көріністері бар балаларға Манту сынамасын десенсибилизациялаушы құралдарды қабылдағаннан кейін күнтізбелік жеті-он төрт күн ішінде салады.

82. Манту сынамасы бойынша туберкулинге сезімталдық динамикасы туралы дұрыс деректері бар адамдарды ТМБ жұқтырған деп санайды:

1) БЦЖ вакцинасымен иммундаумен (туберкулин сынамасының виражы) байланысты емес алғаш рет оң реакция (5 мм және одан көп мөлшерлі папула);

2) көлемі 12 мм және одан артық инфильтраты бар тұрақты (төрт-бес жыл бойы) сақталып қалған реакция;

3) 1 жылдың ішінде (туберкулинге оң нәтижелі балаларда) туберкулинге сезімталдықтың кенеттен күшеюі (6 мм және одан артық) байқалады.

83. Манту сынамасын қойған сәттен бастап күнтізбелік үш күннің ішінде:

1) туберкулезге қарсы бұрынғы иммундауға байланысты емес алғашқы оң реакциямен (5 мм және одан да көп папула);

2) 12 мм және одан да көп инфильтраты бар тұрақты (төрт жыл) сақталатын реакциямен;

3) туберкулинге оң нәтижелі балаларда туберкулинге сезімталдығы өсуімен – инфильтраттың 6 мм және одан артық ұлғаюы немесе 6 мм-ден кем емес ұлғаюы, бірақ көлемі 12 мм және одан артық инфильтраттың пайда болуымен;

4) туберкулинге гиперреакциямен – инфильтрат 17 мм және одан артық немесе шағын көлемде, бірақ везикулярлы-некроздық сипаттағы баланы тұрғылықты жері бойынша туберкулезге қарсы диспансердегі фтизиатр-дәрігерге консультацияға жібереді.

84. Балалардың фтизиатр-дәрігеріне туберкулин реакциясының виражы және гиперергиясы бар балалар, кейбір жағдайларда бұрын жасалған туберкулин сынамасының, БЦЖ вакцинациясы мен қайта вакцинациялаудың нақты күні көрсетілген құжаттамамен аллергияның этиологиясы туралы мәселені шешу үшін (вакцинадан кейінгі немесе инфекциялы) толық зерттеп-қарауға жіберіледі. Толық зерттеп-қараудың бүкіл кезеңі бір айдан аспайды. Туберкулинге вираж және гиперергиялық реакциясы бар балаларда инфекция жұқтыруды қосымша диагностикалау үшін пайдаланылатын Диаскин-тест болмаған жағдайда фтизиопедиатр Манту сынамасы нәтижелерінің негізінде профилактикалық емдеуді тағайындайды.

85. Вираж және гиперергиялық реакциясы бар балаларда белсенді туберкулез процесі жойылған кезде диспансерлік есепке алудың (бұдан әрі – ДЕ) III тобы бойынша есепке қойылады.

86. Туберкулинге қайталама гиперергиялық реакциясы бар адамдарды жергілікті туберкулез процесін анықтау мақсатында тереңінен зерттеп-қарайды. Жергілікті туберкулез өзгерістері болмаған жағдайда мұндай балалар ДЕ-ге және химиялық профилактиканы қайталап жүргізуге жатпайды.

87. Туберкулез ауруы бойынша «тәуекел» тобына:

1) әлеуметтік жағдайы қолайсыз отбасының (аз қамтылған және көп балалы, жұмыссыз ата-аналар, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан, маскүнемдіктен, нашақорлықтан зардап шегетін, АИТВ жұқтырған, тұрақты тұратын жері жоқ, мигранттар);

2) ұзақ жөтелу (екі аптадан астам) және үдемелі улану симптомдарымен (субфебрилитет, тершеңдік, тәбеттің және дене массасының төмендеуі, тітіркенгіштік, сылбырлық) амбулаториялық және стационарлық емделуде жатқан;

3) қант диабеті, бронхоөкпелік жүйесінің арнайы емес сырқаттану, тәбеттің бүзылуы (дене массасының жеткіліксіздігі), АИТВ-инфекция бойынша ДЕ-де тұрған балалар, иммуносупрессивті терапияны алатын (глюкокортикоидтер, иммундық депрессанттар, цитостатиктер, гендік-инженерлік биологиялық препараттар (бұдан әрі - ГИБП), мүгедектер;

4) жабық оқу орындарының (мектеп-интернаттар, мүгедек балаларға арналған мамандандырылған мектептер) контингенті;

5) вакцинацияланбаған және вакцинациядан кейін дамымаған БЦЖ тыртықтары бар;

6) егу статусы белгісіз балалар жатады.

88. Кодекстің 7-бабы 1-тармағының 5) және 9) тармақшаларына сәйкес № 112/е нысан бойынша баланың даму тарихында учаскелік педиатр, жалпы практика дәрігері (бұдан әрі - ЖПД) тәуекел факторларын көрсете отырып, туберкулез бойынша баланы «тәуекел» тобына алуды негіздеу – эпикризді ресімдейді. Учаскелік педиатр (ЖПД) «тәуекел» тобын барлық қызмет көрсететін балаларға құрады.

89. Ұйымдастырылған ұжымдарда туберкулиндік диагностиканы медициналық ұйым басшысының бұйрығымен бекітілген ұйымдарға бару кестесіне сәйкес балалар ұйымдарына баратын арнайы оқытылған медицина персоналы жүргізеді.

90. Вираж және гиперергиялық реакция анықталған жағдайда, басқа профилактикалық егулер бақыланатын химиялық профилактика курсы аяқталғаннан кейін бірден жүргізіледі.

91. Манту сынамасын жүргізуге әдістемелік нұсқауды ТҚҰ-ның балалар фтизиатр-дәрігері жүзеге асырады.

92. Манту сынамасының нәтижелері Кодекстің 7-бабы 1-тармағының 5) және 9) тармақшаларына сәйкес профилактикалық егулер картасында (№ 063/е нысаны), баланың медициналық картасында (№ 026/е нысаны), баланың даму тарихында (№ 112/е нысаны) белгіленеді. Баланың даму тарихында:

1) стандартты туберкулин шығарған ұйым, сериясы, бақылау нөмірі және оның жарамдылық мерзімі;

2) туберкулин сынамасын жүргізу күні;

3) Манту сынамасының нәтижесі инфильтраттың миллиметрдегі көлемі түрінде, инфильтрат болмаған кезде теріс нәтиже не гипермия көлемі көрсетіледі.

93. Манту сынамасын қоюға қарсы көрсетімдер:

1) туберкулин және АТР жеке төзімсіздігі;

2) асқыну кезіндегі таралған тері аурулары, жіті және созылмалы инфекциялық және соматикалық аурулар (оның ішінде эпилепсия).

3) аллергиялық жағдайлар, аурудың жіті және өткір өту фазаларындағы ревматизм, бронх демікпесі, асқыну кезеңінде теріде айқын көріністері бар идиосинкразия.

Манту сынамасын барлық клиникалық симптомдар басылғаннан кейін екі айдан соң жүргізуге рұқсат етіледі.

94. Қарсы көрсетімдерді анықтау мақсатында дәрігер (мейіргер) Манту сынамасын қою алдында медициналық құжаттаманы зерделейді, сондай-ақ сынама жасалатын адамдардан сауалнама алады және тексеріп-қарайды.

95. Балалар инфекциялары бойынша карантиндегі балалар ұжымдарында Манту сынамасын жүргізуге жол берілмейді (карантин алынғаннан кейін жүргізіледі).

96. «Тәуекел» тобына туберкулиндік диагностиканы әртүрлі инфекцияларға қарсы профилактикалық егулерді жүргізгенге дейін жоспарлайды.

Егер Манту сынамасын қандай да бір себептер бойынша әртүрлі профилактикалық егулерге дейін емес, одан кейін жүргізген жағдайда туберкулиндік диагностиканы егуден соң кем дегенде екі айдан кейін жүзеге асырады.

97. Үйде Манту туберкулин сынамасын жүргізуге жол берілмейді.

98. Туберкулез ошақтарындағы балаларға туберкулиндік диагностиканы тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарда жүргізеді.

99. АИТВ жұқтырған балалар мен жасөспірімдерге диагностикалық мақсаттарда Манту сынамасы қойылмайды.

100. Жасөспірімдерде туберкулезді ерте анықтау мақсатында профилактикалық медициналық және флюорографиялық тексеріп-қараулар жүргізіледі.

101. Жасөспірімдердің профилактикалық медициналық және флюорографиялық тексеріп-қарауды оқу орны орналасқан жердегі емханада немесе тұрғылықты жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) ұйымында жүзеге асырады.

102. Профилактикалық медициналық (флюорографиялық) тексеріп-қарау 15, 16 және 17 жастағы жасөспірімдерге жүргізіледі. Көрсетілген жастарда профилактикалық тексеріп-қарау туралы деректер болмаған кезде флюорографиялық тексеріп-қарау кезектен тыс тәртіппен жүргізіледі.

103. Кортикостероид, сәулелік және цитостатикалық терапия алатын, тыныс алу органдарының, асқазан-ішек жолдарының созылмалы ерекше емес ауруларымен, қант диабетімен ауыратын жасөспірімдерге туберкулезді анықтау мақсатында жылына бір рет профилактикалық медициналық тексеріп-қарау (флюорографиялық зерттеп-қарау) жүргізеді.

104. Наркологиялық және психиатриялық мекемелерде диспансерлік есепте тұрған, сондай-ақ АИТВ жұқтырған жасөспірімдерге жылына бір рет флюорографиялық зерттеп-қарау жүргізіледі.

105. Туберкулезбен сырқаттану ықтималдығын көрсететін симптомдары бар жасөспірімдер (ұзаққа созылған өкпе ауруы, экссудативті плеврит, жіті және созылмалы лимфаденит, түйінді эритема, несеп шығару жолының созылмалы аурулары) фтизиатрға консультацияға жіберіледі.

106. МСАК ұйымдарының медицина қызметкерлеріне:

1) аурудың клиникалық белгілері бар адамдар арасында қақырық жағындысын микроскопия әдісімен және туберкулез ауруының қаупі жоғары тұрғындар арасында флюорография әдісімен туберкулезді ерте («тәуекел» тобы) анықтау;

2) бақыланатын химиялық терапияны жүзеге асыру;

3) халық арасында туберкулездің алғашқы белгілері және оның алдын алу әдістері туралы түсіндіру жұмысын жүргізу жүктеледі.

107. МСАК ұйымының медицина қызметкері қақырықты жинауды және оны зерттеу үшін зертханаға уақтылы жеткізуді жүзеге асырады. Қақырық жинауды ТҚҰ-да оқытылған және жыл сайын қайта даярлаудан өтетін медицина қызметкері жүргізеді.

108. Қақырықты микроскопиялық зерттеу және гендік-молекулярлық диагностика әдісі қолжетімді болған кезде МСАК ұйымдарында екі аптадан астам жалғасқан жөтел (жөтел туберкулездің өкпе (жұқпалы) нысанымен ауыратын науқастарда басты симптом болып табылады) және төменде санамаланған бір немесе бірнеше клиникалық симптомдар болған жағдайда жүргізіледі:

1) салмақ жоғалту;

2) тершендік;

3) кеуде қуысының ауыруы;

4) қан түкіру;

5) жалпы әлсіздік және тез шаршағандық

6) дене температурасының ұзақ уақыт жоғарылауы.

109. Науқаста осы Санитариялық қағидалардың 108-тармағында жазылған клиникалық симптомдар болған жағдайларда медицина қызметкері науқасты туберкулезге зерттеп-қараудың диагностикалық алгоритміне сәйкес толық іс-шаралар кешенін жүргізеді.

110. Туберкулезге рентгенологиялық күдік, бірақ кеуде қауысында ауруға шағымдар мен улану симптомдары болмаған кезде қақырық жағындысының микроскопиясы теріс болған жағдайда, диагностикалық алгоритм жүргізілмей диагнозды нақтылау үшін науқасқа фитизиатр-дәрігердің консультациясы жүзеге асырылады.

111. Туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыс анықталған кезде туберкулезге клиникалық-рентгенологиялық күдігі бар жағдайларда диагностикалық алгоритм жүргізілмей диагнозды нақтылау үшін фитизиатр- дәрігермен консультация жүргізеді.

112. Науқастың бактерия бөлетіні анықталған кезде оған қосымша зертханалық зерттеулер жүргізу және тиісті емді тағайындау үшін туберкулезге қарсы ұйымға жібереді.

113. ТМБ-ға қақырықтың микроскопиясының нәтижелері теріс болған және туберкулезге күдікті симптомдар артқан кезде науқасқа фтизиатр-дәрігердің консультациясы жүргізіледі.

114. Халық арасында флюорография әдісімен туберкулезді анықтау 15 жастан бастап жүргізіледі. Флюорография нәтижесі оң адамдарды толық зерттеп-қарау кезеңі қалалық жерде 2 аптадан аспауы, ауылдық жерде 1 айдан аспауы тиіс.

115. МСАК ұйымдарында және стационарларда флюросуретті талдау екі кезеңмен (екі рет оқу) жүргізіледі. Медициналық кітапшаларда жұмысқа рұқсат беру қайта (екінші) оқу нәтижесінің негізінде қойылады.

116. 12 айдан аспайтын жыл сайынғы интервалмен туберкулезге флюорографиялық зерттеп-қарауға жататын тәуекел топтарына:

1) бактерия бөлуіне қарамастан туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыстағы адамдар;

2) өкпенің созылмалы ерекше емес ауруларымен, қант диабетімен, маскүнемдікпен, нашақорлықпен, АИТВ/ЖИТС-пен диспансерлік есепте тұрған және иммундық-супрессивті терапия алып жүрген адамдар;

3) өкпесінде кез келген этиологиядағы қалдық белгілер бар адамдар;

4) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар;

5) меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдардың қызметкерлері;

6) әскери қызметке шақырылғандар;

7) жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, училищелердің оқушылары;

8) 15-17 жастағы жасөспірімдер;

9) босану үйіннен шығарылған кезге дейін босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйел адамдар;

10) туберкулезге қарсы вакцинациясыз перзентханадан немесе босандыру бөлімшесінен шығарылғанға дейін жаңа туған нәрестенің отбасы мүшелері;

11) арнайы әлеуметтік үйлер және психикалық-неврологиялық бейіндегі мекемелердің контингенті;

12) Қазақстан Республикасына тұрақты және уақытша тұруға келген адамдар, оның ішінде еңбек көші-қоны бойынша келген адамдар;

13) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері және ерікті жалдамалы адамдары;

14) тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану және азық-түлік саудасы объектілерінің қызметкерлері;

15) мектепке дейінгі ұйымдардың, жалпы білім беру және мамандандырылған мектептердің, лицейлердің және гимназиялардың қызметкерлері;

16) жоғары және арнаулы орта оқу орындарының қызметкерлері жатады.

117. 6 айда 1 рет туберкулезге флюорографиялық зерттеп-қаралуға жататын тәуекел топтарына:

1) тергеудегі және сотталған адамдар;

2) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүйесінің қызметкерлері, оның ішінде мамандандырылған күзет қызметінің, патруль-бекет, жол-патруль және учаскелік қызметтердің, тергеу изоляторларының және түзету мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ сотталғандарды алып жүруді, түзету мекемелері мен қоғамдық тәртіпті күзетуді қамтамасыз ететін әскери қызметшілер;

3) шұғыл қызметтің әскери қызметшілері жатады.

118. Барлық босанған әйелдер шығарылған кезге дейін босандыру ұйымында болған кезеңінде флюорография әдісімен туберкулезге міндетті түрде зерттеп-қаралуға жатады. Медициналық босандыру ұйымдарының басшылары босанудан кейінгі кезеңде туберкулезге күдікті әйелдерді жеке палатаға уақтылы оқшаулауды және туберкулезге күдік анықталған сәттен бастап алты сағат ішінде туберкулезді растау немесе жоққа шығару мақсатында фтизиатр-дәрігер консультантын шақыруды және қосымша зерттеу жүргізуді қамтамасыз етеді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет