«Инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы


-тарау. Туберкулез ошақтарында дезинфекциялауға



жүктеу 1.45 Mb.
бет4/7
Дата21.04.2019
өлшемі1.45 Mb.
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7

15-тарау. Туберкулез ошақтарында дезинфекциялауға
қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
236. Туберкулез ошақтарында ағымдағы дезинфекциялауды дезинфекциялық ерітіндіге жеке түкіргіштерді, тамақ қалдықтарын, жеке ыдыс аяқтарын салып қою, сонымен бірге үй-жайды жылдың жылы мезгілінде үй-жайларды тұрақты желдету және жылдың салқын уақытында әр сағат сайын 5-10 минут желдету. Іс-шаралар «Бактерия бөлетін туберкулез» диагнозы қойылған және науқасты есепке алған сәттен бастап санитариялық-гигиеналық, санитариялық-эпидемияға қарсы және дезинфекциялау режимдерін сақтауды көздейді.

237. Ошақта жүргізілетін іс-шаралардың мониторингін және ағымдағы дезинфекциялауды науқастардың өздері жүзеге асырады, олар науқастарға пайдалануға тығыз жабылатын қақпақтары бар (кемінде екеу) түкіргішті және дезинфекциялау құралдарын береді. ТҚҰ жоқ елді мекендерде дезинфекциялау құралдарын МСАК ұйымы береді.

Науқастың амбулаториялық картасына учаскелік дәрігер ағымдағы дезинфекцияны жүргізу және аяқтау күнін белгілейді. Ағымдағы дезинфекцияны жүргізуді науқасқа немесе отбасы мүшелерінің біреуіне (балалар мен жасөспірімдерден басқа) тапсырады.

238. Учаскелік фтизиатр науқасты санитариялық-гигиеналық режимге оқытады: бетпердені пайдалану, қақырықты түкіргішке түкіру және ағымдағы дезинфекцияны жүргізу.

239. ТҚҰ-ның басшысы уақтылы және сапалы ағымдағы дезинфекцияны қамтамасыз етеді.

240. Механикалық іске қосылатын сыртқа тарату-ішке сору желдеткіші болмаған жағдайда, ТҚҰ-ның барлық үй-жайлары тұрақты: жылдың жылы мезгілінде үнемі және жылдың салқын мезгілінде әр сағат сайын 5-10 минуттан желдетіледі.

241. Стационарда болған кезде науқастың сыртқы киімін арнайы үй-жайда сақтайды. Науқас сыртқы киімін күндіз таза ауаға шыққан кезде пайдаланады.

242. Науқас ауруханадан шыққаннан кейін төсек жабдықтары (стационарға тиесілі жастықтар, матрацтар, көрпелер) дезинфекциялау камерасында зарарсыздандырылады.

243. Үй-жайлар және күнделікті қолданылатын заттар күн сайын ылғалды тазартылуға жатады.

244. Түкіргіштерді жинауды, зарарсыздандыруды және беруді арнайы бөлінген үй-жайда жеке қорғаныш құралдарын қолдана отырып, дайындалған персонал жүзеге асырады.

245. Пайдаланылған асхана ыдыс-аяқтарын буфеттегі таңбаланған үстелде қолғаппен жинайды, оны тамақ қалдықтарынан тазартады, алдын ала жумай, бөлек ыдыста зарарсыздандырады, содан кейін жуады және кептіру шкафында немесе бөлек үстелде кептіреді.

Ыдыс-аяқтарды ауа стерилизаторында зарарсыздандырады. Пайдаланылған ыдыс-аяқты жинағаннан кейін үстелді дезинфекциялау ерітіндісіне малынған шүберекпен сүртеді.

246. Тамақ қалдықтарын сыйымдылыққа (шелекке, бакқа) жинайды, 5-ке 1 қатынасында құрғақ дезинфекциялау құралын себеді.

247. Лас киім-кешекті сұрыптау қабырғаларына 1,5 метр биіктікте кафель қойылған және механикалық сыртқа тарату-ішке сору желдеткішімен жабдықталған бөлмеде арнайы киімде, респираторларда, қолғаппен, резеңке аяқ киіммен жүргізіледі.

248. Киімді клеенка қапта жинайды, кір жуатын орынға жібереді. Бөлек кір жуатын орын болмаған жағдайда, киім-кешекті кір жуатын жерге жіберу алдында алдын ала зарарсыздандырады және белгіленген күндері бөлек машиналарда жуады.

249. Стационарлық бактерия бөлуші науқастарға ауыр жағдайларды қоспағанда адамдардың кіруіне жол берілмейді. Бұл ретте келушілер жеке қорғаныш құралдарын (респиратор, халат) пайдаланады. Науқастар медицина персоналының рұқсатымен ғана стационардан шығады.

250. Туберкулезге қарсы ұйымдарда қорытынды дезинфекциялау қайта бейіндеу, көшу, реконструкциялау, жөндеу жағдайларының барлығында дезинфекциялау құралдарының бірімен, сондай-ақ жылына 1 рет профилактикалық мақсатта жүргізіледі. Жабылып жатқан туберкулезге қарсы стационарлардың ғимараттарын қорытынды дезинфекция және күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін қоғамдық ғимаратты орналастыру үшін пайдалануға рұқсат етіледі.

251. Ошақтарда қорытынды дезинфекциялауды санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік ведомство ұйымдарының филиалдары дезинфекция станциясының, дезинфекция бөлімінің (бөлімшесінің) қызметкерлері туберкулезге қарсы диспансерден өтінім алған кезден бастап алты (қала) немесе он екі сағат (ауыл) ішінде жүргізеді.

252. Қорытынды дезинфекцияны науқастың ошақтан шығу және үйде қайтыс болу жағдайларының барлығында; көшіп кеткеннен кейін тұратын жерін ауыстырғанда (пәтерлерді немесе бөлмені заттарымен бірге өңдеу) жүргізеді.

16-тарау. Туберкулездің таралуының алдын алу саласында мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
253. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері:

1) туберкулезге қарсы қызметпен бірлесіп туберкулезге қарсы күрес бойынша өңірлік бағдарламалар дайындауды;

2) туберкулезге қарсы егілген егулер мен контингенттер туралы мемлекеттік есепке алуды және есептілікті;

3) егулерді және туберкулин сынамаларын жоспарлауда, БЦЖ вакцинасы мен туберкулин, 2 ТБ-мен Манту сынамасына қажеттілігін айқындауда денсаулық сақтау ұйымдарына әдістемелік және консультативтік көмек көрсетуді;

4) БЦЖ вакцинасы мен туберкулинді тасымалдауды, сақтауды және есепке алуды қадағалауды;

5) профилактикалық медициналық тексеріп-қараудың уақтылы жүргізілуін, бациллярлық науқастардың уақтылы емдеуге жатқызылуын, туберкулез ошақтарында эпидтопқа сәйкес санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың жүргізілуін, ТБҰ-да санитариялық-эпидемияға қарсы режимнің сақталуын бақылауды;

6) туберкулез бойынша қолайсыз шаруашылықтардағы жануарларға қызмет көрсетуді жүзеге асыратын адамдардың жұқтыруының алдын алу бойынша іс-шаралардың сақталуын, мал шаруашылығы қызметкерлері еңбегінің қорғалуын, шаруашылықтарда және фермаларда профилактикалық іс-шаралардың орындалуын бақылауды;

7) туберкулезге қарсы күрес саласындағы басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды;

8) туберкулезге қарсы және емдеу-профилактикалық ұйымдардың мамандарымен бірлесіп кейіннен аттестаттау жүргізу арқылы медициналық қызметкерлерді БЦЖ вакцинасымен және туберкулинмен жұмыс істеу, туберкулезге қарсы профилактикалық егулерді және туберкулиндік диагностиканы жүргізу, инфекциялық бақылау шараларын сақтау бойынша даярлауды;

9) есепті жылы алғашқы рет анықталған туберкулезбен ауыратын науқастарды Кодекстің 7-бабы 1-тармағының 5) және 9) тармақшаларына сәйкес № 089/е н. хабарламасы негізінде және № 058/е н. шұғыл хабарламасы негізінде бактерия бөлетін адамдарды есепке алуды;

10) туберкулезге қарсы, медициналық ұйымдардың және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының мамандарымен бірлесіп тұрғындар арасында туберкулездің алдын алу шаралары туралы санитариялық-түсіндіру жұмысын;

11) халықтың декреттелген тобы арасында микроскопия, флюорография және туберкулин сынамасы әдісімен туберкулезді анықтауды ұйымдастыруға бақылауды;

12) туберкулезге қарсы және медициналық ұйымдардың мамандарымен бірлесіп амбулаториялық емдеудегі туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеуге бақылауды жүргізеді, «Айықтырылды» немесе «Емдеу аяқталды» деген нәтижеге дейін БК+ туберкулез ошақтарында іс-шаралар жүргізілуіне мониторингті жүзеге асырады;

13) типі, инфекциялық мәртебесі және көптеген дәрілерге төзімділігінің болуы бойынша туберкулезбен ауыратын науқастарды жеке емдеуге жатқызуға бақылауды жүргізеді;

14) жұмыс берушілерді ішкі және сыртқы еңбек мигранттарының жыл сайынғы флюорографиялық зерттеп-қараудан өту қажеттілігі туралы ақпараттандырады.

17-тарау. Ауруханаішілік инфекциялық аурулардың алдын
алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
254. Ауруханішілік инфекциялық аурулардың (бұдан әрі – АІИ) алдын алу жөніндегі іс-шараларды тиімді ұйымдастыру және жүргізу үшін әрбір медициналық ұйымда инфекциялық бақылау бағдарламасы әзірленеді, ол:

1) ауруханаішілік инфекцияларды есепке алу мен тіркеуді;

2) АІИ-мен сырқаттанушылықты талдауды, тәуекел факторларын анықтауды, АІИ-дың өршуін тексеруді және оларды жою бойынша шаралар қабылдауды;

3) микробиологиялық мониторингті ұйымдастыруды және жүргізуді;

4) антибиотикті профилактика және антибиотикті терапия тәсілдерін әзірлеуді;

5) кәсіби аурулардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды;

6) инфекциялық бақылау мәселелері бойынша персоналды оқытуды;

7) санитариялық-эпидемияға қарсы режимді ұйымдастыруды және бақылауды;

8) медициналық қалдықтарды жинауды, зарарсыздандыруды, уақытша сақтауды, тасымалдауды және кәдеге жаратуды ұйымдастыруды көздейді.

255. АІИ жағдайларын уақтылы тергеп-тексеру және одан әрі пациенттердің ауруханаішілік жұқтыруының алдын алу мақсатында:



  1. ауруханаішілік инфекцияның әр жағдайы инфекциялық бақылау жөніндегі комиссиямен тергеп-тексеріледі, оның негізінде шұғыл санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары әзірленеді. Қажет болған жағдайда АІИ жағдайларын тергеп-тексеру үшін инфекциялық бақылау жөніндегі комиссияның шешімі бойынша санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы аумақтық органның мамандары сарапшы ретінде қатыстырылуы мүмкін.

  2. меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы аумақтық органға тергеп-тексеру аяқталғаннан соң 3 күн ішінде АІИ-дың әр жағдайын тергеп-тексеру хаттамасын ұсынады.

  3. өлім-жітім жағдайы, сепсис, сондай-ақ 4 және одан көп бір медициналық ұйымда бір инкубациялық кезең ішінде тіркелген АІИ тіркелген жағдайда эпидемиологиялық тергеп-тексеруді санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың аумақтық органының мамандары жүргізеді.

  4. патологиялық-анатомиялық қызмет ай сайын емдеу көмегін көрсету орны бойынша медициналық ұйымға паталогиялық-анатомиялық сараптама, оның ішінде АІИ және қынапішілік инфекциялардан болған өлім-жітім жағдайларын зертханалық зерттеу нәтижелерінің деректерін жібереді.

256. Пациенттерді операциядан кейінгі кезенде уақтылы және барабар емдеу үшін іріңді процестер себебі бойынша операциялар уақытында, сондай-ақ кез келген генездегі (операциялық жарақатты/қуысты тексеру) операциядан кейінгі асқынулар себебі бойынша қайталанған операциялар кезінде бактериологиялық себуге материал алуды жүргізеді.

257. Медициналық ұйымда болған кезеңде немесе одан шыққаннан кейін инкубациялық кезең ішінде анықталған инфекциялық аурулар осы медициналық ұйым бойынша АІИ ретінде есепке алуға жатады:



  1. жаңа туған нәрестелердің тері инфекциялары – 7 тәулік ішінде, генерализацияланған нысандары (сепсис, остеомиелит, менингит және басқалары) – шыққаннан кейін 30 тәулік ішінде;

  2. акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетумен байланысты аурулар эндометрит, іріңді мастит, сепсис, перитонит және басқалары шыққаннан кейін 30 тәулік ішінде.

Медициналық ұйымда болған кезеңде немесе одан шыққаннан кейін 30 тәулік ішінде анықталған хирургиялық аараласудың асқынулары имплантант болған жағдайда – операция өткізілгеннен кейін 1 жыл ішінде.

258. Инфекциялық емес бейіндегі медициналық ұйымдарда пациентте айналасына эпидемиологиялық қауіп төндіретін инфекциялық ауру анықталған кезде ол изоляторға ауыстырылады. Үй-жайға қорытынды дезинфекция және төсек жабдықтарына камералық дезинфекция жүргізіледі. Изолятор болмаған жағдайда инфекциялық аурулармен ауыратын пациенттер тиісті инфекциялық ауруханаларға ауыстырылуға жатады.

259. Эпидемиялық көрсетімдер бойынша жабылатын стационарды ашу тиісті аумақтағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің келісімі бойынша жүргізіледі.

260. Терінің және сілемейлі қабықтардың тұтастығының бұзылуымен байланысты барлық медициналық манипуляциялар бір рет қолданылатын қолғаптармен жүргізіледі.

261. Медициналық персонал әрбір медициналық манипуляцияның алдында қолын өңдейді.

18-тарау. Вирустық гепатиттердің алдын алу бойынша
санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық
іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
262. Вирустық гепатиттермен ауыратын адамдарды немесе күдіктілерді анықтауды амбулаториялық қабылдаулар, стационарға емдеуге жатқызу, үйге бару кезінде, медициналық тексеріп-қараулар, диспансерлеу және медициналық ұйымдарға басқа да бару кезінде меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлері жүргізеді.

263. Вирустық гепатиттермен ауыратын науқастарды диагностикалау, емдеуге жатқызу және диспансерлеу вирустық гепатиттердің сыныптамасына, вирустық гепатиттермен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу және диспансерлеу жағдайларына сәйкес осы Санитариялық қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жүргізіледі.

264. Вирустық гепатиттер тіркелген кезде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің мамандары вирустық гепатиттермен ауырған науқастар ошақтарына эпидемиологиялық зерттеп-қарау, жіті вирустық гепатиттердің және алғаш анықталған В мен С созылмалы вирустық гепатиттерінің әрбір жағдайына эпидемиологиялық тергеп-тексеру, берілу жолдарын анықтау және медициналық және басқа да ұйымдарда жұқтырудың тәуекел факторларын бағалауды жүргізеді.

265. Вирустық гепатиттермен анықталған науқастар медициналық ұйымдарға зерттеп-қаралуға және емделуге жіберіледі.

Медициналық ұйымдарда вирустық гепатиттермен ауыратын науқастарды зерттеп-қарау және емдеу денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.

19-тарау. Энтералдық берілу тетігі бар А және Е вирустық
гепатиттері кезіндегі санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
266. А және Е вирустық гепатиттері (бұдан әрі – АВГ және ЕВГ) кезіндегі санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар мыналарды қамтиды:

1) қоғамдық тамақтану объектілерінде, санитариялық тораптарда, сынып бөлмелерінде және рекреацияларда жүргізу техникалық персоналға жүктелген күнделікті ағымдағы жинау кезінде санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету;

2) бастауыш, негізгі орта білім беру ұйымдарындағы оқушыларды мектептің үй-жайларын жинауға тартуға жол бермеу.

267. АВГ-нің ерекше профилактикасы – вакцинациялау.

268. ЕВГ-нің ерекше профилактикасы жоқ.

269. АВГ-ға қарсы вакцинациялауға жататын контингенттер:

1) екі жастағы балалар;

2) АВГ ошағында байланыста болған күннен бастап алғашқы екі аптаны қоса алғанда, он төрт жасқа дейінгі байланыста болған адамдар;

3) 14 жасқа дейінгі балалар, В және С созылмалы вирустық гепатиттерімен ауыратын ремиссия кезеңіндегі науқастар.

270. Вакцинация алты ай интервалмен екі рет жүргізіледі. АВГ-ге қарсы вакцинаны бөлек енгізген жағдайда басқа вакциналармен бір уақытта енгізуге жол беріледі.

271. АВГ және ЕВГ-мен ауыратын науқастар ошақтарындағы іс-шаралар:

1) байланыста болған адамдар науқаспен байланысты үзгеннен кейін күнтізбелік отыз бес күн бойы апта сайын дәрігердің тексеріп-қарауымен (сауалнама, тері мен сілемейлі қабықтарды тексеріп-қарау, қызу өлшеу, бауырды қолмен зерттеу) медициналық бақылауға жатады;

2) бақылау кезеңінде жаңадан балалар қабылдауға және байланыста болған балаларды басқа топтарға, палаталарға немесе мекемелерге ауыстыруға жол берілмейді, ауру жағдайы тіркелген сынып үшін кабинетте оқыту жүйесі тоқтатылады. Сырқаттанушылық өршіген кезде соңғы жағдай тіркелген күннен бастап инкубациялық мезгілде барлық бастауыш және негізгі орта білім беру ұйымы бойынша кабинетте оқыту жүйесі тоқтатылады;

3) байланыста болған адамдарды клиникалық көрсетімдер болған жағдайда қанның биохимиялық талдауына зертханалық зерттеп-қарауды дәрігер тағайындайды;

4) ошақтық қорытынды дезинфекция науқасты ұжымнан оқшаулағаннан кейін балалар бірге тамақтанған, болған және ұйықтаған болса жабық типтегі мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту, бастауыш және негізгі орта білім беру ұйымдарында жүргізіледі.

272. Ошақтық қорытынды дезинфекцияны дезинфекция станциялары немесе халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдардың дезинфекция бөлімдері (бөлімшелері) жүргізеді.

273. Ошақтық ағымдағы дезинфекцияны:

1) мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту, бастауыш, негізгі орта білім беру ұйымдарының және емдеу-сауықтыру ұйымдарының басшыларының бұйрығымен белгіленген адам науқасты оқшаулаған сәттен бастап отыз бес күн ішінде осы ұйымның медицина қызметкерінің бақылауымен жүргізеді;

2) дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз ету вирустық гепатит ошағы тіркелген ұйымның әкімшілігіне жүктеледі;

3) ошақтық қорытынды және ағымдық дезинфекцияны ұйымдастыру және жүргізу ұйымның басшысына жүктеледі.



20-тарау. Парентеральдық берілу тетігі бар В, С және
Д вирустық гепатиттері кезінде санитариялық-эпидемияға
қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
274. С вирустық гепатитінің (бұдан әрі – СВГ) ерекше профилактикасы жоқ.

275. В және Д вирустық гепатиттерінің (бұдан әрі – ВВГ және ДВГ) ерекше профилактикасы – вакцинациялау. ВВГ-ге қарсы вакцинациялаудың басты мақсаты аурудың созылмалы түрлерін қоса алғанда В және Д гепатиттерінің алдын алу болып табылады.

276. Туған кезде алғашқы доза ретінде ВВГ-ге қарсы моноваленттік вакцина қолданылады, себебі поливаленттік вакциналарды балаларға туылған кезде енгізуге болмайды.

277. Вакциналық кешен үш дозадан тұрады. Вакцинациялау схемасы:

1) жаңа туған нәрестелер үшін – 0-2-4 айда (туғаннан кейін он екі сағат ішінде – өмірінің екі айында – өмірінің төрт айында);

2) туған кезінде вакцинацияланбаған 1 жасқа дейінгі балалар үшін – бірінші мен екінші егулердің арасы екі ай және екінші мен үшіншінің арасы төрт ай интервалмен 0-2-6;

3) туған кезінде вакцинацияланбаған бір жастан асқан балалар мен ересектер үшін – бірінші мен екінші егулердің арасы бір ай, екінші мен үшіншінің арасы бес ай интервалмен 0-1-6.

278. ВВГ-ге қарсы вакцинаны басқа вакциналармен бір мезгілде бөлек шприцтермен және дененің басқа жерлеріне салған жағдайда енгізуге жол беріледі. ВВГ-ге қарсы вакцинаның кейінгі дозаларын енгізу үшін шығарылған типі мен нысаны бойынша олар өзара толық алмастыра алатын жағдайда, әртүрлі өндірушілер шығарған әр типтегі препараттарды пайдалануға жол беріледі.

279. 15 жастан асқан адамдарды вакцинациялау алдын ала ВВГ-ге маркерлік диагностикалаудан кейін жүргізіледі. ВВГ-ге зерттеудің оң нәтижесі бар адамдар вакцинациялауға жіберілмейді.

280. Вакциналарды енгізуге қарсы көрсетімдер мыналар болып саналады:

1) шала туғандық, туылған кездегі дене массасы 2000 грамнан кем;

2) препараттың компоненттеріне сезімталдықтың артуымен байланысты алдындағы дозаға күшті аллергиялық реакция (генерализацияланған бөртпе – есекжем, тыныс алудың ауырлауы, өңеш пен ауыз қуысының ісінуі, гипертензия, шок). Бұл ретте осы вакцинаны одан әрі қолдану тоқтатылады;

3) 38,5оС жоғары температурамен және/немесе жалпы жағдайдың елеулі бұзылуларымен бірге жүретін, ауырлығы орташа және ауыр аурулар. Вакцинациялау денсаулық жағдайы қалыпқа келгеннен кейін екі-төрт аптадан соң жүргізіледі;

4) жүктілік;

5) ауыр емес жіті респираторлық вирустық инфекциялар, ішек және басқа да жіті инфекциялық аурулар (сауыққаннан кейін дереу вакцинациялауға рұқсат етіледі).

281. ВВГ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингенттер:

1) өмірінің алғашқы он екі сағатында перинатальдық берілудің алдын алу мақсатында жаңа туған нәрестелер;

2) жыныстық және тұрмыстық жолмен берілудің алдын алу үшін ВВГ ошағындағы байланыста болған адамдар;

3) меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлері (дәрігерлер, орта және кіші медицина персоналы);

4) меншік нысанына қарамастан медициналық бейіндегі жоғары және орта білім беру ұйымдарында оқитын адамдар;

5) қан құю жиілігіне қарамастан қан, оның компоненттері мен препараттарының реципиенттері;

6) алғаш анықталған АИТВ инфекциясын жұқтырғандар;

7) жиілікке қарамастан гемодиализге және тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауға жататын алғаш анықталған адамдар;

8) онкогематологиялық науқастар, сондай-ақ әлсіз иммундық жауапқа байланысты вакцинаның екі есе дозасы енгізілетін иммундық-супрессивтік препараттарды қабылдайтын науқастар және аяқталған вакцинациялаудан кейін алты айдан соң қосымша қайта вакцинациялау жүргізіледі.

282. Қан, оның компоненттері мен препараттары, тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөліктерінің) реципиенттерін егулерді қан құюды жүргізген медициналық ұйым ұсынған тізімге сәйкес тұрғылықты жері бойынша аумақтық медициналық ұйымдарда жүргізіледі.

283 Қан, оның компоненттері мен препараттары, ағзалар (ағзалардың бөліктері), тіндер, жыныстық, фетальды, дің жасушалары мен басқа да биологиялық материалдар донорларының биологиялық донорлық материалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мынадай адамдар:

1) вирустық гепатиттермен ауырып айыққан және ВВГ және СВГ маркерлеріне оң нәтижелері бар адамдар - өмір бойы;

2) ВГ-мен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдар - инкубациялық кезеңде;

3) қан және оның компоненттері құйылған, ағзалар (ағзалардың бөліктері), тіндер, жыныстық, фетальды, дің жасушалары мен басқа да биологиялық материалдар ауыстырылған адамдар бір жыл донорлыққа жіберілмейді.

284. ВВГ мен СВГ маркерлеріне оң нәтижелері бар донорларды анықтау мақсатында донорлар әрбір қан тапсыру, ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), тіндерді, жыныстық, фетальды, дің жасушалары мен басқа да биологиялық материалдарды беру алдында ВВГ мен СВГ маркерлеріне зерттеп-қарауға жатады.

285. Қан қызметі ұйымдары Қазақстанның бүкіл аумағында донорларды донорлыққа жібермеу мақсатында барлық деңгейлерде оларда оң нәтиже анықталған жағдайда өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.

286. Зерттеп-қаралатын адамдарда, оның ішінде донорларда ВВГ мен СВГ маркерлеріне оң нәтижелер анықталған кезде медицина ұйымдары зерттеп-қаралған адамдардағы ВВГ мен СВГ маркерлеріне оң нәтижелер туралы ақпаратты диагноз қою үшін тұрғылықты жері бойынша аумақтық медициналық ұйымға береді.

287. Құрамында ВВГ мен СВГ маркерлері бар қан, оның компоненттері және препараттары жойылуға жатады.

21-тарау. Медицина қызметкерлерінде ВВГ, ДВГ және СВГ жұқтырудың алдын алуға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық
талаптар
288. Пациенттердің биологиялық сұйықтықтары ВГВ және ВГС вирустарын әлеуетті жұқтырған ретінде қаралады. Медициналық ұйымдардың, оның ішінде зертханалардың медицина қызметкерлері және денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарында оқитын адамдар ВГВ және ВГС вирустарын жұқтыру бойынша тәуекел топтарына жатады.

289. Инфекцияларды жұқтыру жолдары:

1) терінің зақымдалуы (инемен шаншу немесе өткір аспаппен кесу);

2) сілемейлі қабықтарға немесе зақымдалған теріге биологиялық сұйықтықтардың түсуі;

3) зақымдалмаған терінің тіндермен және биологиялық сұйықтықтармен ұзақ немесе ауданы бойынша көлемді жанасуы.

290. Биологиялық сұйықтықтармен, оның ішінде:

1) қанмен;

2) шәуетпен;

3) қынап бөлінділерімен;

4) синовиялық сұйықтықпен;

5) ми-жұлындық сұйықтықпен;

6) плевралық сұйықтықпен;

7) перитонеалдық сұйықтықпен;

8) перикардтық сұйықтықпен;

9) амниотиялық сұйықтықпен;

10) сілекеймен жұмыс істегенде сақтандыру шаралары сақталады.

291. Сақтандыру шаралары:

1) тірі кезінде немесе аутопсияда, кез келген кесіліп алынғандармен (немесе басқа тәсілмен алынып тасталғандармен), адам тіндері мен ағзаларымен (зақымдалмаған теріден басқа);

2) қанмен берілетін инфекцияларды жұқтырған тәжірибелік жануарлардың тіндерімен және ағзаларымен;

3) қанның көрініп тұрған қоспасы бар кез келген сұйықтықтармен;

4) кез келген белгісіз биологиялық сұйықтықпен жұмыс кезінде сақталады.

292. Жұқтыру тәуекелі:

1) ластанған инелермен және өткір аспаптармен мұқият жұмыс істемегеннен алынған жарақаттар;

2) ауыздың, көздің, мұрынның сілемейлі қабықтарына және зақымдалған теріге (кесілген жерлер, сызаттар, дерматит, безеулер) қанның және басқа да биологиялық сұйықтықтардың түсуі;

3) биологиялық сұйықтықтармен және олармен ластанған беттермен жұмыс істеу кезінде көз, мұрын, ауыздың сілемейлі қабықтарына және зақымдалған теріге жанасуы;

4) қан мен басқа да биологиялық сұйықтықтардың жайылуы, шайқалуы және шашырауы кезінде артады.

293. Инфекция жұқтырудан қорғану мақсатында:

1) осы құралдарды пайдаланудың барлық уақытында тері жамылғысын, көзді, ауызды және басқа да сілемейлі қабықтарды биологиялық сұйықтықтармен жанасудан қорғайтын жеке қорғаныш құралдары;

2) жұмыс берушілер қамтамасыз ететін қорғаныш құрылғылары мен қауіпсіз технологиялар қолданылады.

294. Медициналық ұйымдарда мыналар қамтамасыз етіледі:

1) биологиялық сұйықтықтармен немесе олармен ластанған беттермен тікелей жұмыс істеу алдында киілетін қолғаптармен. Бір рет қолданылатын қолғаптарды қайта пайдалануды, қолғаптар жасалған латексті бүлдіретін вазелин негізіндегі любриканттарды қолдануды болдырмау;

2) жұқтырылған материалмен жанасу мүмкін болатын барлық жағдайларда халаттарда, хирургиялық қалпақта немесе телпектерде, аяқ киім үстінен киетін бахиллалармен жұмыс істеу;

3) қанның және басқа да биологиялық сұйықтықтардың шашырауы мүмкін болатын манипуляциялар кезінде бетперделер, қорғаныш көзілдіріктерін немесе бетті иекке дейін жабатын экранды, немесе қорғаныш көзілдіріктермен, бүйір қалқаншалармен үйлескен бетперделерді кию. Қарапайым көзілдіріктер қан арқылы берілетін инфекциядан жеткілікті қорғауды қамтамасыз етпейді;

4) жұмыс берушінің жеке қорғаныш құралдарын беруі;

5) жеке қорғаныш құралдарын қолжетімді жерде сақтау;

6) қанның және биологиялық сұйықтықтардың тері мен сілемейлі қабаттарға түсуімен персоналдың шағын жарақат алу жағдайларын, апат жағдайларын есепке алу.

295. Биологиялық сұйықтықтармен жұмыс істеу кезіндегі сақтандыру шаралары:

1) биологиялық сұйықтық теріге түскен кезде, қолғапты немесе басқа жеке қорғаныш құралын шешкеннен кейін, дереу қолды сабынды сумен жуып, одан кейін ластанған жерді жуады. Қолды ағынды сумен жуады. Ағынды су болмаған жағдайда, қолға арналған антисептикалық ерітіндіні және бір рет қолданылатын қағаз орамалдарын немесе антисептикалық сулықтарды пайдалану қажет;

2) инелері бар бір рет қолданылатын шприцтер пайдаланғаннан кейін алдын ала жуылмастан, дезинфекцияланбай, бөлшектелмей және деформацияланбай дереу қауіпсіз кәдеге жарату қорабына (бұдан әрі – ҚКЖҚ) тасталады;

3) көп рет қолданылатын ластанған, кесетін және шаншитын аспаптар кейіннен өңдеу үшін қатты, ылғал өткізбейтін (түбі мен қабырғасы), таңбаланған контейнерлерге бірден салынады;

4) пайдаланылған құрал-саймандарға арналған ҚКЖҚ және таңбаланған контейнерлер пайдалануға қолайлы жерде орналастырылады, олардың толтырылуына (төрттен үш бөлігіне дейін толтыру) жол берілмейді және тек мұқият жабық күйінде тасымалданады;

5) биологиялық сұйықтықтардың үлгілері тиісті таңбасы бар герметикалық контейнерлерге салынады. Егер үлгілері бар контейнер ластанса немесе зақымдалса, оны басқа контейнердің ішіне салу қажет;

6) биологиялық сұйықтықтармен ластанған жабдыққа техникалық қызмет көрсету және тасымалдау алдында дезинфекциялау қажет;

7) ластанған төсек-орынға жанасуды барынша азайтады, оны таңбаланған қаптарға немесе контейнерлерге салады, ылғал заттарды ылғалданбайтын қаптар мен контейнерлерде тасымалдайды.

296. Мыналарға:

1) биологиялық сұйықтықтармен жанасу мүмкіндігі бар жұмыс орындарында тамақ ішуге, темекі шегуге, макияж жасауға, контактілі линзаларды шешуге немесе киюге;

2) биологиялық сұйықтықтар мен тіндердің үлгілері сақталатын тоңазытқыштарда немесе басқа да орындарда тамақ және сусындар сақтауға;

3) биологиялық сұйықтықтарды ауызбен тамшуырға соруға;

4) биологиялық сұйықтықтармен ластануы мүмкін шыны сынықтарын қолмен көтеруге;

5) шприцтерден пайдаланылған инелерді шешуге, майыстыруға, сындыруға, оларға қалпақшаларын кигізуге және ластанған өткір аспаптармен осындай әрекет жасауға;

6) көп рет қолданылатын түйрейтін және кесетін аспаптарға арналған контейнерлерден қолмен бірдеңе алуға, қолмен ашуға, контейнерлерді босатуға жол берілмейді.

297. Жеке қорғаныш құралдарына биологиялық сұйықтықтар түскен жағдайда, оларды тез арада шешу, терінің ластанған орындарын сабынды сумен жуу қажет. Жұмыс орнынан кету алдында барлық жеке қорғаныш құралдарын шешу және оларды бұл үшін бөлінген ыдысқа салу қажет. Жұмыс беруші жеке қорғаныш құралдарын тазалауды, жууды, жөндеуді, ауыстыруды және пайдаланылған жеке қорғаныш құралдарын кәдеге жаратуды қамтамасыз етеді.

298. Медициналық ұйымдардың басшылары медицина персоналын ВВГ, ДВГ және СВГ кәсіби жұқтырудың алдын алу бойынша оқытуды қамтамасыз етеді.

299. Медициналық ұйымдардың персоналы (медициналық та, медициналық емес те) жұмысқа қабылдану алдында және жыл сайын қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқамадан өтеді.

300. Науқастарды емдеу кезінде кез келген қажетсіз инвазивті араласуды болдырмау қажет.

301. Медициналық ұйымдар қажетті жабдықпен және шығыс материалдарымен (оның ішінде бір рет қолданылатын шприцтермен, катетерлермен, инелермен және инфузияға арналған жүйелермен, дезинфектанттармен, контейнерлермен, ҚКЖҚ-мен) жеткілікті мөлшерде және ассортиментте қамтамасыз етіледі.

302. Медициналық ұйымдар медициналық қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі жоспарларды, персоналдың нұсқамадан өту тәртібі мен бақылау тәртібін әзірлейді және бекітеді.

303. Ауруды анықтау, емдеуді ұйымдастыру, ВВГ және СВГ маркерлеріне оң нәтижесі бар адамдар үшін еңбек режимін айқындау мақсатында жұмысқа кіру алдында және алты айда бір рет ВВГ және СВГ маркерлеріне мыналар зерттеп-қаралуға жатады:

1) қан қызметі ұйымдарының медицина қызметкерлері;

2) гемодиализбен айналысатын медицина қызметкерлері;

3) хирургиялық, стоматологиялық, гинекологиялық, акушерлік, гематологиялық бейіндегі медицина қызметкерлері, сондай-ақ диагностика мен емдеудің инвазиялық әдістерін жүргізетін медицина қызметкерлері;

4) клиникалық, иммунологиялық, вирусологиялық, бактериологиялық, паразитологиялық зертханалардың медицина қызметкерлері.

304. Қан қызметі ұйымының қан және оның компонентін дайындау бөлімінің медицина қызметкерлері, хирургиялық, стоматологиялық, гинекологиялық, акушерлік, гематологиялық бейіндегі және гемодиализбен айналысатын медицина қызметкерлері, сондай-ақ диагностика мен емдеудің инвазиялық әдістерін жүргізетін медицина қызметкерлері ВВГ және СВГ маркерлеріне оң нәтижелері болғанда диагноз нақтыланғанға дейін жұмысқа жіберілмейді.

305. Инфекцияны анықтау, оның таралу қаупін төмендету мақсатында мыналар стационарларға емдеуге жатқызылу кезінде ВВГ және СВГ маркерлеріне зерттеп-қаралуға жатады:

1) жоспарлы және шұғыл операциялық араласуларға түсушілер;

2) гемодиализ, гематология, онкология, транспланттау, жүрек-қан тамыры және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері;

3) гемодиализ, гематология және транспланттау бөлімшелері пациенттері стационарда 1 айдан артық болған кезде - ай сайын.

306. Ауруды анықтау, оны емдеуді ұйымдастыру мақсатында гемотрансфузия, транспланттау және ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), тіндерді, жыныстық, фетальды, дің жасушаларын және басқа да биологиялық материалдарды ауыстыру алдында және одан кейін 6 айдан соң пациенттер ВВГ және СВГ маркерлеріне зерттеп-қаралуға жатады.

307. ВВГ және СВГ маркерлеріне оң нәтиже болғанда медицина қызметкерлері қан және оның препараттарын дайындау процесіне жіберілмейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет