Павлодарда ата-анасы сыра мен шарап беріп ұйықтатып үйреткен екі жастағы бүлдіршін балалар үйіне тапсырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: domstrousam.ru

2023 жылдың 24 қарашасында Vita ұйымының еріктілері қалалық полицияға хабарласып, екі жастағы қыздың антисанитариялық жағдайда тұратынын және оның анасының ішкілікке салынып кеткені туралы шағым түсіреді. Сондай-ақ олар кішкентай қыздың өзінің де мас күйде жүретінін байқаған. Ювеналды полиция қызметкерлері сол күні кәмелет жасқа толмаған қызды анасынан алып кетіп, облыстық балалар ауруханасына тексеруге жіберген.

Бұдан бөлек қыздың анасы былтыр наурыз және шілде айларында айналасындағылардың тыныштығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Болған жағдайдан кейін кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеуде ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін келіншек “Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, оқыту және қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін орындамай, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін ата-ана ретінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі” органдардың тізіміне тіркелді.

“Қорғаншылық және қамқоршылық органдары Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына кәмелетке толмаған баланың анасының ата-ана құқықтарын шектеу туралы талап арыз жолдады. Бүгінде бала сәбилер үйінде, анасы баласына бірде-бір рет келмеді”, – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала қазір медициналық қызметкерлердің бақылауында. 

“Баланың дені сау. Дәл қазір балалар үйінде, медициналық қызметкерлердің бақылауында. Құжаттар сотқа берілді”, – деді ведомство өкілдері. 

Айта кетейік, бұған дейін екі жастағы қыздың тұрмысы нашар отбасында өсіп жатқаны және бүлдіршіннің үнемі мас күйде жүретіні туралы ақпарат тарады. бұл туралы қыздың көршілерінен естіген еріктілерге дабыл қақты. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.