Апелляциялық сот Қантар оқиғасы кезінде төрт жасар Айкөркемнің өліміне себепкер болған сарбазды ақтау үкімінің күшін жойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды. 

Фото: rus.azathabar.com

Сот үкімімен Арман Жұман "Лауазымын асыра пайдаланды" деп айыпталып, 7 жылға сотталды.

Сот дерегіне сәйкес Арман Жұман блок постқа жақындаған көлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген. Салдарынан көлікте болған Айкөркем Мелдехан көз жұмды. 

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот сотталушыны әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық жоқ деп ақтап келген болатын. Қылмыстық іс "құпия" санатымен жабық сот отырысында қаралды. Апелляциялық шағым жәбірленуші тараптың арыздары мен прокурордың наразылығы негізінде қаралды.

"Сот алқасы 2022 жылдың 7 қаңтарында сағат 19:30 шамасында сотталушы бақылау-өткізу пунктінде өзі басқаратын әскери қызметшілерге бақылау-өткізу пунктіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ атуға заңсыз бұйрық бергенін анықтады. Оқ ату салдарынан осы көліктің жолаушылары кәмелетке толмаған (2017 ж.т. А. Мелдехан) оқтан жарақат алып, көз жұмды. Ал кәмелетке толмаған бала (2006 ж.т. Дж. Мелдехан) 5 оқ жарақатын алып, денсаулығына ауыр зардап тиді", — делінген хабарламада.

Сотта анықталғандай, сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді.

  • Қаңтар оқиғасы кезінде өлтірілген Айкөркемнің әкесіне “жалған ақпарат таратқаны үшін” айыппұл салынды
  • Сот Қаңтар оқиғасында көз жұмған 4 жасар Айкөркемнің өліміне қыздың әкесін айыптамақ

"Әскери соттың сот алқасы ақтау үкімін бұзып, жаңа үкім шығарды. Ол Ж.-ны Қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (қару қолдана отырып, өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін) кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды", — деп хабарлады сот.

Сонымен қатар, әскери қызметшілер тарапынан заң бұзушылықтар, сондай-ақ қылмысты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар туралы, оларды жою және алдын алу шараларын қабылдау мақсатында Қорғаныс министрінің атына жеке қаулы шығарылды. 

Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы гарнизонының әскери соты 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде төрт жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты айыпталған әскери қызметкер Арман Жұманды ақтап, үкім шығарды.

Бұл іс бойынша сот шілде айында басталып, жабық есік жағдайында өткен еді. Судья үкімді жариялаған кезде сот залында сот күзетшілері мен тыңдаушылар арасында қақтығыс орын алған болатын.

Айта кетейік, айыптаушы тарап соттан Арман Жұманды жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Судьяның шешімінен кейін жәбірленуші тараптың адвокаты Жанғазы Күнсеркин апелляциялық шағым түсіруге ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, сотта келтірілген барлық дәлелдерге қарамастан үкім шығарылған. Ол үкімді жариялаған кезде судьяның ақтау себебін түсіндірмегенін баса айтты.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.