Ислам діні және оның ерекшеліктері



жүктеу 387.51 Kb.
бет3/3
Дата21.04.2019
өлшемі387.51 Kb.
түріҚұрамы
1   2   3

ИСЛАМ ДІНІНІҢ МАҚСАТЫ


Ислам дінінің үкімдері адамдардың бақытын көздейді. Бұл үкімдерді орындап, соған сай әрекет жасағандар бұл дүниеде де, ақыретте де бақытқа кенеледі.

Ислам дінінің үкімдері үшке бөлінеді:

1) Иман: Адам иман негіздеріне сену арқылы рухани нәр алып, жүрегін қате және жалған сенімдерден тазартып, дұрыс сеніммен нұрландырып, рухани пәктікке қол жеткізеді де адам өз орнын табады.

2) Амал: Амал - адамдардың жасаған істері мен әрекеттері. Амалға байланысты үкімдер екіге бөлінеді:

а) Аллаһтың алдындағы ғибадат міндеттері;

ә) Адамдардың өзара қарым-қатынастарын реттеп отыратын үкімдер.

3) Ахлақ: (адамгершілік, мінез-құлық). Адамдарға деген ой-пікіріміз бен қимыл-әрекетімізді реттеп отыратын үкімдер.



ИСЛАМ ДІНІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


1) Ислам ең дұрыс иман діні. Сенім негіздері үнемі ұлы әрі мықты негізге тірелген. Адамның абыройы мен қасиетіне зиян келтіретін Аллаһқа серік қосу сияқты сенім бұзықтықтарынан мүлде алыс.

2) Ислам — соңғы дін. Ислам дінінен басқа дін келмейді, үкімдері қиямет күніне дейін жалғасады. Ислам дінін адамдарға жеткізіп, баяндаған Хазіреті Мұхаммед (аләйһиссәләм) соңғы пайғамбар. Одан басқа пайғамбар келмейді.

3) Ислам адамның рухын тойдыратын ғибадат діні. Құлдар орындауға жауапты болған ғибадаттар түрлі бітім және сырлармен денені де рухты да жақсылықтарға жеткізетіні соншалық, көңілдер сол ғибадаттардың бітпес ләззаттарымен жәннат өмірін сүреді.

4) Ислам - дүниежүзілік дін. Алдыңғы пайғамбарлар жеткізіп, баяндаған діндер тек қана белгілі бір ұлтқа, халыққа келсе, Ислам діні бүкіл дүние жүзіндегі халықтарға жіберілген.

5) Ислам рахмет, мейірім діні. Адамзат баласы бірталай күнә және ғапылдың шұңқырларында сасқалақтап жүргенде істегендеріне қарап оларды зиянға ұшыратып, жоюдан гөрі рахым және кешірім жасап, бақытқа кенелтуге тырысады. Хақ Тағаланың: «Рахметім, рахымым ашуымды озып кеткен!» (Бұхари, Тәухид 15,22; Муслим, Тәубе 14-16) сөздері де мұның бір белгісі.

Мархамат сөзі мейірім, рахмет деген сөздермен мағыналас болып, Ислам дінінің ең маңызды негізгі ерекшеліктері арасында болғаны соншалық, китабуллаһ Құранның «Бисмилләһир-рахманир-рахим» деген ең басты сөзінде де Хақ Тағала ең ерекше аты болған Аллаһ деген есімінің қасында мейірім ерекшеліктерін баяндайтын Рахман және Рахим деген есімдерін атаған, әрі ең алғашқы сүре Фатиханың екінші аятында да осы есімдерін қайталаған. Бұдан соң басқа бір сүренің ең алғашқы сөзінде де Рахман сипатын қолданып, сүрені осы атымен атаған. Соныменен бұл сүреде баяндалған: «Құранды Рахман болған Аллаһ үйретті!» деген аят Құранның бүтінімен адамзатқа Аллаһтың мейірімі ретінде ұсынылғанын көрсетеді. Расында, Құран Кәрімнің рахым және шипа болғаны Исра сүресінде айқын түрде баяндалады.

Аллаһ Тағаланың пайғамбарларына берген ең ұлы ерекшеліктерінің бірі мейірімділік екені де бұл мәселенің басқа бір тұсы. Әсіресе:

«Ей Пайғамбарым! Біз сені күллі әлемге тек қана рахмет қылып жібердік!» (Әнбия сүресі 107-аят) аятында баяндалғанындай Хазреті Пайғамбардағы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл ерекшелік еш-бір адамның күші жете алмайтын бір шыңда көрініс табады және Тайфта өзіне тас лақтырылып қан ішінде қалған кезінде оған келіп: «Уа Расулаллаһ қаласаң осы қауымды жоқ қылып жіберейін!» - деген Жәбірейіл мен басқа періштелерге: «Жоқ, мұны қаламаймын! Мен рахмет пен мейірім пайғамбарымын!» - деп жауап бергені әрі сол қауым үшін қайыр-дұға етуі оның кең мархабатынан жалғыз-ақ тамшы. Исламда иманның алғашқы жемісі мархабаттан тұрады деп айта аламыз. Осы бағытта өмір сүрген Аллаһ достары құлшылықты осы екі негізде жинап баяндаған:

а. Тағзим Ли - әмриллаһи, яғни Аллаһтың бұйрықтарын құрмет сана-сезімімен орындау.

ә. Шәуқат Ли - халқиллаһи, яғни жаратылғандарға мейірімді болу.

6) Ислам дінінің үкімдері барлық адамдардың мұқтаждарына жауап бере алатындай кәміл. Сондықтан, басқа діндерге сенуге ешқандай қажеттілік қалмаған.

7) Ислам сыпайылық, көркемдік және әдемілік діні. Ислам Пайғамбарының айтуы бойынша бұл дүниеде маңызсыз болып көрінген сыпайылық есеп күнінде өте маңызды болады. Әрбір жасаған іс-қимылы ең жақсы үлгі-өнеге болған Аллаһтың Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы мәселеде де біздерге кәміл үлгі. Ол біреудің істеп қойған қатесін түзеткенде де сыпайылықты, нәзіктікті тастамайтын, кісінің тіке бетіне емес жалпыға қарап:

«Маған не болып жатыр, кейбіреулеріңізді былай істеп жатқандай көремін!» - деп өзін қате көрген секілді көрсетіп, сөз бастайтын.

8) Ислам діні өзінен бұрын Аллаһ тарапынан жіберілген пайғамбарлар мен діни кітаптардың бұзылып бұрмаланбаған түпнұсқаларын растап мойындайды.

9) Ислам діні алдыңғы пайғамбарлар баяндаған діндердің үкімдерінің күшін жойған. Өйткені, олар белгілі бір халыққа, әрі белгілі бір уақытқа жіберілген. Ал Ислам діні болса, барлық халыққа жіберілген және қиямет күніне дейін жалғасатын дін.



ИСЛАМ ДІНІНІҢ ӘЛЕМДІК ДІН БОЛУЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Ислам дінінің әлемдік дін болуының бірталай ерекшеліктері бар. Олардың кейбіреулері мыналар:



1. Ислам бүкіл адам баласына жіберілген ең соңғы дін

Ислам діні бүкіл адамзатқа жіберілген және қияметке дейін жалғасатын соңғы иләһи (тәңірлік) дін. Пайғамбарымыз Ислам дінін жер жүзіндегі барлық халыққа жеткізу мақсатымен сол кездегі мемлекеттердің билеушілеріне, басшыларына хат жолдай отырып, оларды Ислам дінін қабылдауға шақырған.



2. Ислам — ақыл мен ғылым діні

Ислам діні ақылға зор мән бере отырып, діннің әмірлерін тамаша орындау үшін ақылды болуды талап етеді. Ілімнің де мәртебесін көтеріп, үлкен баға беретін дініміз әрдайым оқуды, үйренуді бұйырған. Ілім үйренудің әрбір мұсылман үшін парыз екендігін білдірген.



3. Ислам дүние һәм ақырет діні

Ислам дінінің көздеген мақсаты - адам баласының бұл дүниеде де, ақыретте де бақытты болуы. Дініміз дүние айланып тұрған кезде адамдардың әрдайым бақытты болуын және қоғамның дамуын қамтамасыз ете отырып, жеке-жеке адамдардың да, қоғамның да қажеттіліктеріне жауап бере алатын шарттар қойып, дүниеде де, ақыретте де бақытқа кенелудің жолдарын көрсеткен.

Бұл жайында қысқаша айтсақ, Ислам діні әкелген шарттардың қорытындысы мынадай: «Дүние үшін мәңгі тұратындай, ал ақырет үшін ертең өлетіндей еңбек ету».

4. Ислам — теңдік діні

Исламның ең белгілі ерекшеліктерінің бірі сөзсіз, оның құрамындағы ұлы теңдігі. Хақ Тағала бұл әлемге қалай айбатты және кәміл бір теңдік деңгей қойған болса, сол теңдікті адамзатқа жіберген дініне де қойған. Сондықтан Исламның қай жағы қолға алынса да ерекше, мұқият және ұлы бір құдайы деңгей көрінеді. Бұл теңдік дүние-ақырет, дене-рух, еркек-әйел, кедей-бай, халық-меңгеруші, үлкен-кіші, кәрі-жас, зат-мағына (рухани) т.б. барлық тұстарда өте ұлы мәртебеде болғаны соншалықты, былай қарағанда, бір-біріне қарама-қайшы болған осы айырмашылықтарды ақиқатында бірін-бірі түгендейтін бір бүтіндік күйіне келтіреді. Өйткені, бұлардың әрбіреуі екіншісіне өте қажет. Міне, Ислам бұл шындық негізінде екі жақты да орын-орынына қойып, бұларды бір-біріне наразылық білдіруге емес, шүкір етуге дәнекер қылады. Арадан қайшылықты алып, сәйкестікті, теңдікті қояды. Сонымен, Ислам адамға екі қанат бітіріп, оған ұлылық аспанының жолын ашады.



5. Ислам хақ пен хұқық діні.

Ислам қолға алған ең маңызды мәселелердің бірі — хақ және хұқық мәселесі. Бұл өте маңызды болғаны соншалықты, Аллаһ Тағаланың алдында өзіне серік қосудан кейін кешірілмейтін екінші мәселе құл құқығы (ақысы) болғаны айтылған. Құл ақысының маңыздылығы Хазреті Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайтыс боларының алдындағы қатты ауруы кезінде де осы мәселеге назар аудартып әлсіз халіне қарамастан мешітке келіп сахабаларымен:



«Сахабаларым! Кімнің малын қателесіп алған болсам, міне, малым, келіп алсын! Кімнің арқасынан қателесіп ұрған болсам, міне, арқам, келіп ұрсын!» - деп кешу айтысуымен де айқындалады.

Міне, осынша сезімділік, нәзіктік және күшті негіздер үстіне қаланған Ислам әділеті бүкіл адамзатты қайран қалдыратын ұлы деңгейде. Расында, 1789 жылғы ұлы Француз төңкерілісінің идеясын дайындағандардың бірі болған философ Лафайет атақты адам хақтары баяндамасы жарияланбай тұрып, бүкіл заң жүйелерін зерттей келе Ислам заңының үстемдігін көріп, былай айтудан тартына алмаған:



«Ей, Мұхаммед! Сен әділетті іске асыруда жеткен мәртебеге әлі ешкім жете алмады!».

6. Ислам — жеңілдік діні

Ислам дінінде қиыншылық жоқ, жеңілдік бар. Дініміздің әмірі бізді кемелдендіріп, одан да жоғары өмірге дайындау. Ғибадаттардың орындалу барысында шамамызға қарай көптеген жеңілдіктер көрсетілген. Мысалы, жолаушы төрт рәкәғат намаздың екі рәкәғатын оқиды. Намазды тік тұрып оқи алмағандар отырып оқиды. Рамазан айында ораза ұстауға шамасы жетпеген науқастар сауыққаннан кейін ұстайды. Ондайдан үміті жоқ науқастар және ораза ұстауға шамасы келмейтін қарт-қариялар ұстай алмаған оразасының орнын кедей-кепшіктерге фидия* (*Сөздік мағынасы: Тұтқыннан немесе қиын бір жағдайдан құтылу үшін берілетін төлем. Терминдік мағынасы: Діни бір міндетті орындай алмаған жағдайда сол міндетті мойыннан түсіру үшін берілетін төлем.) беру арқылы толтырады. Бұдан басқа да көптеген жеңілдіктер берілген. Міне, осы себептен Ислам дінінің үкімдерін әр уақытта және әр жерде орындауға мүмкіншілік бар.



7. Ислам дінінде шектен шығу жоқ

Ислам дінінің үкімдері адамның ақылына және жаратылысына сай негізделген. Біздің міндетіміз бұларды орындау ғана.

Орындалуы әмір етілмеген жағдайда дінді берік ұстаймын деп шектен шығу жоқ. Дүниеде адал нығметтерден бас тартып, өзін-өзі қинау да жоқ.

8. Ислам бейбітшілік пен сүйіспеншілік діні

Исламның бір мақсаты: адамдарға деген сүйіспеншілік, адам құқығына деген құрметті жүрегіне орнықтыру арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтау. Дініміз бұл мақсатта көптеген үкімдер қойған. Бір-бірімізді сыйлау, басқалардың құқығына құрмет көрсету нағыз мұсылман болудың шарты болып саналады.


ИМАМ АҒЗАМ ӘБУ ХАНИФА


Әбу Ханифа - Ислам дүниесіндегі ең ұлы ғалымдардың бірі. Оның ұшан-теңіз білімі, ерекше ақылы мен тамаша мінез-құлңы арқылы Ислам әлемінде бір жұлдыз сияқты жарқырап, мұсылмандардың жолына жарық болып, жол көрсеткен. Әбу Ханифа қаншалықты дана, ойшыл, данышпан болса, Аллаһ Тағалаға құлшылық етуде де адамдарға жақсылық, әділеттік жасауда және адамгершілікте де соншалықты өнеге бола білген Ислам данасы.

Ол қырық жыл бойы құптан намазының дәретімен таң намазын оқыған. Яғни түндерін үнемі құлшылық етумен өткізген. Тіпті екі рәкағаттық намазда Құран Кәрімді бастан-аяқ оқығандығы жөнінде айтылған. Әбу Ханифа тек қана Рамазан айында түнде бір, күндіз бір рет оқи отырып, Құран Кәрімді 60 рет бастан-аяқ бітіретін еді.

Күн көрісін саудамен көрген Әбу Ханифа әділеттен, турашылдықтан ешқашан таймаған. Жеке басының емес, көбінесе басқалардың қамын ойлаған. Бір күні бір әйел оған сату үшін бір жібек киім әкеледі. Әбу Ханифа бағасын сұрайды. Әйел жүз теңгеге беретіндігін айтады.

Әбу Ханифа:

— Мұның құны жүз теңгеден көп. Қаншаға беретініңізді айтыңыз, - дейді.

Әйел:


— Жүз-жүзден арттыра отырып, бағасын төрт жүз теңгеге шығарады.

Әбу Ханифа:

— Бұл әлі де аз, - дегенде, әйел:

— Менімен қалжыңдасып тұрсыз ба? - дейді. Әбу Ханифа:

— Жоқ. Қалжыңдасып тұрғаным жоқ. Бір адам әкеліп, бағасын қойғызайық, - дейді. Әйел бір адамды шақырып келеді де, бағасын қойғызады. Әбу Ханифа бес жүз теңгеге сатып алады. Міне, ол өзі сатып алушы бола тұра, сатушының қамын ойлап, әділеттіліктің үлгісін көрсетеді.

Әбу Ханифа елу бес рет қажыға барып, соңғы қажылығында қағбаның ішіне кіріп, екі рәкәғат намаз оқыған. Намаздың бірінші рәкәғатында «Фатиха» сүресінен кейін Құранның жартысын, екінші рәкәғатында екінші жартысын оқып, екі рәкәғат намазда Құран Кәрімді бітірген.



СҰРАҚТАР:

1. Дін дегеніміз не?

2. Діндер қаншаға бөлінеді?

3. Иудаизмдегі «Кітап» ұғымы қандай?

4. Иудаизмдегі «Аллаһ» ұғымы қандай?

5. Иудаизмдегі «Пайғамбар» ұғымы қандай?

6. Христиандықтағы «Кітап» ұғымы не?

7. Христиандықтағы «Үш Тәңір» сенімі не?

8. Діндер арасында Исламның алатын орны?

9. Ислам және оның ұлы құрамын түсіндір?

10. Ислам дінінің мақсаты не?

11. Ислам дінінің үкімдері қанша бөлімнен тұрады?

12. Ислам дінінің қандай ерекшеліктері бар?



13. Ислам дінінің әлемдік дін болуының ерекшеліктері неде?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет