Атырауда жауын-шашын жерге сіңбей, қала халқын әбден қажытты. Үйлер опырылып құлап, кейбір тұрғын үйінің ішінде тобықтан су кешіп жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Он күннен бері мұнайлы қаланың халқына су мәселесі нағыз мұң болды. Жерасты суы көтеріліп, жаңбыр мен қар суы сіңбей бейнет көріп жатса да, жергілікті билік жарытып жауап бермей отыр дейді атыраулықтар.

Қала орталығында тұратын Перизат Ерсайынқызының баспанасын бірнеше күннен бері су басып жатыр. Алғашқыда өз күшімен тазалауға тырысқан. Бірақ кейін бүкіл үйді су басыпты. Күні-түні ұйықтамай далаға шелектеп тасып әлек. Амалсыз қала әкімдігіне қолдау сұрап барған, 109 бірыңғай байланыс телефонына да үздіксіз хабарласқан. Бірақ көмек жоқ дейді.

“Маған материалдық көмек керек емес, шамалы болса да қол ұшын созу керек қой. Кішкентай екі баламды ойлаймын.Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына да бардым. “Маған қандай көмек бар, кешке балаларды қайда апарамын?” деп сұрадым. "Біз білмейміз" деп жауап қатты”, – дейді қала тұрғыны Перизат Көшек.

Осыған дейін жерасты суының көтеріліп кетуіне байланысты төтенше жағдай жарияланған Жұлдыз ықшамауданындағы тұрғындардың айтуынша, судан тазарту жұмыстары мардымсыз жүріп, үйлер бірінен соң бірі құлап жатыр.

“Төтенше жағдай жариялаған соң инесүзгіш қондырды. Оны қондырғанда халыққа түсіндірген жоқ. Әкеліп, көше-көшеге қойды. Бірақ жердің бетіндегі су азайып жатқан жоқ. Ертең үй құлап кетсе қайттік? Қазірдің өзінде сызаттанып, жарықшақ пайда болып тұр. Бізге үкіметтен көмек беріле ме? Сосын ортақ кәріз жүйесін жүргізсе жақсы болар еді”, – дейді тұрғындардың бірі Ырысты Сахарбайқызы. 

Ықшамауданды судан тазалау үшін жергілікті әкімдік 22 инемен сүзу технологиясын орнатқан. Бұл әдіс жерасты суын тазалауға тиімді дейді. Алайда тұрғындардың сөзінше, су қанша сорылғанмен, сол бойы қайта кілкіп шығады.

Қала басшылары қазіргі ахуалды өзі де толық түсіне алмай отырғанын айтты. Бірақ жауын-шашын мөлшері де көп дейді.

“Бір айлық көрсеткіш бір-екі күнде жауып тұр. Жерасты суы жер бетіне шығып, жаңбыр суы жерге сіңбей жағдай одан сайын қиындады. Бұл мәселе бойынша бір аптадан бері жұмыс істеп жатырмыз. Мамандармен сөйлестік, 90-95% техногендік әсер бар дейді”, – деді Атырау қаласы әкімі Ерболат Омаров.

Жауаптылар қалада жағдайдың күрделеніп кетуіне тұрғын үйлердегі кәріз құдықтарының жарамсыздығы да себеп деп отыр. Қардың уақытылы тазаланбауы да жағдайды ушықтырған. Ал қала басшылары үйлері суда қалған Жұлдыз ықшамауданы тұрғындарына материалдық көмек қарастырылмаған деді.

Еске сала кетейік, 8 ақпан күні Атырауда Мұғалжар тауының етегіндегі өзенде су деңгейінің күрт көтерілгені байқалған. Еріген су бірнеше ауылды басып қалды.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.